18 - Рамазан, 1445 жыл.
     28 - Наурыз, 2024 жыл.   


Исламның шарттары

-3-

ИСЛАМНЫҢ ШАРТТАРЫ

Бүкіл әлемдерді әр сәтте бар қылып ұстап тұрған, әр сәтте хазыр және назир болған, бүкіл жақсылықтар мен ниғметтердің берушісі болған Аллаһу та’аланың жәрдемімен енді пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк сөзін түсіндіруді бастаймыз.

Мұсылмандардың қаһарман имамы, Асхаби кирамның ұлыларынан,  шыншылдығымен аты танылған сүйікті сахаба Омар бин Хаттаб  (радиаллаһу анһ) былай дейді:

«Сондай бір күн еді, сахабалардан бірнешеуіміз Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) қасында және қызметінде едік.» Сол күн, сол уақыт сондай құнды және қадірлі сәт еді. Ол күні Расулуллаһтың сұхбатында, қасында болумен қадірлену рухтарға азық болған, жандарға ләззат пен қуаныш беретін мүбәрәк дидарын көру нәсіп болған еді. Бұл күннің қадірін, құндылығын айтып бере алу үшін «Сондай бір күн еді...» деді. Жәбрейіл алейһиссаламды адам кейіпінде көру, оның дауысын есту, пенделер мұқтаж болған білімді өте әдемі және айқын түрде Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк аузынан есту нәсіп болған осындай бір күн сияқты құнды және қадірлі басқа бір уақыт болуы мүмкін бе?

«Сол кезде айдай нұрлы жүзді бір кісі жанымызға келді. Киімі аппақ, шаштары да қап-қара еді. Үстінде шаң, топырақ, тер сияқты жолаушылықтың белгілері байқалмаған еді. Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сахабалары болған біздерден ешбіріміз оны танымайтын едік. Яғни, көріп жүрген, біз танитын адам емес еді. Ол Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) алдына отырды. Тізелерін Оның мүбәрәк тізелеріне тигізді.» Бұл келген кісі – Жәбрейіл есімді періште еді. Адам кейпіне енген еді. Жәбрейіл алейһиссаламның осылай отыруы әдепке қайшы болып көрінетін болса да, бұл жағдайы маңызды бір нәрсені білдіреді. Яғни, діни білім үйрену үшін ұялудың дұрыс еместігін және ұстазға тәкаппарлықтың жараспайтындығын көрсетуде. Әр адамның дінде үйренгісі келгендерін мұғалімдерден еркін және қысылмастан сұрау керек екендігін Жәбрейіл алейһиссалам Асхаби кирамға осы жағдаймен түсіндіруде. Өйткені, дінді үйренуде ұялу және Аллаһу та’аланың ақысын өтеуде, үйретуде және үйренуде ұялу, қысылу дұрыс болмайды.

«Әлгі қасиетті кісі қолдарын Расулуллаһтың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк тізелерінің үстіне қойды да, Расулуллаһтан: «Йа, Расулаллаһ! Маған Ислам діні, мұсылмандық жайында айтып бер» деді.»

«Ислам» сөзі сөздікте бас иіп, бағыну деген мағынаны білдіреді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Ислам сөзінің Ислам дініндегі бес негізгі тіректің атауы екендігін былай баяндады:

1) Исламның шарттарының біріншісі «Кәлима-и шахадат» айту. Калима-и шахадат айту дегеніміз «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһу уә расулуһ» деп айту деген сөз. Яғни, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған сөйлей алатын адамның: «Жер мен көкте Одан басқа ғибадат жасауға ақысы бар болған және табынуға лайықты болған ешбір нәрсе және ешкім жоқ. Шынайы мабуд (ғибадатқа лайықты) тек қана Аллаһу та'ала.» Ол – уәжибул вужуд. Бүкіл үстемдіктер Оған тән. Оның ешқандай кемшілігі жоқ. Оның есімі «Аллаһ», – деп айтуы және бұған шын көңілімен нақты сенуі деген сөз. Сондай-ақ, гүл түсті ақшыл-қызғылт, әдемі, нұрлы, сүйкімді жүзді және қара қасты, қара көзді, мүбәрәк маңдайы ашық, жақсы мінезді, көлеңкесі жерге түспейтін, жұмсақ сөйлеуші, Арабстанда Меккеде туылғандықтан Араб аталған, Хашим ұрпағынан «Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед есімді ұлы тұлғаның, Аллаһу та'аланың құлы және расулы, яғни пайғамбары». Уәһәбтің қызы хазреті Әминаның ұлы. [Милади жыл санағы бойынша 571 жылы 20-сәуірде дүйсенбі күні таң атып келе жатқанда] Мекке қаласында дүниеге келді. Қырық жасында оған пайғамбар екендігі білдірілді. Бұл жыл «Бисәт жылы» деп аталады. Бұдан кейін 13 жыл Меккеде адамдарды Ислам дініне шақырды. Аллаһу та’аланың бұйрығымен Мәдина қаласына хижрет етеді. Сол жерде Ислам дінін барлық жаққа жайды. Хижреттен 10 жылдан кейін, яғни милади 632 жылы маусымда, рабиул-әууәл айының 12-нші дүйсенбі күні Мәдинада қайтыс болды. [Тарихшылардың айтуынша, Меккеден Мәдина қаласына хижрет ету кезінде 622 жылы сафар айының 27-нші бейсенбі күні кешке жақын Саур тауындағы үңгірге кірді. Дүйсенбі түнінде үңгірден шығып, рабиул-әууәл айының 8-нші дүйсенбі күні Мәдина қаласының Куба ауылына аяқ басты. Осы бақытты күн мұсылмандардың «Хижри шәмси» жыл басы болып сақталды. Шиилердің хижри шәмси жыл басы бұдан алты ай бұрын. Яғни, отқа табынатын мәжуси кәпірлердің Наурыз мерекелері болған 20-шы наурыз күні басталады. Күн мен түн теңескен бейсенбі күнінде Кубада қалып, жұма күні ол жерден кетті. Сол күні Мәдинаға кірді. Сол жылдың мухаррам айының бірінші күні «Хижри қамари» жыл басы деп қабылданды. Бұл қамари жыл басы 16-шы шілде, жұма күні еді. Кезкелген милади жыл басына тура келетін хижри шәмси жыл, осы милади жаңа жылдан 622 жыл кем. Кезкелген хижри шәмси жыл басы тура келетін милади жыл, осы жаңа шәмси жылдан 621 жыл артық.]

2) Исламның бес шартынан екіншісі – шарттарына және парыздарына сай күніне бес рет «Уақыты кіргенде намаз оқу». Әрбір мұсылманның әр күні уақыттары келгенде бес рет намаз оқуы және әрбірін уақтылы оқығанын білуі парыз. Надандар мен мазһабсыздар жариялаған қате күнтізбелер бойынша намазды уақытынан бұрын оқу үлкен күнә болады және бұл намаз сахих болмайды. Ондай қате күнтізбелер бесін намазының алғашқы сүннетінің және ақшамның парызының керахат уақыттарында оқылуына себеп болуда. [Намаз уақытының кіргендігі муәззиннің азан айтуы арқылы аңғарылады. Кәпірлердің, бидғатшылардың оқығанына және микрофон сияқты аспаптардың дыбыстарына «Азани Мухаммади» делінбейді.] Намаздарды парыздарына, уәжіптеріне, сүннеттеріне мән беріп және көңілмен тек Аллаһу та’алаға байланып, уақыты өтпей тұрып оқу керек. Құран кәрімде намазға «Салат» деп айтылған. Салат – сөздікте «Адамның дұға етуі, періштелердің истиғфар етуі, Аллаһу та’аланың мейірім танытуы» деген мағыналарды береді. Ислам дінінде «Салат» дегеніміз – илмихал кітаптарында білдірілген түрде белгілі әрекеттерді орындау және белгілі нәрселерді оқу деген сөз. Намаз оқу «Ифтитах тәкбірі»-мен басталады. Яғни, еркектердің қолдарын құлақтарына дейін көтеріп, кіндік астына және әйелдердің қолдарын иық тұсына дейін көтіріп, кеуде үстіне түсіріп жатқан кезде «Аллаһу әкбар» деп айтуларымен басталады. Соңғы отырыста басты оң және сол иықтарға бұрып, сәлем беру арқылы бітіріледі.

3) Исламның бес шартынан үшіншісі – «Мал-мүліктің зекетін беру». Зекеттің сөздіктегі мағынасы «Тазалық, мақтау және жақсы жағдайға келу» дегенді білдіреді. Ислам дінінде зекет дегеніміз – қажеттілігінен артық және «Нисап» деп аталатын белгілі бір мөлшерде «Зекет мүлкі» бар адамның мүлкінің белгілі бір мөлшерін ажыратып, Құран кәрімде білдірілген мұсылмандарға міндетсінбей беруі деген сөз. Зекет жеті топ адамға беріледі. Төрт мазһабта да төрт түрлі зекет мүлкі бар: Алтын мен күмістің зекеті; сауда мүлкінің зекеті; жылдың жартысынан ұзақ уақыт бойы жайылымда жайылып жүрген төрт аяқты малдың зекеті және егіннің зекеті. Осы төртінші зекетке «Ұшыр» делінеді. Егін өнімдері жиналған кезде дереу ұшыр беріледі. Қалған үш зекет, мал-мүлкі нисап мөлшеріне жеткеннен бір жыл өткеннен кейін беріледі.

4) Исламның бес шартының төртіншісі – «Қасиетті Рамазан айында күнде ораза ұстау». Ораза ұстауға «Саум» делінеді. Саум сөздікте бір нәрсені бір нәрседен қорғау деген мағынаны білдіреді. Ислам дінінде: шарттарына мән беріп Рамазан айында Аллаһу та'ала әмір еткендіктен әр күні өзін үш нәрседен қорғау деген сөз. Бұл үш нәрсе: жеу, ішу және жима (жыныстық қатынас). Рамазан айы аспанда жаңа ай (һилал) көрінген кезде басталады. Күнтізбе мен алдын ала есептеумен басталмайды.

5) Исламның бес шартының бесіншісі – «Шамасы жететін адамның өмірінде бір рет қажылыққа баруы». Жол сенімді және дені сау болып, Мекке қаласына барып келгенге дейін үйінде қалдыратын бала-шағасын күнкөрісіне жететіндей шамада мал-мүліктен артылған ақшамен ол жаққа барып келе алатын адамның өмірінде бір рет Қағбаны тауаф етуі және Арафат алаңында тұруы парыз болып табылады.

Әлгі кісі Расулуллаһтан бұл жауаптарды естігенде: «Дұрыс айтасың, йа, Расулаллаһ» деді. Сол жерде отырған сахабалардың әлгі кісінің бұл жағдайына таң қалғандығын Омар (радиаллаһу анһ) хабар береді. Өйткені, ол әрі сұрап жатыр, әрі берілген жауаптың дұрыс екенін мақұлдап жатыр. Бір нәрсені сұрау – білмегенін үйренуді қалау деген сөз. Ал «Дұрыс айтасың» деуі оның бұл мәліметтерді білетіндігін көрсетуде.

Жоғарыда аталған Исламның бес шартынан ең үстемі – «Кәлима-и шахадат» айту және оның мағынасына сену. Одан кейін үстем болғаны – намаз оқу. Одан кейін – ораза тұту, кейін қажылыққа бару. Содан соң – зекет беру. Кәлима-и шахадаттың ең үстем екендігі ғалымдардың сөз бірлігімен мәлім. Қалған төртеуінің үстемдік ретіне қатысты ғалымдардың көбінің сөзі жоғарыда білдіргеніміздей. Кәлима-и шахадат мұсылмандықтың басында және ең алғаш парыз болды. Бес уақыт намаз бисәттің он екінші жылында және хижреттен бір жыл, бірнеше ай бұрын миғраж түнінде парыз болды. Қасиетті Рамазан оразасы  хижреттің екінші жылында Шабан айында парыз болды. Зекет беру, ораза парыз болған жылы, Рамазан айы ішінде парыз болды. Ал қажылық хижреттің тоғызыншы жылында парыз болды.

Бір адам Исламның осы бес шартының бірін жоққа шығарса, яғни сенбесе, қабыл етпесе немесе мазақ етіп, құрмет көрсетпесе, Аллаһ сақтасын, кәпір болады. Осы сияқты, халал және харам екендігі ашық түрде және сөз бірлігімен білдірілген басқа нәрселердің бірін де қабыл етпеген, яғни халалға харам деген немесе харамға халал деген адам да кәпір болады. Дінде зәру мәлім болған, яғни Ислам мемлекетінде өмір сүретін сауатсыздар да естіген, білетін діни мәселенің бірін жоққа шығарған, ұнатпаған адам кәпір болады.

[Мысалы, шошқа етін жеу, алкогольді ішімдіктер ішу, құмар ойнау және әйелдер мен қыздардың бастары, шаштары, қолдары, аяқтары ашық күйде, ал еркектердің тізе мен кіндік арасы ашық күйде өзгенің жанына шығуы харам болып табылады. Яғни Аллаһу та’ала бұларға тыйым салған. Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарын білдіретін төрт хақ мазһаб еркектердің әурет жерлерін, яғни қарауға және өзгеге көрсетуге тыйым салынған мүшелерді әр түрлі білдірген. Әр мұсылманның өзі ұстанатын мазһабы білдірген әурет жерлерін жабуы парыз. Осы жерлері ашық болған адамдарға өзгелердің қарауы харам болып табылады. «Кимйа-и Сәадат» кітабында: «Әйелдер мен қыздардың басы, шашы, қолдары мен аяқтары ашық күйде көшеге шығуы харам болғанындай, жұқа, сәнді, тар, хош иісті киіммен шығулары да харам болып табылады. Осылай шығуына рұқсат берген, разы болған, қарсы болмаған ата-анасы, күйеуі және бауыры да оның күнәсі мен азабына ортақ болады» – делінген. Яғни, тозақта бәрі бірге жанады. Егер тәубе ететін болса, кешіріледі, тозақ отында жанбайды. Аллаһу та’ала тәубе етушілерді жақсы көреді. Ақыл-есі дұрыс, балиғатқа толған қыздардың және әйелдердің бөтен еркектерге көрінбеу керектігі хижреттің үшінші жылында әмір етілді. Ислам дұшпандарының және олардың тұзақтарына түскен надандардың хижаб аяты әлі келмеген кездердегі оранбай жүруді негізге алып, «Орануды кейіннен фиқһ ғалымдары ойдан шығарды» деген сөздеріне алданбау керек.

Мұсылман екендігін айтқан адамның істейтін әр ісінің Ислам дініне сай немесе сай емес екенін білуі қажет. Білмесе, бір Әһли сүннет ғалымынан сұрап немесе осындай ғалымдардың кітаптарынан оқып үйренуі керек. Егер бір ісі Ислам дініне сай болмаса, күнә немесе күпірден құтыла алмайды. Күнде шынайы тәубе етуі қажет. Тәубесі жасалған күнә мен күпір міндетті түрде кешіріледі. Тәубе етпесе, дүниеде және тозақта азабын, яғни жазасын тартады. Бұл жазалар кітабымыздың әр түрлі жерлерінде жазылған. Үлкен күнә істеген мұсылман күнәсі шамасында жанғаннан кейін тозақтан шығарылады. Аллаһу та’алаға сенбейтін және Ислам дінін жоюға тырысатын кәпірлер, дін дұшпандары тозақта мәңгі жанады.

Еркектердің және әйелдердің намазда және барлық жерде жабуы керек болған жерлеріне «Әурет жері» делінеді. Әурет жерін ашу және өзгенің әурет жеріне қарау харам болып табылады. «Ислам дінінде әурет жері деген нәрсе жоқ» деген адам кәпір болады. Ижмамен, яғни төрт мазһабта да әурет болған бір жерді ашуға және өзгелердің сол әурет жеріне қарауға халал деген, мән бермеген, яғни азабынан қорықпаған адам кәпір болады. Әйелдердің әурет жерлерін ашуы және еркектердің ортасына түсіп өлең айтуы, мәуліт оқуы осындай. Ханбали мазһабында еркектердің сандары әурет емес.

«Мен мұсылманмын» деген адам иманның, Исламның шарттарын және төрт мазһабтың ижмасымен, яғни сөз бірлігімен білдірген парыздар мен харамдарды үйренуі, әрі бұларға мән беруі керек. Білмеуі үзір болмайды. Яғни, біле тұра сенбеу сияқты болады. Әйелдердің беті мен қолдарынан басқа барлық жерлері төрт мазһабта да әурет болып тыбылады. Ижмамен білдірілмеген, яғни басқа үш мазһабтың бірі бойынша әурет болмаған бір жерін мән бермей ашқан адам кәпір болмайды, дегенмен өз мазһабы бойынша үлкен күнә істеген болады. Еркектердің тізе мен шап арасын, яғни сандарын ашуы осындай. Білмегенін үйрену парыз. Үйренгеннен кейін дереу тәубе етуі және жабынуы керек.

Өтірік айту, өсек, ғайбат, жала, ұрлық, қулық, қиянат, ренжіту, фитна (бүлік) шығару, біреудің затын рұқсатсыз қолдану, жұмысшының, жүк тасушының еңбек ақысын бермеу, мемлекетке қарсы шығу, яғни заңдарына, үкімет бұйрықтарына қарсы шығу, салықтарды төлемеу де күнә болып табылады. Бұларды кәпірлерге қарсы да, кәпір мемлекеттерінде де жасау харам. Сауатсыздар біле бермейтін мәселелерді және зәру болмаған нәрселерді сауатсыздардың білмеуі күпір болмайды. Фисқ, яғни күнә болады.] 475-ші бетке қараңыз!