27 Наурыз 2017   


  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Көңіл айту

Көңіл айту

Сұрақ: Мұсылман қайтыс болған кезде не істеу керек?

Жауап: Туыстарына көңіл айту керек, яғни сабыр етуін айту керек және жаназаға байланысты қызметтерге жәрдемдесуге асығу керек. Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Мұсылманның мұсылманда бес ақысы бар: Сәлеміне жауап беру, ауырған кезде көңіл сұрап бару, жаназасына бару, қонаққа шақырған кезде бару, түшкіріп “әлхамдулиллаһ” деген кезінде “йәрхамукаллаһ” деу.» (Мүслим)

Қайтыс болған адамдардың туыстарынан үлкен-кіші еркектерді және қарт әйелдерді кездестіргенде көңіл айту, яғни «қайғыңызға ортақпыз» деу, сабыр етуге кеңес беру мүстаһаб болып табылады. Көңіл айту үшін «Азамаллаһу әжрак уә ахсәнә уә ғафәра лимәйитик» делінеді, «Аллаһу та’ала сауабыңды, дәрежеңді арттырсын, жақсылап сабыр етуіңді нәсіп етсін және мәйіттің күнәларын кешірсін» деген мағынаны береді.

Қиыншылықтарға тап болған адамды жұбату керек. Бір хадис шәрифте былай делінген: «Баласы қайтыс болған адамды жұбатқан кісіге жәннат шапаны беріледі. Қиыншылыққа ұшыраған адамды жұбатқан кісі оның сауабындай сауап алады.» (Тирмизи)

 

Расулуллаһтың көңіл айтуы

Сүйікті пайғамбарымыздың көңіл айту хатында былай жазылған:

«Аллаһу та’ала саған амандық берсін! Оған хамд етемін. Әр адамға келген жақсылық пен жамандық тек Одан келеді. Аллаһу та’ала саған көп сауап берсін. Сабыр етуіңді нәсіп етсін! Оның ниғметтеріне шүкір етуіңді ихсан етсін! Жақсылап біліп алуымыз керек, өз болмысымыз, мал-мүлік, байлық, әйел және бала-шағаларымыз – Аллаһу та’аланың шексіз ниғметтерінен, сүйікті және пайдалы ихсандарынан болып табылады.

Бұл ниғметтерді бізде шексіз қалу үшін емес, аманат ретінде қолдану, кейіннен қайтарып алу үшін берген. Бұларды тек белгілі уақытта ғана пайдаланамыз. Уақыты келген кезде бәрін қайтарып алады.

Аллаһу та’ала ниғметтерін бізге беріп қуантқан кезде шүкір етуімізді, уақыты келіп кері қайтарып алған кезде сабыр етуімізді әмір етті.

Сенің бұл балаң – Аллаһу та’ала берген сүйікті, пайдалы ниғметтерінің бірі еді. Кері қайтарып алу шартымен саған аманат қылып берген еді. Ал қазір кері қайтарып алып жатқанда да саған көп сауап, жақсылық береді, мейірімділік етіп дұрыс, тура жолда ілгерілеуіңді, жоғарылауыңды ихсан етеді.

Бұл ихсанға қауыша алу үшін сабыр ету керек, Оның істегенін жақсы деп санауың керек! Ашуланып, ойбайлайтын болсаң, сауапқа қауыша алмайсың және соңында өкінесің.

Жақсылап біліп ал, жылау, қайғыру пәлекетті кері қайтармайды, қайғыны кетірмейді. Тағдырда жазылған нәрселер басқа келеді. Сабыр ету, болып қойған нәрсеге ашуланбау керек. Аллаһу та’ала бәріңе амандық берсін!»

 

Сұрақ: Мәйіт жерленгеннен кейін мазардағы адамдардың өлгеннің туыстарына көңіл айтуы бидғат емес пе?

Жауап: Бидғат емес.

 

Сұрақ: Өлген адамның туыстарына қанша күнге дейін көңіл айту дұрыс болады?

Жауап: Үш күннен кейін көңіл айту мәкрух болып табылады. Бірақ алыстағылар және жақын тұратын болса да кеш хабар алғандар үшін мәкрух болмайды.

 

Сұрақ: Бір ауылда жаназа шыққан үйге кірген әр адам Фатиха оқиды. Әр адамның Фатиха оқып өлген адамға бағыштауы бидғат па?

Жауап: Әдетке қатысты болғандықтан жаиз болады.

 

Сұрақ: Өлген адамның үйіндегілері көңіл айтушыларды қабылдау үшін үш күн бойы міндетті түрде үйде болуы керек пе?

Жауап: Үйде болуы жаиз. Бірақ болмағаны жақсырақ. Ибн Абидинде «Үйінде жаназа шыққан адамның көңіл айтушыларды қабылдау үшін үйінде отыруы мәкрух болады, мазардан шығарда көңіл айту мәкрух емес» делінген.

 

Сұрақ: Көңіл айтып келгендерге дастархан жаю жаиз ба?

Жауап: Үйге келгендерге дастархан жаю әдет болып табылады, сондықтан жаиз.

 

Сұрақ: Көңіл айту үшін ұзақтан келген қонақтарға ас беру жаиз ба?

Жауап: Иә.

 

Сұрақ: Өлген адамның үйіне тамақ әкелінеді. Ашып немесе бұзылып кетпеуі үшін көңіл айтып келгендерге беру жаиз ба?

Жауап: Кедейлерге беру сауап болады. Сауабы өлген адамның рухына бағышталады.

 

Сұрақ: Хат арқылы көңіл айтуға болады ма?

Жауап: Иә, болады.