19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Ислам ахлақы / НАМАЗДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

НАМАЗДЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

«Әши’атул-ләмә’ат» кітабында намаздың маңыздылығы жайында бірнеше хадис шәрифтер бар. Бұл кітап «Мишкат-ул Мәсабиһ» хадис кітабының парсы тіліндегі шәрһі. Үндістандағы Ислам ғалымдарының ұлыларынан болған Абдулхақ бин Сәйфуддин Дәһләуи “рахимә-һуллаһу та’ала” жазған. 1384 [м.1964] жылы Лукнов қаласында тоғызыншы рет басылған. Төрт томнан тұрады. «Мәсабиһ» кітабын Мухийссунна Хусейн Бәғауи “рахимә-һуллаһу та’ала” жазған. Мұхаммед Уәлиуддин “рахимә-һуллаһу та’ала” мұның шәрһін (түсіндірмесін) жасап, «Мишкат-ул Мәсабиһ» деп атаған. Абдулхақ Дәһләуи 1052 [м.1642] жылы Дәлиде қайтыс болды.

Араб тілінде намазға «Салат» делінеді. Салат – негізінде дұға, рахмет (мейірім) және истиғфар деген сөз. Намаз осы мағыналардың бәрін өзіне қамтығандықтан, намазға салат делінген.

1) Әбу Хурайра “радиаллаһу анһ” білдірген. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” былай деді: «Бес уақыт намаз және жұма намазы, келесі жұмаға дейін, ал Рамазан оразасы келесі Рамазанға дейін істелген күнәлардың кәффараты (өтемі). Үлкен күнә істеуден сақтанғандардың кіші күнәлараның кешірілуіне себепші болады.»Арада істелген кіші күнәлардан құл ақысы араласпағандары жоқ етіледі. Ал кіші күнәлары кешіріліп біткендердің үлкен күнәлары үшін берілетін азабтарының жеңілдеуіне себеп болады. Үлкен күнәлардың кешірілуі үшін тәубе ету де керек. Үлкен күнәлар жоқ болса, онда дәреженің көтерілуіне себеп болады. Бұл хадис шәриф «Мүслим»-де жазылған. Бес уақыт намазында кемшіліктері бар болғандардың кешірілуіне жұма намазы себеп болады. Жұма намазында да кемшілік бар болса, Рамазан оразасы себеп болады.

2) Тағы да Әбу Хурайра  “радиаллаһу анһ” білдіреді. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм”: «Есігінің алдында ағын суы болған бір адам бұл суда күніне бес рет жуынса, денесінде кір қалады ма?» – деп сұрады.Сахабалар жауап ретінде «Жоқ, кір қалмайды, Йа Расулаллаһ!» деді. «Бес уақыт намаз да осындай. Бес уақыт намаз оқитындардың кіші күнәларын Аллаһу та’ала жоқ қылады» деді. Бұл хадис шәриф«Бұхари»-дежәне «Мүслим»-де жазылған.

3) Абдуллаһ бин Мәсуд “радиаллаһу анһ” былай деген: «Бір адам бір бөтен әйелді сүйген еді. Ансарлардың бірі құрма сататын еді. Бір әйел құрма алу үшін келді. Әйелге деген хайуандық сезімдері оянды. «Үйде бұдан да жақсысы бар, жүр содан берейін» деді. Үйге келгенде әйелді құшақтап, оны сүйіп алды. Әйел «Не істеп жатсың, Аллаһтан қорқ!» деді. Ол мұны естіп, ісіне өкінді. Расулуллаһқа келіп, істегенін айтып берді. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” оған жауап бермеді. Аллаһу та’аладан уахи күтті. Одан кейін бұл кісі намаз оқыды. Аллаһу та’ала Худ сүресінің 115-ші аятын жіберді. Бұл аяти кариманың мағынасында: «Күннің екі жағында және күн батқаннан соң намаз оқы! Жақсылықтар жамандықтарды әлбетте жояды» делінді. Күннің екі жағы – бесіннен бұрын және бесіннен кейін деген сөз. Яғни бамдат, бесін және екінді намаздары. Күндізге жақын болған кешкі намаз да ақшам мен құптан намаздары. Бұл аяти карима, күнде оқылатын бес уақыт намаздың күнәлардың кешірілуіне себеп болатынын білдіруде. Әлгі кісі «Йа Расулаллаһ! Бұл сүйінші тек мен үшін ғана ма? Әлде бүкіл үмбет үшін бе?» деп сұрады. «Бүкіл үмбетім үшін» деді. Бұл хадис шәриф екі Сахихта да жазылған.

4) Әнас бин Малик “радиаллаһу анһ” былай деген: Бір адам Расулуллаһқа “саллалаһу алейһи уәсәлләм” келіп «Хад (дүре соғу) жазасы берілетін бір күнә істедім. Маған Хад жазасын беріңіз!» деді. Расулуллаһ одан қандай күнә істегенін сұрамады. Намаздың уақыты кірген еді. Бірге оқыдық. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” намазды оқып болғаннан соң, әлгі кісі орнынан тұрып «Йа Расулаллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм”! Мен хад жазасы берілетін бір күнә істеп қойдым. Аллаһу та’аланың кітабында әмір етілген жазаны маған жасаңыз!» деді. Пайғамбарымыз: «Сен бізбен бірге намаз оқымадың ба?» деп сұрады. «Иә, оқыдым» деді. «Қайғырма, Аллаһу та’ала күнәңді кешірді!» деді. Бұл хадис шәриф екі негізгі кітапта жазылған. Әлгі кісі хад жазасы қажет болатын үлкен күнә істедім деп ойлаған еді. Намаз оқуымен бұл күнәсінің кешірілуі, мұның кіші күнә екендігін көрсетеді. Әйтпесе хад деуі, кіші күнәлар үшін берілетін «Таъзир» жазасы еді. Екінші сұрағанында «Хад жазасын жаса!» демеуі де осылай екендігін көрсетеді.

5) Абдуллаһ ибн Мәс’уд “радиаллаһу анһ” былай деген: Аллаһу та’аланың бәрінен қатты қай амалды жақсы көретінін Расулуллаһтан “саллалаһу алейһи уәсәлләм” сұрадым. «Өз уақытында оқылған намаз»деп жауап берді. Ал кейбір хадис шәрифтерде «Алғашқы уақытында оқылған намазды қатты жақсы көреді» делінген. «Одан кейін қай амалды жақсы көреді» деп сұрадым. «Әке-шешеге жақсылық жасауды»деді. «Ал одан кейін қай амалды жақсы көреді?» деп сұрағанымда: «Аллаһ жолына жиһад етуді» деді. Бұл хадис шәриф те екі Сахих кітапта жазылған. Басқа бір хадис шәрифте «Амалдардың ең жақсысы – ас беру» деді. Басқа бірінде «Сәлемдесуді жаю» делінген. Басқасында«Түнде, елдер ұйықтап жатқанда тұрып, намаз оқу» делінген. Басқа бір хадис шәрифте: «Ең құнды  амал – қолмен де, тілмен де ешкімді ренжітпеу» делінген. Бір хадис шәрифте де «Ең құнды амал – жиһад»делінген. Бір хадис шәрифте «Ең құнды амал – мәбрур қажылық», яғни мүлдем күнә істемей жасалынған қажылық делінген. «Аллаһу та’аланы зікір ету» және «Тұрақты түрде орындалатын амал» хадис шәрифтері де бар. Сұрақ қойған адамдардың жағдайларына лайықты немесе заманға сай әр түрлі жауаптар берілген. Мәселен, Ислам дінінің алғашқы кезеңдерінде амалдардың ең абзалы, ең құндысы – жиһад еді. [Бұл заманда амалдардың ең абзалы – жазумен, баспамен кәпірлерге, мазһабсыздарға жауап беру, Әһли сүннет сенімін жаю. Осылай жиһад етіп жатқандарға ақшалай, мал-мүлікпен және денемен көмектескендер де бұлардың алатын сауаптарына ортақ болады. Аяти карималар, хадис шәрифтер намаздың зекеттен, садақадан құндырақ екенін көрсетіп тұр. Бірақ өлім аузында жатқан кісіге көмек беріп, өлімнен құтқару намаз оқудан да құнды болады.]

6) Жәбир бин Абдуллаһ хабар береді. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм”: «Адам мен күпір арасындағы шекара – намазды тәрк ету» – деді. Себебі, намаз – адамды күпірге түсуден қорғайтын перде. Бұл перде ортадан алынатын болса, пенде күпірге түседі. Бұл хадис шәриф«Мүслим»-де жазылған. Бұл хадис шәриф намазды тәрк етудің (тастап кетудің) өте жаман екенін көрсетуде. Сахабалардың көбі «Намазды үзірсіз тәрк еткен адам кәпір болады» деген. Шафии мен Малики мазһабтарында кәпір болмаса да өлім жазасына тартылуы уәжіп болады. Ханафи мазһабында намаз оқығанға дейін қамауға алынады және ұрылады.

7) Убада бин Сәмит “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Аллаһу та’ала бес уақыт намаз оқуды әмір етті. Кімде-кім жақсылап дәрет алып, бұларды уақытылы оқитын болса және рукулары мен хушуын толық орындаса, Аллаһу та’ала оны кешіретіндігіне сөз берген. Ал бұларды істемегенге ешқандай сөз бермеген. Оны қаласа кешіреді, қаласа азаптайды.» Бұл хадис шәрифті Имам Ахмед, Әбу Дауд және Нәсаи білдірген. Көрініп тұрғанындай, намаздың шарттарына, руку мен сәжделеріне мән беру керек. Намазды дұрыс оқығандарды міндетті түрде кешіреді.

8) Әбу Әмамә-и Бахили “радиаллаһу анһ” білдірген. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” былай деді: «Бес уақыт намазды оқыңдар! Бір ай ораза ұстаңдар! Мал-мүліктеріңнің зекетін беріңдер! Басшыларыңа, әмірлеріңе  бағыныңдар! Раббыларыңның жәннатына кіріңдер.» Көрініп тұрғанындай, күніне бес уақыт намаз оқыған, Рамазан айында ораза тұтқан, мал-мүлкінің зекетін берген және Аллаһу та’аланың жер жүзіндегі халифасы болған әмірлердің Ислам дініне сай әмірлеріне бағынған мұсылман жәннатқа кіреді. Бұл хадис шәрифті имам Ахмед пен Тирмизи білдірген.

9) Асхаби кирамның атақтыларынан Бүрәйда Әсләми “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” «Сендер мен арамыздағы келісім – намаз. Намазын тәрк еткен адам кәпір болады» деді. Көрініп тұрғанындай, намаз оқитын адамның мұсылман екендігі аңғарылады. Намазға мән бермейтін, намазды бірінші міндет деп қабылдамаған, оқымаған адам кәпір болады. Бұл хадис шәрифті Имам Ахмед, Тирмизи, Нәсаи және Ибн Мажа білдірген.

10) Әбу Зәрр Ғифари “радиаллаһу та’ала анһ” былай деген: Күздігүні күннің бірінде Расулуллаһпен “саллалаһу алейһи уәсәлләм” бірге көшеге шықтық. Жапырақтар төгіліп жатқан еді. Бір ағаштан екі бұтақ үзіп алды. Бұлардың жапырақтары бірден төгіліп қалды. «Ей, Әба Зәрр! Бір мұсылман Аллаһ разылығы үшін намаз оқыса, мына бұтақтан жапырақтардың төгілгені сияқты күнәлары төгіледі» деді. Бұл хадис шәрифті Имам Ахмед хабар берген.

11) Зәйд бин Халид Жухәми хабар берген. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” былай деді: «Бір мұсылман дұрыс және хушумен екі рәкат намаз оқыған кезінде өткен күнәлары кешіріледі.» Яғни кіші күнәларының бәрі кешіріледі. Бұл хадис шәрифті Имам Ахмед “рахимә-һуллаһу та’ала” білдірген.

12) Абдуллаһ бин Амр ибн Ас “радиаллаһу та’ала анһума” хабар берген. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” былай деді: «Кімде-кім намазын уақытылы оқыса, бұл намаз қиямет күні нұр мен құжат болады және тозақтан құтылуына себеп болады. Намазын қорғай алмаса, қиямет күні нұр, құжат болмайды және құтыла алмайды. Қарунмен, Перғауынмен, Хаман және Убай бин Халефпен бірге болады.» Көрініп тұрғанындай, бір адам намазды парыздарына, уәжіптеріне, сүннеттері мен әдептеріне сай оқитын болса, бұл намаз қиямет күні нұр ішінде болуына себеп болады. Осылай намаз оқуды жалғастырмайтын болса, жоғарыда аты аталған кәпірлермен бірге болады. Яғни тозақта өте ауыр азап шегеді. Убай бин Халеф Мекке кәпірлерінің азғындарынан еді. Ухуд соғысында Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” мүбәрәк қолымен оны тозаққа жберді. Бұл хадис шәрифті Имам Ахмед, Бәйһақи және Дарими білдірген.

13) Табииннің ұлыларынан Абдуллаһ бин Шақиқ “рахимә-һуллаһу та’ала” былай дейді: «Асхаби кирам “радиаллаһу анһум” ғибадаттардың ішінде тек намазды тәрк етудің ғана күпір болатындығын айтқан.» Мұны Тирмизи білдірді. Абдуллаһ бин Шақиқ Омардан, Әлиден, Османнан және Айшадан “радиаллаһу анһум” хадис шәрифтер риуаят еткен. Хижреттің жүз сегізінші жылында қайтыс болды.

14) Әбуддәрда “радиаллаһу анһ” былай деген: Ең сүйікті кісім маған былай деді: «Бөлшек-бөлшек болып бөлінсең де, отқа тасталсаң да, Аллаһу та’алаға еш нәрсені серік етпе! Парыз намаздарды тәрк етпе! Парыз намаздарды біліп тұрып тәрк еткен адам мұсылмандықтан шығады. Шарап ішпе! Шарап – бүкіл жамандықтардың кілті.» Көрініп тұрғанындай, парыз намаздарына мән бермей, тәрк еткен адам кәпір болады. Жалқаулықпен намазды тәрк еткен кісі кәпір болмаса да, үлкен күнә істеген болады. Ислам діні білдірген бес үзірдің бірімен намазды фәут ету, яғни кешіктіру күнә болмайды. Шарап және алкогольді ішімдіктердің бәрі ақылды кетіреді. Ақылы болмаған адам барлық жамандықты істей алады.

15) Әли “радиаллаһу анһ” хабар берді. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Иа, Әли! Үш нәрсені істегенде кешіктірме: уақыты кіргенде дереу намазды оқы! Жаназа дайын болғанда дереу намазын оқы! Бір қыздың теңін тапқанда, дереу үйлендір!» Бұл хадис шәрифті Тирмизи “рахимә-һуллаһу та’ала” білдірген. Жаназа намазын кешіктірмеу үшін мәкрух болған үш уақытта болса да оқу керек.

[Көрініп тұрғанындай, әйелді, қызды теңіне беру керек. Теңі дегеніміз бай болуы, табысы көп болуы деген сөз емес. Теңі болу дегеніміз – еркектің салих мұсылман болуы, Әһли сүннет сенімінде болуы, намаз оқуы, ішкілік ішпеуі, яғни ислам дініне бағынуы және напақа табатындай шамада бір кәсіп иесі болуы деген сөз. Еркектің тек бай болуын ғана, ғимаратының болуын ғана қалағандар қыздарын пәлекетке итермелеген, тозаққа тастаған болады. Қыздың да намаз оқуы, басы, аяқ-қолы ашық күйде көшеге шықпауы, махрем болмаған туысымен де жалғыз қалмауы керек.]

16) Абдуллаһ ибн Омар “радиаллаһу анһума” хабар берген. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” былай деді: «Намаздарын уақыты кіргенде дереу оқығандардан Аллаһу та’ала разы болады. Уақыттарының соңында оқығандарды да кешіреді.» Бұл хадис шәрифті Тирмизи “рахимә-һуллаһу та’ала” білдірген.

Шафии және Ханбалида, әрбір намазды уақытының басында оқу абзал. Малики мазһабы да осыған жақын. Тек, қатты ыстықта жалғыз оқитын адамның бесінді кешіктіруі абзал болады. Ханафи мазһабында, таң мен құптан намаздарын кешіктіру және ыстық күндері бесінді ыстық басылғанда оқу абзал. [Бірақ бесінді имамәйннің қаулысы бойынша, екінді уақыты кірмей тұрып оқу және екінті мен кұптанды да Имам Ағзамның қаулысы бойынша, уақыты кірген кезде оқу жақсы болады әрі ықтиятты болады. Тақуа болғандар әрбір істерінде ықтиятты болады.]

17) Умми Фәруа “радиаллаһу анһа” хабар берген. Расулуллаһтан “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” қай амалдың абзал екендігі сұралды.«Амалдардың ең абзалы – уақытының басында оқылатын намаз»деді. Бұл хадис шәрифті Имам Ахмед, Тирмизи және Әбу Дауд “рахимә-һумуллаһу та’ала” білдірген. Намаз – ғибадаттардың ең үстемі. Уақыты кірген бойда оқылатын болса, одан да үстем болады.

18) Айша “радиаллаһу анһа” былай деді: «Расулуллаһтың “саллалаһу алейһи уәсәлләм” бір намазды уақытының соңында оқығанын екі рет көрмедім.»

19) Умми Хабиба “радиаллаһу анһа” хабар берді. Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Бір мұсылман пенде, күнде парыз намаздардан басқа қосымша ретінде он екі рәкат намаз оқыса, Аллаһу та’ала оған Жәннатта бір зәулім сарай жасайды.» Бұл хадис шәриф «Мүслим»-де жазылған. Демек, күніне бес уақыт парызбен бірге оқылатын сүннет намаздарға Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” қосымша, яғни нәпіл намаз деген.

20) Табииндердің ұлыларынан Абдуллаһ бин Шақиқ “рахимә-һуллаһу та’ала” былай деген: Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” оқыған нәпіл намаздары жайында хазреті Айшадан “радиаллаһу анһа” сұрадым. «Бесіннің парызынан бұрын төрт, одан кейін екі, ақшамның және құптанның парыздарынан кейін екі, таң намазының парызынан бұрын екі рәкат оқитын еді» деді. Осы хабарды Мүслим және Әбу Дауд “рахимә-һумалллаһу та’ала” білдірді.

21) Айша “радиаллаһу анһа” былай деген: «Расулуллаһ “саллалаһу алейһи уәсәлләм” нәпіл ғибадаттардан үздіксіз орындап жүргені – таң намазының сүннеті болатын.» Бұл хабар «Бұхари» мен «Мүслим»-де жазылған. Айша “радиаллаһу анһа” бес уақыт намазда оқылатын сүннет намаздарға нәпіл намаз деген.

[Ұлы Ислам ғалымы, адасқандарға, мазһабсыздарға қарсы Әһли сүннеттің ең күшті қамқоршысы, Аллаһу та’ала таңдаған дінді жайған, бидғаттарды жойған үлкен мүжтаһид – Имам Раббани мүжәддиди әлфисани Ахмед бин Абдулахад Фаруқи Сәрһенди “рахметуллаһи алейһ”«Мәктубат» атты кітабының бірінші том, жиырма тоғызыншы хатында былай деген:

Аллаһу та’ала разы болған амалдар – парыздар мен нәпілдер. Парыздардың жанында нәпілдердің ешқандай құндылығы жоқ. Бір парызды уақытында орындау, мың жыл бойы үздіксіз нәпіл ғибадат етуден құндырақ. Нәпілдің барлық түрі, мәселен намаз, зекет, ораза, умра, қажылық, зікір, пікір, бәрі сондай. Тіпті бір парызды орындағанда оның сүннеттерінен бір сүннетті және әдептерінен бір әдепті орындау да басқа нәпілдерді орындаудан қанша есе құндырақ. Әмир-ул-му’минин Омар-ул-Фаруқ “радиаллаһу анһ” бір күні, таң намазын оқытып болғаннан соң, жамағат арасынан бір кісінің жоқ екенін көріп, келмеуінің себебін сұрағанда, «Ол кісі әр түні нәпіл намаз оқиды. Бәлкім, осы себептен ұйықтап қалып, жамағатқа келе алмаған шығар» деген жауап беріледі. Сол кезде «Түнімен ұйықтап, таң намазын жамағатпен оқығанда, одан да жақсырақ болатын еді» деді. Көрініп тұрғанындай, бір парызды орындағанда әдептерінен бір әдепті жасау және бір мәкрухтан сақтану, зікірдің барлық түрінен әлдеқайда құндырақ. Ал бұл амалдар сол әдептерді орындаумен және мәкрухтардан сақтанумен бірге орындалатын болса, әлбетте өте пайдалы болады. Бірақ бұларсыз орындалса, ештеңеге жарамайды. Осы сияқты, жүз теңге зекет беру мыңдаған ақша нәпіл садақа беруден жақсырақ. Сол жүз теңгені бергенде бір әдебін орындау, мысалы жақын туысқанға беру де сол нәпіл садақадан қаншама есе жақсырақ. [Түңгі намазды оқымақшы болғандардың бар болса, қаза намазын оқуы керектігі осы жерден де аңғарылуда. Аллаһу та’аланың әмірлеріне «парыз», тыйымдарына «харам», пайғамбарымыздың әмірлеріне «сүннет», тыйымдарына «мәкрух», ал бұлардың барлығына «Ахками исламийа» (Ислам үкімдері) делінеді. Жақсы мінезді болу, адамдарға жақсылық жасау парыз. Ахками исламийаның бір үкіміне сенбеген, ұнатпаған адам «кәпір», «мүртәд» болады. Барлығына толық сенген адамға «Мұсылман» делінеді. Жалқаулықпен Ахками исламийаға (ислам үкімдеріне) мойынсұнбаған мұсылманға «пасық» делінеді. Бір парызға, бір харамға бағынбаған пасық тозаққа кетеді. Оның орындағандарының ешқайсысы және сүннеттері қабыл болмайды, сауап берілмейді. Жүз теңге зекет бермеген адамның миллиондар беріп жасаған жақсылықтары мен қайырымдылықтарының ешбірі қабыл болмайды. Соқтырған мешіттеріне, мектептеріне, ауруханаларына, қайырымдылық қорларына берген жәрдемдеріне сауап берілмейді. Құптан намазын оқымаған адамның тарауих намазы қабыл болмайды. Парыздар мен уәжіптерден басқа орындалатын ғибадаттарға«нәпіл» делінеді. Сүннеттер – нәпіл ғибадат. Осы анықтама бойынша, қаза намаздарды оқыған адам сүннетті де оқыған болады. Бір парызды орындаудың, бір харамнан сақтанудың сауабы миллиондаған нәпіл сауабынан көп. Бір парызды орындамаған, бір харам істеген адам тозақта жанады. Нәпіл ғибадаттары оны тозақтан құтқара алмайды. Ғибадаттарда жасалған өзгерістерге «Бидғат» делінеді. Ғибадатты орындағанда бидғат істеу харам болып табылады және ғибадаттың бұзылуына себеп болады. Хадис шәрифте «Бидғат істеген адамның ешбір ғибадаты қабыл болмайды» делінген. Пасықтың (мысалы әйелі, қызы оранбаған адамның) және бидғатшының (мысалы ғибадаттарда микрофон қолданатын адамның) артында намаз оқымау керек, уағыздарын, дінге қатысты ойдан шығарылған үгіттерін тыңдамау керек, кітаптарын да оқымау керек. Досқа да, дұшпанға да жылы жүзді, тәтті сөзді болу керек, ешкіммен сөз тартыспау керек. Хадис шәрифте «Ақымаққа жауап берілмейді»делінген. Ғибадаттар жүректің тазалығын арттырады. Күнәлар жүректі қарайтады, соның салдарынан көңіл файздарды қабылдай алмайтын болады. Әрбір мұсылманға иманның шарттарын және парыздар мен харамдарды үйренуі парыз болып табылады. Білмеуі үзір болмайды. Яғни біліп, сенбеу сияқты.] «Мәктубат» кітабы парсы тілінде жазылған. Бұл кітаптан алынған үзінді осы жерде тәмам болды. Имам Раббани хазреттері 1034 [м.1624] жылы Үндістанның Сәрһәнд қаласында қайтыс болды.

Жоғарыдағы жазбалардан аңғарылып тұрғаны, бес уақыт намаздың сүннеттері де нәпіл намаз болып табылады. Бұлар парыздармен бірге орындалғандықтан және оқылған парыздағы кемшіліктерді толықтырғандықтан, өзге нәпіл намаздардан абзалырақ болды. Намаздардың құнды екенін білсе де, бұларды бірінші міндет деп қабылдаса да, бір парыз намазды үзірсіз уақытында оқымаған мұсылман үлкен күнә істеген болады. Тозақта Перғауынмен, Хаманмен бірге болады. Нәпіл намаздар, яғни сүннеттер, адамды осы үлкен күнәдан, осы ауыр азаптан құтқара алмайды. Осы себептен, тәрк етілген (оқылмаған) парыз намаздардың қазасын өтеу парыз болады. Бұлардың қазаларын кешіктіру де үлкен күнә болады. Уақыт өткен сайын арта беретін, көбейе беретін осы күнәларды тоқтату керек. Қазаны оқу парыз болғандықтан, сауабы да сүннеттерді оқудың сауабынан қаншама есе көп. Осы тұрғыдан және сүннеттерді үзірмен тәрк ету жаиз деген үкім бойынша, әрбір мұсылман, үзірсіз тәрк еткен парыз намаздарының қазаларын, күнде төрт уақыт намаздың сүннеттерінің орнына оқуы керек. Таң намазының сүннетіне уәжіп деген ғалымдар бар болғандықтан, таң намазының сүннетінің орнына қаза оқымау керек. Осылайша қазаларды барлық уақытта оқып, үлкен күнәдан бір сәтке болса да ертерек құтылу керек. Қазалар біткеннен кейін бес уақыт намаздың сүннеттерін үздіксіз оқу керек. Өйткені, сүннеттерді үзірсіз оқымау кіші күнә болады. Ал сүннетке мән бермеген, маңызды деп санамаған адам кәпір болады.

Үзірмен фәут етілген (кешіктірілген), оқыла алмаған намаздардың қазасын дереу орындау парыз болса да, үзірмен фәут ету күнә болмағандықтан, бұлардың қазаларын, сүннеттерді оқитындай уақытқа кешктіруге Ханафи ғалымдары жаиз болады деді. Бірақ ғалымдардың бұл сөздері үзірсіз тәрк етілген намаздардың қазалары үшін де жаиз болады деген сөз емес. Бұдан басқа, жаиз дегеніміз, уәжіп болады, жақсы болады деген сөз емес. Жаиз делінген көп нәрселер бар, мәкрух екендіктері білдірілген. Мысалы, зимми болған кәпірге «Пітір садақасын» беру жаиз, бірақ мәкрух болады.]