19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Күлімдеудің сыры

Күлімдеудің сыры

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Әулиелердің бәрі жомарт, жылы сөзді және күлімдеген жүзді болады. Өте қуанышты, үнемі күлімдеп жүретін бір әулиенің бар екенін естіген бір кісі оған хат жазады: «Аллаһ үшін шыныңызды айтыңыз, шынымен күлімдейсіз бе, әлде өтіріктен бе? Егер шынымен болса, мұның бір себебі болу керек. Бұл заманда әр адамның бала-шағасына, жұмысына, жұбайына, немесе басшылығына қатысты қиыншылықтары бар. Әркімнің тірлігі, дерті басынан асып жатыр. Елдің бәрі қиналып жүргенде күлімдеп жүру таң қаларлық жағдай. Мұны сыры неде?» деп сұрайды. Әулие кісі мұны оқыған кезде тағы күлімдеп, мынадай жауап жазып жібереді:

«Бауырым, Аллаһ үшін шынымды айтайын, күліп жүруім өтіріктен емес. Күлімдеу ішімнен шығады. Мұның сыры – өлімге дайын болу. Өлімге дайын болған адам қуанышты болады. Негізгі отанына кететін, сүйіктілеріне қауышатын адам, егер барлық дайындығын жасап, жол дайындығын әзірлеп қойған болса, бұл адам «Кететін көлігім бір сәтке болса да ертерек келіп, кетіп қалсам ғой» деп жайнақылықпен күтеді. Сонымен қатар, күнде өлімді көп ойлайтын адам шәһид болып өледі.»

Бұл өмір – қиял. Өміріміздің өткен жылдары қиял болып өтіп кетті. Әр жақсының бір жаманы, әр жоғарылаудың бір төмендеуі, әр өмірдің бір соңы бар. «Әрбір нәпіс (әрбір жанды, әрбір адам) өлімнің дәмін татады» деген мағынадағы аяти кариманың ахиреттің бар екеніне және өлімнен кейін өмірдің жалғасатындығына дәлел ретінде жеткілікті екені білдірілген. "Дәмін тату" тіркесі тағы бір өмірдің бар екенін және жалғасатындығын аңғартады. Өйткені аятта «Өлімнің дәмін татады» делінген, «Жоқ болып кетеді» делінбеген.

Мың қылыштың соққысынан да ауыр болған өлім азабын әрбір адам тартады. Хақ та'ала сүйікті құлдарына бұл азапты сездірмейді, оларға «Кәусар бұлақ» суын ішкізеді. Олар, наркоз қабылдаған адамның операцияда ауру сезбегені секілді өлім аузында азап тартпайды. Әркім иманына, ықыласына, ғибадатына қарай осы азапты тартады. Яғни кейбір адамдарға өлім өте ауыр болып келсе, кейбір адамдар үшін азабы азырақ болып келеді, ал кейбір пенделер мүлдем ол азапты сезбейді. Сондықтан «Йа Раббым, бізге шәһид болып өлуді нәсіп ет!» деп дұға етуіміз керек.

Шәһидтер де өлімнің дәмін татады, бірақ оларға өлім тәтті болып келеді. «Шәһидтерге өлі демеңдер! Олар сендер түсінбейтіндей бір өмірді сүріп жатыр» мағынасындағы аяти каримамен мадақталған шәһидтер, Хақ та'алаға қатты жалбарынады. «Йа Раббым, бізді дүниеге тағы бір рет жіберші! Біз тағы бір рет шәһид болуды қалаймыз. Шәһид болудың қадірін, қауышқан үлкен ниғметтерімізді дүниедегілерге айтып берейік» дейді. Сонда Аллаһу та'ала оларға: «Менің сендер үшін белгілеген тағдырым ондай емес, дүниеге кері қайта алмайсыңдар, бірақ олардың түстеріне кіріп, қауышқан ниғметтеріңді айтып бере аласыңдар» дейді.