18 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Аллаһу та'аланың мейірімі шексіз

Аллаһу та'аланың мейірімі шексіз

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бір пенде Раббына аз болса да жақындаса, Раббы оған көбірек жақындайды. Көңілімізді Оған бұруымыз керек. Пенде «Йа, Раббым!» деп шақырғанда жауап береді, «Ләббәйк! Ей, құлым! Не қалайсың?» дейді. «Кешіруіңді қалаймыз» деп айтуымыз керек. Сәйид Абдулхаким Арваси хазреттері «Раббымызбен біздің мәмілеміз – тәңір және құл арасындағы мәміле» деген. Аллаһу та'ала «Менен сұраңдар, қабыл етемін» дейді. Ықыласпен сұрауымыз керек. Раббымызға жалбарынуымыз керек. Қателігіміз, кемшілігіміз, айыбымыз көп, ниеттеріміз аралас, бірақ Ол сонда да кешіреді, бізге сый-сияпат көрсетеді.

Күнә істеген кезде қайғырайық. Дүниеде берген қиыншылықтарын күнәларымыздың жазасы деп білейік. «Әлхамдулиллаһ, жазамызды дүниеде берді» деп ойлайық. Аллаһу та'ала хадис құдсида «Мені ренжулі болған құлдарымның жанында іздеңдер!», яғни «Олардың дұғаларын қабыл етемін» деген. Дүниелік дерттер мұсылман құлдарға ниғмет болып табылады. Дүние, онсыз да, өткінші бір көлеңке секілді, өтеді де кетеді.

Күнәларымыз таудай болса да, Оның мейірімі, кешірімділігі шексіз. Аллаһу та'ала әрі кешіреді, әрі жақсылықтарды да сыйға береді. «Аллаһумма иннәка афуввун кәримун тухиббул афуа фә'фу анни» дұғасын көп оқу керек. Бұл дұға «Йа, Раббым, әрине сен күнәларды кешірушісің, ихсан етушісің. Кешіруді қатты жақсы көресің, олай болса мені де кешіре гөр, йа Раббым» деген мағынаны береді. Бұлардың бәрі Аллаһу та'аланың күнәхар, нәпсіне құл болған пенделеріне сүйінші.

Дұға ету де намаз, ораза сияқты ғибадат. Қажеттіліктерді, мұқтаждықтарды білдіру деген сөз. Ғибадат дегеніміз – өзінің әлсіздігін, мұқтаж екенін білдіру деген сөз. Дұға ету – бұйрық. Бір-бірімізге дұға етейік. Біреуге артынан, оған білдірмей жасалған дұғаның қабыл болу ықтималы жоғары. Хазреті Хусейн бин Саид (қуддиса сиррух) былай деген:

«Адам дұға етеді, "Йа, Раббым! Маған мынаны бер!" деп сұрайды. Бірақ ол нәрсе оған қайырлы емес. Аллаһу та'ала оған жақсылық жасап, оның сұрағанын бермейді. Ол болса "Неге дұғам қабыл болмады?" деп қарсы шығады. Осы тұрғыдан адамдар Аллаһ алдындағы қадіріне қарай төртке бөлінеді. Біріншілер: Ниғмет келгенде қуанады, дерт пен пәлекет келгенде қарсы шығады. Екіншілер: Ниғмет келгенде қуанады, дерт пен пәлекет келгенде қарсы шықпайды, сабыр етеді, бірақ бұлардан құтылуды қалайды. Үшіншілер: Дерт пен пәлекет келгенде разы болады. Төртіншілер: Дерт пен пәлекет келгенде ниғметтерден алынатын ләззаттан күштірек ләззат алады және бұдан айрылуды қаламайды.»