27 Наурыз 2017   


  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Мақтау және мақтану

Мақтау және мақтану

Сұрақ: Шындықты айтып біреуді бетпе-бет мақтау дұрыс па?

Жауап: Шындықты айтып болса да біреуді бетпе-бет мақтау оның пәлекетке ұшырауына себеп болуы мүмкін. Өйткені жақсы көретін адамды мақтаған кезде тым асырып жіберіп, өтірік араласып кетуі мүмкін. Ал жақтырмайтын адамды мақтау рия болуы мүмкін.

Кейде бір адамды мақтаған кезде мақталған адам қуанады, өз-өзін ұнатады, адамдар менен үлгі алсын деп көрсетіндіге түсуі мүмкін. Өзін басқа адамдардан үстем санауы мүмкін. Алайда өзін әлсіз, кемшілікті, күнәхар санайтын адам салих амал жасайды және харамдардан одан да қаттырақ сақтануға тырысады. Ал өзін басқалардан үстем санаған адам бүкіл құндылықтардан мақрұм қалады. Мақталған адам өзін бір жетістіктерге қол жеткіздім деп ойлайды. Бір адам Расулуллаһ алейһиссаламның жанында бір кісіні мақтайды. Сонда Пайғамбарымыз оған «Оның мойнын үздің, естісе құтыла алмайды» деді. (Бұхари, Мүслим)

Біреуді мақтау оның тәкәппарлануына себеп болуы мүмкін. Ал тәкәппарлық пен ужб (өз амалдарын ұнату) адамды құртады. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Дін бауырынан бір қажеттілікті сұрайтын кезде сөзді оны мақтаумен бастамаңдар. Бұлай істеген адам оның белін сындырған болады.» (Ибн Лал)

«Бір-бірлеріңді мақтаудан сақтаныңдар. Себебі мақтау – оны бауыздау деген сөз.» (Ибн Мажа)

«Адамды бетпе-бет тұрып мақтау – оны бауыздау деген сөз.» (И.Әбиддүнийа)

Бізді мақтаған адам бізге жақсылық жасаған болмайды. Біздің арқамызға пышақ қадаған болады. Осы себептен, мақтаған адамдардың сөздеріне мән бермеу керек. Екі хадис шәрифтің мағынасы:

«Мақтаушылардың бетіне топырақ шашыңдар!» (Мүслим, Тирмизи)

«Мақтаушылардың аузына топырақ тастаңдар.» (Ибн Хиббан)

(Топырақ шашу – оны төмен санау, сөздеріне мән бермеу деген сөз.)

Жақсы адамдарды мақтаудың өзі осыншама зиянға себеп болатын болса, онда пасықтарды, яғни ашықтан-ашық күнә істейтіндерді мақтау мүлдем дұрыс болмайды. Бір хадис шәрифтің мағынасы:

«Пасық адам мақталған кезде Аллаһу та’ала ашуланады.» (Ибн Әбиддүнийа, Бәйһақи)

Бізді мақтағандарға әсерлену де дұрыс емес. Адамдардың мақтауын да, жамандауын да бірдей қабылдайтындар – жақсы адамдар. Біреуді сын астына алған кезде ренжімесе, шындықтан таймаса, мақтаған кезде де қуанбаса, ол адам салих кісі деген сөз. Хазреті Омар оны мақтаған біреуге «Мені де, өзіңді де құртпақшысың ба?» деді. Бір ғалым да алдына келіп мақтай бастаған адамға: «Мені не себеппен мақтап жатырсың? Ашулы кезімде сынап көріп, менің басылғанымды көрдің бе? Менімен бірге сапар шегіп, жақсы адам екенімді түсіндің бе? Маған бір аманат беріп, мен қиянат етпей оны жақсы сақтағаныма куә болдың ба? Танымаған адамыңды қалай мақтайсың?» – деді.

Мақталуды ұнату – пәлекет. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Мақталуды жақсы көру адамды соқыр және керең қылады. Кемшіліктерді көрмейтін болады. Дұрыс сөздерді, айтылған насихаттарды естімейтін болып қалады.» (Дәйләми)

«Дін істеріне адамдардың сендерді мақтау қалауының араласуынан сақ болыңдар. Әйтпесе кейінгі амалдарың босқа кетеді.» (Дәйләми)

«Жәннаттың мәңгі ниғметтеріне қауышқысы келген адам мақталуды ұнатпасын.» (Дәйләми)

Адам өмірінде ең маңызды сәт өлім сәті. Яғни иманмен жан тапсыру маңызды. Ана дүниеге имандылар қатарында кете алуына кепілдігі болмаған адамды тірі кезінде мақтаудың қандай мәні бар? Сондықтан мақтаусүйерлік, өз-өзімізді мақтау, мақтағандарға, қошеметтегендерге жауап беру, танымаған адамдарды мақтау дұрыс емес. Аллаһу та’ала бізге имандай үлкен ниғметті нәсіп еткен. Мұнымен мақтануымызға болады. Алайда соңғы демімізге дейін бұл иманды сақтап қала алуымыз белгілі емес. Сондықтан әрдайым иманымыздан ажырап қалудан қорқып өмір сүру, харамдардан сақтану, дініміздің бүкіл әмірлерін орындау және Аллаһтың мейірімінен үміт үзбеу керек.

 

Ілімнің пайдасын көру үшін

Сұрақ: Пайдасын көру үшін ілімді қандай мақсатпен үйренуіміз керек?

Жауап: Ілімді тек Аллаһ разылығына қол жеткізу үшін үйрену керек. Басқа мақсаттармен үйрену жаиз емес. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Кімде-кім ғалымдардың алдында (біде оқығанбыз дегендей) мақтану, надандармен, жаһилдермен, ақылы қысқалармен сөз тартысып, олардың үнін өшіру мақсатында және адамдардың сүйіспеншілігіне қол жеткізуді көздеп ілім үйренетін болса, Аллаһу та’ала оны тозаққа тастайды.» (Тирмизи, Ибн Мажа)

«Ғалымдарға мақтану, надандармен сөз тартысу мақсатымен ілім үйренбеңдер! Жиындарда ілімдеріңмен үстемдік танытпаңдар! Бұлай істеген адамның баратын жері тозақ, тозақ.» (Ибн Мажа)

Ілімді жоғарыда аталған мақсаттармен үйрену жаиз болмағанындай, Аллаһ разылығы үшін үйреніп, жоғарыдағы мақсаттарда қолдану да жаиз емес. Ілімімен мақтану да Аллаһ разылығына қайшы. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Бір қауым шығады, Құран оқып "Біздей жақсы білетін кім бар? Фиқһ ілімінде бізден озатын кәне кім бар?" дейді. Міне бұлар нағыз тозақтың отыны.»(Табарани)

«Ант етемін, бір заман келеді, адамдар Құранды үйренеді және оқиды. Содан соң "Біз оқыдық, үйрендік. Ендеше бізден де қайырлы кім болуы мүмкін?" дейді. Міне солар тозақтың отыны.» (Табарани)

Бұл хадис шәрифтер ілімімен мақтанудың жаиз еместігін көрсетуде. Ілімімен мақтанған адамдармен сөз тартысу мүлдем дұрыс емес.

 

Апаттардың ең үлкені

Ілімімен тәкәппарлану – апаттардың ең үлкені. Аурулардың ең ауыры және емделуі ең қиын болғаны – ілімімен тәкәппарлану. Хадис шәрифте былай делінген:

«Ғалымның апаты – өзін жоғары, үстем санауы.» (И.Ғазали)

Біраз нәрседен хабары бар адам өзін жоғары, ал бұларды білмейтіндерді төмен, бейшара санайды. Олардан әрдайым құрмет, қызмет күтеді. Басқаларды төмен санағандықтан, олардың жағдайын уайымдап жатады. Мұндай адамдар ілімі артқан сайын қауіпке түсе береді. Бірақ тауазу (қарапайымдылық) иелерінің ілімі артса, қарапайымдылығы да артады. «Аллаһтан тек ғалымдар ғана қорқады» аяти каримасы тауазу (кішіпейілділік) иесі болған ғалымдарды білдіруде.

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Қияметте ең қатты азап, ілімі өзіне пайдасын тигізбеген дін адамында болады.» (Бәйһақи)

«Тозақта азап шегетіндердің кейбірлерінен жайылған жаман иістер басқаларға оттан да қатты азап береді. "Сен осындай сасық иіс шығаратындай қандай күнә істеген едің?" деп сұралғанда, "Мен дін адамы едім. Білгендерімді өзім істемейтін еді" дейді.» (И.Ахмед)

Өзінен төмен дәрежедегі адамдардың, пасықтардың және күнәға батқан адамдардың алдында да тәкәппар болмау керек. Бір ғалым, наданды көрген кезде «Бұл адам білмегені үшін күнә істеп жатыр. Ал мен біле тұра күнә істеп жүрмін» деу керек. Бір ғалымды көрген кезде «Бұл адам менен көбірек біледі, әрі ілімімен және ықыласпен амал етуде. Ал мен ондай емеспін» деу керек. Өзінен жасы үлкен кісіні көрген кезде «Бұл адам маған қарағанда көбірек ғибадат еткен» деу керек. Жастарды көргенде «Бұлардың күнәсі аз, ал менің күнәларым көп» деу керек. Құрдастарды көргенде «Мен өз күнәларымды білемін, оның не істегенін білмеймін» деу керек. Бидғатшыны немесе мұсылман болмаған адамды көргенде «Адамның жағдайы соңғы демінде белгілі болады. Бұл адам бәлкім хидаятқа (дұрыс жолға) қауышады. Ал енді менің жағдайым не болмақ?» деу керек, бұлардың алдында тәкәппарланбау керек.

Адамның өз күнәларын ұмытпауы және соңғы демінің қандай болатынын ойлануы керек. Ахиретте кімнің кімнен үстем болатыны дүниеде нақты белгілі болмайды. Қаншама дін адамы кәпір болып жан тапсырған. Қаншама кәпірлерге де иманмен жан тапсыру нәсіп болған. Сондықтан ешкімге тозақтық, ал өзін жәннаттық демеу керек.

Пасық және бидғатшыларды жек көргенде де тәкәппарлықтан сақтану керек. Бұл нәрсе ашулануды өзі үшін емес, мұны әмір еткен Аллаһу та’ала үшін орындаумен және ашуланғанда өзін сау-саламатта, ал оны құрыған деп санамау арқылы жүзеге асады. Мысалы, бір адам баласын қызметшісімен бірге бір жерге жібергенде, егер баласы тыңдамай бұзақылық істейтін болса, оған ұрсуды, тіпті ұруды әмір етеді. Қызметші де бала бұзақылық жасағанда оны ұрады. Бірақ ұрғанда әкесінің алдында өзінің баладан жоғары емес екенін де біледі. Оған тәкәппарлана алмайды. Мүминнің кәпірді жақсы көрмеуі осыған ұқсайды. Аллаһу та’ала мүминдердің өздерінің емес, имандарының үстем екендігін білдірді. Иман кімде бар болса, ол адам үстем болады. Ал мәңгі үстемдік соңғы демде белгілі болады.

 

Ниғметтермен мақтану

Сұрақ: Құдайдың берген ниғметтерін басқаларға айтып, мұнымен мақтану дұрыс па?

Жауап: Хадис шәрифте былай делінген:

«Аллаһу та’ала берген ниғметтерді көрсету – бұларға шүкір ету болып табылады.» (Бәйһақи)

Мақтану харам болады. Өзіндегі жақсылықтарды, ниғметтерді өзінен деп білсе, Аллаһу та’ала берген деп ойламаса, мақтану болады. Яғни «Тәзкийа-и нәфс» болады. Бұл ниғметтердің Аллаһу та’аладан келгенін біліп, өзін кемшілікті деп санаса, «Шүкір» болады.

 

Әкесімен мақтану

Сұрақ: Өздерінің жүріс-тұрыстары дұрыс болмаған адамдардың әкесімен және аталарымен мақтануы дұрыс па?

Жауап: Әкесімен, аталарымен мақтану және тәкәппарлану – надандық және ақымақтық. Қабыл – Адам алейһиссаламның баласы еді. Ал Йәм – Нұх алейһиссаламның баласы еді. Әкелерінің пайғамбар болуы оларды күпірден құтқармады. Адамның мақтанып жатқан аталары бір уыс топыраққа айналды. Олардың салих болуымен мақтанбау керек, олар сияқты салих болуға, олардың жолында болуға тырысу керек!

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Ата-бабаларыңмен мақтануды қойыңдар.» (Әбу Дауд)

«Бір адамның өзі жаман болса, ахиретте ұрпағының-тегінің жақсы, үстем болуы оған пайдасын тигізбейді.» (Табарани)

Бір күні екі кісі бір-біріне үстемдікке таласып «Мен пәленнің ұлы пәленмін. Ал сен кімсің?» деді. Мұны көрген пайғамбарымыз алейһиссалам былай деді:

«Хазреті Мұсаның жанында екі кісі бір-біріне мақтана бастады. Бірі ата-бабаларының тоғыз буынын атап берді. Аллаһу та’ала хазреті Мұсаға "Оған айт, мақтанып атаған тоғыз адамының бәрі тозақта. Ал ол өзі оныншысы болды" деп уахи еткен.» (И.Ахмед)

 

Ілтипат емес, шындық

Сұрақ: Бір кісі досын ұнатып, мақтаған кезде, мақталған досы кісіге «Ілтипатыңыз үшін рахмет» деді. Әлгі кісі болса «Мен комплимент айтпадым, шындықты айттым» деді. Сонда комплимент ретінде айтылған сөздер шындық емес пе?

Жауап: Комплимент немесе ілтипат – құрмет көрсету, біреудің хал-жағдайын сұрау, жылы және жақсы қарым-қатынаста болу, қуанту, көңілін алу деген мағыналарға келеді.

Көбіне діни білімдерден ұзақ болған адамдардың арасында комплимент «өтіріктен мақтап қою» мағынасында қолданылады. Қошемемттеудің шыны да болады, жалғаны да болады. Бірақ мұсылман біреуді ұнатып, ілтипат айтқысы келгенде шындықты айтады. Яғни мұсылманның ітипаты шынайы. Осы тұрғыдан «комплимент емес, шындық» тіркесі мәдениетімізге лайық емес. Сырттан келген.