19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ата-ананың дұғасы

Ата-ананың дұғасы

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бізде өте үлкен ақысы болған үш адамның бірі – дүниеге келуімізге себеп болған ата-анамыз. Екіншісі – дінімізді дұрыс үйренуімізге себеп болған ұстаз. Үшіншісі – заттық ризқымызға себеп болған жұмыс беруші бастығымыз.

Бір мұсылман өте жетістікті болса, ұстағаны алтын болса, бұл істің түбінде міндетті түрде ата-ананың разылығы, дұғасы бар деген сөз, оларды қатты разы қылды деген сөз. Өйткені Расулуллаһ (салаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ата-ананың баласына жасаған дұғасы, пайғамбардың үмбетіне жасаған дұғасы сияқты болады, кері қайтарылмайды» деген. Қарғыс та осындай.

Бір бала ата-анасының, бір қызметші де жұмыс берушінің дұғасын, разылығын ала алмаса, Алллаһтың да разылығын ала алмайды деген сөз. Яғни бізге келген ниғметтерге себеп болғандарға рахмет айта алмасақ, сол ниғмет үшін жасаған шүкірімізді Аллаһу та’ала қабыл етпейді. Себебі хадис шәрифте: «Жақсылық жасаған адамға рахмет айтпаған адам Аллаһқа шүкір етпеген болады» делінген.

Ата-аналарымыз тірі болса, қолдарын сүйіп, көңілдерін аулауға, дұғаларын алуға тырысуымыз керек. Тіпті «Жәннат аналардың аяғының астында» деген хадис шәрифке мойынсұнып, анамыздың табанын сүюіміз керек. Сонда бізге де бала-шағамыз керекті құрметті көрсетеді. Адам не егетін болса, соны жинайды. Не істесе де, өзіне істейді.

Балаларымызға мал-мүлікті, тасты, жерді емес, намазды өсиет қылып қалдыруымыз керек. Сүйікті пайғамбарымыздың және бүкіл әулиелердің өсиеті – намаз болған. Өйткені дұрыс оқылған намаз – барлық дертке дауа. Бір үлкен әулиенің кіші жастағы ұлына жазған өсиетіндегі екі негіз: «1) Талып қалу мен есі ауысып қалудың тысында ешбір уақыт өзіне тән болған намазынсыз өтпеу керек, яғни қазаға қалмау керек. Сондықтан әке хақысы ретінде саған қалдырар өсиетім – құрлықта да, теңізде де, қайда болсаң да Аллаһтың әмірі болған намазды тәрк етпе. 2) Егер жоғарғы оқу орнын бітіріп, бір кәсіпке ие болмасаң, сенен разы болмаймын. Өйткені мен саған өте жақсы діни тәрбие бердім. Осы діни тәрбиені алатын дүниелік білімің мен мәдениетпен біріктіретін болсаң ғана қоғамға пайдалы адам боласың. Діни тәрбие мен дүниелік білім – адамдағы екі қол, екі аяқ, екі көз сияқты. Бірі кем болса, ол адам мүгедек болады.»

Жан тапсыратын сәтінде де ұлына былай дейді: «Балам, кітаптарыңды ал, былай алдымнан өт! Мен ахиретке кетіп барамын. Аллаһтың алдына барған кезде: Йа Раббым, мен көздерімді ұлымды білім үйренуге жіберіп жатқанда жұмдым. – деймін.»