22 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Сауда-саттық / Саудада күнәдан сақтану

Саудада күнәдан сақтану

Сұрақ: Саудамен айналысамыз. Харамға түсіп қалмау үшін қандай жайттарға мән беруіміз керек?

Жауап: Имам Ғазали хазреттері былай деген:

Әр кәсіпте және әр саудада қулық жасамау парыз. Клиентке ешбір түрде зиян тигізбеу керек! Зиян тигізетін әр іс зұлымдық болады. Ал зұлымдық харам болып табылады. Әр мұсылман өзіне жасалуын қаламаған бір әрекетті кәпірге де жасамауы қажет!

 

Негізгі төрт нәрсені істемеу керек:

1) Сатылатын затты асырып мақтамау керек!

Өйткені әрі өтірік айтқан, әрі алдаған, әрі зұлымдық жасаған болады. Тіпті шындықты айтып та сатып алушы білетін нәрсені айтпау керек! Өйткені бұл пайдасыз сөз болады. Қияметте әр сөзден сұралады. Антпен сатуға келер болсақ, өтірік сөзге ант ету харам. Яғни үлкен күнә болып табылады. Шындыққа ант етсе, аздаған нәрсе үшін Аллаһу та'аланың есімін айту құрметсіздік болады. Хадис шәрифтерде айтылған:

«Сауда-саттық жасағанда "Уаллаһи осындай, биллаһи олай емес" деп ант еткен адамға және "Бүгін кет, ертең кел" деп сөзінде тұрмайтын кәсіпкерге обал болсын!» (Дәйләми)

«Затын ант етіп ұнаттыруға тырысқан адамға қияметте мейірім жасалмайды.» (И.Ғазали)

«Қолөнершілердің, саудагерлердің көбі күнәхар! Өйткені көп ант етіп, өтірік айтып күнәға түседі. Сауда-саттықтары да халал болмайды.» (Хаким)

«Бір қолөнерші берген сөзінде тұрып, қарыздар адамын қинамайтын, затын қатты мақтамайтын және өтірік айтпайтын болса, табысы оған берекетті болады.» (Дәйләми)

 

2) Заттың кемшілігін жасырмау керек!

Заттың кемшілігін, нұқсанын сатып алушыдан жасырмау керек, бәрін болғанындай көрсету керек! Кемшілікті жасыру – қиянат. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Сатылатын бір заттың кемшілігін жасыру халал емес. Сол кемшілігін біле тұра айтпау да ешкімге халал болмайды.» (Хаким)

Заттың жақсы жағын көрсету, жаман жағын жасыру зұлымдық, қулық болады. Расуллуллаһ бидай сатып тұрған бір сатушының бидайына мүбәрәк саусақтарын кіргізіп, дымқыл болғанын байқаған кезде себебін сұрады. Саудагер жаңбырдың кесірінен ылғалданғанын айтқан кезде оған былай деді:

«Неліктен дымқыл жерін тығып, жасырып қойдың? Қулық жасағандар бізден емес.» (Мүслим)

Мынаны біліп алу керек, қулықпен ризық артпайды, керісінше мүліктің берекеті кетеді. Қулықпен аз-аздан жиналған нәрселер кездейсоқ келген бір пәлекетпен толықтай жұмсалып, артынан тек күнәлары қалады. Бір сүт сатушы сүтке су қосатын еді. Бір күні кездейсоқ сел келіп, сиыры батып өлді. Адам сасып тұрғанда кішкентай баласы «Сүтке қосып жүрген суымыз жиналып, сиырымызды алып кетті» деді. Хадис шәрифте айтылғанындай:

«Саудаға қиянат араласқан кезде берекет кетеді.» (Мүслим)

Берекет дегеніміз – аздаған мүліктің көп пайдасы тиюі, көп нәрсеге жарауы деген сөз. Аздаған мүлік берекетті болса, көптеген адамның рахатына, көп жақсы істердің атқарылуына жарайды. Берекетті болмаған көп мүлік бар, иесінің дүние мен ахиретте пәлекетке түсуіне себеп болады. Олай болса, мал-мүліктің көп болуын емес, берекетті болуын сұрау керек! Хадис шәрифте былай делінеді:

«Лә илаһә иллаллаһ деген адам, дүниені діннен үстем ұстамағанша Аллаһу та'аланың ашуынан, азабынан құтылады. Дінді тастап, дүниеге берілсе, кәлима-и тәуһидті айтқан кезінде Аллаһу та'ала "Өтірік айтасың" дейді.» (Бәйһақи)

 

3) Өлшеу құралында, таразыда қулық жасамау керек!

Құран кәрімде былай делінеді:

«Бергенде кем, алғанда артық өлшейтін адамға ауыр азаптар беремін.» (Мутаффифин 1)

Хадис шәрифтерде айтылған:

«Сауда-саттық жасаған кезіңде айт: "Дінімізде алдау жоқ".» (Бұхари)

«Мәміледе қулық жасаған адам бізден емес.» (Бұхари)

«Затының кемшілігін жасырған адамға Аллаһу та'ала ашуланады, періштелер де оны лағнеттейді.» (И.Мажа)

«Өлшеу құралында, таразыда қулық жасалғанда өнімдерде нұқсандық көріне бастайды.» (Табарани)

Әулиелеріміз әр алған кезінде біраз кем, берген кезінде де біраз артық өлшеп, «Осы аздаған айырмашылық тозақ пен біздің арамызда перде. Жәннатты бірнеше теңгеге сатқандар және бірнеше теңге үшін тозақ азабына лайықты болғандар қандай ақымақ» дейтін еді. Заттың жақсысы мен жаманын араластырып, бәрін жақсы деп сату харам болып табылады.

 

4) Сату бағасында қулық жасамау керек!

Пайғамбарымыз алейһиссалам «Мұсылмандардың қалаға тауар алып келген саудагерлерді күтіп алып, нарықтағы бағаны жасырып, арзан сатып алуына» тыйым салды. (Мүслим)

Нарықты білмейтіндерге жоғары бағамен зат сату да харам. Тіпті басқа жердің адамы болып, арзан сататын немесе қымбат сатып алатын адамдармен сауда-саттық жасамау керек! Затта бір нұқсандық бар болса, айту керек! Затты туысы немесе досынан, оған көмек болсын деп жоғары бағамен сатып алған болса, сатып алушыға мұны айтып, шын құнын білдіру керек! Мысалы, мың теңге тұрмайтын затты мың теңгеге алған болса, ол затты сатарда мың теңгеге алғанын айту керек! Арзан алған бір заттың бағасы көтеріліп, қымбат сатылып жатса, алған бағасы айтылу керек! Қиянат жасаудан құтылу үшін әркім өзіне жасалуын қаламаған әрекеттерді өзгелерге де жасамауы керек! Өйткені әркім абайлықпен, саудаласуға тырысып, өз құнын беріп алдым деп санайды. Олай болса, алдап сату қиянат және алаяқтық болады.

 

Сұрақ: Айыппұлдары және бірнеше жылдық салығы төленбеген көлігім бар еді. Бір досыма саттым. Сатарда «Көлігімнің қарыздары, айыппұлы бар. Қарыздарымен бірге сатып ал» дедім. Ол «Мейлі, алдым» деді. Кейін салық қарыздарының бар екенін білгенінде «Маған салық қарыздарының да бар екенін айтпадың. Айтпаған қарыздарыңды төлемеймін» деді. Алайда мен оған бүкіл қарыздарымен бірге сатқан едім. Айыппұлдары бар деген едім. Салық қарыздары соның ішінде еді. Оның салық қарыздарын да төлеуі қажет емес пе?

Жауап: Жоқ, төлеуі қажет емес. Өйткені мұсылмандықта алдану және алдау жоқ. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Сатылған заттың кемшілігін жасыру және айтпау халал емес.» (Хаким)

«Алушы мен сатушы бір-біріне дұрысын айтып, насихат етсе, табыстары берекетті болады, заттың кемшілігін жасырып, өтірік айтқан кездерінде бұл берекеті жойылады.» (Бұхари)

Айыппұлдары және қарыздарымен көлікті сатуға және алуға болады. Бірақ айыппұлы қанша, қарызы қанша екені белгілі болу керек. Қарызы дереу берілу керек пе, әлде уақыт бар ма, қанша ақша беру керек, осылардың бәрі белгілі болмастан сауда-саттық сахих болмайды.

 

Сұрақ: «Бір секундқа да адаспайды» деп сағат сатамын. Кейде бес секунд кері қалады немесе озып кетеді. Сатып алушы кері қайтарып келгенде сатылымды бұзу жаиз ба?

Жауап: «Секундқа да адаспайды» деп айту ұнатпаса кері қайтара алады деген сөз. Қайтарылған сағаттарды кері алу керек. Шын болмаған сөзді де айтпау керек.

 

Жаман тірлік жасау

Сұрақ: Өзіміз қолдан жасайтын тауарлардың кейбірлерінде жақсы, ал кейбірлерінде жаман зат қолданамыз. Бәрін бір бағамен сатамыз. Бұл күнә ма?

Жауап: Әдейі осындай жаман тірлік жасау және осы қулықты жасыру харам болып табылады.

 

Халал ризық және халал жұмыс

Сұрақ: Жұмысының жаман болуы себебінен ризығының халал болғанына күмәнданған адам не істеу керек?

Жауап: Халал ризық және халал жұмыс табуға дұға ету керек. Пайғамбарымыз «Жәбірейіл алейһиссалам мына екі дұғаны білдірді: Аллаһым, маған халал ризық және салих жұмыс нәсіп ет!» деп дұға ететін еді. (Хаким)

 

Жаман кәсіп

Сұрақ: «Адвокат қылмыскерді қорғауға, өтірік айтуға мәжбүр, сондықтан адвокат болу күнә» делінеді. Адвокат болу күнә ма?

Жауап: Адвокат болу күнә емес. Кез келген кәсіпте дінімізге қайшы әрекет күнә болады.

Әділетсіздікті қорғау мен қылмыскерді қорғау бір емес. Мәселен, біреу жол апатын жасады. Қылмысының жазасы, мысалы, үш ай қамалу болса, бірақ қорғалуын білмей, қате түсіндіріп, бір жыл қамауға алынуы мүмкін. Адвокат «Бұл қылмыстың жазасы үш ай» деп қажетті шараларды орындайды. Үш ай жаза алса, лайықты болған жазасын алады, зардапқа ұшырамайды. Адвокат бұл жерде қылмыскерді емес, ақиқатты шығаруға тырысады. Адвокаттықтың шегінен шығып, өтірікті қорғайтындар да болады, қылмыскерді айыпсыз шығаруға тырысатындар болуы мүмкін. Бұл барлық кәсіпте бар. Дәрігер науқас болмаған адамға анықтама бере алмайды ма? Осы себеппен дәрігерлік кәсіпті айыптау қате болады. Бір шенеунік пара алып, пара берушінің жұмысын тындырып бере алады. Айып кәсіпте ме, әлде парада ма?

Нәтижеде, адвокат жақсы жұмысты да, жаман жұмысты да істейді. Сот та, мұғалім де сондай. Айыпты кәсіптен көрмеу керек, айыпты сол істі жасаған қисық адамнан көру керек.

 

Базардағы қулық жасайтындар

Сұрақ: Базардағы сатушылар көбіне жеміс-жидек пен көкөністердің жақсыларын алдына, езілгендерін, жамандарын артына қояды. Сатып алушыға жеміс немесе көкөніс салғанда сол жамандарын да араластырып береді. Ант етеді, кем қылып тартады. Бұларды көп байқадым. Бұл әрекеттері күнә емес пе?

Жауап: Әрине күнә. Екі хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Мұсылманды алдаған, оған зиян тигізген және оған қулық жасаған адам бізден емес.» (И.Рафии)

«Базардағы сатушылардың көбі күнәхар! Өйткені олар көп ант ішіп, өтірік айтып күнәға батады. Сауда-саттықтары да халал болмайды.» (Хаким)

Саудагердің, қолөнершінің жақсысы да мақталған. Екі хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Өтірік айтпайтын, сөзінен қайтпайтын, сатқан затын мақтамайтын қолөнершінің табысы қабыл болады.» (Дәйләми)

«Шыншыл саудагер пайғамбарлар, сыддықтар және шәһидтермен бірге.» (Тирмизи)

Қулық жасамай шыншыл саудагер болуға тырысу және осылайша жақсылармен бірге болу қандай үлкен ниғмет.