19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Ілімге қалай қызмет етуге болады?

Ілімге қалай қызмет етуге болады?

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Су ағатын жерде ағаштар және көк шөптер жайқалады. Су болмаса, бұлар да болмайды немесе бірең-сараң кездеседі. Міне, Ислам діні бұйырған ілім де ағын су сияқты. Ағын судың айналасында өсімдіктер қалай өніп өсетін болса, ілім аққан жерде де адамдар өмір табады. Осы тұрғыдан мұсылман сауатсыз қалса, қурап кетеді. Ислам дінінің ең үлкен дұшпаны – надандық. Бір мұсылманды сауатсыз қалдыру – оған жасалатын ең үлкен жамандық. Сауатсыз қалдырылған адамды әркім қалағанындай қолдана алады. Сол себепті біз мұсылман ретінде әрі дінімізді дұрыс үйреніп, ғибадаттарымызды дұрыс орындауымыз керек, әрі заманның ең озат технологияларын меңгеруіміз керек. Мұсылман болмағандардан қалыспауымыз керек.

Бір жерден ілім жоғалса, дін де жоғалады. Бірақ ыдыстан су шыққанда ыдыс бос қалмай, ішіне ауа қалай толатын болса, бір жерден дін кетсе, ол жер бос қалмайды. Үлкен ғалымдардың кітаптары оқылмаса, алдымен мұсылмандар арасында бидғаттар тарайды, кейін надандық дүрбелеңі, одан кейін әдепсіздік дүрбелеңі басталады.

Имам Раббани хазреттері былай айтқан:

«Аллаһу та'ала бір пендесін жақсы көрсе, оған екі нәрсе береді: Біріншісі, оны сүйікті құлдарымен таныстырады, оған достарын танытады. Асхаби кирамға сүйікті пайғамбарымызды танытқаны сияқты. Ал екіншісі, оған бір қайырлы жұмыс нәсіп етеді.»

Қайырлы жұмыс дегеніміз – дінімізге қызмет ету, яғни Әһли сүннет сенімін және илмихал білімдерін жаю. Әһли сүннет ғалымдарының жолында жасалған қызметтердің негізгі мақсаты – дінімізден бір мәселе көбірек үйрену. Дұрыс ілімнің жайылуынан ешкім қорқпайды. Бірақ надандық келсе, бәрі қашатын жер іздейді.

Ислам дініне қызмет ету дұрыс мағлұматтарды жаю арқылы атқарылады. Ілім бар болса, дін де бар. Ілім болмаса, дін де жоқ.

Қай ұлттан, қай діннен болса да, ешкімге ешкімнің жанын кесуге рұқсат жоқ. Денесінің әр түрлі жерлеріне динамит толтырып, «Аллаһу әкбар!» деп, әйел, бала-шаға деместен тірі бомба болып күнәсіз адамдарды өлтіретіндерге обал болсын! Ислам дінін өздеріне қорған және перде қылып, қиянат еткен және қылмыс жасаған осындай адамдардың Ислам дініне тигізген зиянын ешбір кәпір тигізе алмайды. Заңға бағынбай, алдынан шыққан адамдарды өлтіруге болады ма? Мұны істеген адамға қалайша мұсылман деуге болады?