19 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Әулиелердің жолында көп қиыншылықтар келеді

Әулиелердің жолында көп қиыншылықтар келеді

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Мұсылман илләт, зилләт және қилләттен құтыла алмайды. Ең аз дегенде осы үшеуінің біріне тап болады. Илләт – ауру, қилләт – кедейлік, ал зилләт – жәбір көру, қорлыққа ұшырау деген сөз. Шынайы мұсылманды мүртәдтер (діннен шыққандар), мұнафиқтар (екі жүзділер), тіпті кейде мұсылмандар да қорлайды, айыптайды. Бұл мүминдер үшін бақыт. Егер керісінше бұлай болмаса, жақсылықтың белгісі емес. Әсіресе әулиелерге тіл тигізілу бұл жолдың қадірлілігінен. Расында, Сәйид Абдуллаһ Деһләуи хазреттері шәкірті Мәулана Халид Бағдади хазреттеріне былай деген:

«Сен Бағдадқа қайтқан кезіңде көптеген қиыншылықтар көресің. Сені ешкім қабылдамайды, қор қылады. Кейбір адамдар "Сендердің жолдарың хақ еді ғой, ұстазың да үлкен әулие еді. Неге қиындық шегіп жүрсің онда?" деп сұрайды. Сен оларға: "Біздің жолымыз осы. Бұл жолда қиыншылықтар болады. Ең көп қиыншылықты сүйікті пайғамбарымыз көрді. Алайда, Ол Аллаһу та'аланың ең сүйікті құлы еді. Бұл қиыншылықтар осы жолдың қадірлілігінен" деп айт.»

Аллаһу та'аланың дініне қызмет етуде көптеген қиыншылықтар болады. Бұл қызмет үлкен қайсарлық пен құрбандықты талап етеді. Егер үлкен әулиелеріміз бұл қиыншылықтарды көрмегенде еді, үйлерін, отандарын тастап кетпегенде еді, жаны мен малын пида етпегенде еді, біз қалай мұсылман болар едік? Асхаби кирам Аллаһу та'аланың пенделері тозақта жанбасын деп Арабиядан шығып, Анадолыға, Испанияға, Солтүстік Африкаға, Үндістанға, Қытайға, Түркістан еліне, әлемнің барлық жағына кері қайтпау шартымен тарады. Сол жерде шәһид болды.

Бізге дейін жетіп келген бұл аманатты бізден кейінгі нәсілдерге жеткізбесек, аманатқа қиянат жасаған боламыз. Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын таратпасақ, адамдар мұсылмандықты үйренбестен, естіместен тозаққа түсетін болса, мұның жауапкершілігі бәріміздің мойнымызда болады. Адамдарға дінімізді дұрыс күйде түсіндіруге мәжбүрміз.

Убәйдуллаһ Ахрар хазреттері «Аллаһу та'аланың разылығына қауыштыратын ең қысқа жол – Оның пенделеріне жақсылық жасау» деген. Бәріне жақсылық жасайық. Ғибадат жасап жүрміз, бірақ Аллаһу та'алаға ұсына алатындай, қабыл етілуге лайықты болған ешбір ғибадатымыз жоқ. Бір стакан таза суға бір қыл түсіп кетсе, ол суды іше алмаймыз. Міне ғибадаттар да осындай. Таза және лас қоспасыз, тек Аллаһ разылығы үшін болу керек. Осындай таза ниет келтіру өте қиын. Сондықтан, ата-ананың дұғасын алу керек, бәрінен дұға сұрау керек. Бір мүминнің дұғасымен, жасалған бір жақсылықпен Аллаһу та'ала бізден разы болса, мақсатқа жеткен боламыз.