18 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Аллаһу та’ала жүрекке қарайды

Аллаһу та’ала жүрекке қарайды

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Адамдар бір-бірінің сыртқы көрінісіне қарайды. Ал Аллаһу та’ала жүрекке (көңілге) және ниетке қарайды. Адамдар бір-бірінің не істегеніне қарайды. Ал Аллаһу та’ала не үшін істегеніне қарайды. Бір істі не үшін істегенімізді ең жақсы білетін Аллаһу та’ала. Дінде ниет негізге алынады. Бүкіл амалдар, бүкіл ғибадаттар ниетке байланысты. Амал көп, ал ниет дұрыс болмаса, ешқандай қадірі жоқ. Ниет өте жақсы, бірақ амалдарда кемшілік болатын болса, Аллаһу та’аланың рұқсатымен құтылады.

Кейбір белгісіз және көзге көрінбейтін қызметтер мен ғибадаттар бар, оның пайдасын ешкім жобалай да алмайды. Мысалы, бір күні Жәбірейіл алейһиссалам сүйікті пайғамбарымызға келіп былай деді:

«Йа Расулаллаһ, осы түні Әбу Бәкір Сыддықтың алған сауабы қияметке дейін келетін бүкіл адамдардың табатын сауабынан көбірек. Әбу Бәкір сондай құнды бір ғибадат жасады.»

Ертеңіне сүйікті пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкірді жанына шақырып одан сұрады:

- Йа Әба Бәкір, сен кеше түнде не істедің?

- Күнде істеп жүргенімдей намаз оқыдым, Құран кәрім оқыдым, сосын жаттым, йа Расулаллаһ.

- Басқа не істедің? Сен бұл түні сондай құнды бір ғибадат жасапсың, қияметке дейін келетін мұсылмандардың сауаптарының қосындысынан артық сауап алдың. Бұл қандай ғибадат?

- Йа Расулаллаһ, мына ғибадат болуы мүмкін бе? Төсегіме жатқанымда өз-өзіме «Йа Раббым, сен Аллаһсың. «Құран кәрімде Аллаһ берген сөзінен қайтпайды» делінген. Сен жәннатты да, тозақты да адамдармен толыратындай етіп тағдыр еттің. Тозақ адамдармен толатынына қарағанда, менің денемді сондай үлкен қыл, тозақты жалғыз мен толтырайын, басқа ешкім кірмесін» деген едім. Әлгі ғибадат осы болар.

Расулуллаһ алейһиссалам растап: «Иә, осы ғибадатыңның арқасында үлкен дәрежелерге қауыштың» деді.

Хазреті Әбу Бәкір ешкімге айтпаған, ешкім білмейтін осы ниетінің арқасында қияметке дейін ешкім жете алмайтындай сауапқа ие болды. Аллаһтың алдында көңілмен, шын жүрекпен жасалған ғибадат, зікір, ниет тілмен жасалғаннан абзалырақ. Тіпті тілмен жасалып, көңіл ұйқыда болса, бұл ниет ниет емес. Намаз қабыл болмайды, қажылық қабыл болмайды, ештеңе қабыл болмайды. Біздің дініміздің негізі – көңілдегі ниет. Намазға тұрғанда, бір жерге бара жатқанда адам ішінен үздіксіз сөйлейді. Сол сөйлегендері Аллаһқа білінеді, соған қарай сауап беріледі. Күнә берілуі үшін орындалуы керек, әрекетке айналуы қажет. Бірақ сауапқа себеп болатын істі ішінен ойлаған сәтте-ақ сауап жазылады.