26 Шілде 2017   



Жұма күні

Сұрақ: Жұманың ерекшелігі қандай? Неліктен қасиетті болып саналады?

Жауап: 1) Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Аллаһтың дәргейінде күндердің мырзасы – жұма. Ол құрбан және Рамазан айттарынан да қасиетті. Жұма күнінде мына бес ерекшелік бар: 1) Хазреті Адам осы күні жаратылды. 2) Осы күні жер бетіне түсірілді. 3) Осы күні қайтыс болды. 4) Бұл күнде бір сәт бар, күнә істемеу немесе туысқандармен қарым-қатынасты үзбеу шартымен, пенде Аллаһу та'аладан бір нәрсе сұраса, Аллаһу та'ала міндетті түрде соны береді. 5) Қиямет осы күні басталады. Қиямет осы күні басталатындықтан, жұманың айбарлығынан қорқпайтын, Аллаһқа жақын ешбір періште, ешбір аспан, ешбір жер, ешбір жел, ешбір тау және тас жоқ.

Жұма – мұсылмандардың мейрамы. Бұл күні жасалған ғибадаттарға ең аз дегенде екі есе сауап беріледі. Бұл күні істелген күнәлар да екі есе болып жазылады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Сауаптар арасында жұма күні мен түнінде орындалғанынан құндырағы, күнәлар арасында да жұма күні мен түнінде жасалғанынан жаманырағы жоқ.» (Рамуз)

«Жұма күні күнә істелмей өтетін болса, басқа күндер де саламаттықпен өтеді.» (И.Ғазали)

«Жұма күні құстар, жабайы жануарлар бір-біріне "Сәлем сендерге, бүгін жұма" дейді.» (Дәйләми)

«Жұма келесі жұмаға дейін және тіпті артығымен үш күн ішінде жасалған күнәларға кафарат (өтеу) болады. Өйткені бір жақсы амал жасаған адамға он есе сауап беріледі.» (Табарани)

«Төрт түннің күндізі де түні сияқты қадірлі. Аллаһу та'ала ол күндерде дұға еткен адамның тілегін кері қайтармайды, оларды кешіреді және олар бұл күндерде мол ихсанға қауышады. Бұл түндер: Қадір түні, Арапа түні, Бәрат түні, жұма түні мен күндері.» (Дәйләми)

«Жұма күні ғұсыл алған адамның күнәлары кешіріледі.» (Табарани)

«Жұма күні таң намазынан бұрын "Әстағфируллаһәл азыйм әлләзи лә илаһә илла һууәл хаййәл қаййума уә әтубу илайһ" дұғасын оқыған адамның теңіз көбігі мөлшерінде болса да, барлық күнәлары кешіріледі.» (Ибн Сүнни)

(Осындай үлкен сыйға қауыша алу үшін оқыған адамның дұрыс сенімге ие болуы, құл ақысын, қазаға қалған парыздарын өтеуі және харамдардан бастартуы шарт.)

«Жұма күні және түні қайтыс болған мұсылман шәһид болады, қабір азабынан құтылады.» (Әбу Нуайм)

«Ата-ананың қабірін жұма күндері зиярат еткен адамның күнәлары кешіріледі, ақыларын өтеген болады.» (Тирмизи)

«Жұма күні 80 салауат айтқан адамның 80 жылдық күнәсі кешіріледі.» (Дара Кутни)

«Жұма түні Ясин сүресін оқыған адамның күнәлары кешіріледі.» (Исфахани)

«Жұма күні немесе түні Духан сүресін оқыған адамға жәннатта бір зәулім сарай беріледі.» (Табарани)

 

2) Мойнына жұма намазын оқу парыз болған әрбір мұсылманның сауда-саттықты доғарып, намазға баруы парыз болып табылады. Үзірсіз жұмаға бармау харам. Азан оқылған кезде де сауда-саттықпен айналысу мәкрух. Алайда сауда-саттықтың өзі халал. Яғни сатып алынған заттың өзі мәкрух емес, халал. Бірақ азан оқылып жатқанда сауда-саттық жасалуы мәкрух. (Дүрәр)

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та'ала бүгіннен бастап қияметке дейін сендерге жұма намазын парыз қылды. Әділ немесе залым имам (басқарушы) заманында менсінбей немесе қарсы шығып жұма намазын тәрк еткен адам қиын күндерге тап болсын! Ондай адам тәубе етпесе, оның намазы, зекеті, қажылығы, оразасы және ешбір ғибадаты қабыл болмайды.» (Ибн Мажа)

«Аллаһқа және ахиретке сенген адам жұма намазына барсын!» (Табарани)

«Жұма намазын оқымайтын адамның жүрегі мөрленеді (жақсылық жасай алмайтын болады), ғапіл болады.» (Мүслим)

«Жұма намазына бара жатқанда аяқтары шаң болған адамға тозақ оты харам болады.» (Тирмизи)

«Жұма намазынан кейін жеті рет Ихлас және муаууизәтәйн (яғни Фәлақ пен Нас сүрелерін) оқыған адамды Аллаһу та'ала бір апта бойы апаттан, бәле-жаладан, жаман істерден қорғайды.» (Ибн Сүнни)

«Үлкен күнә істелмеген мерзім бойы бес уақыт намаз бен жұма намазы келесі жұмаға дейінгі арада істелген күнәларға кафарат (өтем) болып табылады.» (Мүслим)

«Жолаушы болған адамға жұма намазын оқу парыз емес, оқыса парыз сауабын алады.» (Хиндийа)

«Жұма намазы оқылмайтын өте кішкентай ауылдарда және кәпір мемлекеттерінде жамағатпен бесін намазы оқылады және қамат айтылады. Жұма намазы сахих болатын мекендерде бесінді жамағатпен оқу және қамат айту мәкрух болады.» (Рәддул мухтар, Фәтауа-и Абдуррахим)

Қамаудағыларға жұма намазын оқу парыз емес. Бесін намазын жамағатпен оқуына болады.

Жұма намазы тек еркектерге парыз. Осы жайындағы хадис шәрифтерден екеуі мынадай:

«Жұма намазын оқу құл, әйел, жас бала, науқастан басқа әр мұсылманға парыз.» (Хаким)

«Жұмаға келмейтін еркектердің үйлерін құлатсам ба деп ойладым.» (Бұхари)

Әйелдердің жұма күні бесін намазын үйлерінде оқуы үшін жамағаттың мешіттен шығуын күтуі шарт емес. (Хидая)

 

3) Жұма күні ораза ұстау мүстаһаб. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Жұма күні ораза ұстаған адамға он ахирет күндік ораза сауабы беріледі.» (Бәйһақи)

Кейбір ғалымдардың үкімі бойынша, жұма күнінде жалғыз бір күн ораза ұстау мәкрух. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Жұма күнінде жалғыз бір күн ораза ұстамаңдар! Алдыңғы немесе кейінгі бір күнмен қосып ұстаңдар.» (Бұхари)

(Сүннет және мәкрух болатындығы білдірілген бір істі орындамау керек! Сондықтан жұма күніндегі оразаны бейсенбі немесе сенбі күндерімен бірге ұстау керек!» (Рәддул мухтар)