28 Ақпан 2017   


  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Күнәхарлардың ғибадаттары

Күнәхарлардың ғибадаттары

Сұрақ: Мұсылман болып өлгендердің сауабы мен күнәлары есепке тартылып, сауаптары ауыр басқандар тікелей жәннатқа кіретіндігіне қарағанда, қазір күнә істесек, мысалы орамалсыз ашық-шашық жүретін болсақ, ішкілік ішсек, кейіннен бұл күнәларды өтейтіндей мөлшерде жақсылық пен қайырымдылық істесек, халыққа су көзін жүргізсек, кедейлерді киіндірсек және басқа да сауапты амалдар істесек, тозаққа кіруден құтыла аламыз ба?

Жауап: Иә, сауап істеу арқылы тозаққа кіруден құтылу мүмкін, бірақ бұл істеген харамдарды асып кететіндей өте үлкен сауаптар болуы керек. Мың кедейді киіндіріп, тойдырса да бір уақыт намазды әдейі қазаға қалдыру күнәсын өтей алмайды, яки жүз теңгелік зекет борышын немесе аздаған құл ақысын да өтеген болмайды. Өйткені парыздардың жанында нәпілдің сауаптары, теңіздің жанындағы тамшыдай да бола алмайды. Дұшпанның әскери ұшағына тапаншамен қарсы шықпай, зенитті қарумен төтеп беру қажет болғанындай, харамдарды да парыздармен безбендеу керек.

Одан бөлек, күнә істеп жүрген адамның жақсылықтарына сауап берілмейді. Мысалы ішкілік ішуді қоймайтын бір адам намаз оқыған кезде намаз борышынан құтылады, бірақ тәубе етіп күнәдан бастартпағанша, намаз оқитындар үшін уәде етілген үлкен сауаптарға қауыша алмайды. Өйткені дінімізде күнәдан сақтану ғибадат жасаудан бұрын тұрады. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Шарап (алкогольді ішімдік) ішкендердің, тәубе етпегенше намаздарына, оразаларына, қажылықтарына, зекеттеріне және садақаларына сауап берілмейді.» (Әнис-ул уаизин)

Имам Раббани хазреттері былай деген:

"Бір парызды әдейі орындамаған немесе бір харамнан сақтанбаған, ашық түрде күнә істеген адамның орындаған нәпіл және сүннеттері қабыл болмайды, сауап берілмейді. Жүз теңге зекет бермеген адамның миллиардтаған ақша жұмсап жасаған қайырымдылығы мен жақсылықтарының ешбірі қабыл болмайды. Соқтырған мешіттеріне, мектептеріне, ауруханаларына, қайырымдылық қорларына берген жәрдеміне сауап берілмейді." (1/29)

Мұхаммед Хадими хазреттері де былай деген:

"Күнә істеуді тәрк етпей жалғастырып жатқан адамдарға жақсылықтарының, ғибадаттарының пайдасы тимейді. Ешбіріне сауап берілмейді." (Бәриқа)

«Пайдасы болмайды, сауап берілмейді» дегеніміз – парыздары сахих болады (өтеді), мойнындағы борышынан құтылса да, сол ғибадатты орындаудан пайда болған үлкен сауаптарға қауыша алмайды деген сөз. Харам істеуден тыйылмаған және парыздан қарызы болған адамның сол тұрғыдағы нәпіл ғибадаттарына мүлдем сауап берілмейді. Қалтамызда ақшаның жиналуын қаласақ, алдымен қалтаның тесіктерін жамауымыз керек. Әйтпесе мың жыл жинасақ толтыралмай есіміз кетеді.