16 - Шәууал, 1445 жыл.
     25 - Сәуір, 2024 жыл.   


НАМАЗ БАБЫ

Намаздың он екі парызы бар: Жетісі сыртында, бесі ішінде.

Сыртындағы парыздар: хадестен таһарат, нәжістен таһарат, сатри әурет, истиқбали қыбла, уақыт, ниет, ифтитах тәкбірі. Ішіндегі парыздар: қиям, қыраат, әр ракатта бір руку, екі сәжде, қадаи ахирде «Аттахият» дұғасын оқитындай уақыт отыру. Намаздың ішіндегі парыздарға «Рукн» делінеді. Сәждеде маңдай мен аяқ саусақтарын жерге тигізу парыз.

Хадестен таһарат – дәреті жоқ болса дәрет алу, жүніп болса ғұсыл алу және дәрет пен ғұсыл алу қажет болған кездерде су табылмаса, тәйәммүм жасау деген сөз. Хадестен таһарат үш нәрсемен толық болады: 1) Истинжа мен истибраға мән беру арқылы. 2) Жуу арқылы. 3) Басқа мәсіһ тартқанда парыз болған жерлерде қол тимеген бос жер қалдырмау арқылы.

Нәжістен таһарат – үш нәрсе арқылы жүзеге асады: 1) Намаз оқитын кезде үстіндегі киімін нәжістен тазарту арқылы. 2) Намаз оқығанда денесін таза ұстау арқылы. 3) Намаз оқитын жерді тазарту арқылы. [Спиртті сұйықтар жайында мәлімет алу үшін елу төрт парыздың соңына қараңыздар!]

Сатр-и әурет – үш нәрседен тұрады: 1) Ханафи мазһабында, еркектердің кіндік пен тізе астына дейінгі жерлерін жабуы. Намазда еркектердің аяқтарын жабуының сүннет екені 419-шы бетте жазылған. 2) Біреудің күңі болмаған еркін әйелдердің, бет пен қолдан және бір риуаят бойынша аяқтан басқа, бүкіл денесін жабуы, орануы және көрсетпеуі. 3) Күң болған әйелдердің арқасын және кеудесінен тізесінің астына дейін жауып орануы. (Басы, аяқ-қолдары ашық-шашық жүрген немесе тырысқан, жұқа киіммен киінген әйелдер және бұларға қараған еркектер харам істеген болады. Харам екеніне мән бермеген адам имансыз болады, мүртәд болады.)

Истиқбал-и қыбла – үш нәрсемен жүзеге асады: 1) Құбылаға бұрылып тұру. 2) Намаз біткенге дейін құбыладан кеудесін бұрмау. 3) Аллаһу та’аланың алдында тұрғандай болу, өзін төмен ұстау.

Уақыт – үш нәрсемен толық болады: Намаздың кіретін және шығатын уақыттарын білу. Намазды мәкрух уақытқа дейін жеткізбеу.

Ниет – оқылған намаз парыз ба, уәжіп пе, сүннет пе, мүстаһаб па, қайбірі екенін білу, көңілден өткізу және дүние тіршіліктерін көңілден шығару арқылы жүзеге асады. Уітір намазын оқу – Имам Ағзамның үкімі бойынша уәжіп, екі имамның,  Малики және Шафии мазһабтарының үкімі бойынша сүннет болып табылады. [Маликиді тақлид еткен адамның қиындық туындаған кездерде, уітір намазын тәрк етуі жаиз болады.]

Ифтитах тәкбірі – еркектердің қолдарын құлақтарына дейін көтеру арқылы,  көңілмен намазға дайын болу арқылы орындалады.

Қиям – үш нәрсе арқылы жүзеге асады: 1) Құбылаға қарсы түрегеп тік тұру арқылы. 2) Сәжде ететін жерге қарау арқылы 3) Қиямда тұрғанда екі жағына теңселмеу арқылы.

Қыраат – үш нәрседен тұрады: 1) Дауыстап оқылатын жерде, дауысын шығарып оқу. 2) Іштей оқылатын жерлерде, өзі еститіндей дәрежеде, әріптерді анық қылып оқу. 3) Құран кәрімнің мағынасын ойлау, тәжуидпен оқу. [Намазды бастарда айтылатын тәкбірді, намаз ішінде оқылатындардың барлығын және азанды тек арабша оқу керек. Бұлардың арапшасын, дінін білетін және мазһабының илмихал кітабына мойынсұнатын қаридан үйрену керек. Кирилл немесе латын әріптерімен жазылған Құран кәрім дұрыс оқылмайды. Нұқсан, әрі қате болады. Құран кәрімнің тәпсірін жасауға болады, бірақ оны ешбір тілге аудару мүмкін емес. Дінсіздердің, мазһабсыздардың қазақша Құран деп жүрген кітаптары дұрыс емес, қате, ол тек аудармашының түсінгендері ғана. Әр мұсылманның Құран кәрім үйрететін дәрістерге барып, Ислам әріптерін үйренуі, Құран кәрімді және дұғаларды дұрыс оқуы қажет. Осылай сүрелері мен дұғалары дұрыс оқылған намаз қабыл болады. «Тәрғибус-салат» кітабында былай делінген: «Бір адамның намазда оқығанын тоғыз ғалым қате оқыды деп тапса, бір ғалым ғана дұрыс десе, онда оның намазы бұзылды деп айтпау керек.»]

Руку – үш нәрсе арқылы орындалады: 1) Рукуда құблаға қарай толықтай иілу арқылы. 2) Белі мен басы бір деңгейде болу арқылы. 3)Туманинетпен (көңілімен сенімді болып) тұру арқылы.

Сәжде – үш нәрсе арқылы жүзеге асады: 1) Сәждеге сүннетке сай бару арқылы. 2) Маңдайы мен мұрны құбылаға қарай жерге бірдей қойылған болуы арқылы. 3) Туманинетпен бару арқылы. [Сау адамның жиырма бес сантиметрге дейінгі биіктікке сәжде етуі жаиз болса да, мәкрух болып табылады. Себебі пайғамбарымыз және Асхаби кирамның ешбірі биік жерге сәжде жасамады. Одан биік жерге сәжде етсе, намазы өтпейді.]

Қадаи ахир – үш нәрсе арқылы жүзеге асады: 1) Еркектердің оң аяғын тік ұстап, сол аяғының үстіне отыруы арқылы, әйелдердің жамбастарына отырып, аяқтарын оң жаққа шығаруы арқылы. 2) Аттахиятты құрметпен оқу арқылы. 3) Қадаи ахирде салауат және дұға оқу арқылы. Намаздан кейін оқылатындар 251-ші бетте жазылған.