18 Қаңтар 2017   


  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Сөз тасудың зияндары

Сөз тасудың зияндары

Сұрақ: Сөз тасудың дініміздегі орны қандай?

Жауап: Екі кісінің арасында тек шындықты айтып сөз жеткізу де сөз тасушылыққа жатады. Егер сөзге өтірік араласатын болса, жала жабуға айналады. Сөз тасушылық дінімізде күнә. Ахиретте жазасы ауыр болуымен қатар, дүниеде де адамдардың араздасуына себеп болады. Сондықтан ел арасында «Тас тасысаңда сөз тасыма» делінеді. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Көре алмаушы, сөз тасушы және палшы болған адам менен емес.» (Табарани)

«Ең жамандарың – сөз таситын, достарының қарым-қатынасын бұзатын және айып іздеп жүретін адам.» (Табарани)

«Сөз тасыған адам – малғұн.» (И.Мәуәрди)

«Сөз тасыған кісі жақсы адам емес.» (Хаким)

«Сөз тасушы адам – уәләди зина (зинадан туылған) немесе зина араласқан тексіз адам.» (Бәйһақи)

«Сөз тасушы қияметте маймыл кейіпінде тіріледі.» (Р.Насихин)

«Сөз тасыған адам жәннатқа кіре алмайды.» (Бұхари)

Бұл хадис шәрифтерде өткен «Жәннатқа кіре алмайды», «Менен емес» деген тіркестер «Тәубе етіп, кешірім сұрамай өлген адам жазасын тартпағанша жәннатқа кіре алмайды» деген мағынаны береді. Егер кешірім немесе шапағат нәсіп болса яки сауаптары көп болып, күнәларынан артық болса, жәннатқа кіреді. Олай болмаса жазасын тартады. Әһли сүннет сенімінде күнә істеген адамға кәпір делінбейді.

Әр шындықты әр жерде айта беруге болмайды. Сөз тасыған кезде тек шындық айтылған болуы мүмкін, алайда осы шындық айтудың өзі үлкен күнә болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Сөз тасушылық қабір азабына себеп болады.» (Бәйһақи)

«Аллаһу та’ала сөз тасыған адамның қабірінде бір от шығарады. Бұл от оны қияметке дейін жағады.» (Шира)

Расулуллаһ алейһиссалам екі қабірді кездестірді. «Екеуі де азапта жатыр. Бірі үсті-басын, киімін зәрден сақтамайтын, ал екіншісі сөз тасушы еді» деді. (Шира)

Бір салих кісі өзіне сөз тасыған адамға:

«Бізге үш жамандық әкелдің. Сүйікті адамымды маған дұшпан қылғың келді. Көңілім тыныш еді, көңілімдегі рахаттықты бұздың. Менің жанымда әділ, жақсы адам едің, өзіңді күнәхар қылдың» – деді.

Сөз тасушылық апатынан құтылу үшін сөз тасыған адамға мына алты нәрсені жасау керек:

1) Оған сенбеу керек. Өйткені сөз тасыған адам күнәхар болып табылады. «Күнәхардың сөзіне сенбеу керек. Оның сөзімен әрекет етпеу керек. Сөз тасушының сөздерін қабыл ету сөз тасудың өзінен де әлдеқайда жаман» делінген.

2) Оны бұл күнәдан арылту керек. Өйткені Аллаһу та’ала «Жамандықтан қайтарыңдар» деген. (Лұқман 17)

3) Оны жақсы көрмеу керек! Себебі сөз тасу күнә болып табылады. Күнәхарды жақсы көруге болмайды. Оны дұшпан деп білу керек!

4) Сөз тасыған адамға «шын айтып тұр ма екен» деп суи занға (жаман ойға) түсіп, оған жаман қарамау керек! Өйткені суи зан (мұсылман болған біреуді жаман деп санау, ол туралы жаман ойға түсу) харам болып табылады. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Суи зан етпеңдер! Суи зан қате шешім қабылдауға себеп болады. Адамдардың жасырын нәрселерін іздемеңдер, кемшіліктерін көрмеңдер, сөз тартыспаңдар, хасед (көре алмаушылық) және дұшпандық етпеңдер, бір-бірлеріңді өсектемеңдер, бір-бірлеріңді бауырлардай жақсы көріңдер!» (Мүслим)

5) Сөз тасып келген адамның сөзінің дұрыстығын зерттемеу керек! Өйткені біреудің күнәсін іздеуге Аллаһу та’ала тыйым салған, «Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді іздемеңдер» деген. (Хужурат 12)

6) Сөз тасыған адамның сөзі жайында ешкімге ештеңе айтпау керек! Егер айтылса, оның жасырып тұрған пердесі жыртылған, күнәсі ашылған болады. Кемшіліктерді жасыру керек, жарияламау керек. Өйткені хадис шәрифтерде былай делінген:

«Досының жамандығын жасырған адамның кемшіліктері қиямет күні жасырылады.» (Табарани)

«Досының айыбын көрмей, мұны жасырған адам жәннатқа кіреді.» (Табарани)

«Досының айыбын ашқан адамның өзінің айыбы ашылады. Тіпті өз үйінде де масқара болады.» (Ибн Мажа)

«Мұсылманның айыбын іздеген адам оған жамандық жасаған болады.» Әбу Дауд)

«Біреуді тәубе еткен күнәсімен айыптаған адам дәл сондай күнәға ұшырамай тұрып қайтыс болмайды.» (Тирмизи)

Көрініп тұрғандай, сөз тасыған адам қаншама парызды тәрк етеді және қаншама харам істеген болады.