15 - Шәууал, 1445 жыл.
     24 - Сәуір, 2024 жыл.   


СУ ІШУ ӘДЕБІ

170 – Суды бір деммен ішпе, үш рет бөліп іш! Терлеп тұрғаныңда суық су ішпе, ұйқының арасында да су ішпе, жалпы көп су ішпе! Бұлардың бәрінің денеге зияндары бар. Бір жиында су сұралған кезде, суды бас жағынан беріп баста, оң жақтан бер! Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Суды тұрып ішпеңдер! Бұл денелеріңе зиянды. Тек дәреттен артылған және зәмзәм суды ғана тұрып ішуге болады»деген.

171 – Базарда жүргеніңде ешкімнің мазасын алма! Көшеде сіңбірме, ешкімді мазақтама! Жүріп бара жатқанда және адамдардың алдында тамақ жеме! Ешкіммен айтыспа, доспен де, дұшпанмен де сөз тартыспа! Сатқан затыңды кері қайтарып алып келсе, қарсы болмай қабыл ал! Өтірік айтпа! Харам жеме, ешкімді алдауға тырыспа!

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деген:«Кімде-кім базарға кіргенде “Лә илаһә иллаллаһу уаһдәһу лә шәрика ләһ, ләһул мулку уә ләһул хамду йухий уә йумит уә һууә хаййун лә йәмуту бийәдиһил хайр уә һууә алә кулли шәйин қадир” дұғасын оқысын, мың күнәсі кешіріледі.»

Дүкеніңді Бисмиллаһ айтып аш және солай жап! Жейтін азық-түлік алған кезіңде үйге үсті ашық күйде барма, бір нәрсеге орап, азығыңды жабық күйде алып бар! Үйге келгеніңде балаларыңды қандай да бір нәрсемен қуант! Дүкеніңе кеш барып, ерте жап! [Басқа уақыттарыңда илмихал үйрен және үйрет!]

172 – Бір адаммен жолда дос болсаң, оның жүрісімен бірдей жүр. Онымен сөйлескен кезде жан-жағыңа қарама! Бір шаруамен жанынан кететін болсаң, ертерек қасына бар, оны күткізбе! Досыңның ақысына мән бер, оны ренжітпе! Намаздарды онымен жамағат болып бірге оқы. Қоштасарыңда халалдасып кет!

173 – Бір науқастың көңілін сұрап барғаныңда есіктің алдында ішке кіруге рұқсат сұра! Бисмиллаһ айтып кір, оң жағына отыр, ішке кіргенде сәлем бер, хал-жағдайын сұра! Ауруына қарсы бір емін білсең, оған айт. Ол еститіндей қылып кәлима-и шәһадат айт және тез жазылып кетуін тіле! Науқастың қасында ұзақ отырма! Бір қажеттілігі бар болса, істеп бер! Кетеріңде оған тез жазылуына дұға жаса!

174 – Жаназаға жалғыз барма! Мәжбүрлік болған жағдайда жалғыз барарсың. Жаназа иесіне сәлем беріп, «Аллаһу та’ала сабыр берсін» деп жұбат! Мәйітті жерлеу рәсімдеріне көмектес! Табытты мәйіттің оң жағынан бастап көтер және жаяу жүр. Табыт көтерудің әдебі «Сә’адати Әбәдийа»кітабында кеңінен баяндалған. Пайғамбарымыз жаназаға жаяу барып, мініп қайтатын еді. Мұның себебін сұрағанда: «Табытты алып бара жатқанда періштелер де бірге жүреді, осы себептен жаяу жүру керек және бір нәрсеге мінуге ұялу керек» деді. [Мәйітті кәпірлер сияқты көтеру, азагүл қою, суретін және аза белгілерін тағу күнә болады.]

175 – Жанұяңды (әйеліңді) жақсылап басқар! Жылы сөзбен насихат етіп, Аллаһу та’аланың әмірлерін оған үйрет! Ғұсыл алуына, намазын үзбеуіне қатты мән бер! Барлық қажеттіліктерін халалдан қамтамасыз ет! Оған харам азық жегізбе! Оның егістікте, фабрикада жұмыс істеуіне жол берме! Оның табысы – өзінің мүлкі болады. Өзінің разылығынсыз табысын одан алу саған харам болып табылады. Жанұяңа ашуланған кезіңде оны ұрып, «Сенімен ажырасамын» деген сияқты сөздер қолданба, тіпті намыссыз деп те айтпа. Аузыңа, көзіңе деп боқтама, кәпір боласың. Онымен жылы қарым-қатынаста бол. Оны ұрма! Таяқпен ешкімді ұру жаиз емес. Үйіңе сазды аспап, ішкілік кіргізбе! Үйіңе әр әйелді кіргізіп, жанұяңның зейінін бұзба! Жанұяңның сырын басқаға ашпа. Одан қарызға ақша алма!

176 – Үйіңе Бисмиллаһ айтып кір! Егер уақытың болса, Ихлас сүресін оқы! Пайғамбарымыз (алейһиссалам) «Үйге кірерде Ихлас сүресін оқыған адам кедейлік көрмейді!» деген. Сахабалардан болған Сухәйл “радиаллаһу анһ” пайғамбарымыздың (алейһиссалам) осы кеңесін орындап бай болған. Үйге келгенде оң аяқпен ішке кір және сәлем бер! Үйде ешкім жоқ болса, былай сәлем беруіңе болады: «Әссәләму алейна уә алә ибадиллаһиссалихин.» Мұнымен қоса бір рет «Қулһуаллаһу» сүресін және бір рет «Аятәл курси»-ді оқысаң, үйіңе шайтан кіре алмайды. Қандай істі бастасаң да Бисмиллаһпен баста! Жұмысты және тамақты оң қолыңмен баста! Дастарханға әрдайым адамдармен бірге отыр. Тамақтан кейін дұға және «Қулһуаллаһу» сүресін оқы! Тамақтанғаннан кейін бір сағат өтпегенше су ішпе, бұл ағзаға жақсы емес.

177 – Жататын кезіңде Тәбәрака (Мүлк) сүресін оқы! Пайғамбарымыз (алейһиссалам) былай деген: «Ұйықтайтын кезіңде Тәбәрака сүресін оқымай жатпа! Өйткені, қайтыс болсаң, қабірде саған жолдас болады. Әр түні Тәбәрака сүресін оқыған адам Қадір түнін ғибадатпен өткізгендей сауапқа ие болады.»

Бір түні пайғамбарлардың сұлтаны хазреті Айшаға “радиаллаһу анһа”: «Ей, Айша! Құран кәрімді хатым ет, сонда бүкіл пайғамбарларды өзіңе шапағатшы және барлық мүминдерді өзіңнен разы қыласың» – деді. Бұған орай хазреті Айша “радиаллаһу анһа”: «Ата-анам сізге пида болсын! Аз уақыттың ішінде мұны қалай орындай аламын?» – деп сұрады. Сонда пайғамбарымыз: «Ей, Айша, үш рет “Қулһуаллаһу” сүресін оқы, Құран кәрімді хатым еткендей боласың. Бір рет “Аллаһумма салли алә Мухаммадин уә алә жәми'ил Әнбийа-и уәл мүрсәлин” деп айт, бүкіл пайғамбарлар сенен разы болсын. Бір рет “Аллаһуммағфирли уә ли уәлидәййа [уә ли-мәшәйихиййа] уә лил му'минина уәл му'минат уәл мүслимина уәл мүслимати әл ахйа-и минһум уә әмуат” деп оқы, барлық мүминдер сенен разы болады. Және бір рет “Субханаллаһи уәл хамду лиллаһи уә лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар уәлә хаула уәла қууата илла биллаһил алийил азыйм” деп айт, Аллаһу та’ала сенен разы болсын» – деп жауап берді.

«С.Әбәдийа» илмихалының 1010-ші бетінде былай делінеді: «Әр түрлі адамдар Құран кәрімнің әр түрлі параларын оқыған жағдайда хатымның сауабы пайда болмайды. Хатымды жалғыз бір адам оқуы керек.» Бұларға Құран кәрім оқудың сауабы беріледі. Бұларды да қалағанына бағыштай алады.

178 – Мына сүрелерді таңертең-кешке үш реттен Бисмиллаһпен оқы және әйеліңе, бала-шағаңа да оқыт!

1) Ихлас (Қулһуаллаһу... сүресі.) 2) Муаууизәтәйн (яғни Фәлақ пен Нас сүрелері.) 3) Фатиха сүресі (яғни Әлхамдулиллаһ... деп басталатын сүре.)

Осы төрт сүрені таңертең-кешке үш реттен оқыған адам, мал-мүлкін, жанын, бала-шағасын барлық бәле-жаладан қорғаған болады.

Бұлардан басқа «Қул йа әййуһәлкәфирун...» сүресін таңертең-кешке оқыған адам өзін ширктен қорғаған болады.

Таңертең-кешке мына дұғаны оқыған адам сиқырдан, залымдардың зиянынан және бәле-жаладан сақ болады. Дұға мынадай:

«Бисмиллаһиррахманиррахим, бисмиллаһилләзи лә йәдурру мә'асмиһи шәй-ун фил әрди уәла фиссәмә-и уә һуссами'ул алим.»

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді:«Аллаһу та’аланың үш есімі бар, айтылуы оңай, ал таразыда өте ауыр. “Субханаллаһи уәл хамдулиллаһи уә лә илаһа иллаллаһу уаллаһу әкбар уәла хаула уәла қууата иллә биллаһил алийил азыйм.” Мұның әрбір сөзіне жүз сауап беріледі.»

Төсекке жатарда және төсектен тұрғанда, әрі әр намазда [дұғадан және салауаттан кейін] истиғфарлардың ең үлкені болған мына дұғаны оқысаң, күнәлар кешіріледі. «Әстағфируллаһәл азыйм әл кәрим әлләзи лә илаһа илла һууәл хаййәл қаййума уә әтубу илайһ.»

[Төрт мазһаб фиқһын егжей-тегжейіне дейін меңгерген, үлкен ғалым Сәйид Абдулхаким Аруаси Мырза “рахметуллаһи алейһ” былай деген: «Төсегіңе Әузу мен Бисмиллаһ айтып жат. Оң жаныңмен құбылаға қарап жат. Оң алақаныңды оң бетіңнің астына қой. Әузу-бисмиллаһпен бір рет Аятәл курсиді оқы. Кейін әрбіріне бисмиллаһ айтып үш рет Ихлас, бір рет Фатиха, содан соң бір реттен екі Қул әузу сүрелерін (Фәлақ пен Нас) оқы. Содан кейін үш рет истиғфар дұғасын, яғни «Әстағфируллаһәл азыйм әлләзи лә илаһа илла һу» деп оқы! Үшіншісінің соңына «-әл-хаййәл қаййума уә әтубу илайһ» деп қос! Кейін он рет «Тәуәккәлту аләллаһ уә лә хаула уәлә қууата илла биллаһ» де! Бұған «Кәлима-и тәмжид»делінеді. Оныншысына «-һил алийил азыйм әлләзи лә илаһә илла һу»деп қос! Кейін «Аллаһуммағфирли уә ли уәлидәййа уә лил-му’минина уәл муминат» дұғасын,бір рет салауат, бір рет «Аллаһумма Раббанә әтина фиддунйа хасанатән уә фил ахирати хасанаттән уә қина азәбәннар би-рахматика йа Әрхамәррахимин»  дұғасын және үш немесе он немесе қырық немесе жетпіс рет истиғфар, яғни «Әстағфируллаһәл азыйм» және бір рет калима-и тәухид, яғни «Лә илаһа иллаллаһ Мухаммадун расулуллаһ» деп оқы. Одан кейін қалаған жағыңа қарап ұйықта!»] Имам Раббани 174-ші хатында былай дейді: «Калима-и тәмжид оқу жын ұруға қарсы қорғайды. Ғалымдарымыз жындарды қуу үшін осы дұғаны оқитын еді.» 174-ші хатқа қараңыз! Ей, ұлылардың ұлысы – Аллаһым! Мұхаммед алейһиссалам хабар бергеніндей саған сенемін. Мені қабыл ет! Мені кешір! Мұхаммед алейһиссалам сені бізге хабар бермегенде, мына нұқсан ақылымызбен өзіміз Сені табу, Сені тану құрметіне қауыша алмас едік. Жануарлардан төмен болар едік. Тозақ отында жану жазамыз болар еді. Ей, ұлы пайғамбар! Сенің біздің мойнымыздағы ақың шексіз. Бізді Аллаһымызды танытумен қадірлендірдің. Мұсылман болу бақытына қауыштырдың. Мәңгі отта жану азабынан құтқардың. Сондықтан менен саған шексіз сәлемдер, шексіз дұғалар болсын. Ей, ұлылардың ұлысы Аллаһым! Осы ұлы пайғамбарды бізге танытқан ата-аналарымызға, ұстаздарымызға және Әһли сүннет кітаптарын жазғандарға және жайғандарға мейірім таныт! Әмин!

179 – Хақ та'аланы көп зікір ет, шынайы құл боласың.

Түннің жарымынан кейін оқылған тәһәжжуд намазы күндіз оқылған мың рәкаттан құндырақ. Екі рәкат қаза намазын оқу тәһәжжуд оқудан абзалырақ. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) былай деді:«Түнде оянғанда мына дұғаны оқыған адам барлық тілектеріне жетеді: "Лә илаһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрика ләһ, ләһул мулку уә ләһул хамду уә һууә алә кулли шәйин қадир субханаллаһи уәлхамдулиллаһи уә лә илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар уәлә хаула уәлә қууата илла биллаһил алийил азыйм".»

180 – Үйіңнен шыққан кезіңде «Аятәл курси» оқы! Өйткені, барлық жұмыстарың сәтті болады және қайырлы істерге қол жеткізесің. Расулуллаһ (алейһиссалам) былай деді: «Бір адам үйінен шығарда Аятәл курсиді оқыса, Хақ та'ала  ол адам үйіне келгенге дейін жетпіс періштеге оған дұға мен истиғфар етулерін әмір етеді.» Үйіңе келгенде де оқитын болсаң, екі Аятәл курси арасындағы істерің қайырлы болады және кедейліктің алдын аласың. Әуелі оң аяқ киіміңді ки! Кейін сол аяқпен үйден, мешіттен шық!

181 – Бисмиллаһсыз жима (ерлі-зайыптылар арасындағы жыныстық қатынас) жасама! Әйтпесе араға шайтан араласады. Құрбан айт түнінде, күн сәулесінің астында, жұлдыздардың астында, жеміс ағашының астында, жас баланың жанында, құбылаға қарап және хайз (етеккір) кезінде қосылма. Қораз сияқты тез қосылма және ұзақ үзілістер жасама! Біткеннен кейін зәр шығармай тұрып ғұсыл алма! Аш және шөлдеп тұрғанда қосылма, тоқ қарынға қосылма, сол жаныңмен жатқанда қосылма! Абзал болғаны, мүк түсіп, екі тізеге таянып тұрып жасау және болғаннан кейін дереу ғұсыл алу.

Перзентке діни білім және Ислам ахлақын үйретсең, дүниеге және ахиретке қайырлы болады. Имам Ғазали (рахметуллаһи алейһ) былай деген: «Кімде-кім жүніп бола тұра ғұсыл алмай бір намаз уақытын өткізсе, ол адамға оттан көйлек кигізіледі.»

Моншада ұзақ отырма! Моншада кіндік пен тізе арасын ашпа! Еркектердің және әйелдердің моншада да әурет жерлерін ашуы харам болып табылады. Ашқан адам да, қараған адам да – малғұн.