19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Кімнің үстем екендігі соңғы демде мәлім болады

Кімнің үстем екендігі соңғы демде мәлім болады

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Аллаһу та'ала соңымызды қайырлы қылсын. Ешбіріміз соңымызда не болатынын білмейміз. Жүнәйд Бағдади хазреттерінен бір поп келіп: «Мен үстеммін бе, әлде сен үстемсің бе?» деп сұрайды. Ол «Аптаның соңында кел» деп жауап береді. Бір аптадан кейін келгенінде қайтыс болғанын көреді. «Бүгін маған жауап беру керек еді» деп айтқанында шәкірттері табытын көрсетіп «Анау жақта жатыр, жанына бар да сұра, әулиелер бостан-бос ештеңе айтпайды» деседі. Табытының басына барып, әлгі сұрағын сұрайды. Жүнәйд Бағдади хазреттері Аллаһу та'аланың рұқсатымен басын көтеріп, былай жауап береді: «Сөйлескенімізден бір аптадан кейін өлетінімді білген едім, бірақ соңымның қандай болатынын білмегенім үшін сол күні саған жауап бере алмадым. Сен иман келтіруің мүмкін еді, ал мен имансыз өлуім мүмкін еді. Әлхамдулиллаһ, мен иманмен жан тапсырып, өзімді құтқардым. Қазір айта аламын, мен үстеммін. Ал сен өз жағдайыңа қара!» Бұл кереметке куә болғаннан кейін попшылдық қалады ма?! Поп жылай бастайды, шаһадат калимасын айта бастайды. Сөйтіп мұсылман болады. Үстемдік соңындағы жағдайға байланысты. Осы себептен имансыз өлуден қатты қорқу керек.

Адам біліп күпірге түспейді, бірақ білместен күпірге түсуі мүмкін. Сондықтан «Йа, Раббым, біліп немесе білмей күпірге себеп болатын бір сөз айтқан болсам, сондай бір іс жасаған болсам, бәріне өкіндім, мені кешіре гөр» деп күнде дұға ету керек. Міндетті түрде кешіріледі. Осы тәубеден маңыздырақ болатын басқа міндет жоқ. Өйткені иман кетіп, электр сақтандырғышы тастап жібергенен кейін, электр шамы, сымдар қаншалықты сау болса да, электр қуаты келмегендіктен, пайдасы болмайды.

Расулуллаһ алейһиссалам үнемі «Аллаһумма йа муқаллибәл қулуб, сәббит қалби алә диник» дұғасын оқитын еді. Мағынасы мынадай: «Ей, ұлы Аллаһым! Көңілдерді жақсыдан жаманға, жаманнан жақсыға өзгертетін тек сенсің. Көңілімді дініңде берік қыл, яғни дініңнен бұрылудан сақта, айырма!» Асхаби кирам мұны естіген кезде «Йа, Расулаллаһ! Сіз де қорқасыз ба?» деп сұрады. Сонда «Мәкри илаһиден мені кім сақтай алады?» деді. (Мәкри илаһи – Аллаһу та'аланың айлаларды бұзуы, жазаландыруы.) Өйткені хадис құдсида «Адамдардың жүрегі Рахманның құдіретінен. Жүректерді қалағанындай өзгертеді» делінген. Яғни Жәлал және Жамал сипаттарымен жаманнан жақсыға өзгертеді.

Өзі Аллаһу та'аланың сүйіктісі болса да, жәннаттық және пәк болса да, пайғамбарымыз үмбетіне үйрету үшін осылай дұға ететін еді. Ешбіріміз соңымызда не болатынына сенімді емеспіз. Сондықтан ойнап-күлетін уақыт емес, дұға етіп, жалбарынып, Аллаһу та'аланы ұмытпай, Оны әр сәтте еске түсіріп өткізетін уақыт. Осылай өтсе, әр күніміз мейрам болады.