19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   


Ариф Ривагари

Ариф Ривагари хазреттері Силсилә-и алийаның оныншысы. Бұхарадан 30 км қашықтықта орналасқан Ривагар ауылында дүниеге келген.

Кіші жасында білім үйрене бастады. Зеректігі мен түсіну қабілетінің мықтылығы себебімен тез жетілді. Осы кезде ілім мен хикмет иесі, ғибадат шарттарын толықтай орындаған, адамдарға дұрыс жолды көрсетуде заманының құтбы – Абдулхалиқ Ғиждувани хазреттерімен танысты және бүкіл дүниесі өзгерді. Алғашқы күннен-ақ мәңгі бақыт тәжінің басына қойылғанын сезді. Дереу оған байланды, қайтыс болғанға дейін мүлдем ажырамады.

Ұстазы алғашқы сұхбатында оған былай деді:

«Хақ жолаушысы шәкірт уақытының құнын өте жақсы білуі керек. Үстінен уақыттар өтіп бара жатқанда өзінің қандай жағдайда екенін сезе білу керек. Егер өткен бір сәт ішінде бақытты болса, мұны жақсы хал деп біліпғ,"Аллаһыма шүкірлер болсын" деу керек. Егер ғапілдікпен өтіп кеткен болса, дереу оны жөндеу жолына түсу қажет, ұлы Жаратқанға нәпістен туындаған себебін білдіріп, Одан кешірілуін тілеу керек, астағфируллаһ деу қажет...»

Ариф Ривагари ұстазы Абдулхалиқ Ғиждувани хазреттері тірі кезінде оған қызмет етумен аты шығып, өте көп фәйз бен берекеттерге қауышты. Жоғары дәрежелі ұстазының қайтыс болуынан кейін оның орнына пайғамбарымыздың және сахабаларының жолын адамдарға үйрету ісіне тағайындалды. Қамқорлығын, бар күшін Аллаһу та'аланы іздегендерге сарп етті.

Көптеген адамның хидаятқа және әулиелікте жоғары дәрежелерге жетулеріне себепкер болды. Заманының жалғызы (теңдессізі) еді. Әркімге жақсы және жылы қарап, ешкімді ренжітпейтін еді. Нәпсінің қалауларын ешқашан орындамайтын, қаламайтындарын істеуге, рухын жоғарылатуға көп күш жұмсайтын еді. Харамдардан қатты сақтанатын, тіпті харамға түсу қорқынышынан мубахтардың артығын тәрк ететін еді. Түндерде уақытын үнемі ғибадатпен өткізіп, күндіздері шәкірттерді оқытатын, сүннет болғандықтан күндіз түске дейін біраз ұйықтайтын еді. Бұл қайлулә деп аталады. Пайғамбарымыздың алейһиссалам сүннетін өте жақсы біліп, оның ұмытылып кетпеуіне көп қайсарлық көрсететін еді.

Сұхбаттарын былай бастайтын еді:

«Аллаһу та'ала бәрімізді дүние мен ахиреттің мырзасы және бүкіл адамдардың барлық тұрғыдан ең үстемі, ең жақсысы болған Расулуллаһқа бағыну бақытымен қадірлендірсін! Өйткені Аллаһу та'ала Оған бағынуды, Оған мойынсұнуды қатты жақсы көреді. Оған бағынудың титімдей бір түйірі бүкіл дүние ләззаттарынан және бүкіл ахирет ниғметтерінен үстемірек. Шынайы үстемдік – Оның сүннәти сәнийасына бағыну.»

Ариф Ривагари хазреттері ұзақ өмір сүрді. Қабірін зиярат етіп келушілер оның фәйз бен берекеттеріне қауышуда. Оны арашы қылып Аллаһу та'алаға жасалған дұғалар қабыл болуда.

 

Бір күні Абдулхалиқ Ғиждуваниді көрді,

Базардан азық алып, үйіне келе жатты.

 

Бір қызметім тисе-ғой деп іштен ойлап бір сәт,

Жүгін көтеру үшін сұрады одан рұқсат.

 

Хазреті Абдулхалиқ оның бұл ұсынысын,

Мақұлдап, ал балам деп берді қолындағысын.

 

Кейін бетіне қарап, оған бір назар салды,

Бұл әлемге жаңадан құдды келгендей болды.

 

Өзгеріп бірден халі, артты зауқы, қайраты,

Оны қаптаған еді Аллаһтың махаббаты.

 

Бірде бұрынғы ұстаз шығып қалды алдына,

Ұрысып айтты оған: «Дереу қайт оқуыңа!»

 

Бұл ұстазды сол түні, шайтан азғырған еді,

Алайда бұл күнәсін елден жасырған еді.

 

Ол Ариф Ривагари үстем парасатымен,

Түсініп айтты оған сынық көңіл датымен:

 

«Мырзам, артымнан жүріп маған болғанша әуре,

Сол түнгі күнәңызға неге етпейсіз тәубе »

 

Көріп шәкіртінің бұл ғажайып кереметін,

Әлгі ұстаз түсінді халдін қайдан келгенін.

 

Сөйтіп ол да Абдулхалиқ Ғиждуваниге кетті,

Шәкірт түсіп ол пірге бір өмір қызмет етті.