19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 13) Доктор Р. Л. Меллема (голландиялық)

13) Доктор Р. Л. Меллема (голландиялық)

(Др. Меллема Амстердамдағы Тропикал мұражайының Ислам туындылары бөлімінің директоры. «Ваянг бөбектері», «Пәкістан туралы мәліметтер», «Ислам дінін таныту» деген шығармаларымен танымал.)

1919 жылы Лейден университетінде шығыс тілдерін зерттей бастадым. Ұстазым бүкіл әлем өте жақсы таныған араб тілін меңгерген профессор Гюрхронье еді. Маған арабша оқуды, жазуды, аударуды үйреткен кезде оқулық ретінде Құран кәрім мен Ғазалидің еңбектерін берген еді. Негізгі зерттеу тақырыбы «Исламдағы құқық» болатын. Мен Ислам тарихы және Исламға қатысты ілімдер жайлы сол кезге дейін Еуропа тілдерінде басылған бірнеше кітап оқыдым. 1921 жылы Мысырға кетіп, Әл-Азхар медресесіне бардым. Бір ай сол жерде тұрдым. Одан кейін араб тілінен басқа санскрит және малай тілдерін де үйрендім. 1927 жылы ол кезде Голландияның отары болған Индонезияға бардым. Джакартада жоғары оқу орнында ява тілін үйрене бастадым. 15 жыл бойы тек ява тілін үйренумен шектелмей, бұрынғы және қазіргі Ява мәдениетімен де таныстым. Бүкіл осы кезең бойы әрі мұсылмандармен араластым, әрі қолыма түскен арабша кітаптарды оқыдым. Екінші дүниежүзілік соғыста жапондар Индонезия аралдарын басып алды. Мен тұтқынға түстім. Соғыс біткенге дейін созылған қиыншылыққа толы тұтқын өмірін кешіргеннен кейін қайтадан Голландияға оралып, Амстердамда Тропикал мұражайында өзіме бір жұмыс таптым. Бұл жерде қайтадан Ислам туралы іздене бастадым. Менен Явадағы мұсылмандар туралы кішкентай кітапша жазуымды өтінген еді. Бұл істі де қолға алып, аяқтадым. 1954-1955 жылдар аралығында Пәкістандағы мұсылмандар жайлы зерттеу жұмысын жүргізу үшін мені сол жаққа жіберді. Оған дейін, жоғарыда да айтқанымдай, тек Еуропа тілдерінде шыққан Ислам туралы еңбектерді оқыған едім. Пәкістанға барып, ол жердегі мұсылмандармен араласқаннан кейін Ислам дінін мүлдем басқа кейіпте көре бастадым. Лахордағы мұсылман достарымнан мені мешіттеріне алып баруларын өтіндім. Олар бұл өтінішті жылы қабылдап, мені жұма намазына алып барды. Ғибадатты зейін салып тамашаладым және тыңдадым. Маған қатты әсер еткені соншалық, өзімді жоғарлатқандай болдым. Бұдан былай өзімді мұсылман болған деп қабылдап, мұсылмандармен олардың бауырлары ретінде қол алыстым. Мешіттегі сезімдерімді 1955 жылы «Pakistan Quarterly» журналының 4-санында былай жеткіздім:

«Бұл жолы бір мешітке бардық. Бұл мешітте ағылшын тілін жақсы білетін және Пенджап университетінің профессоры болған бір ғалым уағыз берген еді. Уағызында ол өзін тыңдап отырғандарға: «Бүгін арамызда ұзақ жерден, сонау Голландиядан келген бір мұсылман бауырымыз бар. Оның да жақсырақ түсінуі үшін урду тіліне ағылшынша көбірек сөздер араластырамын» деп, өте жақсы уағыз берді. Мен мұқият тыңдадым. Уағыз біткеннен кейін кетпекші болғанымда мені сол жерге алып барған Алламе Сахиб маған қарап қалған мұсылман бауырлардың менің де бір-екі ауыз сөз айтуымды қалайтынын, менің айтқандарымды ол урду тіліне аударатынын айтты. Осыған орай мен оларға былай дедім: «Мен алыстан, сонау Голландия деген елден келдім. Ол жақта мұсылмандар өте аз. Осы аз мұсылмандар сіздерге сәлемдерін жеткізуімді сұрады. Мен сіздердің тәуелсіздік алғандарыңызға, осылайша әлемде жаңа бір мұсылман мемлекеті құрылғанына өте қуаныштымын. Жеті жыл бұрын құрылған Пәкістан мемлекеті жағдайын толығымен жақсартуға қол жеткізді. Бастапқыда көрген көптеген қиыншылықтарыңыздан соң енді еліңіз рахаттыққа жетіп, қарқынды дамып келуде. Пәкістанның болашағы өте жарқын. Мен еліме қайтқан кезде отандастарыма сіздердің өте мейірімді, кішіпейіл, жомарт және қонақжай екеніңізді ұзағынан айтып беремін. Маған көрсеткен сүйіспеншіліктеріңізді ешқашан ұмытпаймын». Бұл сөздерімді Алламе Сахиб урду тіліне аударған кезде мешіттегі барлық мұсылмандардың қасыма жүгіріп келіп, қолымды алып, құттықтай бастағанын зауықпен тамашаладым. Жүректерінен шыққан бұл бауырмашылдық білдіруі мені бақытты еткен еді. Мен бұдан былай толығымен мұсылман бауырлар ортасына кіргенімді көріп, өзімді өте бақытты сезіндім».

Пәкістандық мұсылман бауырлар маған Исламның тек теориядан тұрмайтынын көрсетті және Исламның бәрінен бұрын мінездің көркемдігі екенін және адамның жақсы бір мұсылман болуы үшін жақсы мінезді, әдепті болуы қажет екенін дәлелдеп берді.

Енді «Сізді Ислам дініне ең көп не тартты?» деген екінші сұраққа жауап берейін. Мені мұсылман болуға тартқан және бүкіл жүрегіммен Исламға байлаған негіздер мыналар:

1) Бір Аллаһтың бар екендігі. Ислам тек бір жаратушыны ғана мойындайды. Бұл ұлы жаратушы туылмаған да, тумайды да. Жалғыз жаратушыға сенуден асқан қисынды не бар? Ең қарапайым түсініктегі адамның өзі мұны дұрыс деп тауып, осыған иман етеді. Есімі Аллаһ болған бұл жалғыз ұлы жаратушы ең үлкен ілімнің, ең үлкен даналықтың, ең үлкен құдіреттің және асқан әсемдіктің иесі болып табылады. Оның мейірімділігі мен қамқорлығы шексіз.

2) Аллаһу та’ала мен құлы арасында ешкімнің болмауы. Ислам дінінде құл тікелей Раббымен жеке қалады және тікелей Оған ғибадат етеді. Аллаһу та’ала мен құлдың арасына біреудің кіруіне қажеттілік жоқ. Адамдар дүниеде және ахиретте жасалуы керек негіздерді Аллаһу та’аланың кітабы болған Құран кәрімнен, хадис-шәрифтерден және Ислам ғалымдарының кітаптарынан үйренеді. Жасаған істерінің есебін тек Аллаһу та’алаға береді. Адамды тек Аллаһу та’ала ғана марапаттайды немесе жазаға тартады. Аллаһу та’ала ешбір құлын жасамаған ісінен жауапкер қылмайды және ешбір құлына істей алмайтын амалды әмір етпейді.

3) Ислам дініндегі үлкен мейірім. Мұның ең айқын түсіндірмесі – Құран кәрімдегі «Қинап мұсылман қылу жоқ» деген мағынадағы аяты. Пайғамбарымыз Мұхаммед (алейһиссалам) мұсылманның ғылым үйрену үшін қажет болса, ең алыс бөтен мемлекетке баруын бұйыруда. Мұсылмандарға мұсылмандықтан бұрын келген хақ діндердің өзгермеген бөлімдерін құрметтеу де бұйырылған.

4) Қандай нәсілден, қандай ұлттан, қандай түстен болса да, барлық мұсылмандардың бір-біріне бауыр деп саналуы. Әлемде тек мұсылмандық қана осындай мақсатқа жеткен. Қажылық кезінде әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүз мыңдаған мұсылманның бірдей ихрамға оранып, сәждеге жығылуы бүкіл мұсылмандардың бауыр екендігін көрсететін керемет дәлелі.

5) Исламда материялдық пен рухани болмысқа бірдей көңіл бөлінуі. Басқа діндерде тек рух және түсініксіз нәрселер туралы айтылады. Ал, Ислам дінінде дене де, рух та бірдей дәрежеде назарға алынған, адамдарға тек рух тазалығы ғна емес, дене тазалығы үшін де қажетті барлық негіздер бұйырылған. Адамның рухани жағынан өркендеуі денелік қажеттілікпен біріктірілген және затына ие болып, қалай өмір сүру керектігі ашық көрсетілген.

6) Исламның спиртті ішімдіктер ішуді, есірткі қолдануды және шошқа етін жеуді харам қалуы (тыйым салуы). Менің ойымша адам баласына ең үлкен пәлекет әкелетін – алкоголь мен есірткі заттар. Бұларға тыйым салуы Исламның қаншалықты кәміл дін екенін және дәуірінен қаншалықты ілгері екенін көрсетуге жетеді.