10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Қайғылы адамдардың дұғасы қабыл болады

Қайғылы адамдардың дұғасы қабыл болады

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Ауру – Аллаһу та’аланың мойынға салатын арқаны, ал кедейлік болса – зынданы. Мұның екеуін де сүйіктілеріне береді» деген. Кейбір әулиелер аурудың ауыртпалығына шыдай алмаған, шарасыз қалған кездерінде «Ирхам йа Рабби – Маған мейірімділік ет, йа Раббым» деп Аллаһу та’алаға сыйынатын еді. Мұсылмандар да осылай істеу керек. «Мен қайғылы, көңілі ренжулі адамдардың жанындамын» деген хадис құдси «Аурулардың, дерттілердің, қарыздар адамдардың дұғасын қабыл етемін» деген сөз. Көңілі ренжулі адамдардан дұға алуға тырысу керек.

Бұйрық бергендей «Маған дұға ет!» деп қинап дұға еткізу дұрыс болмайды. Сондай бір әрекет жасау керек, бізге дұға етуі ол адамның ішінен шықсын. Бірақ бұлай дұға алу оңай емес. Алайда қабыл болатыны, дұрысы осы.

Убайдуллаһ Ахрар хазреттері әр кездескен адамынан дұға алатын еді. Бір күні базардан қажетті заттарын алып жатқанда сатушының дұғасын алмастан ауылына қайтты. Сөйтіп қайтадан сол кісінің жанына барып, одан дұға сұрауды ұмытқандығы үшін кері қайтқандығын айтқанда, әлгі кісі қолдарын жайып: «Йа Раббым, бұл адамның көңіл көзін аш!» деп дұға етті. Убәйдуллаһ Ахрар хазреттері сол дәрежесіне міне осы дұға арқылы жетті.

Көпшіліктің сүйіктісі, құрметтісі болған атақты бір адам бір әулиені зиярат етіп келеді. Сұхбаттасып отырғанда ол адам: «Мырзам, бұл қалай болғаны? Мен атақ-даңқы, мансабы қанша жоғары болса да басқаларды бұлай құрметтемеймін, бірақ сіздің есіміңіз аталғанның өзінде құрметтеймін және ішімнен сізге деген сүйіспеншілік келеді» деп сұрайды. Әулие кісі ананың дұғасын алудың маңызын айтып беріп, былай дейді:

«Алты жасымда ілім үйрене бастадым. Анам қайтыс болған күнге дейін бір рет болса да қолын сүйместен үйден шықпадым. Бір күні автобусқа кешігіп жатқан едім. Асығыспен үйден шықтым, жарты жолда анамның қолын сүймегендігім есіме түсті. Дереу кері қайттым. Үйге келгенімде анам: «Не боп қалды, бір нәрсе ұмыттың ба?» деп сұрады. «Иә, өте маңызды бір нәрсе ұмыттым. Қолыңызды сүюді ұмытыппын» дедім. Бұған анам: «Сен жындысың ба, балам, автобус кетіп қалды ғой» деді. Мен: «Кетсе кете берсін, қолыңызды сүйейін» дедім. Анам қолындағы кілтті жерге тастап, қолын жайып «Йа Раббым, мен баламнан разымын, сен де разы бол!» деп көз жасымен дұға етті. Міне осы дұғаның арқасында көптеген ниғметтерге қауыштым.»

Бұл өмірден өткен адамдарымызды да ұмытпау керек. Сүйікті пайғамбарымыз: «Өлген адамның мазардағы жағдайы "көмектесіңдер" деп айқайлаған, теңізге құлап түскен адамның жағдайына ұқсайды. Батайын деп тұрған адам өзін құтқаратын адамды күткеніндей, өлген адам да әкесінен, анасынан, бауырларынан, достарынан келетін дұғаға үміттенеді» деген. Ең болмағанда Фатиха сүресін оқу керек. Егер біз өткендерімізге оқысақ, бізден кейінгілер де біз үшін оқиды.