10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   


Шынайы махаббат

Бір күні әулиенің бірінен шәкірттері: «Махаббаттың тек сөзін ғана иемденгендермен, шынайы махаббатқа қауышқандардың арасында қандай айырмашылық бар?»- деп сұрайды. Сонда әулие кісі:

– Қараңдар, көрсетейін! деп әуелі махаббатты тек ауызбен айтып, көңілдеріне орналастыра алмаған адамдарды шақырып, оларға дастархан әзірлейді. Барлығы орындарына жайғасып болғаннан соң алдарына сорпа мен сабы бір метрдей ұзын қасықтар әкеліп береді. Әулие кісі оларға:

– Тамақты осы қасықтың тек ұшынан ұстап ішіңіздер!- дейді.

Дастархан басындағылар қасықтың ең ұшынан ұстап тамаққа кіріседі. Бірақ сорпаны қанша ішуге тырысса да, ұзын қасықтың қолайсыздығынан қасықтағы тағамды ауыздарына апара алмайды. Осылайша дастархан басынан аш күйде тұрып кетеді.

Олардан кейін шынайы махаббатқа қауышқандар дастарханға шақырылады. Олар да келіп жайғасып болған соң, оларға да осы нәрсе айтылады. Сонда әр қайсысы ұзын қасықтарды сорпаға толтырып, қарсы алдындағы досына береді. Осылайша бәрінің қарындары тойып, шүкір етіп дастархан басынан тұрады. Соңында әулие былай дейді:

Міне, кім бұл дастарханда тек өзінің қарнын тойдыруды ойласа, ол адам аш қалады. Және кім бауырын ойлап, оны тойдырса, өзі де бауырының арқасында тояды. Мына нәрсені де ұмытпаңдар, дүниеде алған адам емес, берген адам олжалы болады.