11 - Шәууал, 1445 жыл.
     20 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Ислам ахлақы / ӘУРЕТ ЖЕРЛЕР ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ОРАНУЫ

ӘУРЕТ ЖЕРЛЕР ЖӘНЕ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ОРАНУЫ

«Әши’ат-ул-ләмә’ат» кітабында Неке бөлімінің басында былай делінген:

1) Әбу Хурайра “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” қасына бір кісі келді. «Ансарлардан бір қызға үйленуді қалаймын» деді. «Қызды [бір рет] көр! Өйткені Ансар тайпасының көздерінде бір нәрсе бар» деді. Бұл хадис шәриф«Муслим» кітабында жазылған. Үйленетін қызды бір рет көру сүннет болып табылады.

2) Абдуллаһ ибн Мәсуд  “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай бұйырды: «Әйелдер, кездескен басқа әйелдердің сұлулығын, жақсылықтарын күйеулеріне айтпасын. Күйеулері сол әйелдерді көргендей болады.» Бұл хадис шәриф«Бұхари» мен «Муслим»-де жазылған.

3) Әбу Саид-и Худри “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай бұйырады: «Еркек еркектің және әйел әйелдің әурет жерлеріне қарамасын!» Аңғарылып тұрғанындай, еркектердің әйелдерге және әйелдердің еркектердің әурет жерлеріне қарауы харам болғандай, еркектердің еркектің әурет жерлеріне және әйелдердің әйелдің әурет жеріне қараулары да харам болып табылады. Еркектің еркек және әйел үшін әурет жері – тізе мен кіндік арасы. Әйелдің әйел үшін әурет жері де осындай. Ал әйелдің бөтен еркек үшін әурет жері – қолдары мен бетінен басқа бүкіл денесі. Осы себептен әйелдерге «әурет» делінеді. Мұсылман болса да, кәпір болса да, бөтен әйелдің бетіне шәһуетпен (құмарлықпен) қарау, ал әурет жеріне шәһуетсіз де қарау харам болып табылады.

4) Жәбир бин Абдуллаһ “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Бөтен әйелдің үйінде қонбаңдар!»

5) Ақабе бин Амир “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай бұйырды: «Бөтен әйелмен бір бөлмеде жалғыз (жеке) қалмаңдар! Әйел, күйеуінің бауыры немесе оның ұлымен жалғыз қалатын болса, өлімге дейін жетеленеді». Яғни фитналарға себеп болады. Бұдан өте қатты сақтану керек. Бұл хадис«Бұхари» мен «Мүслим»-дежазылған.

6) Абдуллаһ ибн Мәсуд “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай деді: «Әйелдің денесі – әурет». Яғни жабынуы керек. «Әйел көшеге шыққан кезде шайтан оған үнемі қарап тұрады.» (Яғни еркектерді алдау, оларды күнәға түсіру үшін оны тұзақ қылады.)

7) Бурәйда “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” хазреті Әлиге былай деді: «Йа Әли! Бір әйелді көріп қалсаң, одан бетіңді бұр. Оған қайтадан қарама! Байқаусызда қарау күнә болмаса да, қайтадан қарау күнә болады.» Әбу Дауд және Дарими білдірген.

8) Әли “радиаллаһу анһ” хабар берген. Расулуллаһ “салаллаһу алейһи уәсәлләм” былай бұйырды: «Йа Әли! Сандарыңды ашпа және өлі немесе тірі ешкімнің сандарына қарама!» Бұл хадис шәрифті Әбу Дауд пен Ибн Мажа хабар берді. Бұдан аңғарылғаны, өлінің әурет жеріне қарау тірінің әуретіне қарау сияқты болады. [Спортшылардың және теңізде шомылып жүргендердің әурет жеріне қараудан өте сақ болу керек.]

9) Абдуллаһ ибн Омар “радиаллаһу анһума” хабар берді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Әурет жерлеріңді ашпаңдар! [Яғни жалғыз қалғанда да ашпаңдар] Өйткені жандарыңнан ешқашан ажырамайтындар бар. Олардан ұялыңдар және оларды құрметтеңдер!» Олар – Хафаза (қорғаушы) деп аталатын періштелер, адамды жынның зиянынан қорғайды және адамнан тек әжетханада және жыныстық қатынаста ғана ажырайды.

10) Умми Сәләмә “радиаллаһу анһа” былай дейді: Мәймунамен “радиаллаһу анһа” бірге Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” жанында едік. Ибн Умми Мәктум “радиаллаһу анһ” рұқсат сұрап ішке кірді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” оны көргенде бізге «Перденің артына өтіңдер!» деді. «Ол соқыр емес пе? Бізді көрмейді ғой?» дедім.«Сендер де соқырсыңдар ма? Оны көрмейсіңдер ме?» деді. Яғни ол соқыр болса да, сендер соқыр емессіңдер ғой деді. Бұл хадис шәрифті имам Ахмед, Тирмизи және Әбу Дауд “рахимә-һумуллаһу та’ала” білдірген. Бұл хадис шәриф бойынша, еркектің бөтен әйелге қарауы харам болғанындай, әйелдің де бөтен еркекке қарауы жаиз емес. Мазһаб имамдарымыз “рахимә-һумуллаһу та’ала” басқа хадис шәрифтерді де есепке алып, «Әйелдің бөтен еркектердің бастарына, шаштарына қарамауы қиын. Орындалуы қиын болған әмірлер «Азимет» болады. Еркектің әйелге әурет жері – тізе мен кіндіктің арасы. Бұл жерлерге қарамау оңай. Оңай болған әмірлерге «Рұқсат» делінеді» деді.

[Көрініп тұрғанындай, Әзуәжи тахират (пайғамбарымыздың құрметті жұбайлары) “радиаллаһу та’ала анһунна” және Асхаби кирам “радиаллаһу анһум” азиметпен амал етіп, рұқсаттардан да сақтанатын еді. Ислам дінін іштен бұзуға тырысқан ағылшындардың және «зындық»-тардың «Пайғамбардың заманында әйелдер оранбайтын еді. Қазіргі біз көріп жүрген әйелдердің тұлып сияқты орануы ол кезде жоқ еді. Хазреті Айша басы ашық күйде жүретін еді. Қазіргі орануды кейіннен дүмшелер, фиқһшылар ойлап шығарды» сияқты сөздері өте жаман жала болып табылады. Иә, алғашында орану әмір етілмеген еді. Бірақ, хижреттің үшінші және бесінші жылдарында әйелдердің орану керектігі әмір етілді. Бабан-зада Ахмед Наим бек,  хижап аяттарының үш ретте түскендігін«Тәжриди сарих аудармасы», 118-ші бетінде жазған.]

11) Табииндердің ұлыларынан Бәхз бин Хаким әкесінен және атасынан хабар берді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Әурет жерлеріңді жап! Әйелің мен күңіңнен басқасына көрсетпе! Жалғыз қалған кезде де Аллаһу та’аладан ұялыңдар!» Бұл хадис шәрифті Тирмизи, Әбу Дауд және Ибн Мажа “рахимә-һумуллаһу та’ала” білдірді. Күңге «Мүлки йәмин» делінеді, оң қолдың мүлкі деген мағынаны береді. Өйткені, сатып аларда оң қолмен қаралады және оң қолмен ақшасы беріледі.

12) Омар-ул Фаруқ  “радиаллаһу анһ” хабар берді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Бір еркек пен бір бөтен әйел бір жерде жеке қалса, үшіншісі шайтан болады.» Бұл хадис шәрифті Тирмизи білдірді. [Бөтен болған бір немесе көп әйелдермен «қылует»ету, яғни жабық бір жерде жалғыз (жеке, оңаша) қалу харам болып табылады. Ибн Абидин имамдықты түсіндіріп жатқанда «Басқа бір еркек те бар болса немесе үйленуі харам болған махрем әйел де бар болса қылует болмайды.» деген.]

13) Жәбир бин Абдуллаһ “радиаллаһу анһ” хабар берді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай бұйырған: «Күйеуі ұзақта болған әйелдердің жандарына бармаңдар! Өйткені, шайтан қан сияқты тамырларыңда жүреді.» Сізде де жүреді ме деп сұралғанда: «Менде де жүреді. Бірақ Аллаһу та’ала маған оған қарсы жәрдем етті. Оны мұсылман қылды. Маған мойынсұнды» деді. Бұл хадис шәрифті Тирмизи “рахимә-һуллаһу та’ала” білдірді.

14) Умми Сәләмә “радиаллаһу анһ” былай деген: Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” жанымда еді. Бауырым Абдуллаһ бин әби Умәййаның  құлы да бөлмеде еді. Ол құл қыз қылықты еді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” , сол қызтекені көргенде және дауысын естігенде: «Бұл сияқтыларды үйлеріңе кіргізбеңдер!» деді. Бұл хадис шәриф «Бұхари»-де және «Муслим»-де жазылған. «Қызтеке» деп – мінезін, іс-әрекеттерін, сөздерін және бет-әлпетін әйелдерге ұқсататын адамға айтады. Бұлай істейтіндер лағнеттелген. Бұлар жайлы хадис шәрифте «Өздерін әйелдерге ұқсатқан еркектерге және еркектерге ұқсатқан әйелдерге Аллаһ лағнет етсін!» делінген. Зәрулік болмастан еркектер сияқты киінетін немесе олар сияқты қырынатын, еркектерге тән болған істерді жасайтын әйелдер және әйелдер сияқты шаштарын ұзартатын, сәнденетін еркектер, осы хадис шәрифке қатысты болуда.

15) Мисуәр бин Махрәмә “радиаллаһу анһ” хижреттің екінші жылында дүниеге келді. Абдуррахман бин Ауфтың жиені болып келеді. “радиаллаһу анһума”. Ол былай деген: Үлкен бір тасты көтеріп бара жатыр едім. Жолда киімім төмен түсті. Киімді жоғары көтере алмадым. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” мені осы жағдайда көрді. «Киіміңді жоғары көтер! Киімсіз көшеге шықпаңдар!» деді. Бұл хадис шәрифті«Мүслим» білдірген. Бұл хадис шәриф көшеде, жағажайда және спорт алаңдарында еркектердің де, қыздардың да ашық-шашық жүруіне тыйым салуда.

16) Әбу Умама “радиаллаһу анһа” хабар берді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Бір қыздың сұлулығын көрген адам, одан дереу көзін алса, Аллаһу та’ала оған жаңа бір ғибадаттың сауабын береді, бұл ғибадаттың ләззатын бірден сезінеді.» Бұл хадис шәрифті Имам Ахмед бин Ханбал “рахимә-һуллаһу та’ала” білдірген.

17) Хасан Басри “рахметуллаһи алейһ” мурсәл етіп хабар берді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм”  былай деген: «Әурет жерлерін ашқан және өзгенің әурет жеріне қараған адамға Аллаһ лағнет етсін!» Бұл хадис шәриф имам Бәйһақидың “рахметуллаһи алейһ”«Шуабул иман» кітабында жазылған.

18) Абдуллаһ Ибн Омар “радиаллаһу анһума” хабар берді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Өзін бір қауымға ұқсатқан адам солардан болады!» Бұл хадис шәрифті имам Ахмед және Әбу Дауд “рахимә-һумаллаһу та’ала” білдірген. Демек, мінезін, іс-әрекеттерін және киімін Ислам дұшпандарына ұқсатқан адам солардан болады. [Сән үлгісіне (модаға), кәпірлердің жаман әдеттеріне ергендер, харамдарды әсем өнер деп атағандар және харам істеп жатқандарға өнерпаз, прогресшіл дейтіндер осы хадис шәрифтен ғибрат алуы керек.]

19) Амр Шуаиб әкесінен және атасынан хабар берді. Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” былай деген: «Аллаһу та’ала құлына берген ниғметтердің көрінгенін жақсы көреді.» Бұл хадис шәрифті Тирмизи “рахимә-һуллаһу та’ала” білдірді. Көрініп тұрғанындай, Аллаһу та’ала киімнің жаңа, әдемі және таза болуын ұнатады. Бұларды ниғметті көрсету мақсатында жасайтын адамды жақсы көреді. Тәкәппарлықпен жасаған адамды жақсы көрмейді. Аллаһу та’аланың берген ниғметтерін жасыру жаиз емес. Ілім ниғметі де осындай.

20) Жәбир бин Абдуллаһ “радиаллаһу анһ” былай деді: «Расулуллаһ “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” бізге келді. Үйде шаштары ұйпалақтанған біреу бар еді. Оны көріп: «Бұл адам шаштарын түзететін еш нәрсе таба алмады ма?» деді. Киімі лас біреуді көргенде де «Киімін жуатын ештеңесі жоқ па?» деді.

21) Табииндерден болған Әбулахуәс әкесінен хабар берді. «Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” қасына бардым. Үстімдегі киімдерім ескі еді. «Мал-мүлкің жоқ па?» деп сұрады. «Мал-мүлкім бар» дедім. «Мал-мүліктің қай түрі бар?» деп сұрады. «Барлық түрі бар» дедім. «Аллаһу та’ала мал-мүлік берген болса, ниғметтерінің нәтижесін үстіңде көруі керек!» деді.» Бұл хадис шәрифті Имам Ахмед және Нәсаи “рахимә-һумуллаһу та’ала” білдірген. «Әшиат-ул-ләмә’ат»кітабының үшінші томынан аударма осы жерде тәмам болды.

22) Юсуф Қарзауидің «Әл-халалу уәл-хараму фил ислам» атты кітабында былай делінген: Ислам діні мұсылман әйелдің асты көрінетіндей дәрежеде жұқа киіммен орануын харам қылған. «Мүслим» және «Муатта»кітаптарындағы хадис шәрифте: «Киінген жалаңаштар және бастары түйенің өркеші сияқты көтерілген әйелдер жәннатқа кірмейді. Тіпті иісін де сезбейді. Алайда, жәннаттың иісі өте алыстан сезіледі» деді. Бұл хадис шәриф әйелдердің жұқа, мөлдір немесе денеге тырысқан тар киім, шұлық, бас орамалмен орануына және шаштарын бастарының үстіне жинақтап қоюына тыйым салған. Бұлай киіну жалаңаш жүру сияқты болады. Мұсылман әйелдері, қыздары жұқа, тар нәрселермен оранбауы керек, шаштарын немесе «парик» тағып, бұлардың шаштарын түйенің өркеші секілді бастарының үстіне түйіп қоймау керек. Бұлардың тозаққа жетелейтін күнә екендігін білу керек.

[Қарзауидің мазһабсыз дін адамы екендігі екі жүзінші бетте білдірілген. Ислам діні әйелдердің орануының парыз екендігін және оранудың белгілерін білдірген. Бұл белгілерге кіретін кең орамал, кең және ұзын көйлек, плащпен орануы арасында айырмашылық бар екендігі мүлдем білдірілмеді. Оранудың парыз екендігі, ал орану, киіну түрлерінің«Сүннети зәуаид» екендігі фиқһ кітаптарында жазылған. Сүннети зәуаид – ғибадат болмаған, әдет болған сүннеттер деген сөз. Сондықтан, мұсылманша киімдер арасынан әдетке айналған киім түрін қолдану керек. Ғибадат болмаған нәрселерде әдетке мойынсұнбау мәкрух болады. Фитнаға себеп болатын болса, харам болады. «Хиндийа»-дабылай делінген: «Қалың және кең матамен оранған әйелге қарау жаиз. Жұқа, тар киіммен оранған әйелге қарау жаиз емес. Оранған әйелдің де бетіне шәһуетпен (құмарлықпен) қарау харам болып табылады. Шәхуетсіз, бірақ қажеттіліксіз қарау мәкрух болады. Мұсылман болмаған әйелдерге қарау да осындай. Олардың тек шаштарына ғана қарау жаиз болады делінді.»

Қалың, кең, тобыққа дейін ұзын және жеңдері білектерін жабатын, қою түсті плащ сияқты киіммен орану, екі бөлек киім түрінен жақсырақ.«Халеби-и кәбир» де былай делінген: «Еркін әйелдердің құлақтарына дейінгі түсетін шаштары сөз бірлігімен әурет болып саналады. Құлақтарынан төмен жайылған ұзын бөлігі де көпшілік ғалымдардың үкімі бойынша осылай. Кейбірлерінің үкімі бойынша, салбыраған бөлігі намазда әурет болмайды. Бірақ бөтен адамның бұған қарауы да жаиз емес.» Шаштарының бәрін қалың бас орамалымен жабу керек. Бұл орамалдың алдыңғы бөлігі маңдайға жабыстырылып, қастарға дейін түсіру керек, екі шеті екі қастың шетінен жаққа түсіріп, жақ үстінде инемен түйістіріп, кеудеге түсіріп қойылу керек, ортасының артқы бөлігімен арқаны жабу керек. Фитна шығу ықтималы туындағанда беттерді де жабу керек. Қою түсті қалың шұлық та кию керек. Намазда әйелдің шашының төрттен бірі бір рукн шамасында ашық қалатын болса, намазы сахих болмайды. Одан азырағы ашық қалса, мәкрух болады. Бұл мәселеде әйелдің кәрі немесе жас болуын ешбір кітап ажыратпаған. Кәрі әйелдің сәлеміне жауап беру, онымен қол алысу және қылует (жабық жерде оңаша қалу) жаиз болады делінген болса да, кәрі әйелдің шашын ашуы, оның шашына қарау жаиз болады дейтіндер болмаған. Мұсылман болмаған әйелдің шашына қарау жаиз болады дегендер болды. Бірақ кәрі болған мұсылман әйелдің шашына қарау жаиз болады деген ғалымдар мүлдем жоқ. Кәрі әйелдің мешітке және қабір зияратына баруы жаиз дегендер де, шашы, басы жабық болу шартын білдірген.

Ахзаб сүресінің елу тоғызыншы аятында, мұсылман әйелдер«жилбаб»-пен орансын делінеді. Қазіргі кейбір адамдар сияқты «Бұл аят чаршаф деп аталатын екі бөліктен тұратын кең қара түсті киіммен орануды әмір етуде» деп айту дұрыс емес. Бұл аят чаршаф киюді әмір еткенде, Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уәсәлләм” және Асхаби кирамның “радиаллаһу та’ала анһум әжмаин” жұбайлары сондай қара чаршаф киер еді. Алайда ешбірінің ондай киім кигендігі жайында ешбір кітапта білдірмеген. Түрікше «Тибйан» тәпсірі мұны «Бастарын жапсын» деп тәпсір етуде. «Жәлаләйн» тәпсірінде «Әйелдердің беттеріне түсіретін бас орамалы» делінеді. Сауи мұны түсіндіргенде: «Орамал және көйлек үстіне жабылатын мата» деді. «Рух-ул-бәйан» және «Әбуссу’уд» тәпсірлерінде «Жилбаб – шаштардың жайылмауы үшін басқа оралатын және Химар деп аталатын дәкенің үстіне жабылатын, өте кең және кеудеге дейін түсіп көйлектің жағасын жабатын орамал деген сөз. Бұл аятта әйелдердің бастарын және бүкіл денесін жабуы әмір етілген» делінеді. «Зәуажир»және «Әл-фиқһу аләл-мәзаһибил әрбә’а» кітаптарында, еркектердің де жилбаб кигендігін аңғартатын хадис шәриф жазылған және еркектер киген жилбабтың "антари" деп аталатын ұзын көйлек екендігін білдірген. Кең плащ пен қалың орамал немесе екі бөліктен тұратын чаршаф, осы аяти каримадағы хиджап әмірін екеуі де бірдей орындауда. Әйелдердің орналасқан жерінің әдетіне сай оранып, фитнаға себеп болмауы керек. Хиджап аятының бір бөлігі Зейнептің “радиаллаһу анһа” неке күнінде түскендігі «Бұхари» кітабында, алтыншы том, 26-шы бетінде жазылған. Бұл неке хижралық үшінші жылы жасалды.]

Мұсылман екенін айтатын адамның жасамақшы болған әрбір ісінің Ислам дініне сай болғанын немесе сай болмағанын білуі керек. Білмейтін болс,а Әһли сүннет ғалымынан сұрап немесе бұл ғалымдардың кітаптарынан оқып үйренуі керек. Ісі Ислам дініне сай болмаса, күнә немесе күпірден құтыла алмайды. Күнде шынайы тәубе етуі керек болады. Тәубе етілген күнә мен күпір міндетті түрде кешіріледі. Тәубе етпесе, дүниеде және тозақта азабын, яғни жазасын тартады. Бұл жазалар кітабымыздың әр түрлі жерлерінде жазылған.

Еркектердің және әйелдердің намазда және барлық жерде жабуы керек болған жерлеріне «әурет жері» делінеді. «Әурет жерін ашу және өзгенің әурет жеріне қарау харам болып табылады.» Еркектердің намазда аяқтарын жабуы сүннет екендігі 419-шы бетте жазылған. "Ислам дінінде әурет жер деген нәрсе жоқ" деген адам кәпір болады. Әуретті жабуды дініміз әмір етуде. Әурет жері ашық болған еркек немесе әйелдер бар болған жерге және сазды аспап, құмар, алкогольді ішкілікпен әйел дауысы шығып тұрған жерге «Күнә мәжілісі» делінеді. Күнә мәжілісіне бару харам болып табылады. Жүректің таза болуы да қажет. Жүректің таза болуы – жақсы мінезді болуы деген сөз. Жүрек Ислам дініне мойынсұну арқылы тазарады. Ислам дініне мойынсұнбайтын адамның жүрегі таза бола алмайды. Ижмамен, яғни төрт мазһабта да әурет болған бір жерді ашуға және өзгелердің сондай әурет жеріне қарауға халал деген, мән бермеген, яғни азабынан қорықпаған адам кәпір болады. Әйелдердің әурет жерлерін ашуы және еркектердің қасында өлең айтуы, мәуліт оқулары осындай. Еркектердің сандары мен кіндік жағы тек Ханбали мазһабында ғана әурет емес.

«Мен мұсылманмын» деген адамның иман мен Исламның шарттарын, төрт мазһабтың ижмамен, яғни сөз бірлігімен білдірген парыздар мен харамдарды үйренуі және бұларға мән беруі керек. Білмеуі үзір болмайды. Яғни, біле тұра сенбеу сияқты болады. «Әйелдердің беті мен қолдарынан басқа жерлері төрт мазһабта да әурет болып саналады.» Ижмамен білдірілмеген, яғни басқа үш мазһабтың бірі бойынша әурет болмайтын бір жерін, мән бермей ашқан адам кәпір болмаса да, өз мазһабы бойынша үлкен күнә болады. Еркектердің тізе мен кіндігінің арасын, яғни сандарын ашуы осындай. Білмегенін үйренуі парыз. Үйренгеннен кейін дереу тәубе етуі және жабынуы керек.