28 Наурыз 2017   


  Негізгі бөлім / Дәрет - Ғұсыл / Толық дәрет қалай алынады?

Толық дәрет қалай алынады?

Сұрақ: Дәретті жақсылап алу деген не?

Жауап: Әуелі жақсылап дәрет алудың құндылығын білдірейік. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Дәрет алып жүр және дәретті жақсылап ал, өмірің ұзарсын.» (Хараити)

«Жақсылап дәрет алып мешітке кірген адам Аллаһтың қонағы болады. Ал Аллаһу та'ала қонағына міндетті түрде сый-сияпат көрсетеді.» (Бәйһақи)

«Жақсылап дәрет алғаннан кейін "Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһу уахдаһу лә шәрикаләһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә Расулуһу" деп айтқан адамға жәннаттың сегіз есігі ашылады.» (Нәсаи)

«Жақсылап алынған дәрет – иманның жартысына тең.» (Ибн Хиббан)

«Алғашқы сұрақ дәреттен сұралады. Дәреті жақсы болса, кезек намазға келеді.» (Бәйһақи)

«Жақсылап дәрет алып, екі рәкат намаз оқып, кешірім сұралғанда кешірілмейтін ешбір күнәхар жоқ.» (Тирмизи)

«Жақсылап дәрет алып, намазын жамағатпен оқыған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі.» (Мүслим)

«Жақсылап дәрет алған адам күнәларынан арылған болады.» (Бұхари)

«Жақсылап дәрет алып, бір дін бауырын зиярат етіп барған адам тозақтан ұзақтайды.» (Әбу Дауд)

«Күн көтерілгенде (ишрақ уақытында) жақсылап дәрет алып, екі рәкат намаз оқыған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі.» (И.Ахмед)

«Суықта, ыстықта жақсылап дәрет алу күнәларға кафарат болады.» (Мүслим)

«Жақсылап дәрет алып, ықыласпен намаз оқу кіші күнәларға кафарат болады. Бұл жағдай өмір бойы жалғасады.» (Мүслим)

 

Дәретті жақсылап қалай аламыз?

Пайғамбарымыз алейһиссалам мұны былай айқындаған:

«Жақсы дәрет – дәреттің парыздары мен сүннеттерін орындау арқылы алынған кәміл дәрет.» (Тирмизи)

Ауыз, мұрын, бет, қол және аяқтарды бөлек-бөлек сумен үш рет жуу керек. Әр ретте мүшенің барлық жері сулануы керек. Үш рет су құю емес, үш рет толық жуу сүннет. Үштен аз немесе артық жуу мәкрух.

Өкінішке орай, су шүмегінен дәрет алатындар бұл сүннетті орындамайды. Көпшілік қолдарды, аяқтарды бір реттен жуып жүр. Аяқ саусақтарын да бір реттен тарамдаумен шектеліп жатыр. Үш рет су құйып бір рет жуу сүннетке қайшы болғанындай, бір рет көп су құйып, үш рет жуу да сүннетке қайшы. Бөлек-бөлек үш рет су құйып, үш рет ысқылап жуу керек.

 

Әр мүше үш рет жуылады

Сұрақ: Дәретте әр мүшені үш реттен жуып жүрміз. Бірақ аяқтарды мен бір рет жуамын, су ағып тұрғанда ішімнен үш рет санауым жеткіліксіз бе?

Жауап: Іштей үш рет санау дұрыс емес. Аяқтарды да бөлек сумен үш рет жуу керек. С.Әбәдийа кітабында былай жазылған:

«Жуылатын жерлерді үш рет жуу. Әр ретінде мүшенің барлық жері ылғалдану керек. Үш рет су құю емес, үш рет толық жуу сүннет.»

Нимет-и Ислам кітабында дәреттің сүннеттерінің тоғызыншысында былай делінеді:

«Жуылатын мүшені үш реттен жуу керек. Мақсат – сумен үш рет толық жуу. Әйтпесе бір мүшені жуғанда бір рет алған сумен сол мүшені үш рет жуу арқылы сүннет орындалған болмайды. Үштен артық жуған адам шектен шыққан болады, үштен кем жуған адам да зұлымдық жасаған болады.»

Егер әр жуғанда су шүмегі жабылса немесе аяқ шүмектен тартылса, сүннет орындалған болады.

 

Дәретте ұмытылған сүннеттер

Сұрақ: Дәретті жақсылар алу керек деп айтылады. Жақсылап дәрет алу дегеніміз парызына, сүннетіне және мүстаһабына сай және мәкрухтарынан сақтанып алынған дәрет деген сөз. Ал қазіргі заманда ұмытылған немесе орындалмайтын сүннеттер мен мүстаһабтар қандай? Істеліп жүрген мәкрухтар бар ма?

Жауап: Жалпы ұмытылған сүннеттердің кейбірі мыналар:

1) Дәретті бастарда Бисмиллаһ оқу. Ханбалида Бисмиллаһ оқу парыз.

2) Қолдарды білектермен бірге бөлек-бөлек сумен үш рет жуу.

3) Ауызды бөлек-бөлек сумен үш рет жуу. Ауызды жуғанда, ораза ұстамаған болса, жеңіл ғарғара жасау (тамақты шаю) немесе суды тамаққа дейін жеткізу дәретте де, ғұсылда да сүннет. Ораза ұстағанда жасау мәкрух. (Көбірек ұмытылған сүннеттердің бірі осы.)

4) Тістерді бір нәрсемен тазалау. Мисуакпен жуу керек.

5) Бетті жуған кезде екі қастың астын жуу.

6) Басты толығымен бір рет мәсһ ету. (Көбірек ұмытылған сүннеттердің бірі осы. Маликиде басты толығымен мәсһ ету парыз.)

7) Жуылатын жерлерді үш рет бөлек сумен жуу. (Көбіне аяқтар бір рет жуылуда. Үш рет бөлек-бөлек сумен жуылу керек. Көбірек ұмытылған сүннеттердің бірі осы.)

8) Бетті жуғанда дәретке ниет ету. Шафииде бұл парыз.

9) Әр мүшені бірінен соң бірін жуып жатқанда басқа іспен айналыспау. Маликиде бұл парыз.

 

Дәреттің ұмытылған мүстаһабтарынан кейбірлері мыналар:

1) Дәретті намаз уақыты кіруден бұрын алу.

2) Құбылаға қарап дәрет алу.

3) Әр мүшені жуғанда калима-и шаһадат айту.

4) Аяқ саусақтарының араларын сол қолдың кіші саусағымен және астыңғы жағынан тарамдау.

5) Аяқ саусақтарының арасын үш реттен жуып жатып, әрбірінде тарамдау.

 

Дәретте алуда жасалатын мәкрухтардың кейбірлері мыналар:

1) Әр мүшені үштен кем немесе артық жуу. (Судың қымбат болуы, ауаның өте суық болуы, суға мұқтаж болу сияқты үзірлермен үштен аз жуу мәкрух болмайды.)

2) Аяқтарды жуғанда құбылаға қарай созу.

3) Дәрет пен ғұсылда суды ысырап ету.

 

Басты толығымен мәсһ ету

Сұрақ: Басты толығымен мәсһ ету үшін бастың үстінде құрғақ жер мүлдем қалмау керек пе? Бастың толығын, құлақтар мен желкені мәсһ етудің оңай жолы қандай?

Жауап: Мәсһ ету – сулы қолмен сипау деген сөз. Мүлдем құрғақ жер қалмауы қажет емес. Ылғалды қолмен бастың толығы сипалса мәселе қалмайды. Одан кейін «Құрғақ жер қалды ма» деп ойлау уәсуәса болады.

Басты, құлақтарды және желкені бірге мәсһ ете алу үшін екі қол суланып, екі қолда да үш саусақ (шынашақ, аты жоқ саусақ, ортаңғы саусақтар) бір-біріне жабыстырылып, ішкі жақтары бастың алдына, шаш басталатын жерге қойылып екі қол басқа қойылады. Екі қолдың осы үші саусағының ұштары бір-біріне тиіп тұруы керек. Бас бармақ, сұқ саусақ және алақандар басқа тимей тұрады. Екі қол артқа қарай тартылып, үш саусақ басты мәсһ етеді. Қолдар арттағы шаштың шетіне жеткенде үш саусақ бастан ажырап, екі қолдың алақандары бастың бүйіріндегі шаштардың үстіне жабыстырылып, арттан алдына қарай тартылып, бастың бүйірлері жағы мәсһ етіледі. Кейін сұқ саусауқтар құлақтың ішкі жағына, ал бас бармақтың ішкі жағы құлақтың артына қойылып, құлақтар жоғарыдан төменге қарай мәсһ етіледі. Кейін қолданылмаған басқа үш саусақтың сыртқы жақтары желкеге қойылып, желкенің ортасынан екі жағына қарай түсіріліп мәсһ етіледі. (С.Әбәдийа)

 

Құлақтар қалай мәсһ етіледі?

Сұрақ: Құлақтар қай саусақпен мәсһ етіледі?

Жауап: Құлақтардың сырты бас бармақпен, іші сұқ саусақпен мәсһ етіліп, шынашақтар құлақтың тесігіне кіргізіліп, қимылдатылады. (Ислам Ахлақы)

Сұқ саусақтарды құлақтардың іш жағына, ал бас бармақтардың ішкі жағы құлақтың артына қойылып, құлақтар жоғарыдан төменге қарай мәсһ етіледі. Құлақты мәсһ еткенде бір саусақты құлақтың тесігіне кіргізу мүстаһаб. (С.Әбәдийа)