19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Елжірететін сұлулық

Елжірететін сұлулық

Сүйікті пайғамбарымыз «Пайғамбарды еске алу ғибадат. Салихтарды еске алу күнәларға каффарат (өтеу). Өлімді ойлау садақа. Қабірді ойлау жәннатқа жақындатады» деген. Үлкен әулиелердің есімдері аталған жерге рухтары келеді және бұл жерге рахмет (мейірімділік) жауады. «Салихтар еске алынған жерге рахмет жауады» хадис шәрифі осыны көрсетеді. Бұл үмметтің әулиелерінің рухы келетін болса, Расулуллаһ алейһиссаламның есімі аталғанда рухы әлбетте келеді. Намазда «Әссәләму алейка йа әййуһәннәбийу» деп Расулуллаһқа сәлем береміз. Сол сәтте Расулуллаһ келеді, «Маған сәлем берген кім?» деп қарайды, сол кісіні көреді және ендігәрі оны ұмытпайды. Өлетін кезінде оның алдына келеді, «Қайғырма, қорқпа, саған шапағат етемін» дейді. Қайтыс болған мүмин осы сұлулық пен сүйінші алдында өлгенін де түсінбей қалады.

Сүйікті пайғамбарымыз: «Мүмин қайтыс болатын кезде, оның рухы сары майдан қылды суырғандай ауру сезбей оңай шығады. Өзі түсінбей қалады» деген кезде бір сахаба «Йа Расулаллаһ, сіздің әр сөзіңіз Құран кәрімге сүйенеді, оның түсініктемесі болып табылады. Ал бұл сөзіңіз қай аятқа қатысты?» деп сұрайды. Юсуф сүресінің 31-ші аятын оқып, былай жауап береді: «Юсуф алейһиссаламды көрген әйелдер, пышақпен жемістерді турап жатқанда, оның сұлулығының алдында қолдарын да кесіп алатын, бірақ ауырғанын сезбейтін еді. Оның жүзінде «сабахат», ал менде «мәлахат» сұлулығы бар. Мені көріп иман келтірген адам, мен махаббатпен қараған адам елжірейді, маған ғашық болады. Бірақ сабахат сұлулығымды Аллаһу та’ала жасырған. Үмметімнің бірі қайтыс боларда оған көрінемін, ол маған қараған кезде рухы шығады, хабары да болмайды.»

Мәлахат – сүйкімділік, жылылық, ішкі дүниенің сұлулығы деген сөз. Ал сабахат – сыртқы көріністің, жүздің сұлулығы деген сөз. Юсуф алейһиссаламда сабахат бар еді, мәлахат жоқ еді. Ал біздің пайғамбарымызда мәлахат та, әрі сабахат та бар еді. Бірақ Аллаһу та’ала оның сабахатын дүниеде жасырды. Егер ашық түрде көрсететін болса, ешкім оның сұлулығының алдында шыдай алмай, талып қалатын еді. Сүйікті пайғамбарымыз әлемдерге Аллаһтың жіберген мейірімі болып табылады, бәріне жақсылық жасау, қамқорлық ету мақсатында келген. Адамдарға зиян жеткізу, оларға қиындық туғызу үшін келмеді. Сондықтан пайғамбарымыздың дүниеде мәлахат сұлулығы байқалғанымен, сабахат сұлулығы көрсетілмеді, бұл сұлулық жәннатта көрінеді.