24 Ақпан 2017   


  Негізгі бөлім / Қасиетті уақыттар (күндер-түндер) / Жұма күні жасалатын амалдар

Жұма күні жасалатын амалдар

Сұрақ: Жұма күні мұсылманның орындауы керек болған қандай амалдар бар?

Жауап: Жұма намазына ғұсыл алу, хош иістер себіну, жаңа, таза киімдер кию, шаш, тырнақ алу сүннет болып табылады. Тырнақтарды жұма намазынан бұрын немесе кейін қырқу сүннет. Намаздан кейін қырқу абзалырақ. (Дуррул мухтар)

Хадис шәрифте: «Жұма күні тырнақ қырқу шипаға себеп болады» делінеді. (Әбушшәйһ)

Бейсенбі күні де тырнақ қырқуға болады. Хадис шәрифтерде былай айтылады:

«Ей, Әли, тырнақты бейсенбі күні қырқу керек. Жұма күні де хош иіс себін және жаңа киім ки.» (Дәйләми)

«Жұмаға бейсенбі күнінен бастап дайындалыңдар!» (Хатиб)

«Әр мұсылман жұма күні жуынуы, мисуакпен тіс тазалауы және хош иіс себінуі керек.» (Бұхари)

Жұма күндерінде мына амалдарды жасау да жақсы болады:

1) Жұманы бейсенбіден бастап қарсы алу керек. Бейсенбі күні екіндіден кейін истиғфар ету керек. Құран кәрім және Ясин сүресін оқу керек. Бір хадис шәрифте: «Жұма түні Ясин сүресін оқыған адамның күнәлары кешіріледі» делінген. (Исфәхани)

2) Жұма түні жұбайымен бірге ғұсыл алу керек. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Жұма күні ғұсыл алған адамның күнәлары кешіріледі» деген. (Табарани)

3) Жұма намазына ерте барып, алғашқы саптардан орын алу керек. Намаз оқып жатқан адамның алдынан өтпеу керек. Имам минберге шыққанда сөйлемеу керек.

4) Аз болса да, садақа беру керек. Бала-шағаның напақасын мол қылып беру керек.

5) Жұма күні дұғаның қабыл болатын уақытын табу үшін үнемі ғибадат жасау керек.

6) Жұма күні көп салауат айту керек. Бір хадис шәрифте былай делінеді:

«Жұма күні 80 салауат айтқан адамның 80 жылдық күнәсі кешіріледі.» (Дара Кутни)

7) Ата-ананың және әулиелердің қабірлерін зиярат ету керек. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Ата-анасының қабірін жұма күндері зиярат еткен адамның күнәлары кешіріледі. Олардың ақылары өтелген болады.» (Тирмизи)

8) Жұма күні қуану, кездескен мұсылмандарды жұмамен құттықтау жақсы болады. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Жұма күні құстар және жабайы жануарлар бір-біріне "Ассаламу алейкум, бүгін жұма күні" дейді.» (Дәйләми)

9) Жұма күндері және әр күні мына (истиғфар) дұғасын көп оқу керек:

«Аллаһуммағфир ли уә ли абаи уә уммәһати уә ли әбнаи уә бәнати уә ли ихуати уә әхауати уә ли амами уә аммати уә ли ахуали уә халати уә ли зәужати уә әбәуәйха уә ли әсатизәти уә лил мү'минина уәл мү'минат уәл хаиду лиллаһи Раббил аләмин!»

Әйел оқыса, «зәужати» орнына «зәужи» және «әбәуәйха» орнына «әбәуәйхи» деп оқуы керек.

10) Екіндіден кейін жайнамаздың үстінде қолдан келгенше «Йа Аллаһ, йа Рахман, йа Рахим, йа Қауи, йа Қадир» деп оқып, кейін дұға ету керек.

 

Тырнақ қырққанда

Сұрақ: Тырнақтарды қандай ретпен қырқу керек?

Жауап: Оң жақтан бастап қырққан жөн. (С.Әбәдийа)

Алдымен оң қолдың сұқ саусағынан бастап, ретімен сол қолдың бас бармағына дейін қырқылады. Ең соңында оң қолдың бас бармағының тырнағы қырқылып бітіріледі. Аяқ саусақтарында да оң аяқтың кіші саусағынан бастап, сол аяқтың кіші саусағымен бітіріледі. (Хиндийа)

 

Тырнақ қырқу

Сұрақ: Жұма күні тырнақтарын ала алмаған адамның келесі жұманы күтуі керек пе?

Жауап: Жоқ, келесі жұманы күтпестен қырқу керек. (С.Әбәдийа)

 

Са'й ету

Сұрақ: Жұманың уәжіптерінің бірі – мешітке сай етіп бару екен. Сай ету деген не?

Жауап: Са'й ету – істі бітіруге кірісу, тырысу және тез жүру деген мағыналарға келеді. Қажылықта Сафа мен Мәруа арасында өз тәсілі бойынша жеті рет барып келуге де са'й делінеді. Са'й – асығу деген сөз.

 

Жұма мейрамы

Сұрақ: Жұма күні жаңа және таза киім кию керек пе?

Жауап: Иә, ең жақсы киімдерімізді кию керек. Өйткені жұма – мұсылмандардың мейрамы. Тіпті ол екі айт мейрамынан да құндырақ. Бір хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Аллаһу та'аланың дәргейінде күндердің сәйиді – жұма, ол Құрбан және Рамазан айттарынан да құнды.» (Бұхари)

Жұма күні құнды киім киюге қатысты хадис шәрифтердің кейбірлері төменде:

«Ей, Әли, жұма күні хош иіс себін және жаңа киім ки!» (Дәйләми)

«Күнделікті киіп жүрген киімнен басқа жұма күндері киілетін арнайы киімнің болуы қандай жақсы.» (Ибн Мажа)

«Расулуллаһ алған жаңа киімін жұма күні киетін, Аллаһқа шүкір етіп, екі рәкат намаз оқитын және ескі киімін біреуге беретін еді.» (Хатиб)

«Расулуллаһ Йемен матасынан жасалған киімді жұма және айт күндері киетін еді.» (Бәйһақи)

Олай болса, жұма күндері ең жақсы киімдерімізді киюіміз керек.