22 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Адам – әлсіз жаратылыс

Адам – әлсіз жаратылыс

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Адамның өз шегін білуі үшін өзінің әлсіз, ал өмірдің қиял екенін білуі жеткілікті. Адам өздігінен дүниеге келе алмағанындай, өздігінен де кете алмайды. Аллаһу та'ала күш-қуат бермесе, ести алмайды, сөйлей алмайды, ішіп-жей алмайды, яғни ештеңе істей алмайды. Өйткені адам – ештеңе емес. Олай болса, адамның Аллаһу та'ала берген аманаттарды, күш-қуатты, қабілетті өзіне тиесілі деп санауы үлкен қателік болады.

Адамның ішкі мүшелері тұрғысынан да, сыртқы шарттар тұрғысынан да қолында ешқандай қуаты жоқ. Жүрегіне, асқазанына, өкпе-бауырына мұқтаж, бірақ ешбірін өзі жұмыс істете алмайды. Тағы осы сияқты күнге, ауаға, суға, топыраққа мұқтаж, бірақ топырақтағы минералдарды жасаған, бұлттарды жаратқан, олардан жаңбыр жаудыратын тек ұлы Аллаһу та'ала. Осы тұрғыдан адам тек өзін таныған, яғни әлсіз екенін түсінген кезде Аллаһты тани алады, ештеңені өзі істей алмайтынын, тек ұлы Аллаһ берген құдіретпен іс атқара алатынын түсінген кезде ғана құтылады. Су тасқынында, цунамиде немесе зілзалада мыңдаған адам өледі, жердің астында қалады. Аллаһтың құдіретінің алдында технология әлсіз болуда, барлық нәрсе шарасыз қалуда.

 

Өмір – қиял

Өмір – қиял. Өмір су сияқты ағып өтіп жатыр. Өткен күндердің кері қайтуы мүмкін емес. Шынайы және мәңгі өмір өлгеннен кейін басталады. Бұл дүние – ахиреттің егістігі, әркім не ексе, соның жемісін көреді. Біреуге жақсылық жасаған адам да, жамандық жасаған адам да, негізінде, өзіне жасаған болады.

Адамның өмірі дүниенің өмірімен салыстырғанда шөлден өткен бір секундтық жел сияқты. Ащы, тәтті күндер, байлық, кедейлік өмірі бір сәттік жел сияқты өтіп кетеді. Залым зұлымдығын жасап, айналасын қиратады, өлтіреді, бірақ ол да өтіп кетеді. Тек бір нәрсе ғана өткінші емес. Ол – мазлұмның (зұлымдық көрген адамның) залымнан алатын ақысы. Міне, ахиретте ең табысты шығатын адам – мазлұм. Екі өмірде де алашақты болған жақсы. Ал қарыздар болу өте қауіпті.

Пенденің қорқынышы мен құрметі білімі шамасында. Білімі ақылы шамасында. Ақылы әдебі шамасында. Тақуалығы ахиретке бейімділігі шамасында. Тақуалықтың негізі – барлық нәрседе Аллаһу та'аладан разы болу.