18 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Мансапқұмарлық

Мансапқұмарлық

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Пайғамбарымыз алейһиссалам «Кімде-кім Аллаһтың алдында қарапайымдылық, кішіпейілділік танытса, Аллаһу та’ала оны көтереді» деген. Кімде-кім өзін елге жоғары көрсеткісі келсе, оны тек өзі ғана жоғары деп санайды, ал басқалардың көзіне шаруасы біткен, еш құрметі қалмаған болып көрінеді. Бәрі оны мазақ қылады.

Муинуддин Чәшти хазреттері «Бір адамның ішіне бастық болу, бұйрық беру арманы түскен болса, алдымен ғибадатына, содан кейін ықыласына зиян тиеді» деген. Яғни мансапқұмар болу, басшы болу арманының кесірінен ғибадаттарын және ықыласын жоғалтады. Осы себептен, мән беріп қарайтын болсақ, намаз оқитындардың мансаптары жоғарылаған сайын, ақырын-ақырын намаздары және ықыластары жоғала бастайды. Ғибадат етсе де, бұдан былай орындағандары шынайы ғибадат болмайды, себебі әлдеқашан жүрегіне бұларды жойып жіберетін микроп түсіп үлгерген. Солай жалғаса беретін болса, белгілі бір мансаптарға көтерілген кезде намазы да, дұғасы да қалмайды. Бұл өте қауіпті нәрсе.

Ибн Сәммак хазреттері «Мансап, абырой құштарлығына берілгендер перғауынға ұқсайды. Перғауын мансабымнан айырылып қаламын деген уайыммен иман келтірмеген» деді. Яғни бұйрық беру, бастық болу, атақ-даңқ, мансап, абырой иесі болу арманы кімнің жүрегіне ұяласа, ол адам перғауын сипатында болыпты деген сөз. Өйткені перғауын мансабынан, атақ-даңқынан айрыламын деп иман келтірмеді. Гераклиус та осындай болған. Қол астындағыларға мұсылман болатындығын айтты, бірақ билік қолынан шығып кететіндігін байқады. «Мен сендерді сынайын деп айтқан едім, мұсылман болмадым» деді. Осылайша алдымен иман келтірді, кейіннен мүртәд болып діннен шықты. Сондықтан, Әһли сүннет ғалымдарының жолында дініміз үшін жасаған қызметтеріміз қаншалықты артса да, біз де соншалықты кішіпейілдік танытуымыз керек. Шәкірттік  міндеттердің біріншісі әдеп, екіншісі қарапайымдылық. Хусейн бин Саид хазреттері өзінің шәкірттеріне қатысты «Шәкірттеріміздің ешбірі тәкәппар бола алмайды, егер тәкәппар болса, ол онсыз да біздің шәкіртіміз емес» деген еді. Ал әдеп – жолдың негізі. Адамдар Нақшибәнди хазреттерінен «Ұстаз, жолыңыздың негізі, басы не?» деп сұраған еді. «Әдеп» деп жауап берді. «Ортасы ше?» деген сұраққа тағы да «Әдеп» деді. «Ал соңы не?» дегенде «Әдеп, өйткені ешбір әдепсіз адам Аллаһтың разылығына қол жеткізе алмайды, Аллаһтың досы, әулиесі бола алмайды» деп жауап берді.