26 Маусым 2017   


  Негізгі бөлім / Неке және отбасы / Әр түрлі сұрақ-жауаптар

Әр түрлі сұрақ-жауаптар

Сәбиге есім қою

Сұрақ: Жақында келіншегім босанған еді. Туылған сәбидің есімін қою жолдарын түсіндірсеңіздер, қандай талаптары бар? Жалпы бала туылғанда қандай амалдар жасау керек?

Жауап: Балаға қойылатын немесе бұрын қойылған аттың мағыналарын дінімізге және әдет-ғұрыптарымызға сай келе ме, келмей ме соны білу керек. Сай келмесе, жаман мағыналы болса оны өзгерту керек. Хадис шәрифте «Есімі жаман болған адам оны әдемі атқа ауыстырсын» деп бұйырылған. (Бәриқа) Хазреті Айша анамыз «Расулуллаһ жаман есімдерді өзгертетін еді» деген. (Тирмизи)  Кәпірдің есімін қоюдан да аулақ болу керек. Хазреті Имам Раббани «Бір мұсылман кәпірдің есімін алудан арыстаннан қашудан да артық қашу керек. Ондай есімдер және ол есімдердің иелері Аллаһтың дұшпандары» деп бұйырған. (Мәктубат Раббани)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Балаға әдемі ат қою, дінін үйрету және уақыты келгенде үйлендіру баланың әкесіне деген ақыларына жатады.» (Әбу Нуаим)

«Қияметте әкелеріңнің атымен бірге шақырыласыңдар. (Мәселен Әлиқызы Әмина деп) Олай болса аттарың әдемі болсын!» (Әбу Дауд) 

Әдемі аттар өте көп. Мәселен пайғамбарымыздың әйелдері, қыздары, сахабалардың есімдері, әулиелердің есімдері, Аллаһу та’аланың Әсма-и хуснасынан (99 есімдерінен) ат қоюға жаиз болғандарын қоюға болады.

Есімнің әдемі болуы үшін Құран кәрімде өткен болуы қажет емес. Жүзмыңдаған сахабалар болған бірақ хазреті Зәйдтен басқа ешбірінің аты Құранда өтпеген. Өзгеше ат болсын деп немесе ең әдемі ат болсын деп Құран кәрімде аталған есімдердің немесе сөздердің кез-келгенін қою дұрыс болмайды. Өйткені Құран кәрімде әдемі есімдердің жанында кәпірлердің де есімдері бар, шайтанның есімі бар. Бұларды қою дұрыс емес. Құран кәрімде өткен найзағай, барды, келді, жүрді деген мағыналарға келетін арапша сөздерді де ат қылып қоятындар кездеседі. Бұларды қою жаиз болса да, әулиелердің, пайғамбарлардың аттарын қойған жақсырақ болады.

Өкінішке орай бізде есімдер тізімі жоқ. Жалпы адам есімдерін таңдауда ислам дұшпандығымен танылған залымдардың (мысалы Шыңғыс, Әбу Жәһл); кәпірлердің, бұзақылардың аттарын, мұсылманға жараспайтын аттарды, мағынасыз сөздерден пайдаланбау керек. Ислам ғұламаларының айтуы бойынша Аллаһу та’аланың Әсма-ул Хусна, яғни әдемі есімдері арасынан «Әли, Азиз, Мәжид, Мужиб, Рафи, Рашид» сияқтыларын есім ретінде адамға қоюға болады.

Балаға есімді ілімді, салих адамға қойғызу керек! Асхаби кирам балаларына есімді сүйікті пайғамбарымызға қойғызуды таңдаған. Нәрестеге есім қоярда баланың әкесі, атасы немесе жасы үлкен, ілімі ең көп болған кісі баланы құшағына алып, дәретті болып құбылаға бұрылады. Нәрестені басқа адам ұстап тұрса да болады. Түрегеп тұрып оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтады. Есімін үш рет қайталау жақсы болады. Осы арада нәрестенің аузына тәтті нәрсе жағу жақсы болады.

Пайғамбарымыз хазреті Хасан туылған кезде құлағына азан оқыған. Азан оқитын адам баланы жастық сияқты жұмсақ бір нәрсенің үстіне қойып құшағына алады. Баланы біреу құшағына алып, азанды басқа біреу де оқыса болады. Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Жаңадан туылған баланың оң құлағына азан, сол құлағына қамат оқылса, «Умму сибиан» ауруынан қорғалған болады.» (Бәйһақи)

Нәрестеге есім қойғаннан кейін салих перзент болуы үшін және дінге қызмет етуі үшін дұға ету керек. Сүйікті пайғамбарымыз, «Йа Раббым, бұл баланы қайырлы, әрі салихтерден ет және оны жақсы болып жетілуін нәсіп ет» деп дұға еткен.

Әбу Мусәл Әшари хазреттері «Баламның туылған күнінде оны Расулуллаһқа апардым, атын Ибрахим деп қойды» деді. Амр бин Шуайбтың әкесі «Расулуллаһ жаңадан туылған балаға жетінші күні есім берілуін және ақиқа сойылуын әмір етті» деген. (Тирмизи)

Бұхариде «Егер ақиқа сойылмайтын болса, баланың туылған уақытында есім қойылады және аузына тәтті жағылады.» делінген.

Нәрестеге есім қоярда баланың әкесі, атасы немесе жасы үлкен, ілімі ең көп болған кісі баланы құшағына алып, дәретті болып құбылаға бұрылады. Аяқта тұрып оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтады. Есімін үш рет қайталау жақсы болады. Осы арада нәрестенің аузына тәтті жағу жақсы болады.

Ақиқа малын сою да сауап болады. Ақиқа – бала ниғметі үшін Аллаһу та'алаға шүкір ету үшін мал сою. Ақиқа малы Құрбан айт үшін сойылатын мал сияқты болу керек.

Ақиқа баланы бәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды. Қияметте ата-анасына шапағат етеді. Ер бала үшін екі, қыз бала үшін бір қой сойылады. Сойылған ақиқаның етін өзі және бай-кедей барлығы жей алады. Піскен күйде де, шикі күйде де бай-кедей бәріне бере алады.

Cәадати Әбәдийа кітабында былай делінген: «Жетінші күні есім қою, шашын қырып, шашының ауырлығындай алтын немесе күміс садақа беру және мүмкіндік болса ақиқа қойын сою мүстаһаб болып табылады.»  

Шашын алмай шамалап беруге де болады. Алтын немесе күміс орнына қағаз ақшамен берсе де және жеті күннен кейін берсе де болады.


 

Қыз бен жігіттің жүруі

Сұрақ: Қызбен жүруге болады ма?

Жауап: Дініміз некесіз қыз бен жігіттің (зәру жағдайсыз) бостан бос сөйлесуіне (жүруіне) тыйым салған. Харам нәрседен ешқандай қайыр, пайда болмайды. Күнә істеумен ораза бұзылмайды, бірақ оразаның сауабы азаяды.

Некесіз еркек пен әйел дін бойынша бір-біріне бөтен саналады. Бұл жөнінде хадис шәрифте былай делінеді:

«Ей әйелдер, тек қана махремдерің болған еркектермен сөйлесіңдер, махрем болмағандармен сөйлеспеңдер!» (Ибн Саид)

Үйлену мақсатымен қылует болмайтындай жерде кездесуіне, сөйлесуіне, хат (смс) алысуына, үйленетін уақыттарын келісіп алуына болады. Бірақ, жақын арада үйленетіндей жағдайы болмаған адамның қатты ғашық болып қалса да, жағдай болғанда осы қызға үйленем деген ниеті болса да, бөтен қызбен сөйлесуіне, кездесуіне, хат алысуына болмайды.

Құран кәрімде: «Зинаға жоламаңдар» деп бұйырылған. Бұл зинаға апаратын барлық іс-әрекеттерден аулақ болыңдар деген сөз.

Нәпіс бастапқыда жай ғана сөйлес дейді. Кейін кездес дейді, кейін қолынан ұста дейді. Соңы пәлекетке, зинаға апарады. Бұл жердегі "жоламаңдар" дегені, зинаға апаратын себептерден, әрекеттер мен істерден сақтаныңдар, бөтен әйелдерді ойламаңдар, олармен сөйлеспеңдер, хат жазбаңдар, олардың дауыстарын тыңдамаңдар, оларға қарамаңдар деген сөз. Бөтен әйелдерге қарау көзді әлсіретеді, жүректі қарайтады.

Төмендегі сілтемелер арқылы да кеңірек мәлімет ала аласыз:

«Флирт»

«Әдептілік – Ұяттылық – Ар тазалығы»

«Зинақорлық үлкен күнә»

 

Әйел күйеуіне сәнденуі керек

Сұрақ: Күйеуіммен жиі-жиі ұрсып қала береміз. Ылғи менен қашуға тырысады, арамыз суып кетті. Не істесем екен?

Жауап: Отбасы ішіндегі көптеген түсініспеушіліктер екі тараптың бір-біріне қатысты міндеттерін орындамау салдарынан туындайды. Ол міндеттерді мына сілтеме арқылы көре аласыз: Ерлі-зайыптылардың міндеттері

 

Діннің үкімдеріне, әмірлерімен тыйымдарына мойынсұну керек. Адамдарға дерт, бәле күнә жолымен, ал тыныштық, бақ-береке дінге мойынсұну жолымен келеді. Отбасы ішіндегі мәселелер де дінімізде білдірілген. Кеңірек мына линктегі мақалалардан көре аласыз:Неке және отбасы

Әйел күйеуіне еткен жақсылықтарын міндетсінбеуі керек, азық-түлік, киім-кешек секілді тақырыптарда күйеуін ренжітпей, қолынан келмейтін нәрсені одан сұрамауы керек. Күйеуінің абыройын қорғап, әр істе оның разылығын алуға, оны қуантуға тырысып, оны ренжітпеуі керек.

 

Әйелдің үйінде күйеуі үшін сәнденуі сауап. Пайғамбарымыз бұған кеңес берген: «Исраил ұлдарының әйелдері үйлерінде сәнденбегендері үшін олардың еркектері зинаға түскен» деп білдірген.  

Әйелдер үйде өздеріне мән беруі керек, киіміне, сәніне, макияжына т.б. Өзін салғырт тастап қоймауы керек. Өйткені еркектер сыртта, жұмыс орындарында сәнді, макияжды, көрікті әйелдермен бірге болады. Кешке үйіне келгенде салғырт әйелді көргенде көздері далаға тарта бастайды.

Сондықтан әйел бар өнерін салуы керек, таңертеңгісін ерте тұрып күйеуінің азанғы асын дайындауы, есікке дейін амандық, сәттілік тілеп шығарып салуы керек. Кешке сәнденіп, өзін күтінген халде күлімдеген жүзбен күйеуін қарсы алуы керек. Күйеуінің сол күнгі стресін, шаршағанын басуы керек.  

Еркектердің сыртта бөтен әйелдермен некесіз қарым-қатынасқа түсуінде үйдегі әйелінің де кесірі бар. Азанда күйеуі жұмысқа кетіп бара жатқанда ұйықтап жатуы, кешке келгенде көршінің үйінде болуы, назар аудармауы – осыған апаратын себептердің бірі. Үйден жақын, жылы қарым-қатынас көрмеген еркектер уақыт өте келе өзін сырттан табады. Бұл еркектер кінәсыз деген сөз емес, әйтсе де мұнда өз әйелдерінің де қосқан үлесі болады. Осындай жолға түскен ерлердің жанұялық өмірлерін зерттей келе әйелдерінің өз міндеттерін дұрыс, лайықты түрде атқара алмағандығы анықталуда. Жоғарыда өткен хадис шәриф те осының ишараты.

Өкінішке орай көптеген әйелдер үй киіміне, әшекейленіп, сәнденуіне назар аудармайды. Үйде қалай болса солай, ұсқынсыз болып киініп алады. Ал көшеге шыққанда ең жаңасын, ең әдемісін киіп шығады. Ал негізінде мұның терісі болуы керек. Мұсылман әйелдің сыртқа шыққанда сәнденуі жаиз емес. Мұсылман әйел көшеге шыққанда, көзге түспейтін қарапайым киім киюі керек. Иіссу сеппеуі керек. Иіссуді үйіне сақтауы керек. Әйелдің күйеуіне таза және әдемі киініп, сәнденуі уәжіп. (Хиндийа)

 

Жасанды түсік (аборт)

Сұрақ: Аборт жасатуға болады ма?

Жауап: Дінімізде үзірсіз бала алдыру харам болып табылады, яғни бұған тыйым салынған. Әсіресе, кедейліктен қорқып құрсағындағы баланы өлтіру, әділетсіз баланың жанын қию – зұлымдық болуымен қатар, бала ақысын білмеу болып табылады, үлкен күнә болады. Анасының немесе сүт емуде болған басқа нәрестенің өліміне себеп болатындай үзір бар болса, дене мүшелері әлі дамымаған баланы алдыру жаиз (рұқсат) болады. Кутуб-и Ситтадағы «Адам, анасының жатырында ұрық (сперма) күйінде 40 күн, алақа (эмбрион) күйінде 40 күн, ет бөлшегі күйінде 40 күн болады. Содан кейін рух беріледі» деген хадис шәрифті негізге алған ғалымдар, үзірлі себеппен бір айдан төрт айға дейін жасанды түсік жасауға, абортқа рұқсат берген. (Раддул Мухтар)

Басқа себептері болмаса да, Ислам дініне сай тәрбие бере алмау қаупі үзір болып саналады. Яғни Ислам діні бойынша тәрбие бере алмау ниетімен төрт айға толудан бұрын бала алдыру жаиз (рұқсат) болады. (С.Әбәдийә)

Демек, егер төрт айдан үлкен болса, бала алдыру жаиз болмайды. Бала ауру болып жетіліп жатыр деген оймен баланы өлтіру жаиз болмайды. Туылғаннан кейін ауру деп өлтіру секілді қылмыс болады.


 

Оралды қатынас

Сұрақ: Әдепсіз сұрағым үшін кешірім сұраймын. Осы «оралды қатынас» жасау жаиз ба?

Жауап: Кәпірлердің жаман әдеттерінің бірі болған орал қатынастан ұзақ тұру керек. 

"Орал қатынас", "минет" немесе "кунилингус" деген аттармен аталатын бұл бұрмаланған қыңыр қатынас - еркектің әйелдің аузына спермасын ажырату және әйелдің жыныстық мүшесін жалап оргазмға жеткізу деген сөз.

Пайғамбарымыз  (алейһиссалам) бір хадис шәрифте былай бұйырған: "Жыныстық қатынас кезінде фәржге [әйелдің жыныстық мүшесі] қарамаңдар, бұл соқыр болуға [көру қабілетінің бұзылуына] себеп болады."[Дәйләми, ибн Ади] Қараудың өзіне тыйым салынғаннан кейін ауызға алу, жалау әрине жаиз [рұқсат] болмайды.

Ерлі-зайыптылар төсекте бір-бірін қоздыру үшін сүйіп, аймалау, ойнасу секілді тәсілдерден пайдаланулары керек әрі бұл оларға жеткілікті. Тіземен кіндік арасынан басқа бүкіл денені сүюге болады.

"Фәтәуа-и Хиндиййа" кітабында былай делінген: "Нәуазил кітабында бір еркек жыныстық мүшесін әйелінің аузына салса, тигізсе, бұл мәкрух болады деген. "Заһирә" кітабында да солай делінген."

Бұл жерде тек "салса-тигізсе" дейді, "жаласа" демеген. Фиқһ кітаптарында "мәкрух" деген сөз қолданылса, бұл тахримән мәкрух [харамға жақын мәкрух] дегенді аңғартады. Салғанның өзі харамға жақын іс болғандықтан жалаудың қаншалықты жаман қылық екені белгілі болады.

Орал қатынас,  минет деген жаман әдеттерді арттырған жұптар көбінесе анал қатынасқа да түсіп жатады. Мұндай бәленің мұсылмандар арасына да кейбір дүмшелер таратуға тырысып жатқанын кездестірудеміз. Құран кәрімнің Бақара сүресінің 223- аятында: "Әйелдеріңіз [бала жетілетін] егістік жерлеріңіз. Егістік жерлеріңізге қалаған жақтарыңыздан бара аласыздар." делінген. Осы аяттан кейбір мазһабсыз дүмшелер анал [арттан] қатынасқа рұқсат екен деген тұжырым жасайды. Алайда оның алдындағы аятта былай деп бұйырылған: "Әйелдерің хайздан [етеккір] тазарғаннан кейін Аллаһтың сендерге бұйырған [рұқсат еткен] жерінен оларға жақындаңдар." [Бақара 222]

Рұқсат етілмеген жерден, анал тесігінен, яғни арттан қатынас жасау - лиуата, үлкен күнә болады. Өйткені Ислам ғұламалары:

"Лиуата [арттан қатынас] зинадан [некесіз қатынастан] да ауыр харам." [Бахр-ур-раиқ, Радд-ул-мухтар]