23 Маусым 2017   


  Негізгі бөлім / Басқа да тақырыптар / Сауаптар күнәларды жояды

Сауаптар күнәларды жояды

Сұрақ: Күнәлар сауаптарымызды жойып жібереді екен. Олай болса біз құрдымға ұшырамаймыз ба?

Жауап: Сауап істемейтін болсақ, әрине құрдымға ұшыраймыз. Егер сауабымыз көп болса, қорқатын жағдай жоқ, өйткені сауаптар да күнәларды өшіреді. Бір аяттың мағынасында: «Әрине хасанат сәйиатты жоқ қылады» делінген. (Худ 114) (Хасанат – жақсылықтың барлық түрі, ал сәйиат – әр түрлі жамандық деген сөз.)

Сауап күнәні жоқ қылған кезде ол күнә өшіріледі. Екі хадис шәриф:

«Бір күнә істеген кезіңде дереу артынша бір жақсылық жаса, бір сауапты іс жаса, сол күнәні жойып жіберсін!» (Бәйһақи)

«Қайда, қай жағдайда болсаң да, Аллаһтан қорқ және жамандықтың артынша бір жақсылық жаса, оны жоқ қылсын!» (Тирмизи)

Бір сауап ең аз дегенде он күнәні өшіреді. Бір аяти кариманың мағынасы:

«Бір жақсылық жасаған адамға он есесі беріледі.» (Әнам 160)

Бір хадис шәриф те мынадай:

«Бір жақсылық жасауды ойлап, жасай алмаған адамға Аллаһу та'ала жасағандай толық бір сауап жазады. Егер сол жақсылықты жасаса, Аллаһу та'ала (ол кісінің ықыласына қарай) он, жеті жүз және одан да көп сауап жазады. Бір жамандық жасауды ойлап жасамаған адамға да Аллаһу та'ала толық бір сауап жазады. Сол жамандықты істесе, тек бір күнә жазады.» (Бұхари, Мүслим)

Сауап немесе күнә жазылғанда да періштелер мүминге рақымдылық танытады. Мүмин бірнеше күнә істесе, оң жақтағы әмір болған періште солдағысына күнәларды жаздырмайды, «Біраз күт, бәлкім бір жақсылық істер» дейді. Пенде бір жақсылық жасаса, «Енді жазайық» дейді. Бір жақсылыққа он сауап беріледі. Ол кісі, мәселен, 7 күнә істеген болса, 10 сауаптан 7 күнә алынады, қалған 3 сауап жазылады. Бір хадис шәриф:

«Оң жақтағы періште солдағы періштенің әмірі. Пенде бір жақсылық жасағанда он сауап жазады. Жамандық жасағанда оң жақтағы періште сол жақтағысына «Күт» дейді. Ол 6 сағат күтеді. Егер құл истиғфар етсе, ешқандай күнә жазбайды. Истиғфар етпесе, тек бір күнә жазады.» (Табарани)

Демек, сауап істеместен тек қана истиғфар етумен де күнәларымыз тазаланады. Әсіресе парыз болған бір сауап істесек, күнәлардың бәрі тазаланады. Бір хадис шәриф:

«Сеніп және сауабын Аллаһтан күтіп Рамазан айында ораза ұстаған адамның өткен бүкіл күнәлары кешіріледі.» (Бұхари)

Бір мұсылманның сәлеміне жауап беру де парыз. Сәлемге жауап бергенде көптеген күнәларымыз өшіріледі. Сәлем берген адам да парыздың орындалуына себеп болғандықтан, ол да парыз сауабын алады. Ешқандай жақсылық жасай алмайтын адамның да үнемі сәлемдесіп тұруы да күнәларының өшірілуіне себеп болады. (Сәлем беру дегеніміз «Ассаламу алейкум» деп айту деген сөз, ал сәлемге «Уа алейкум ассалам» деп жауап беру керек.)