30 Мамыр 2017   


  Негізгі бөлім / Мазһаб және Мазһабсыздық / Төрт хақ мазһабта намаздың үкімдері

Төрт хақ мазһабта намаздың үкімдері

Сұрақ: Ханафи мазһабы мен басқа хақ мазһабтардағы намаздың үкімдері жайында мәлімет бересіз бе?

Жауап: Намазды бастарда ауызбен, тілмен ниет ету Ханафиде бидғат, Шафии мен Ханбалиде сүннет, Маликиде жаиз. Ханафиде көңілін жинақтай алмайтын адамның тілмен айтып ниет етуі жаиз.

Қиямда тұрғанда Шафииде аяқтар арасы бір қарыс шамасында ашылады. Басқа үш мазһабта төрт елідей шамада ашылады.

Намазда бір рукннен келесі рукнға өткенде айтылатын тәкбірлер Ханбалиде уәжіп, басқа үш мазһабта сүннет.

Намазда Фатиха оқу Ханафиде уәжіп, басқа үш мазһабта парыз.

Имамның артында Фатиха оқу Ханафиде тахримән мәкрух, Шафииде парыз. Малики мен Ханбалиде имам дауыстап оқығанда тахримән мәкрух, іштен оқығанда мүстаһаб.

Соңғы отырыста салауат оқу Шафииде парыз, басқа үш мазһабта сүннет.

Үтір намазы Имам Ағзамның үкімі бойынша уәжіп, имамәйн және қалған үш мазһаб бойынша сүннет.

Бес уақыт намаздың парыздарын жамағатпен оқу Ханафи, Шафии және Маликиде сүннет, ал Ханбалиде уәжіп.

Жұма намазына имамнан басқа Ханафиде 3, Шафии мен Ханбалиде 40, Маликиде 12 еркек қатысуы керек.

Ханафи ғалымдарынан көбінің үкімі бойынша тадили әркан уәжіп, имам Әбу Юсуф пен қалған үш мазһаб бойынша парыз.

Ханафиде сапарда жүргенде намаздарды жәм қылу (біріктіру) жаиз емес. Маликиде сапарда, ауырғанда, қараңғы кезде жаңбыр және лай болғанда бесін мен екіндіні, ақшам мен құптанды біріктіріп оқу жаиз. Шафииде сапарда осы намаздарды біріктіріп, тақдим немесе тәхир етіп (алдын ала немесе кешіктіріп) оқу жаиз. Жаңбыр жауғанда да тек тақдим етіп біріктіру жаиз. Ал Ханбалиде сапарда, ауырғанда, әйелдің истихаза (үзірлі) болғанында, зәр және жел ұстай алмау сияқты дәретті бұзатын үзірлерде, жанына, мал-мүлкіне және намысына қауіп төнгенде, күнкөрісіне зиян келетін адамның екі намазды біріктіріп оқуы жаиз.

Шафии мен Ханбалиде әйелдің әйелге имам болуы жаиз, Ханафиде мәкрух, Маликиде сахих емес.

Тарауихты он рәкатта бір сәлем беріп оқу үш мазһабта мәкрух, Шафииде сахих емес.

Айт намазы Ханбалиде фарзи кифая, Ханафиде уәжіп, Шафии мен Маликиде сүннет.

Бір намазды үзірсіз тәрк еткен адам Ханбали, Шафии және Маликиде өлтіріледі. Ханбалиде кәпір болғаны үшін, қалған екеуінде үлкен күнә істегені үшін өлтіріледі. Ханафиде намазды бастағанға дейін дүре соғылып, қамауға алынады. Ал үзірмен бір немесе бірнеше намазды оқи алмаған адамның жағдайы мынадай: Шафии, Ханбали және Маликиде қазасы бар болған адамның сүннет оқуы харам. Ханбали мен Маликиде таң намазының сүннеті, үтір және айт намазы бұған жатпайды. Ал Ханафиде сүннеттерді және духа, әууабин, тәсбих, тахийатул мәсжид сияқты нәпіл намаздарды оқу қаза оқудан абзалырақ. Өйткені бұл қазалар бір үзірмен оқыла алмаған, осылай қазаға қалдыру күнә болмағандықтан, сүннеттерді және нәпілдерді оқитындай шамада кейінге қалдыру да Ханафиде күнә емес. Бірақ намаздарды әдейі, үзірсіз тәрк еткен адам сүннет немесе нәпіл намаздарды оқуына болмайды.

Алыс мемлекетте қайтыс болған адамның артынан осы жерде жаназа намазы Шафии мен Ханбалиде оқылады, Ханафи мен Маликиде оқылмайды. Шәһидтің жаназа намазы Ханафиде оқылады, қалған үш мазһабта оқылмайды. Өзіне қол жұмсаған адамның жаназа намазы төрт мазһабта да оқылады. Ал Малики мен Ханбалиде мемлекет басқарушысы өлтірген адамның жаназа намазы оқылмайды. (Мизан-и кубра)

Сафари (жолаушы) болу үшін Ханафиде 104 км, басқа үш мазһабта 80 км ұзақтыққа кету керек. Кетерде жолда да сафари болады. Үш мазһабта кірген және шыққан күндерін санамағанда 4 күннен, ал Ханафиде 15 күннен аз қалуға ниет еткен адам сафари болады. Ханафиде сапарда төрт рәкаттық парыздарды екі рәкат қылып қысқартып оқу уәжіп, Маликиде күнә болмаған сапарда екі рәкат қылып оқу сүннет, Шафии мен Ханбалиде екі немесе төрт рәкат оқу да жаиз.

Шафии немесе Малики болған, яки тақлид еткен адам мұқим кезінде, қажылықта сафари болған Ханафи имамға ұйып төрт рәкат парыздарды екі рәкат қылып оқитын болса, бұл намаздары сахих болмағандықтан қазасын оқуы керек болады.