9 - Шәууал, 1445 жыл.
     18 - Сәуір, 2024 жыл.   


ТӘЙӘММҮМ БӨЛІМІ

17 - Әй, ұлым! Дәрет немесе ғұсыл үшін су таба алмасаң немесе суды қолдана алмайтын жағдайда болсаң, тәйәммүм аласың. Дәрет пен ғұсыл үшін тәйәммүм бірдей болады және былай орындалады:

Екі жеңіңді шынтақтан жоғарыға дейін түресің. «Намаз оқу үшін тәйәммүм алуға» деп ниет етесің. «Бисмиллаһиррахманиррахим» деп, екі алақанды таза топыраққа немесе көшеден келген тозаңдармен шаң басқан үй заттарының үстіне ұрасың. Қолдарыңды бір-біріне ұрып, бетіңнің барлық жерін толығымен мәсіһ етесің. Шаң-тозаң бар болса, сүртіп жатқанда жерге түседі. Екі алақанның арасы ашық, төрт саусақ біріктірілген, бас бармақтар бөлек болып, алақандарды бетке қарай, саусақтарды көлденең ұстап, екі қолдың ұзын саусақтары бір-біріне тигізіледі. Ұзын саусақтардың үстіңгі жағы шаш біткен жерден бастап бетке қойылып, қолдар бетке жабыстырылған күйде, жоғарыдан төменге қарай жақтың астына дейін сипалап түсіледі. Осылайша бет бір рет мәсіһ етілген болады. Бетте иненің ұшындай қол тимеген жер қалмау керек. Екінші ретте, екі алақанды дәл солай топыраққа ұрып, сол қолдың алақанының жартысы, яғни төрт саусақтың ішімен, оң қолдың бес саусағын біріктіріп, тырнақтың ұшынан бастап, шынтаққа дейін сыртқы жағын мәсіһ ет! Тағы да сол қолдың алақанымен оң қолдың ішкі жағын шынтақтан білекке дейін мәсіһ етесің. Осы кезде бас бармақтың іші оң қолдың бас бармағының сыртын мәсіһ етеді. Бұл кезде қыспайтын сақинаны айналдыру керек. Оң қолыңмен де сол қолды дәл осылай жасайсың. Саусақтардың жандарын екінші қолмен мәсіһ тарту қажет емес. Міне, тәйәммүмнің тәртібі осындай.

Тәйәммүмнің үш парызы бар:

1)     Ниет ету, ниеттің жүрекпен жасалуы керек.

2)     Қолдарды таза топыраққа ұрып, бетті толығымен мәсіһ ету, яғни сипау.

3)     Тағы да қолдарды таза топыраққа ұрып, қолдарды шынтақпен бірге мәсіһ ету. Бір топырақпен көп адамның тәйәммүм алуына болады. Су табылса, тәйәммүм бұзылады. Шафии және Малики мазһабтарында әр намаздың уақыты кіргенде, жаңадан тәйәммүм алу қажет.

Жүніп болған адам тек дәрет алуға жететіндей мөлшерде су тапса, дәрет пен ғұсылдың орнына бір «Тәйәммүм» алып, намаздарын оқиды. Кейіннен дәрет бұзылған кезде, әлгі сумен дәрет алады. Тәйәммүмді бастағанда ниет ету парыз болып табылады. Дәретсіздіктен, жүніптіктен тазалану үшін немесе намаз оқу үшін немесе белгілі бір ғибадатты орындау үшін ниет етіліп алынған тәйәммүммен намаз оқуға да болады. Тек тәйәммүмге ғана ниет етілген болса, намаз оқи алмайды. Қаланың ішінде де, судан бир миль ұзақ болған адам тәйәммүм алады. Бір миль – төрт мың зра’ болады. Бір зра’ – Ханафиде жиырма төрт, ал басқа үш мазһабта жиырма бір бармақ (елі), бір бармақ – алты арпаның еніндей болып, екі сантиметрге тең болады. Бір миль – Ханафиде 1920, басқа үш мазһабта 1680 метр. Жылы жерге, моншаға ақшасы болмаған адам ауырып қалудан қорықса, тәйәммүм алады. Қасында тек ішуге арналған ауыз суы ғана бар болған адамның суы жоқ болып саналады. Зәмзәм суы бар болса, тәйәммүм алынбайды. Тәйәммүм тас және топырақпен, әк, күкірт, жартас шаңымен алынады. Жанып күл болатын нәрселерден және ыстыққа балқитын, металл, майлы бояу, шыны және фарформен, қар және мұзбен, ұнмен алынбайды. Үстінде топырақтың шаңы бар болған барлық нәрсемен тәйәммум алуға болады. Қолға жұғатындай шамада шаңды болуы тиіс. Сұйық балшықпен алынбайды. Маликиде қар және мұзбен тәйәммүм алу жаиз. Сақалдың ұшымен құлақтардың арасы, қас пен көздің арасы және мұрынның тесіктері бетке жатады. Тәйәммүм дұрыс болуы үшін бет пен қолдардың шаң болуы қажет емес. Дәретте екі саусақты жүргізіп, бастың төрттен біріне мәсіһ тартуға болады. Тәйәммүмде үш бармақтан аз болса, мәсіһ жарамайды. Екі қолмен мәсіһ ету де шарт емес. Бір қолмен де жасауға болады. Басқа біреуге де үзірсіз жасатуға болады. Бір жерден көп адамның тәйәммүм алуы жаиз. Дәретсіздің мешітке кірерде тәйәммүм алуы мүстаһаб болады. Судың бар-жоғын сұрастыру, суы бар болған адамнан су сұрау, нарықтағы бағаға сай болса, сатып алу керек. Ханафиде уақыт кірмей тұрып тәйәммүм алу жаиз (рұхсат). Басқа үш мазһабта жаиз (рұхсат) емес.

Дәретте жуылатын мүшелердің басымында немесе жарымында жарасы бар болған адам тәйәммүм алады. Басым бөлігі сау болса, сау жерлерін жуып, жараларға мәсіһ тартады. Ғұсылда дененің барлығы бір мүше болып саналады. Дененің жартысы жара болса, тәйәмүм алады. Теріге мәсіһ тарту зиянды болса, үстіндегі таңғышқа мәсіһ тартады. Бұл да зиянды болса, бәрін тәрк етеді. [Өйткені, барлық мазһабта осындай болғандықтан, басқа мазһабты тақлид ету мүмкін емес.] Қолы шолақ болған адам тәйәммүмде бетін және қолдарын жерге сүртеді. Намазды тәрк етпейді. Қолдары шынтақтан жоғары кесілгендер де осылай істейді. Қолдары мен аяқтары кесілгендердің, бетінде жара бар болса, намазды дәретсіз оқиды. Намаз оқымайды дегендер де болған. Дәрет алдыратын адамы болмаған науқас тәйәммүм алады. Егер қасында құлы, баласы, қызметшісі бар болса, тәйәммүм алуға болмайды, сумен дәрет алу керек. Бұлардан басқасынан жәрдем сұрауға мүмкіндігі бар болса да, тәйәммум ала алмайды. Таза жер, су және топырақ таба алмаған қамаудағы адам намаздарын ешнәрсе оқымай, оқып жатқандай әрекеттер жасау арқылы тек қимылмен орындайды. Қамаудан шыққаннан соң барлығының қазасын оқиды. Жақын жерде су бар екенін білмей тәйәммүм алса, сахих болады (өтеді).

Анықтама: «Ни’мәти ислам» кітабында былай делінген: Әф’али мукәлләфин, яғни мұсылманның жасауы керек болған нәрселер сегізге бөлінеді: Парыз, уәжіп, сүннет, мүстаһаб, мүбах, харам, мәкрух, муфсид. Парыздар мен харамдар – Аллаһу та’ала тарапынан Құран кәрімде ашық түрде білдірілген.

Бір ғибадаттың ішіндегі парыздарының бірі тәрк етілсе, бұл ғибадат сахих (дұрыс) болмайды. Білмей тәрк етілген болса да, сахих болмайды. Біліп тұрып тәрк етілсе, ғибадат өтпегенімен қалмай күнә да жазылады. Сүннетті орындаудың сауабы парыз сауабынан аз. Сүннетті біле тұра тәрк ету күнә болмайды. Азап берілмейді, бірақ айыпталады. Ғайри муәккәд сүннетке мүстаһаб және мәндуб деп те атайды. Бұларды орындау сауап болады. Яғни жәннат ниғметіне қауышады. Біліп тұрып істемеу күнә болмайды. Нәпіл ғибадатты, яғни әмір етілмеген бір ғибадатты орындау мүстахаб болып табылады. Мубах – істегенде немесе тәрк еткенде сауап яки күнә болмаған нәрселер. Ішіп-жеу харам болмаған нәрселерді тойғанға дейін ішіп-жеу мубах болып табылады. Тойғаннан кейін ішіп-жеу харам болады. Харамнан сақтану сауап. [Парызды орындаудан да сауаптырақ] Мәкрух істеу де күнә. Харамға халал деген адам кәпір болады. Спирттиі ішімдік [мысалы сыра] ішу, құмар ойнау, ата-анаға қарсы шығу [яғни олардың харам болмаған бұйрықтарын орындамау, мұсылмандарды ренжіту, рұқсатынсыз затын қолдану] харам болып табылады. Мәкрухқа халал деген адам кәпір болмайды. Мидия, устрица, омар секілді теңіз жәндіктерін жеу, дәретте және ғұсылда суды ысырап ету мәкрух болып табылады. Сүннет деген кезде муәккәд сүннет түсініледі. Мәкрух деген кезде тахримән (харамға жақын) мәкрух түсініледі. Қарыз сұрау – мубах. Қарыз беру – мүстаһаб. Қарызды өтеу – парыз. Қарыздар кедейге қысым жасамау – уәжіп. Қажет болған діни білімдерді үйрену әйелдерге де парыз. Басқаларға да үйрете алатындай шамада артығымен үйрену, фарзи кифая. Одан да артық үйрену – мәндуб. Іліммен мақтану – мәкрух. Сауданың шартынан болмай, алушы мен сатушыдан біріне пайдасы тиетін бір нәрсені шарт қосып жасалған сату фасид (бұзылған) болады, харам болады. Әрбір адамға ең әуелгі парыз болған нәрсе – иман келтіруі. [Иманы болмаған адамға «кәпір» делінеді. Иманы бар болған адамға «мұсылман» делінеді. Кейбір сөздер мен кейбір істер иманның кетуіне себеп болады. Мұсылман болып, кейіннен имансыз болған адамға «мүртәд» делінеді. Бір мұсылман мүртәд болған кезде иманымен қоса некесі де бұзылады.]

Аллаһу та’аланың адамдарға берген ниғметтерінің, жақсылықтарының ең үлкені – пайғамбарларды “алейһимуссалауату уәттәслимат” жіберуі. [Пайғамбарларды жіберіп, адамзатқа разы болған және разы болмаған нәрселерін білдірген. Пайғамбарлар адамдарға жаратылыстану білімдерін үйретпеді. «Оларды өздерің ақылмен зерттеңдер, табыңдар, пайдалы істерде қолданыңдар» деді. Өздері де өз замандарында белгілі болған ғылыми құралдарды істеді және қолданды. Одан артығын және жаңаларын жасаумен айналыспады. Бұларды жасауды басқаларға қалдырды. Өздері тек Аллаһу та’ала білдірген дінді жаюмен, үйретумен айналысты.] «Дін» – сену керек болған нәрселерді, дене мен жүректің тазалығын, Аллаһу та’алаға құлышылық ету міндетін, пенделердің бір-бірінің алдындағы хақтары мен міндеттерін үйретеді. Сену керек болған нәрселерге «Ақаид» делінеді. Ғибадаттарға, қарым-қатынас және құқық білімдеріне «Фиқһ» делінеді. Ғибадаттар – намаз, ораза, зекет, қажылық және жиһад болып бестен тұрады. [Бұларға Ахками исламийаның (Ислам үкімдерінің) «Ғибадат» бөлімі делінеді. Жиһад – әскердің соғысуымен және ілім жаюмен жасалады. Денемен атқарылатын жиһадты үкімет, яғни әскер жасайды. Ілімді жаю арқылы жиһадты ғалымдар жасайды. Екеуі де фарзи кифая болып табылады. Ислам ғалымдары “рахимә-һумуллаһу та’ала” фиқһ ілімінде бірнеше топқа бөлінді. Қазіргі таңда олардың төрті қалған. Олар: Ханафи, Шафии, Малики және Ханбали мазһабтары. Әр мұсылманның осылардың бірін таңдап, оның фиқһ кітаптарына мойынсұнуы керек. Біз Орталық Азиялықтар Ханафи мазһабындамыз.]

«Тахарат» – тазалық деген сөз. Дененің, киімнің және намаз оқылатын жердің таза болуы парыз. Хадес – дәретсіз болу деген сөз. Жуылуы парыз болған жерде иненің ұшындай су тимеген жер қалатын болса, дәрет сахих болмайды. Теріге жабысқан май, қамыр, балшық, балық қабыршағы (лак, майлы бояу) және мұрынның сыртында, көздің шетінде қалған кір, былшықтың астына су өтпейтін болса, дәрет пен ғұсыл сахих болмайды. Ғасл – жуу, су құйып, үстінен ағызу деген сөз. Ең болмағанда жерге екі тамшы таму керек. Суды май сияқты жағу жеткіліксіз болады. Қар және сулы матамен, губкамен сүрту жуу болып есептелмейді. Дәрет алғанда көздің, ауыздың, мұрынның ішін, қалың сақал және бүрге, масаның ластығы, қастың, мұрттың астындағы теріні жуу парыз емес. Бұлардың үсті жуылады. Шынтақтарды және аяқтың екі жағындағы шығыңқы болып тұрған екі тобықтың сүйектерін жуу парыз. Жалаң аяқты жумастан мәсіһ тарту жаиз емес. Мәсіһ – басқа жерде қолданылмаған ылғалды тигізу деген сөз. Ол сулы матамен, жаңбырмен, қармен сүрту арқылы да орындалады. Ұзын шашты емес, басты мәсіһ ету керек. Баста бір ауру болып, мәсіһ ету зиян беретін болса, мәсіһ тартылмайды. Дәрет алғанын біліп, бұзылғанына күмәнданған адам дәретті болады. Дәреттің бұзылғанын біліп, одан кейін дәрет алғанына күманданған адам дәретсіз болады. Кейбір мүшесін жуғанына күманданған адам, уәсуәсашыл болмаса, сол мүшені жуады. Әрдайым күмәндана беретін адам болса жумайды. Дәрет алып болғаннан кейін күманданса, жумайды. Қалың сақалдың үстін жуу парыз. Жақтан өсіп шыққан ұзын сақалды және ұзын шашты жуу парыз емес. Еріннің көрінетін жағын жуу керек. Қабығы бар сыздауықтың асты жуылмайды. Тырнақтың үстінде қалған қына да осындай. [Лактың астын жуу парыз болып табылады.] Тар жүзікті қозғау керек. Табандағы жарыққа су зиянды болса, дәрінің (мазь) үсті жуылады. Бұлай істеу де зиянды болса, жараға мәсіһ тартылады. Мұның да зияны тиетін болса, таңғыштың үсті мәсіһ етіледі. Бұл да зиянды болса, [Басқа мазһаб тақлид етілмейді. Себебі, басқа үш мазһабта да кешірілмеген. Зәрулік болады да], барлығы тәрк етіледі. Ғұсылда да осылай. Зияны тимейтінін істеу керек. Суық су зиянды болып, жылы су зиянды болмаса, жылы сумен жуу керек болады. Дәрі жараның, жарықтың шетіндегі сау теріге жайылған болса, оның астын жуу керек болады. Көз қабақтарының үстін жуу көздің ауруына себеп болса да осындай. Дәреттен, ғұсылдан кейін қырынған жағдайда бұл жерлерді жуу қажет болмайды. Тырнақ қырқу да осындай.

Сүннетті тәрк ету күнә емес. Үзірсіз тәрк етуді әдетке айналдыру күнә болады. Қолдағы аздаған нәжісті жуу парыз. Таза суға лас қолды салуға тура келсе, намазды тәйәммүммен оқиды және қайта оқу керек емес. Үлкен ыдысты көтере алмаса және суды аузымен, матамен ала алмаса, сол қолы таза болса, саусақтарын біріктіріп салады, осы сумен оң қолын жуады. Содан кейін, оң қолымен су алып жуынады. Үлкен ыдыстың ішіндегі шөмішті алу үшін, жүніптің таза қолын салуы жаиз болады. Дәрет алуды бастағанда бисмиллаһты айтуды ұмытса, дәреттің арасында айтса, сүннет орындалған болмайды. Ал тамақтануда сүннет орындалған болады. «Бисмиллаһсыз дәрет, дәрет емес» хадис шәрифі парыз емес, сүннет екенін білдіреді. Дәретті бастағанда бисмиллаһ айту және жүрекпен ниет ету, яғни Аллаһу та’ала разылығы үшін жасағанын ойлау сүннет. Мисуак – Әрак ағашының бұтағы. Оң қолдың кіші және бас бармағы төменде, қалған үш саусақ үстінен ұсталады. Мисуак таба алмаған адам бас бармақты оң жаққа, сұқ саусақты сол жаққа кіргізіп, тістер ысқыланады. Мисуакты басқа уақыттарда қолдану мүстаһаб. Әйелдер мисуак қолданбайды. Сағыз шайнауы мүстаһаб болады. Еркектердің шайнауы мәкрух. Мазмаза – ауызды сумен толтырып немесе шайқап, төгу деген сөз. Ғарғара ету (тамақты шаю) шарт емес. Ауызды толтырып су ішу мазмаза болады. Еміп ішу мазмаза болмайды. Истиншақ – мұрынның ішін сулау деген сөз. Сүйектерге дейін тарту қажет емес. Үш рет жуғанына күманданған адамның төртінші рет жууы жаиз болады. Қол мен аяқ саусақтарының арасын тарамдау, яғни қол саусақтарын бір-біріне және кіші саусақпен аяқ саусақтарының астынан арасын тарамдау сүннет болып табылады. Араларынан суды ағызу тарамдау орнына өтеді. Қалың сақалды тарамдау, яғни төменгі жағынан саусақтарды сақалдың арасына кіргізу сүннет. Бастың барлық бөлігін алдынан артқа қарай мәсіһ ету мүстаһаб. Құлақтардың сыртын бас бармақпен, ішін сұқ саусақпен мәсіһ етіп, кіші саусақтар тесікке кіргізіп сипалады. Жуылған жерлерді бір рет жуу және тез орындау мүстаһаб болып табылады.

Дәретте үстіне су шашыратпау, құбылаға қарап дәрет алу, ешкімнен жәрдем сұрамау, қалған суды ішу, дәреттен кейін сүртіну, кәлима-и шаһадат және үш рет «Қадр» сүресін оқу, екі рәкат намаз оқу мүстаһаб болып табылады.

Намаз оқу, Құран кәрімді ұстау үшін және ақша, перде, қабырға сияқты бір нәрсенің үстіне жазылған аяти кариманы және тәпсірін, аудармасын ұстау үшін дәрет алу парыз болып табылады. Тауаф үшін дәрет алу уәжіп. Басқа үш мазһабта дәретті бұзатын бір нәрсе істегенде қайта дәрет алу мүстаһаб болады.

Алдынан және артынан шыққан кез келген ылғал, жайылмаса да, басқа жерден шыққан қан және аурудың себебінен шыққан сұйықтық, жуылуы қажет болған жерге жайылса, дәретті бұзады. Мұрынның іші қанап мұрын сүйегінен ағып өтсе дәрет бұзылады. Себебі, дәретте осы жерге дейін суды жеткізу сүннет. Құлақ тесігі де осындай. Дерт себебімен, ауру себебімен шыққан көз жасы дәретті бұзады. Жылаумен, қатты күлумен [пияз сияқты көзді ашытатын газдардың, шаңдардың әсерімен] шыққан жас және тұмаумен мұрнынан аққан су дәретті бұзбайды. Бөртпе, экзема, безеу, қышыма, пластырь қойылған жерден шыққан сулар дәретті бұзбайды деген ғалымдар бар. Зәрулік кезде осы сөзге сүйеніп амал етілетіндігі Ибн Абидинде жазылған. Сүлік, кене, бит секілді жәндіктер көп қан сорса және хажамат жасалғанда (қан алдырғанда) дәрет бұзылады. Осы себептен, шприцпен қан алдырғанда да дәрет бұзылады. Кене, термит, маса аз қан сорса бұзылмайды. Пластырьдың астынан шыққан қан, ірің, үстіндегі матада және жан-жағында көрінбегенше бұзбайды. Пластырь, бинт алынған кезде, шыққандығы байқалса, сол кезде бұзылады. Ауыз толтырып құсқанда, түкіргенде қан құсық және түкірікпен бірдей болса бұзылады. Түкірік қаннан сарғайған болса, дәретті бұзбайды. Қызарған болса бұзады. Айваның, алманың тістелген жерінде қан көрінсе, дәрет бұзылмайды. Малики мен Шафииде теріден аққан нәрселер дәретті бұзбайды. Арт жақ тесік бос болатындай жағдайда, мысалы жанымен немесе шалқасынан жатып, яки шынтағына немесе бір нәрсеге сүйеніп, яки бір тізесін көтеріп, екінші жамбасымен отырып ұйықтау дәретті бұзады. Сүйенген нәрсесін тартқанда құламайтын болса бұзылмайды. Намазда ұйықтау, тізелерін көтеріп, басын тізелерінің үстіне қойып, малдас құрып, тізерлеп отырып, тәуәррук етіп (сол жағымен отырып, аяқтарды оң жаққа ұзатып) отырып ұйықтау дәретті бұзбайды. Тәуәррук – әйелдердің намазда отырғаны сияқты отыру. Талып қалу, мас болу, намазда дауыстап күлу дәретті бұзады. Жарадан қатқан қан, ет түсу, жарадан, мұрыннан, құлақтан құрт түсу, әурет мүшесіне қол тигізу, бөтен әйелге тию, қақырық түкіру, күлу, жылау дәретті бұзбайды. Бөтен әйелге тиюмен Шафии мазһабында дәрет міндетті түрде бұзылады. Малики мен Ханбалиде шәхуетпен (қозумен, құмарлықпен) болса дәрет бұзылады.

Ғасл – бір нәрсені жуу, ғұсыл – жуыну, бой дәрет алу деген сөз. Мазмаза – сумен ауызды шаю болып, дәретте сүннет, ғұсылда парыз болып табылады. Ғарғара – сумен тамақты шайқау деген сөз, бұл ғұсылда да парыз емес. Бітелмеген құлақтағы сырға тесігін ғұсылда жуу парыз. Тесікке бір нәрсе кіргізіп жуу қажет емес. Әйелдің шаш түптерін жуу парыз. Өрілген шашты шешіп, араларын жуу қажет емес. Сақал қалың болса да, түбіндегі теріні және мұрт пен қастың астындағы теріні жуу парыз.

Ұйқыда немесе ояу кезде мәни шыққан кезде және жима (жыныстық қатынас) жасағанда, еркек пен әйелге «Жүніп» болды делінеді. Жүніп болған адамның және «Хайз» бен «Нифас»-тан құтылған әйелдің, намаз оқитын кезінде, «Ғұсыл» алуы парыз болады. Ғұсылда ниет ету, Бисмиллаһпен бастау, нәжіс тиген болмаса да әурет жерді жуып, одан кейін дәрет алу, содан соң дененің барлық жерін үш рет жуу, немесе теңізге, өзенге, үлкен хауызға сүңгіп шығу, алдымен басқа, кейін оң иыққа су құю, денені ысқылау сүннет болып табылады. Ғұсылда дәрет дұғалары оқылмайды. Еркек еркектердің арасында, әйел әйелдердің арасында жабынатын киім таба алмаса, жүресінен отыру және теріс қарап жуынады. Қараған адамға күнә жазылады. Әйел-еркек аралас болса, тәйәммүм алады. Кейіннен қазасын оқиды. Ешкім көрмейтін жер кішкентай болса, киімсіз ғұсыл алу жаиз, үлкен болса мәкрух болады.