22 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Ораза / Ораза және аштық

Ораза және аштық

Ораза – тек аштық пен шөлдеу деген сөз емес. Бір жануарды немесе сенбейтін адамды бір бөлмеге қамап, аш-сусыз қалдырумен оған ораза ұстатқызған болмаймыз. Оразаның сабыр, шүкір, нәпіс тәрбиесі сияқты басқа ғибадаттармен байланысы бар. Осы себептен хадис шәрифте «Әр нәрсенің есігі бар. Ал ғибадаттардың есігі – ораза» делінген. (Ибн Мүбәрәк)

Жүйке жүйесінің денедегі орны өте маңызды. Тіл жүйкелері сал болған адам сөйлей алмайды. Аяқтағы жүйкелер сал болса, адам жүре алмайды. Жүйкеміздің бұзылу шамасында өмірімізге аз немесе көп қауіп төнеді. Жүйкесі бұзылған адам мазасыз болады, сабыр ете алмайды. Қоғамдағы ұрыс-керістердің, қылмыстардың көбі жүйкесі жұқа болудан, сабырсыздықтан туындауда. «Ораза сабырдың, ал сабыр иманның жартысы» деген хадис шәриф ораза ұстаған адамның сабырлы екенін білдіруде. (Әбу Нуайм)

Осылайша оразаның иманнан екені де аңғарылуда. Иманды болған адам да иманының қуатына қарай қылмыс пен күнә істемейді. Жүйкесіне ие болады. Барлық нәрсенің зекеті болады. Ал дененің зекеті – аштық. Ораза ұстап аш болған адамның қалаулары бұзылғандықтан, сабыр етуі оңай болады. Ораза ұстаған адам аш жүреді. Аш жүрген жақсы: аш жүрген адамның даналығы артады. Түсіну қабілеті артады. Хадис шәрифтерде: «Аш болған адамның түсіну қабілеті артады, зейіні ашылады» және «Тәфәккур – ғибадаттың жартысы, ал аз тамақ жеу оның толығы» делінген. (И.Ғазали)

Көп тамақ жейтін адам көп ұйықтайды, көп ұйықтайтын адамның өмірі босқа өткен болады. Көп тамақ жейтін адам мас сияқты болады, ақыл-есі қажиды. Зеректігі, зейіні әлсірейді. Аштық болса, көңілде нәзіктік тудырады. Хадис шәрифте «Аз тамақ жейтін адамның іші нұрға толады және Аллаһу та’ала аз ішіп-жейтін, денесі жеңіл болған мүминді жақсы көреді» делінген. (Дәйләми)

Аштықта қалаулар бұзылады, нәпсіміз жуас бола бастайды, қырсықтығы қайтады. Көп тамақ жеу ғафлетті тудырады. Асау атты ұстау қиын болғанындай, көп жегізумен азғырған нәпісті ұстау да қиын. Құтырған нәпісті аштық арқылы тәрбиелеу оңайласады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Адамның жүрегі егістіктегі егін, ал тамақ жаңбыр сияқты. Артық су егінді құртатыны сияқты, артық азық та жүректі өлтіреді.» (И.Ғазали)

Әрдайым тоқ жүретін адам мейірімсіз болады. Тоқ адам аштың жағдайын білмейді. Көп тамақ жейтін адам дөрекі және қатал жүректі болады. Хадис шәрифте «Көп ішіп-жеу арқылы жүректеріңді өлтірмеңдер!» делінген. (Имам Ғазали)

Жүйкесіне ие болған адам рахатта болады. Аштық күнә істеу қалауын басады, жамандық жасауға кедергі болады. Хадис шәрифте «Аштық пен шөлдету арқылы нәпіске қарсы жиһад ету – Аллаһ жолындағы жиһад сияқты» делінген. (Имам Ғазали)

Көп тамақ жеген адам көп су ішеді. Көп су ішетін адам көп ұйықтайды. Көп ұйықтайтын адамның өмірі ұйқымен өткендіктен, дүние мен ахирет табысына кедергі болады. Демек, аштық жүйкелерді сергек, ширақ ұстайды. Шамадан тыс тоқтық ақымақтыққа жол ашады. Қарны тоқтардың оқығандарын жаттауы және есінде сақтауы қиын болады. Хадис шәрифте «Күніне бір рет тамақ жеу орынды болады» делінген. (Бәйһақи)

Екі күнде үш рет тамақ жеудің қалыпты екені білдірілген. (Тәсһил-ул-мәнафи)

Аурулардың көбі көп тамақ жеуден туындайды. Хадис шәрифте «Көп ішіп-жеу аурулардың басы» делінген. (Дара Қутни)

Аз тамақ жейтін адамның дені сау болады. Хадис шәрифте «Ораза ұстаған адамның дені сау болады» делінген. (Табарани)

Көп тамақ жейтін адамда аяушылық сезімі азаяды. Қалаулары артады, харамға батады. Рұқсат берілмеген қалауларды жүзеге асыратын жолдарды бітеу керек. Аштық шайтанның жолын бітейді. Хадис шәрифте «Шайтан тамырдағы қан сияқты, денеде айналып жүреді, аштық арқылы оның жолын қысыңдар» делінген. (Ихйа)