19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


АЙТ МЕЙРАМЫ

127 – Айт күні жанұяңа, бала-шағаңа және жақын туыстарыңа күлімдеген жүзіңмен жылы шырай таныт! Рамазан айында ажыратқан зекетіңді айт күндері кедейлерге бер! Ораза тұта алмаған адам пітірін береді (Фәйзииа). [Пітір садақасын бір кісіге жарты са’ бидай деп есептеп, өзіңнің және пітір нисабына ие болмаған кішкентай балалардың пітірін бидаймен немесе соның құнындай алтынды, күмісті мұсылман кедейлерге айттың бірінші күні айт намазынан бұрын бер. Намаздан кейін және Рамазанда беруге де болады. [«Тәрғибуссалат» және «Нимети ислам»кітаптарындай былай делінеді: «Зекет нисабы мөлшеріне тең қандай да бір мал-мүлкі бар болған адам бай болып саналады. Айттың бірінші күні, таң атқан кезде бай болған адамның зекет беруі уәжіп болады. Осы уақыттан бұрын қайтыс болған немесе кедей болған кісінің, яки кейіннен иман келтірген немесе туылған, бай болған адамның беруі уәжіп емес. Одан бұрын иман келтірген және кейіннен кедей болған адамның пітір беруі керек. Айт намазынан бұрын беру абзалырақ. Нисапқа ие болғаннан кейін бір жыл толмастан қайтадан кедей болған адамның зекет беру міндеті кешіріледі. Пітір садақа беру Шафииде Рамазанның соңғы күні күн батқанда уәжіп болады.»] Са’ – 8 ритл жасымық шамасындағы бір көлем өлшемі. Бір ритл – 130 дирхам немесе 91 мисқал. Бір мисқал – Ханафиде 4,8, ал Шафииде 3,45 грамм. Жарым са’ бидай Ханафиде 1748 граммға тең. Шафииде бір са’ – 694 дирхам немесе 1680 грамм. Шариғи бір дирхам – Ханафиде 14 қарат немесе 3,36 грамм. Шафииде 16,8 қарат немесе 2,42 грамм. Бір қарат – Ханафиде 0,24 грамм, Шафииде 0,144 грамм. Бір Османдық алтын – 1,5 мисқал, яғни 7,2 грамм. Құрбандық нисабы пітір нисабымен бірдей. Бұл нисабқа мал-мүліктің барлық түрі кіреді.]

128 – Ілім үйрену мәжілісіне қатысудың үстемдігі мен дәрежесі өте үлкен. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Кімде-кім дін ғалымдарының және салихтардың [яғни Исламның бес шартын үзбей орындайтындардың] қасына барса, әрбір қадамына Аллаһу та’ала қабыл болған бір нәпіл қажылықтың сауабын береді. Өйткені, ғалымдар мен салихтарды Аллаһу та’ала жақсы көреді. Аллаһу та’аланың үйі болғанда еді, бұл адам сол үйді зиярат еткенде, тек осы жағдайда ғана бұл сауапты ала алатын еді.»

129 – Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді:«Не ғалым, не мутааллим [яғни шәкірт], не бұларды тыңдаушы бол![Кітаптарын оқы!] Осы үшеуінен болмай, төртіншісінен болсаң, [яғни ешбірінен болмасаң,] құрисың.» [Илмихал кітабын оқымайтын адам дінін үйрене алмайды. Дінін үйренбейтін адамның діні, иманы кетеді. Дін дұшпандарының өтіріктеріне алданып, кәпір болады.]

130 – Бір-бірімен ренжісіп қалғандарды жарастыруға тырыс! Хазреті Мұса алейһиссалам Аллаһу та’аладан сұрады:  «Йа, Раббым! Бір-бірімен ренжісіп қалған екі кісіні жарастырған және Сенің разылығыңды алу үшін зұлымдық етпеген адамға қандай сауап бересің? Сонда Хақ та’ала былай жауап берді: «Қиямет күнінде оларға саламаттық беріп, қорыққан нәрселерінен сақ қыламын және үміттенген нәрселеріне қауыштырамын.» Риуаят етілгені бойынша, Мұса алейһиссаламнан Хақ та’ала: «Ей, Мұса, саған пайғамбарлықты беруіме себеп болған нәрсені білесің бе?» –депсұрады. Мұса алейһиссалам «Жоқ» деді. Сонда Хақ та’ала былай деді: «Сен бір күні қой бағып жүрген едің. Сол кезде бір қой отардан бөлініп, қаша жөнелді. Сен оны отарға қосу үшін артынан жүгірдің. Едәуір жол жүрдің. Сен де, қой да шаршады. Ақыр соңында қойды ұстаған кезіңде, қойға: "Ей, қой, өзіңді де, мені де әуреге салып, екеумізді де шаршатуыңа қандай қажеттілігің бар еді?" деп айттың. Алайда, сол кезде қатты шаршаған және ашулы едің. Міне сол ашулы және ызалы кезіңде ашуыңды жеңіп, жылы шырай танытқаның үшін саған пайғамбарлық дәрежені бердім.»

131 – Кедейлерге мейіріммен қарап, жылы шырай таныт, жақсы қарым-қатынаста бол! Ал байларға байлығы үшін сыпайлық танытпа! Дін дұшпандарын, Ислам дінін ұнатпайтындарды, намаз оқымайтындарды жақсы көрме, сонда қияметте саламат пен бақыт табасың.

Бір баланы көрген кезіңде, «Оның күнәсі жоқ, менің күнәм бар. Демек, бұл бала менен үстем» деп; бір кәрі мұсылманды көргеніңде, «Ол менен көбірек ғибадат жасады, демек, ол менен үстем» деп; бір ислам ғалымын көргеніңде, «Мен сауатсызбын, оның білімі менен көп, демек, ол менен үстем» деп; бір сауатсыз наданды көргеніңде, «Ол білмей күнә істеп жүр. Бірақ мен біле тұра істеп жүрмін, ол менен үстемірек» деп; бір кәпірді көргеніңде, «Ол өмірден иманмен кетуі мүмкін. Ал менің иманмен кетуім белгісіз. Олай болса, ол менен үстем» деп ойлауың керек! Мұсылмандардың алдында тәкаппар болмасаң, Аллаһу та’аланың алдында үлкен дәрежелерге жетесің.

132 – Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Сенен діни тұрғыдан төмен болғандарға қарама, өйткені өзіңді жақсы көріп, құрып кетесің. Діни тұрғыдан сенен жоғары болғандарға қара, себебі ол сенен қайырлы. Мал-мүлкі көп болғандарға қарама, әйтпесе Аллаһтың саған бергеніне ашуланасың. Тамағын қиыншылықпен, маңдай терімен табатын адамдарға қара, сонда Хақ та’аланың саған берген ниғметіне шүкір етесің» деді.

133 – Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген:«Бір адамның дүниелігі толық болса, діні нұқсан болады.» [Яғни, дүниелік ләзаттарға қауышу үшін Ислам дінінің сыртына шыққан адам ахирет ләзаттарына қауыша алмайды.] Тағы былай деген: «Ей, Әбу Хурайра! Ислам дінінен шыққан адамға дұрыс жолды көрсет, сауатсыз наданға ілім үйрет, сонда саған шәһид дәрежесі беріледі.»[Бала-шағаға Әһли сүннет сенімін, парыздарды, харамды үйрету керек, таныстарға діни кітаптар беру керек.]

134 – Көп мал-мүлік пен абыройға жеткеніңде, жүрегіңді қарайтып, Аллаһу та’аланы ұмытып қойма және мал-мүлкіңе, абыройыңа сүйеніп, ғибадатыңды тастама! Мал-мүлкі аз болған адам Аллаһу та’аланы көбірек еске алады және Оған одан қаттырақ байланады.

Анықтама: Мұсылмандықта көп мал-мүлікке, абыройға ие болу жаман нәрсе емес. Алкогольді ішімдіктерді сатумен, сазды аспаптар шалу, ән айту арқылы түскен және ұрлық, өтірік, парақорлық және пайыз арқылы жиналған ақшалар, аз болса да, хабис (лас). Бұларды қолдану харам болып табылады. Халалдан табылған және зекеті берілген мал-мүлік, ақша, қаншалықты көп болса да, жақсы. Аллаһу та’ала Құран кәрімде халал болған мал-мүлікті «Қайырлы» деп атаған.

Имам Ғазали “рахимә-һуллаһу та’ала” «Кимия-и саадет» кітабының үшінші бөлімінде былай дейді: «Өзін және жанұясы мен бала-шағасын ешкімге мұқтаж қылмайтындай шамада жұмыс істеп, халалдан ақша тапқандарға жиһадтың сауабы беріледі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні таңертең отырған еді. Сахабалардан қуатты бір жігіт ерте дүкеніне қарай өтті. Біреу «Қап, обал-ай, осы жерде Аллаһ үшін біраз сізді тыңдамастан өтіп кетті» дегенде, «Олай айтпа! Егер өзін, ата-анасын және әйелі мен бала-шағасын мұқтаж қылмау үшін кеткен болса, демек Аллаһ жолында. Егер сән үшін, бай болып мұсылмандарға мақтану ниетінде болса, демек тозақ жолында» деді. Бір хадис шәрифте: «Турашыл болған саудагер қияметте сыддықтармен, шәһидтермен бірге болады» және де: «Аллаһу та’ала кәсіп иесі болған мұсылманды жақсы көреді» деді.

Бір адам Әһли сүннет ғалымдарының “рахимә-һумуллаһу та’ала” мәжілісіне қырық күн тұрақты қатысып жүрсе, жүрегі нұрланады. Өйткені, Ислам діні әмір еткен ілімдер – жүректің нұры. [Ілімі болмаған адам шайтанға, Ислам дұшпандарына және олардың газеттеріне алданады. Әһли сүннет сенімінде болмаған дін адамдарының жазғандарын оқыған адамның жүрегі қараяды.] Аллаһу та’ала саған көп мал-мүлік берген болса, сен бақыл болма! Дін жолына жұмса! Тура жолдагы мұсылмандар жазған дұрыс илмихал кітаптарын ал да тарат! Жиһад сауабына қауышасың. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бір күні: «Ей, Әбу Хурайра! Менен кейінгі мүминдердің үлкені мына адам – Аллаһу та’ала оған мал-мүлік береді, ол болса жасырын және ашық түрде Аллаһ жолына жұмсайды және жасаған игіліктерін ешкімге міндетсінбейді» деді.

135 – Мақлұқтардың барлығына мейірімді бол! Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді: «Жер бетіндегі жаратылыстарға мейірім танытыңдар, аспандағы жаратылыстар да сендерге мейірім танытсын. Сыддықтардың белгісі – садақа бергенде жасырын береді, бір пәлекетке ұшырағанда ойбайламайды, ешкімге шағымданбайды, сол пәлекетті бәрінен жасырады және бір күнә істеп қойған кезінде артынша дереу садақа береді, күнәсына кәфарат болсын деп.»

136 – Көп сйөлеме, ешкіммен сөз тартыспа! Әрдайым үндемей жүруге тырыс, содна екі дүниеде де саламаттық табасың. Аллаһу та’аланы көп зікір етсең, жүрегің өлмейді және шайтанды да жеңген боласың. Аллаһу та’аланы көп зікір ететіндердің жүрегіне хикмет ағады.

137 – Пайғамбарымыз (алейһиссалам) Әбу Хурайраға “радиаллаһу та’ала анһ” былай деді: «Кімде-кім Аллаһу та’алаға Нұх алейһиссаламның өміріндей ғибадат етсе, бойында үш қасиет болмағанша, жасаған ғибадаттан бір пайда ала алмайды.»

1) Ілімімен амал ету.

2) Жеген тамағының халал болуы және халалды да ысырап етпеуі. [Бисмиллаһсыз сойылған мал және кітапсыз кәпірлердің [мүшриктердің] сойғандары – нәжіс. Бұларды жеу харам. Бұларды Бисмиллаһпен соятын адам табылған жағдайда да, сатып алынған еттің Бисмиллаһсыз сойылғаны нақты белгілі болмағанша, жеу халал болады. Балық аулаушының мұсылман болуы және Бисмиллаһмен ұстауы шарт емес.]

3) Аллаһқа дұшпан болудан сақтану. [Әһли сүннет сенімін үйренбейтін, иманы осыған сай болмаған, харамдарды, парыздарды білмейтін және осыларға мойынсұнбайтын адам Аллаһу та’алаға дұшпан болады.]

Анықтама: Аллаһу та’алаға дұшпан болу, яғни харам істеу адамды дүниеде де, ахиретте де пәлекетке ұшыратады. Харамдардың ең үлкені – Әһли сүннет сенімін білмеу. Екіншісі – намаз оқымау. Үшіншісі – ішкілік ішу.«Әнисул-уайзин» кітабының оныншы бөлімінде былай делінеді: «Шарап және мас қылатын барлық ішімдіктер харам болып табылады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Шарап ішу – үлкен күнәлардың ең үлкені және барлық жамандықтар мен күнәлардың анасы», «Барлық жамандықтар бір жерге жиналған. Ол жердің құлпы – зина, кілті – шарап. Сондай-ақ, барлық жақсылықтар бір жерге жиналған. Ол жердің құлпы – намаз, кілті – дәрет алу», «Аллаһу та’аланы жақсы көрген және қияметке сенген адам ішкілік ішілетін жерде отырмасын», «Шарап жасау, жүзімін сығу, тасу, тарату, сату және ішу – күнәда бәрі бірге және олардың намаздарына, оразаларына, қажылықтарына, зекеттеріне және садақаларына сауап берілмейді. Егер де тәубе етпейтін болса», «Құрма шарабы да харам болып табылады» және «Жүзім шырыны таза болып, өзгермеген болса, халал болады» деді. «Бұхара-и шәриф» және «Мүслим»-де Әбу Мұса “рахимә-һуллаһу та’ала” былай деген: «Балдан және арпадан жасалған ішкіліктер және мас қылатын барлық ішкіліктер харам болып табылады.» Имам Мұхаммед “рахимә-һуллаһу та’ала” «Көп ішкенде мас қылатын ішкіліктің азы да харам» деген. Пәтуа да осы. Басқа дәрі бар кезде осыларды дәрі ретінде ішу де харам. Дененің сыртына қолдану жаиз болса да, бұлар нәжіс болады, кебумен таза болмайды, жуу қажет. [«Әл фиқһу аләл мәзәһибил-әрбә’а» кітабында былай делінген: «Мас қылатын сұйықтықтардың барлығы, төрт мазһабта да, шарап сияқты ауыр, жаман нәжіс болып табылады. Ханафида ашық алақанның ішіне жиналатынынан артық мөлшерімен, басқа үш мазһабта көрінетіндей аз мөлшерімен оқылған намаз сахих болмайды. Шафииде және Ханафидың бір риуаятында, дәрі мен әтір жасауда қолданылған мөлшері көп болса да, кешірілген болып, намазға кедергі болмайды.»] Анаша, апиын, героин сияқты есірткілерді ләззат үшін жеу, ішу харам болады, ал ем үшін жаиз.» Әнис-ул-уайзин кітабының сөздері тәмам болды. 380-ші бетке қараңыз!

Темекіге келер болсақ, Ибн Абидин “рахимә-һуллаһу та’ала” «Дурр-ул-мухтар» шәрһінде былай дейді: «Темекіге халал дегендер де, харам дегендер болды. Аллаһу та’ала барлық нәрсені халал етіп, кейін харамдарды осылардан ажыратқан. Ислам діні харам деп білдірмеген нәрсеге ешкім харам деп айта алмайды. Темекі шегу затымен мубах болса да, пияз сияқты табиғатымен мәкрух.» Шафии ғұламалары темекіні напақадан деп санаған. Олай болса, аз мөлшерде темекі шегуді харам дегендер қателеседі. Ысырап – басқа мәселе. Онда газет ақшасы да ысырап және харам болады. Тойғаннан кейін жеу де харам.

Ибн Абидин «Әл-уқуд-уд-дуррия» кітабының соңында «Темекі шегу харам болады» дегендердің сөздерін жоққа шығарып, темекінің мубах екендігін дәлелдермен анықтаған. Осы пәтуа кітабының соңғы бөлімі 1977 жылы, Стамбулда, Хақиқат Кітап үйі тарапынан «Әл-хабл-ул-мәтин»кітабының соңына енгізіліп, басылып шығарылған.

Қарым-қатынаста кәпір, пасықтың сөзіне сену жаиз. Ғибадаттарда тек әділ мұсылманға ғана сену керек. Әділ немесе пасық екені белгісіз болса, қайсы басым болған болжаммен амал етіледі. Ислам дұшпандарының жасанды, жұмсақ өтіріктеріне алданып, ғибадаттарды өзгертпеу керек.

Радиоға келер болсақ, радио, кино, теледидар, кітап және газеттер – бұқаралық ақпарат құралы болып табылады. Мысалы, тапанша да бір құрал. Бір адам тапаншасын ғазиға (соғыстағы әскерге) берсе, ғази жиһад жасағанда сол адамға да сауап беріледі. Ал егер бір қарақшыға, тонаушыға берсе, сол тонаушының қылмыс істеуімен әлгі адам да күнәға батады. Дәл сол тапанша, адамды сауапқа да, күнәға да түсіргеніндей радио, кино және газеттер де мұсылмандар тарапынан басқарылып, тек қана иман, ғибадат, ілім, ахлақ, кәсіп, сауда-саттық сияқты Аллаһу та’аланың бұйырған және рұқсат берген нәрселерін жарияласа, жаиз және сауап болады. Жоқ, егер бұл құралдар кәпірлердің, мүртәдтардың қолында болып, дінсіздікті жариялап, Ислам дінін мазақ қылса және бұларда бидғат немесе харам нәрселер бар болса, бұларды алу, тыңдау, қарау және оқу, бұларға бару, ақша беру харам болады. Мұсылман адам бала-шағасын да осы харамнан қорғау керек. Қайғыны кетіру үшін өз-өзіне ән айту күнә емес. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Құран кәрім оқығанда, табытты алып бара жатқанда, соғысқанда, уағыз айтып жатқанда айқайлауды жақтырмайтын еді.

Мешіттерде айқай салып қайғыру харам болып табылады. Бұрыңғы замандарда ешкім олай айқай салмайтын еді. Жәлаләддин Руми “рахимә-һуллаһу та’ала” ней аспабын шалмады, билемеді, айналмады. Бұларды кейіннен сауатсыз надандар ойлап шығарды. Хикмет [яғни ғылым мен өнеркәсіп және пайдалы нәрселер] және насихаттан құралған қара өлеңдерді жазу және дауыстап оқу халал. Шәхует қоздыратын өлеңдер оқу харам. Бұларды оқу көңілді бұзады. Үрлеумен, соғумен және ішекті тарту арқылы шалынатын барлық аспаптарды шалу, тыңдау және тыңдауға бару харам. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сазды аспап шалынған бір жерге кезіккен кезінде мүбәрәк саусақтарымен құлағын бітеген еді. [Құран кәрімді, мәулітті, азанды және илаһилерді сазды аспап шалынғанда оқу немесе сазды аспаптармен оқу күпір болады.] Арасында харам бар болған қара өлеңдерді оқу мәкрух, әуендетіп оқу және ұятсыздарын оқу харам. Белгі беру мақсатында, мысалы оразада ауыз бекіту уақытын білдіру мақсатында дабыл қағу халал.

138 – Ғибадаттарды, мысалы Құран кәрім, мәуліт, азан оқуды, имамдықты, дұғаны ақшаға істеу, бұлармен саудаласу алған адамға да, берген адамға да харам болып табылады. Бұларды Аллаһу та’аланың разылығы үшін істеу керек, сұрамаса да сыйлық берілетін болса, онда қабылдау керек. Сыйлық беретін адам сараң болмай, көп беруі керек. Неғұрлым көп берсе, соғұрлым сауабы көп болады. Дүниелік істерде көп беріп, Аллаһу та’аланың разылығы үшін аз беруден де жаман бақылдық пен сараңдық болмас. Имам, муәззин (азаншы) және басқа да діни қызметкерлердің қажеттіліктері бәйт-ул-малдан (өкімет қазынасынан) қамтамасыз етіледі. Нисапқа ие болса да, зекет пен ұшырды ілім үйренуші мен үйретушілерге берген абзалырақ болады.

[«Мәктубати Масумийа» кітабының екінші том, 36-шы хатында былай делінеді: «Парыз бен сүннет болған амалдарды, зікірді, жақсылық пен қайырымдылықты және дұға, аяти карима оқуды сауап алу үшін орындағанда ешкімнен рұқсат алу қажет емес. Бұларды шипа үшін, бір мақсатының орындалуы, бір қиыншылықтың шешілуі үшін оқығанда әсерлі болуы мүршидтің, ұстаздың рұқсат беруіне байланысты.» [Мүршидтердің кітаптарынан үйреніп оқу рұқсат алу болып саналады.] Имам Раббани үшінші том, 25-ші және 34-ші хаттарында былай дейді: «Зікір ету – үлкен сауап. Алайда жүректі тазалау үшін зікірді рұқсатпен жасау керек.» Рұқсат алған адам рұқсат берген адамның уәкілі болады. Оның оқуы уәкілдік берген адамның оқуы сияқты әсерлі, пайдалы болады.]

Ибн Абидин былай деген: «Үлкендердің киюі, ішуі және жеуі харам болған нәрселерді кішкентай балаларға кигізу, жегізу және ішкізу харам болады. Дәрет сүлгісі және (мұрын сүртетін) қалта орамал қолдану күнә емес. Құран кәріммен, дұғамен тұмар жасау және қолдану жаиз, әрі адамды қорғайды. Құран кәрім заттық және рухани барлық дертке шипа және әрбір әрпі мүбәрәк және қасиетті. Адамдарға, жануарларға және заттарға назар тие алады.»

139 – Тақуалықтың ең жоғары мәртебесі – Аллаһу та’аланың парыз қылғанын орындап, харам қылғанын тәрк ету.

140 – Мүмин бауырларыңды қуантуға тырыс! Өйткені пайғамбарымыз: «Кімде-кім бір мүмин бауырын қуантса, қияметте Хақ та’ала ол адамның жүрегін шаттыққа бөлейді» деген. Тағы: «Кімде-кім бір күнәсіз баланы қуантса, Хақ та’ала ол адамның ширктен басқа өткен күнәларын кешіреді» және «Кімде-кім дүниеде бір мүмин бауырының жұмысын жеңілдетсе, Хақ та’ала ол адамның жетпіс жұмысын оңай қылады. Сол жетпіс жұмыстың он данасы дүниеде, алпысы қиямет күнінде жеңілдейді. Кімде-кім бір мүмин бауырының айыбын жасырса, Аллаһу та’ала қиямет күні ол адамның барлық айыптарын жасырады!» деген.

141 – Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді:«Адамның қайырлы амалдары тұрақты (үздіксіз) болуы керек, арасын үзбей тұрақты түрде істелген амал адамды мақсатына жеткізеді.»