27 Шілде 2017   


  Негізгі бөлім / Намаз / Суреті бар жайнамаздар

Суреті бар жайнамаздар

Сұрақ: Ислам әріптерімен жазылған, қағба немесе мешіттің суреті бар жайнамазда намаз оқуға болады ма?

Жауап: Үстінде Ислам әріптерімен жазылған жазу, тіпті бір әріп бар болған жайнамазды жерге төсеу тахримән мәкрух болады. Бұларды қай мақсатта болса да жерге төсеу – оны қорлау, оған құрметсіздік жасау болады. Тікелей қорлау мақсатында жерге төсейтін болса, күпір болады. Бетінде қағба, мешіт немесе Ислам әріптерімен жазуы бар болған жайнамаздарды намаз оқу үшін жерге төсеу де жаиз (рұқсат) емес. (Хадиқа 2 том, 633 бет)

Қағба, мешіт немесе Ислам жазуы бар болған жайнамазды жерге төсеу (құрметсіздік, қорлық болғандықтан) жаиз емес. Бірақ суреті бар жамылғылар, төсеніштер, алашалар бұған жатпайды. Ибн Хажәр Мекки хазреттері фәтуасында: «Жанды нәрсенің суретін құрмет етілетін жерлерде қолдану жаиз емес, құрмет көрсетілмейтін нәрселерде болса жаиз болады» деген. Жамылғы, алаша жерге төселгенде оның бетіндегі жанды суретке құрмет көрсетілмеген, қорланған болады. Сурет сәжде жасайтын жерде болмаса, мұндай алашаның үстінде намаз оқудың зияны болмайды. Жанды нәрсенің суреті кіндіктен жоғары болса, ол жерде намаз оқу мәкрух болады. Жанды нәрсенің суреті аяқ басылатын, отырылатын жерде болса мәкрух болмайды. Намаз оқып жатқан адамның артында кіндіктен жоғары жерде болса, тәнзиһән мәкрух болады. (Рәддул мухтар)

Демек, жанды нәрсенің суреті бар болған нәрселерді жерге төсегенде, суретке құрметсіздік жасау, қадірсіз деп санау болғандықтан, намаз мәкрух болмайды. Ал қағба, мешіт суреттері бар болған нәрселерді жерге төсеу де суретке құрметсіздік болғандықтан жаиз болмайды. (С.Әбәдийа)

 

Сұрақ: Мұнара суреті бар болған жайнамазда намаз оқу мәкрух па?

Жауап: Мәкрух емес.

 

Сұрақ: Арыстан, киік сияқты жандылардың суреті бар болған жамылғы, алаша, кілемнің үстінде намаз оқу мәкрух болады ма?

Жауап: Сурет намаз оқып жатқан адамның аяқ астында, отыратын жерінде немесе сәжде жасайтын жерінде болмаса, мұндай суреті бар болған төсеніш, жайнамаз үстінде намаз оқу мәкрух болмайды. Сурет жерде жатқандықтан қадірсіз деп саналуда. Бірақ сәжде жасалатын жерде болса, яки аяқ басылатын және отыратын жерде болса, адамның денесінде, киімінде сурет бар болғандай үкімде болады да, намаз мәкрух болады. Сондықтан, суретті киімдермен намаз оқымау керек! (Зәуажир)

 

Сұрақ: Қағба және мешіт суреті салынған жайнамаздың жерге төселуі мәкрух болатындығына сенбейтін адам күпірге түседі ме?

Жауап: Күпірге түспейді. Мұндай жайнамазды жерге төсеу мәкрух. Ондай жайнамаздарды пайдаланып жатқан мұсылмандар мешіт сүреттерін әдейі, қорлау мақсатында жерге төсемейді, тіпті мұның дұрыс еместігін білмейді. Білмегендері үшін күпір болмайды. Мұны көпшілік білмейді.

 

Сұрақ: Жайнамаз ескіріп кеткенде, оны аяқ астына, адамдар өтетін жерлерге төсеп қою дұрыс болады ма?

Жауап: Дұрыс болмайды, құрметсіздік болады.

 

Сұрақ: Жайнамаздың сәжде жасалатын жерін басу мәкрух па?

Жауап: Мәкрух емес. Бірақ әдепке қайшы.

 

Сұрақ: Қолдан тігілген жайнамазда намаз оқу жаиз ба? Қазір назарды тартатын әдемі жайнамаздар көп. Бұлардың үстінде намаз оқу мәкрух па? Үйіміздің құбыла тарапындағы дуалында әртүрлі әшекей бұйымдары бар. Бұларға қарап намаз оқуға болады ма?

Жауап: Назарды тартатын, ойды бұзатын нәрселердің үстінде, мысалы өрнектелген жайнамазда намаз оқу мәкрух болады. Жайнамаз қарапайым болу керек немесе ойды бұзып жіберетін өрнектері болған жайнамаздың терісін төсеп оқу керек.

Қазір кейбір мешіттерде әртүрлі кілемдер хушуға (намазды беріліп оқуға) кедергі болып жатыр. Тегіс, бір түсті кілем төсеу керек.

Мешіттің немесе намаз оқитын бөлменің құбыла қабырғасында да барынша аят, хадис, діни суреттер болмау керек. Суреттерді, аяттарды мешіттің оң және сол қабырғаларына ілу керек.

 

Сұрақ: С.Әбәдийа кітабында «Сәжде жасалмайтын жерлерінде жанды нәрсенің суреті бар болған жайнамаз үстінде намаз оқу мәкрух емес. Өйткені, жерге төсеу оны қадірсіз деп санау болады» делінеді. Ал енді қағба немесе мешіт суреті бар болған жайнамазда намаз оқу жаиз болады ма?

Жауап: Суретті жерге төсеу – оған құрметсіздік көрсету болып табылады. Қағба және мешіт суреті бар болған жайнамазды жерге төсеу, бұларға құрметсіздік көрсету болғандықтан, үстінде намаз оқу жаиз болмайды.

 

Сұрақ: С.Әбәдийада «Назарды тартатын, ойды бөлетін өрнектері бар жайнамазды қолдану жаиз емес» делінеді. Қазіргі мешіттерде өте әдемі, сәнді кілемдер бар. Бұл сәнді кілемдерде намаз оқу мәкрух емес пе?

Жауап: Кілемдердегі әшекейлер өрнекті жайнамаздар сияқты ойды бөлетін болса, намаз мәкрух болады. Айнаға қарап немесе бейнеміз көрініп тұратын жылтыр заттарға қарап намаз оқу да, ойды бөліп, көңілді мазалағандықтан, мәкрух болады. Әйнектерде бейнеміз мүлдем көрінбесе немесе ол жерге еш қарамайтын болсақ, намаз мәкрух болмайды. Демек бұл жерде макрух болудың өлшемі – адамды мазалауы. Пайғамбарымыз алейһиссалам ою-өрнектері бар киіммен намаз оқыды. Кейін бұл өрнектердің оны мазалап жатқанын, ойын бөліп жатқанын байқады. Киімін шешіп біреуге берді. Осы тұрғыдан, жазуы немесе суреті бар киімдермен намаз оқымау керек.

 

Алаша

Сұрақ: Ою-өрнектері қолдан жасалған алашадағы өрнек плюс белгісіне ұқсайды. Бұл белгіні көбісі крестке ұқсатады. Осындай қолдан тігілген жайнамазда намаз оқу жаиз ба?

Жауап: Иә, жаиз.

 

Сұрақ: Кесененің немесе әулие қабірлерінің суреттерін де құрметтеу керек пе?

Жауап: Иә.

 

Суретті жайнамаз

Сұрақ: С.Әбәдийада «Сәжде жасалмайтын жерлерінде жандының суреті бар болған жайнамазда намаз оқу мәкрух емес» делінгеннен кейін: «Сурет намаз оқып жатқан адамның аяқ астында, отыратын жерінде, денесінде болса мәкрух болады» делінген. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылық неде?

Жауап: Бірінші сөйлем: жандының суреті бар болған жайнамаз жерге төселгенде суретке құрметсіздік жасалған болады және суретсіз болған жеріне сәжде жасалса, мәкрух болмайды. Ал екінші сөйлем: суреті бар төсенішті біз жаймаймыз. Сурет қадірленіп  жерге төселген. Жердегі осындай сурет денедегі сурет сияқты болады. Сондықтан мәкрух болады. Киімде суреттің бар болуы, суретке көрсетілген құрметтің белгісі.

 

Суреті бар газет

Сұрақ: Бетінде суреті бар болған газетті жерге жайнамаз ретінде төсеп, үстінде намаз оқуға болады ма?

Жауап: Сурет сәжде жасайтын жерге тұра келмесе, оқуға болады. Суретті төсеніш жерге төселгенде бетіндегі сурет құрметтелмеген болады, яғни аяқпен басылғандықтан қадірсіз деп саналады. Сурет сәжде ететін жерде болмаса, мұндай төсеніштің үстінде намаз оқу жаиз болады. (Рәддул мухтар)

 

Қағба суреті бар жайнамаз

Сұрақ: Қағба суреті бар болған жайнамаз бір матамен жабылып, қағбаның суреті көрінбесе, намаз оқу сонда да жаиз болмайды ма?

Жауап: Қағба суреті көрінбесе, дәл сол жерді баспау шартымен намаз оқуға болады. Яғни беті жабық болса да қағба бейнеленген жерді баспау керек.