19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / Иман / Иман дегеніміз не?

Иман дегеніміз не?

Сұрақ: Иман дегеніміз не?

Жауап:  Иман – “Әмәнту билләһи...де” білдірілген алты нәрсеге сену және Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарын толық қабылдау, оған сену және сенгендігін тілімен айтып растау дегенді білдіреді.

 

ӘМӘНТУ: «Әмәнту билләһи уә Мәлаикәтиһи уә Кутубиһи уә Расулиһи уәл-яумил-ахири уә бил-қадари, хайриһи уә шәрриһи мин аллаһи таала уәл-баъсу баъдал мәути хаққун, Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһү уә Расулүһ»

Мағынасы: Аллаһу та’аланың бар және бір екендігіне, періштелеріне, жіберген кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтан екендігіне, өлгеннен соң қайта тірілуге сендім. Аллаһу та’ала бір, серігі және ұқсасы жоқ екендігіне, Мұхаммед алейһиссалам – оның сүйікті құлы және пайғамбары екендігіне шаһадат (күәлік) етемін.

 

Иман – соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар ретінде көрсеткен нәрселерін ақыл, тәжірибеге және пәлсапаға сүйенбестен қабылдап, оларға сену, иман келтіру деген сөз. Ақылға сай болғаны үшін қабылдадым десе, онда өз ақылына иман келтірген болады. Яғни пайғамбардың білдірген нәрселеріне емес, өз ақылының мойындағандарына сенген болады. Немесе өз ақылы және пайғамбардың айтқандарына бірге сенген болады, ал бұл да пайғамбарға деген иманының кәміл, толық емесігінің белгісі. Иманның толық болмауы, иманның жоқтығын білдіреді.

Аллаһу та’ала: «Олар ғайыпқа (Расулымның білдірген нәрселеріне көрмей тұрып) иман келтіреді.» деп бұйырады. (Бақара-3)  Расулуллаһ алейһиссалам да: «Дінді (үкімдер мен білдірілгендерді) ақылымен өлшеп, сараптайтын адамнан асқан зиян жоқ.»  деп бұйырды. (Табарани)

Көз тиетініне сенбейтін кісі: “Қазіргі таңдағы ғылым көзге көрінбейтін сәулелердің бар екенін және әсер ететінін анықтады. Мысалыға пульт арқылы ТД-ды және радионы немесе машинамыздың ашылып жабылуын жүзеге асыра аламыз. Сондықтан бұдан былай мен көзден шығатын сәулелердің зиян келтіре алатынына сендім” дейтін болса, бұл сенімінің ешбір маңызы болмайды. Себебі ол кісі дінге емес, пульттан шыққан сәулеге сенгенін мойындауда. Немесе сол сәулемен бірге пайғамбарғымыздың айтқанына сенуде. Яғни ғылым анықтағаны үшін, сәулелердің әсерін көзбенен көргені үшін «сендім» дейді. Алайда бұл иман болмайды. Дінде білдірілген нәрселер ғылыми түрде дәлелденбеген болса да, пайдасы мен зиянын көзімен көрмесе де сену керек. Шынайы иман ғайыпқа сену, яғни көрместен сену болып табылады. Көргеннен кейін «сендім, иман келтірдім» деп айту,  иман болмайды. Ол тек көргенін мойындау болады. Бақара сүресінің 3-аятында, ғайыпқа сеніп, иман келтіру мадақталған. Иманның алты шарты да ғайыпқа сену керектігін талап етеді. Себебі олардың ешбірін де көрген емеспіз.

Расулуллаһ алейһиссалам төмендегі иманмен байланысты аяттарды ашықтап иманға былайша анықтама берді: “Иман – Аллаһқа, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларға, ақырет күніне, (яғни қиямет күніне, жаннатқа, жаһаннамға, есепке, мизанға), тағдырға, жақсылықпен жамандықтың Аллаһтан екендігіне, өлімге, өлгеннен соң қайта тірілуге сену дегенді білдіреді . Аллаһтан басқа тәңір жоқтығына және мен Оның құлы және расулы екендігіме шәһәдәт ету деген сөз.” (Бұхари, Муслим, Насаи)

 

Құран кәрімде былай бұйырылған:

“Негізгі игілік – Аллаһқа, ақырет күніне, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтіру болып табылады.” (Бақара 177)

“Олар ғайыпқа (Аллаһқа, періштелеріне, қиямет күніне, жаннат пен жаһаннамды көрместен) иман келтіреді.” (Бақара 3)

“Олар саған түсірілген кітапқа, сенен бұрынғы кітаптарға және ақыретке иман етеді.” (Бақара 4)  

Осы үш аятта Аллаһқа, ақыретке, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға және ғайыпқа сену жөнінде білдірілген.

 

“Аллаһ олардың не істегендерін де, не істейтіндерін де біледі.” (Бақара 255)

“Өлімі Аллаһтың бұйрығынан тыс болған ешкім жоқ.” (Али Имран 145)

“Өлім мерзімін белгілейтін тек қана Аллаһ.” (Әнғам 2)

Бұл үш аят тағдырдың Аллаһу та’ала тарапынан болатындығын білдіруде, тағдырға сенуді көрсетуде.

 

“Өздеріне бір жақсылық келсе: “Аллаһ тарапынан ” дейді, ал бастарына бір жамандық  келсе, “Бұл сенің тарапыңнан” дейді. Оларға “Барлығы да Аллаһтан” деп айт.” (Ниса 78) 

Бұл аят жақсылық та, жамандық та Аллаһтан болатынын білдіруде.

 

“Мұхаммед (алейһиссалам) Аллаһтың расулы және пайғамбарлардың соңғысы.” (Ағзап 40)

Бұл аят та расулуллаһтың пайғамбар екендігін білдіруде.

 

 

Амәнтудың мағынасы:

 

Аллаһу та’алаға сену

 Аллаһу та’аланың бар және бір екендігіне, Одан басқа жаратушы жоқтығына, барлық нәрсені жоқтан жаратқанына, жүрекпен сену, қабыл ету деген сөз. Ғаламға рахмет етіп жіберген соңғы пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам арқылы жіберген дінін толығымен қабылдау, ұнату керектігін білдіреді. Бір аят-и кәрімде былай бұйырылған:

“Аллаһу та’алаға және умми нәбиі болған расулына иман келтіріңдер!” (Ағраф 158)

 

Періштелерге сену

Періштелер нұрдан жаратылған. Еркек-әйел болып бөлінбейді. Барлығының күнә істемейтінін, сенімді екендігін қабылдау, жасаған істерін ұнату шарт болып табылады. Бақара сүресінде былай бұйырады:

“Игіліктің негізі – Аллаһқа, ақыретке, періштелерге, кітаптарға, нәбилерге сену болып табылады.” (Бақара 177)

 

Кітаптарға сену

Забур, Тәурат, Інжіл, Құран және басқа да кітаптардың Аллаһу та’ала тарапынан жіберілгендігіне, барлығының да хақ (дұрыс) екендігіне сену керек. Бірақ соңғы кітап құран кәрімнен бұрынғы кітаптардың барлығы адамдар тарапынан өзгертілгенін, Аллаһтың сөзі еместігін білу, оны қабыл ету керек. Бұрыңғы кітаптардың еш қайсысы өзгертілмеген күнде де Аллаһу та’ала тарапынан үкімі жойылғандығын, яғни күшінің жойылғандығына сену керектігін білдіреді. Бір аят-и кәрімде былай деп бұйырады:

“Олар саған түсірілгенге (Құран кәрімге) сенен бұрын түсірілген кітаптарға сенеді.” (Бақара 4)

 

Пайғамбарларға сену

Пайғамбарлардың барлығы Аллаһу та’ала тарапынан таңдалған, сенімді, дұрыс сөзді, күнәдан сақталғанын (яғни мүлдем күнә істемейтіндігін) қабылдау керектігін білдіреді. Олардың біреуіне сенбеген, қабылдамаған адам кәпір болады. Пайғамбарлардың алғашқысы Адам алейһиссалам және соңғысы Мұхаммед алейһиссалам екендігіне сену, қабыл ету деген сөз. Пайғамбарымыз білдірген діни үкімдерінің барлығын ең жақсы түрде және кемтіксіз жеткізгеніне сену, осы әмірлер мен тыйымдарының барлығын қабылдап, барлығын ұнату керектігін білдіреді. Бір аят-и кәримада былай бұйырады:

“Барлық пайғамбарларға сеніп, еш қайсысын басқаларынан айырмағандар Аллаһтың сыйапатына қауышады.” (Ниса 152)  

Тағдырға сену

Аллаһу та’ала адамдарға жузи қалау еркіндігін бергендігін, адамдар да осы жузи қалауымен шешім қабылдайтынына және істегендерінің барлығын Аллаһу та’аланың жаратқанына иман ету дегенді білдіреді. Жақсылық пен жамандық, барлық нәрсені құлдары қалайтынын, Аллаһу та’ала да мұны қалайтын болса жарататынын білу, мұны қабыл ету және ұнату деген сөз. Бір аят-и кәримада былай бұйырады:

“Аллаһтың әмірі міндетті түрде орындалатын, жазылған тағдыр болып табылады.” (Ахзаб 38)

 

Ақырет күніне сену

Адамдардың қиямет қайым болғанда қайта тірілуіне, есеп және мизаннан кейін мұсылмандардың жаннатқа, кәпірлердің тозаққа кететіндігі және ол жерде мәңгіге қалатындығына сену, мұны қабыл ету және ұнату дегенді білдіреді. Бір аят-и кәримада былай бұйырады: “Олар (мұсылмандар) ақырет күніне сенетіндер.” (Бақара 4)

 

Калима-и шаһадатқа төмендегідей етіп сену керек:

Мен Аллаһтан басқа жаратушы жоқтығына шаһадат (куәлік) етемін, мұны көргендей білемін және білдіремін. Және де Мұхаммед алейһиссалам Оның құлы, расулы және соңғы пайғамбары екендігіне шаһадат етемін. Екі аят-и кәримада былай бұйырылды: “Мұхаммед (алейһиссалам) – Аллаһтың расулы және нәбилердің соңғысы” (Ағзап 40)

“Аллаһқа және расулына сенгендерге, раббыларының алдында нұрлар және сауаптар бар.” (Хадид 19)

 

Сену дегеніміз не?

Сұрақ: Мұсылман болу үшін «әмәнтудегі» алты негізге сену шарт деніледі, алайда сену дегеніміз не?

Жауап: Сену – көргендей қабылдау, ұнату деген сөз. Кез келген адамның мұсылман болуы үшін, иманды болуы, яғни дініміздің әмірі мен тыйымдарына сенуі шарт болып табылады. Тек сенудің өзі де жеткіліксіз, бұл әмірлерді ұнатуы, жақсы көруі де шарт. Бұл да біліммен болады.  Әмірлерді орындау, орындамау басқа, бұларды қабылдап, ұнату басқа нәрсе. Орындау орындамау күнә мен сауапқа байланысты болса, қабыл ету мен жақсы көру де иманмен байланысты болып табылады. Иманның алты шарты өте маңызды. Аз да болса күмәндануға болмайды. Сенгенімен ішінде біреуін ұнатпау кәпірлік болып саналады.

 

Иманның анықтамасы қандай?

Иманның анықтамасы:             “Иман – Мұхаммед алейһиссаламның пайғамбар ретінде білдіргендерін тергемей, зерттемей, ақыл мен пәлсапаға сүйенбей қабылдау және сену деген сөз. Ақылға сай болғандықтан қабылдаса, онда ақылын қабылдаған болады, расулды қабылдаған болмайды. Немесе расул мен ақылды бірге қабылдаған болады, ол кезде де сенімі толық болмайды. Сенім толық болмайынша иман болмайды. Иман – әмәнтудегі алты шартқа кесінді түрде сену деген сөз. Себебі: құран кәрімде жақсылар мадақталғанда “Олар ғайыпқа сенетіндер” деп бұйырылды.

Сұрақ: Бұл (жоғарыда) айтқан анықтамаңыз құранға қайшы. Бақара сүресінің 62-ші аятына қайшы келеді. Иман тек Аллаһқа және ақыретке болуы керек. Бұл анықтаманың Мұхаммеди сөздерімен ешбір байланысы жоқ.             Жауап: «Мұхаммеди» деген сөзді қолдануыңыз дұрыс емес. Бұл пайғамбарымыздың Аллаһтың расулы екендігіне сенбейтін, құранды Аллаһтың сөзі емес Мұхаммед алейхиссаламның сөзі дейтін мушриктер мен миссионерлердің қолданатын сөзі. Иман келтіруді керек ететін жайттар тек Бақара сүресінің 62-ші аятында ғана айтылған ба? Басқа аяттарды неге жасырасыз? Иман тек Аллаһқа және ақыретке емес, әмәнтудегі алты шартқа да сену дегенді білдіреді. Бақара сүресінің үшінші аятында: ғайыпқа сену, көрместен бұрын сену мадақталған. Иманның алты шарты да ғайыпқа сену болып табылады. Өйткені, еш қайсысын көрген емеспіз.

 

Пайғамбарлардан кейінгі бүкіл адамзаттың ең үстемі болған Хазреті Әбу Бәкрдің бұл үстемдікке қалай қауышқанын, қалай «Сыддық» атанғанын білесіз бе? “Аллаһ не десе де дұрыс. Аллаһтың расулы не десе де дұрыс” деп айтуымен осындай дәрежеге көтерілген. Кәпірлер: “Мұхаммед - Әбу Бәкрге шамасы сиқыр жасаған болса керек, өйткені көрместен сенді, бір сәтте оның миғражға барып келгендігін қабылдап растады.” деп қайран қалған.

 

Баршаға керек болған иман.

Имансыз болған адамның шексіз тозақ отында жанатыны туралы пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам білдірген. Бұл хабар әрине дұрыс. Бұған Аллаһу та’аланың бар екендігіне және серігі жоқ бір болғандығына сенгендігіміз секіліді сенуіміз керек. Шексіз тозақ отына түсіп азапталу дегеніміз не? Кез келген адам тозақ отында мәңгі азапталуды ойлайтын болса, бұл қорқыныштан ақылынан алжасуы да мүмкін болады. Ол адам әрине бұл пәлекеттен  құтылудың жолын іздейді. Ал одан құтылу жолы өте оңай. “Аллаһу та’аланың бар және бір екендігіне, серігі мен ұқсасы жоқ екендігіне және соңғы пайғамбар Мұхаммед алейһиссаламның айтқандарының барлығына сеніп және ұнатып, жүрекпен қабылдауы, яғни сенуі” ахыреттегі шексіз азаптан құтқарып, сансыз ниғметке қауыштырады.

 

Бір адам “мен осы шексіз тозаққа түсіп азапталады дегенге сенбеймін, сондықтан да мұндай палекеттерден қорықпаймын, құтылу жолын да іздемеймін” десе, оған “сенбеу үшін қолыңда бір дәлелің, бір құжатың бар ма? Қай ғылым сенуіңе кедергі болып жатқан?” дейтін болса, не деп жауап береді? Әрине еш қандай дәлелдейтін құжат көрсете алмайды. Дәлелі, құжаты болмаған сөзге ғылым делінеді ме? Бұған жорамал немесе ықтимал деп атайды. Миллионда, миллиардта бір ықтималдық болса да, «шексіз тозақ отымен азапталу» қорқынышынан сақтануды қажет етпей пе? Ақылы аз адам да мұндай ауыр азаптан, шексіз болған тозақ  азабына түсу ықтымалынан құтылудың шарасын қарастырады. Міне сондықтан ақыл есі дұрыс әрбір адам Аллаһу та’алаға иман келтіруі тиіс.

 

Иман келтіру үшін салық төлеу, құнын өтеу, жүк тасып жүру, тәтті нәрселерден тыйылу секілді қиыншылықтарға төзу қажет емес. Тек қана жүрекпен, ықыласпен, шын көңілмен сену жеткілікті. Бұл сенімін басқа сенбейтін адамдарға білдіруі де міндетті емес. Имам Раббани хазреті былай бұйырған: “Шексіз тозақ азабына сенбейтіндердің, бірақ бұл болуы мүмкін нәрсе деп бұған өте аз ықтимал беруі, оны ойлауы – ақыл талабы”. Шексіз тозақ отында жану ықтималдығы алдында, одан құтылудың бір ғана жолы иман ниғметінен қашу – ақымақтық емес пе?

 

Иманнан махрұм болғандар.

Сұрақ: «Иман келтіргеннің несі кем, ал иманы жоқтың несі артық?» деген сөзді қалай түсінуге болады?

Жауап: Үкім – нәтижеге қарай беріледі. Нәтижеде мәңгілік пайдаға немесе мәңгілік зиянға қауышқанына қаралады. Мәңгілік ниғметтерге немесе азаптарға түсудің себебі – адамның бойында бір қазынаның бар немесе жоқтығына байланысты. Бұл қазына – иман деп аталады, яғни мұсылмандық. Бұл қазынаны иемденген адамның барлық нәрсесі бар деген сөз. Ал одан махрұм болғандардың ешнәрсесі жоқ деген сөз. Мәселен, дүниедегі ең кедей адам салих мұсылман болсын делік. Оған «дүниенің барлық мал-мүлкін, бүкіл қазынасы мен қоса дүниедегі басшы сен боласың, бірақ иманыңнан бастартуың керек» дейтін болса, ол мұсылман бұл ұсынысты ешқашанда қабылдамайды. Демек, иманды кісі дүниедегі бүкіл байлықтпен сатып ала алмайтын, құн жетпейтін қазынаға және қол жетпейтін мәртебеге ие.

 

Нәтижеде Аллаһу та’алаға иман келтірген адам сол күйінде өліп кетсе де мәңгілік жаннаттық болады. Дүниеде еш нәрсесі болмаса да оның маңызы қалмайды. Имансыз өліп кеткен адамның ақыры мәңгілік жаһаннам болады. Дүниеде барлық мал-мүлк соныкы болса да оның пайдасын көре алмайды. Сондықтан іске кіріспес бұрын бұл істен Аллаһу та’ала разы ма, разы емес пе соған мән беруіміз керек. Егер Ол разы болса, басқа ешкімге ұнамаса да, оның  маңызы жоқ. Ал егерде Ол разы болмастан, басқаларына ұнаса, мұның да ешқандай құндылығы жоқ. Олай болса кез келген істе өлшеуіміз Аллаһу та’аланың разылығы болуы керек.

 

Тілімен айтып растау             Сұрақ: Бір ағылшын досым бар. Мұсылман болыпты, намазын да оқиды екен, бірақ мұнысын ешкімге айтпаған екен. Ағылшындар мұсылман болғанын білсе, жақсы көзқараспен қарамайтындығын айтады. Кітаптардан оқыған екен «жүрекпен қабылдап, тілменен растау» керек деп, қазір мен қанша адамның алдында мұсылман екенімді айтуым керек дейді. Мұсылман болғанымды айтпай немесе айта алмай өліп кетсем мұсылман болып есептелмеймін бе деп сұрайды?

Жауап: Иә, иман келтіру үшін жүрекпен қабылдап, тілменен де айту керек. Бірақ оны басқалардың алдында айтудың қажеті жоқ. Ислам өлкесінде мұсылман ретінде танылып, мұсылмандарға жасалатын мәміле оған да жасалуы үшін және мұсылман мазаратына жерленуі үшін айтуы керек болады.

 

Сену және ұнату

Сұрақ: Аллаһқа,жаннат пен тозақтың бар екеніне сенетіндердің бәрі де мұсылман болып саналады және олар жаннатқа кіреді деп естідім. Осы дұрыс па?

Жауап: Өте қате пікір! Шайтан да Аллаһқа сенеді, ол да жаннат пен тозаққа сенеді. Тіпті иманның басқа шарттарына да: періштелерге, пайғамбарларға, жіберілген кітаптарға, өлгеннен кейінгі қайта тірілуге, есепке сенеді яғни оларды біледі. Демек «әмәнтудегі» негіздерге тек сенуменен, оларды білумен иман болмайды. Әмәнтуде білдірілген алты шартқа сенумен бірге, Аллаһу та’ала тарапынан білдірілген әмірлер мен тыйымдардың барлығын қабылдап, ұнатуы да шарт болып табылады. Ішінен біреуін ұнатпаған адам мұсылман болмайды. Сонымен қатар «Хубби филлаһ, буғди филлаһ» бар. Яғни Аллаһ достарын дос, дұшпандарын дұшпан деп білу керек. Керісінше, Аллаһ достарын дұшпан, дұшпандарын дос деп білген адам мұсылман бола алмайды.

 

Демек «әмәнтуге» шайтан да сенеді, барлығын да жақсы біледі. Бірақ шайтан, өзі сенетін, жақсы білетін бұл нәрселерді қабылдамайды, ұнатпайды және Аллаһ достарын дұшпан, дұшпандарын дос деп біледі. Шайтан секілді білетін және сенетін адам мұсылман болмайды.

  Ең құнды болған иман Сұрақ: Иманның ең құндысы (үстемі) қандай болады?

Жауап: Иманның алты шартына сеніп, «хубби филлаһ, буғди филлаһ» яғни Аллаһтың достарын дос, дұшпандарын дұшпан деп білу, үнемі Аллаһу та’аланы еске алып жүру, барлық істерін дінге сәйкес орындау, Аллаһ үшін орындау иманның құндысы болып табылады. Бір хадис шәрифте былай бұйырады:

“Ең құнды иман – қайда болсаң да Аллаһу та’ала сенімен бірге екендігін білуің” (Табарани)