22 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Өлгендерге қалай көмектесуге болады

Өлгендерге қалай көмектесуге болады

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Қайтыс болған жақындарымыздың және бүкіл мүминдердің рухтарына бағыштап жүрген хатымдарымыз, Фатиха сүрелері, салауаттар, хатми тәһлилдер – өте маңызды, өте құнды сыйлықтар. Басра қаласында бір жас қыз қайтыс болады. Анасы қызынан айрылғандықтан, өте қатты қайғырады. Он бес күн тоқтамай, күндіз-түні Аллаһу та’алаға «Йа Раббым, маған түсімде қызымды көрсет!» деп жалбарынады. Бірақ түсінде қызын көре алмағандықтан, Хасан Басри хазреттеріне барады. «Ұстазым, білесіз, қызым қайтыс болды, бірақ қызымды түсімде мүлдем көре алмай жүрмін. Енді не істейін, маған бір дұға үйретіңіз, қызым түсіме кірсін» дейді. Хасан Басри хазреттері бұл әйелдің түсінде қызын көруі үшін дұға етеді. Сөйтіп «Иншаллаһ, түсіңде қызыңды көресің» дейді.

Сол түні анасы түсінде қызын көреді. Бірақ қыздың түрі-көзі айнып кеткен, өте жаман әрі қорқынышты күйде оттың ішінде жанып жатқанын көреді. Анасы бірден шошынып оянады. «Йа Раббым, бұл басыма түскен не деген азап, түсімде қызымды көрмей-ақ қойғанымда ғой, құрыдым-ау» дейді. Қайтадан Хасан Басри хазреттеріне барады. «Ұстазым, қызым отта жанып жатыр екен» дейді. Әрине ол да қатты қайғырады. Бірнеше түн өткеннен кейін бұл жолы Хасан Басри хазреттері сол қызды түсінде көреді. Қызды жәннатта ниғметтерге бөленген жағдайда екенін көреді. Хасан Басри хазреттері: «Қызым, сен пәлен апайдың қызы емессің бе?» деп сұрайды. Ол: «Иә, мырзам» деп жауап береді. «Анаң сені түсінде көрген екен, отта жанып жатқан едің, енді сенің осындай жәннат ниғметтеріне бөленуіңе не себеп болды?» деп сұраған кезде: «Ұстазым, бір мұсылман біздің мазарға келді. Он бір рет Ихлас және бір рет Фатиха сүрелерін оқыды, тағы он салауат оқып бағыштады. Бес жүзден астам жас қыздар солай жанып жатқан едік. Аллаһу та’ала сол күні бәрімізді кешірді. Ауыр азаптан бізді құтқарды. Әртүрлі ниғметтерге бөлендік» деп жауап береді.

Хасан Басри хазреттері қыздың анасына жағдайды айтып берген кезде әйелдің жаны рахат табады, өте қатты қуанады.

Мазхар Жаны Жанан хазреттері мазардың жанынан өтіп бара жатқанда бір әйелдің қабірінде отта жанып жатқанын көңіл көзімен көреді. Қайғыға түседі. Өзі үшін оқыған хатми тәһлилді (жетпіс мың кәлмаи тауһидті) осы әйелдің рухына бағыштайды. Кенет от бірден жоқ болады, қабір жәннат бақшасына айналады. «Әйел жәннат ниғметтеріне қауышқан болса, демек иманы бар екен» дейді. Иманы болмағандарға оқылғандардан пайда тимейді. Сондықтан, оқылған Құран кәрімнің және оқылған дұғалардың сауаптары қайтыс болған жақындарымызға бере алатын өте құнды сыйлығымыз болып табылады.

Өлген адамның қабірдегі жағдайы теңізге құлап кеткен, батып өлу қауіпінде болған, «көмектесіңдер» деп айқайлап жатқан адамның жағдайына ұқсайды. Оған қалай көмектесуге болады? «Қырқын күтейік, жылына жетсін, сол кезде келеміз» деуге болмайды. Бір сәтке де кешіктірмей, дереу құтқаруға тырысу керек. Қалай құтқаруға болады? Нан, су берілмейді. Құран кәрім, мысалы он бір рет Ихлас және бір рет Фатиха сүрелерін оқып, рухына бағышталса, оған жәрдем көрсетілген болады.

Үш рет Ихлас сүресін оқу бір хатым орнына өтеді. Сүйікті пайғамбарымыз хазреті Айша анамызға «Жатардан бұрын Құран кәрімді хатым ет!» деген кезде «Йа Расулуллаһ, қысқа мерзім ішінде қалай хатым етейін?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Үш рет Ихлас сүресін оқы, Құран кәрімді хатым еткен боласың» деді.

Бір күні сүйікті пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкр және хазреті Әлимен сұхбаттасып отырған кезде бір сахаба келеді. Хазреті Әлиді көріп дереу сыртқа шығып кетеді. Хазреті Әбу Бәкр алаңдап артынан кетеді. Оған жетіп, араларында мынадай әңгіме болады:

– Әли бауырымды көргеніңде реңің өзгеріп, бірден шығып кеттің. Мұның хикметі не?

– Әлиге қарызым бар еді, өтей алмадым, оны көрген кезімде қысылғанымнан шығып кетуге мәжбүр болдым.

– Қарызың қанша еді?

– Бес мың динар.

– Фатиха сүресінің жарымын оқып маған бағыштайсың ба?

Жарайды дейді де, жартысын оқып бағыштайды. Хазреті Әбу Бәкр екі мың динар беріп: «Енді қалған жартысын оқысың ба?» дейді. Жарайды деп қалған жартысын да оқып хазреті Әбу Бәкрге сыйлайды. Хазреті Әбу Бәкр тағы да екі мың динар беріп:

– Бар ақшам осы. Тағы да ақшам болғанда, оны да беретін едім. Бірақ білсең, мен бұл жерде пайда көрдім. Осы қасиетті Фатиха сүресінің қадірін, құнын адамдар білетін болса, тек мал-мүлкін ғана емес, өмірлерін де беретін еді. – дейді.

Фатиха сөзі «фәтәха» (ашу) сөзінен шыққан. Фатиха нені ашпайды десеңші?! Жәннаттың есіктерін ашады, адамның көңілін ашады, табыс есіктерін ашады, одан басқа тағы көп нәрселерді аша алады.

Өлген адамдарға хатми тәһлил (жетпіс мың кәлимаи тауһид) оқу да өте пайдалы. Имам Раббани хазреттері: «Бір кәлимаи тауһид (Лә илаһа иллаллаһ сөзі) таразының бір жағына қойылса, жеті қабат аспан, жеті қабат жер мөлшерінде күнә таразының екінші жағына қойылса, сол сөз қойылған жағы ауыр басады.» – деген.

Сондықтан кәлимаи тауһидтің қадірін білуіміз керек.