19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Дәрет - Ғұсыл / Дәреттің мәкрухтары

Дәреттің мәкрухтары

Сұрақ: Дәреттің мәкрухтарына нелер жатады?

Жауап: Мыналар:

1) Аяқтарды жуғанда құбылаға қарай созу.

2) Дәрет алғанда әурет жерлерді ашу.

3) Суды ысырап ету, көп қолдану.

4) Суды қажетінен аз, яғни май жаққандай аз қолдану.

5) Бетке суды ұрып жуу.

6) Дәрет алатын суға үрлеу.

7) Дәрет алып жатқанда сөйлеу.

8) Дәрет алатын суға немесе шылапшынға түкіру немесе сіңбіру.

9) Ғарғара жасағанда (тамақты шайқағанда) тамаққа су өткізу.

10) Көзді жұмып немесе үлкен ашып тұру.

11) Сол жақтан бастау.

12) Оң қолмен сіңбіру.

13) Сол қолмен ауызға немесе мұрынға су алу.

14) Күн шуағының астында қалып жылыған сумен дәрет алу.

15) Құбылаға теріс қарап отыру.

16) Мустамал (қолданылған) судан сақтанбау.

17) Дүниелік сөздер сөйлеу.

18) Үш реттен кем немесе артық жуу.

 

Дәрет алғанда

Сұрақ: Дәрет аларда істеуге болмайтын нәрселерге не жатады?

Жауап: Кейбірлері мыналар:

1) Әжетханада, қырда дәрет бұзғанда құбылаға алдымен немесе артымен қарап отыру мәкрух болады.

2) Іш дәрет алу үшін біреудің жанында әурет жерлерді ашу харам болып табылады.

3) Іш дәретте оң қолмен тазаланбау керек.

4) Су болмаған кезде азық түрімен, тезекпен, сүйекпен, мал азығымен, көмірмен, біреудің затымен, кіреңке, жабынқыш бөлшегімен, қамыспен, жапырақпен, шүберекпен, гәзіт-кітап қағазыбен тазалану мәкрух болады.

5) Дәрет мүшелерін өз шегінен тым асырып немесе жеткізбей жумау керек және үштен аз немесе көп жуу мәкрух.

6) Ауыз бен көздерді қатты жаппау керек. Еріннің көрініп тұрған жерінде және көз қабағында су тимеген аздаған бір жер қалатын болса, дәрет қабыл болмайды.

7) Бас, құлақтар немесе желкенің бірін, әрқайсысында қолды жеке-жеке сулап, бірден артық мәсіһ етпеу керек. Әр ретінде суламастан қайталауға болады.

8) Қажеттілік болмағанша дәрет алғанда дүниелік сөздер айтпау керек.

 

Ескерту: Зәрулік, мәжбүрлік болмағанша, төмендегі мәселелерге де мән беру керек:

1) Екі қолы шолақ болған адам дәрет ала алмайды. Қолдарын топыраққа, бетін дуалға сүртіп тәйәммум алады. Бетінде де жара бар болса, намазды дәретсіз оқиды, тәрк етпейді.

2) Науқас адамға жұбайы, балалары, бауырлары дәрет алғыза алады.

3) Тас, кесек және осыған ұқсас заттармен тазалану су орнына өтеді.

4) Жынды болған немесе есінен талған адам 24 сағатта есін жимаса, жазылғанда намаздарының қазасын өтемейді. Ішкілікпен немесе есірткімен, дәрімен ақылын жоғалтқан адам барлық намаздардың қазасын өтейді. Жатып басымен де ишарат ете алмайтындай дәрежеде ауыр ауруы 24 сағаттан аса жалғасқан адамның ақылы орнында болса да, намаз міндетінен босатылады.

5) Әжетханаға арнайы шалбар немесе киіммен және бас киіммен кіру мүстаһаб болып табылады.

6) Әжетханаға кірерде қолында Аллаһу та'аланың есімі және Құран кәрім жазулы ештеңе болмау керек. Қалтада болса зияны жоқ. Тұмармен кірудің де зияны жоқ.

7) Әжетханаға сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу керек.

8) Әжетханада сөйлемеу керек.

9) Әурет жеріне және нәжіске қарамау керек, әжетханада түкірмеу керек.

10) Әжетханада ештеңе ішіп-жемеу керек, өлең айтпау керек, темекі шегуге және сағыз шайнауға да болмайды.

11) Ешқандай суға, мешіт қабырғасына, қабірге және жолға дәрет сындырмау керек.

 

Суға дәрет сындыру

Сұрақ: Ешқандай суға дәрет сындыруға болмайды делінеді, унитаз ішіндегі су да осыған жатады ма?

Жауап: Жоқ, унитаздағы су бұған жатпайды. Ол жер онсыз да дәрет бұзатын орын. Дәрет сындыру дұрыс болмаған сулар – адам немесе жануар ішетін, яки адамдар қолданатын сулар. Бұларға арық, өзен, көл, көлшік, хауыз және суқоймалар жатады.

 

Төрт рет жуу

Сұрақ: Дәретте бір мүшені үш реттен аз немесе көп жуу мәкрух болады. Шатасып бір мүшені төрт рет жусақ та мәкрух болады ма? Және де намаз оқып жатқанда руку немесе сәжделерде тәсбихтарды шатасып, үш рет айтудың орнына төрт рет айтсақ не істеу керек?

Жауап: Дінімізде ұмыту, қателесу, шатасу үзір болады. Дәрет алғанда бір мүшені «Екі рет жудым ба, әлде үш рет пе?» деп күмәнданатын болса, тағы бір рет жуып қою керек. Бұл жуғанымыз төртіншісі болса да, әдейі істемегеніміз үшін мәкрух болмайды. Руку немесе сәжделерде тәсбихтар 3,5,7,9 және 11 сияқты тақ қылып айтылады. Шатасып 4,6 сияқты жұп қылып айтылатын болса да еш зияны болмайды.

 

Күмәндану

Сұрақ: Кейде дәрет алғанда бір жерді «Үш рет жудым ба, әлде екі рет пе?» деп күдіктенемін. Үш реттен аз немесе көп жуу мәкрух болады ғой, сонда не істеуім керек?

Жауап: Егер әрдайым осылай болып жатқан болса, онда бұл – уәсуәса, ештеңе істеу қажет емес. Өте сирек кездесетін болса, бір рет тағы жуылады, бұл жағдайда төрт рет жуылған болса да мәкрух болмайды, себебі әдейі төрт рет жуылған болмайды. Әдейі, яғни біліп бір мүшені үш реттен аз немесе артық жуу мәкрух болады.

 

Күн энергиясы

Сұрақ: Күн энергиясында жылыған сумен дәрет алу мәкрух па?

Жауап: Күн энергиясынан арнайы құралдар арқылы жылитын болса, онда мәкрух болмайды. Күннің астында қалып қойып жылыған болса, онда тәнзиһән мәкрух болады.

 

Нұр үстіне нұр

Сұрақ: С.Әбәдийа кітабында: «Намаз оқығаннан кейін дәретті болып, басқа намаз оқу үшін қайтадан дәрет алу мүстаһаб болады» делінген болса, басқа бір жерде: «Дәретті қолданбастан қайтадан дәрет алу мәкрух болады» делінген. Арасындағы айырмашылық қандай?

Жауап: Дәрет алғаннан кейін дәретті қолданбастан, мысалы Құран кәрім кітабын ұстамастан немесе намаз оқымастан қайтадан дәрет алу мәкрух болады. Қолданғаннан кейін қайтадан дәрет алу нұр үстіне нұр болады, мүстаһаб болып табылады. Үш хадис шәрифтің мағынасы:

«Егер үмбетіме машаққат беретінімді білмесем, оларға әр намаз оқитын кездерінде (дәреті бар болса да) дәрет алуын бұйыратын едім.» (И.Ахмед)

«Дәреті бар болса да дәрет алған адамға он жақсылық (он сауап) жазылады.» (Тирмизи)

«Дәреттің үстінен дәрет алу – нұр үстіне нұр.» (Ихйа, Дуррул мухтар)

 

Ыстық су жөнінде

Сұрақ: Суық күндерде дәрет аларда ыстық су келгенге дейін шүмекті ашып суды ағызып қоюымыз ысырапқа жатады ма?

Жауап: Ысырапқа жатпайды, себебі әдейі жасалмайды.

 

Аяқтарды жуғанда

Сұрақ: Құбылаға қарап дәрет алғанда шұңғылшаға (раковина) аяғымызды көтергенде тізе құбылаға қарай созылады. Зияны бар ма?

Жауап: Құбылаға аяқтарды созу мәкрух болады. Не жанымен тұру керек, не бар болса, басқасында жуу керек.

 

Дәретте ысырап

Сұрақ: Дәрет алғанда шүмекті үздіксіз ашып қою ысырап болады ма?

Жауап: Аз ашып қою ысырап болмайды.

 

Жел шығарғанда

Сұрақ: Жел шығарғаннан кейін іш дәрет алу (әурет жерді жуу) керек пе?

Жауап: Жел шығарғаннан кейін сол жерді жуу мәкрух болады. Бірақ жел шығарғанда ластық та шығып кеткен болса, онда жуу керек.

 

Тісті тазалау

Сұрақ: Дәрет алғаннан кейін тісті щеткамен жуу мәкрух па?

Жауап: Жоқ. Алайда тіс қанап, дәрет бұзылуы мүмкін. Дәреттен бұрын тазалау керек.

 

Дәрет суы

Сұрақ: Дәрет суын ағаш түбіне төгудің зияны бар ма?

Жауап: Ешқандай зияны жоқ.

 

Отырып кию

Сұрақ: Шалбар сияқты шұлықты да отырып кию керек пе?

Жауап: Иә, отырып киген дұрыс болады. Шұлықты отырып киген қолайлы. Түрегеп тұрып кигенде құлап қалу ықтималы бар. Отыруға мүмкіндік жоқ болса, дуалға сүйеніп кию керек. Шұлықты кигенде аяқтар құбылаға қарай созылмайтындай етіп отыру керек. Мысалы, артымызды құбылаға бұрып отырсақ, аяқтарымыз құбылаға созылмайды. Жанымен отырғанда аяқтың бірі құбылаға қарай созылуы мүмкін. Аяқты құбылаға қарай созу мәкрух болады.