10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 15) Қажы Лорд Әл-Фаруқ Хидли (ағылшын)

15) Қажы Лорд Әл-Фаруқ Хидли (ағылшын)

(Сэр Джордж Аллансон 1855 жылы туылып, Англияның ең ескі бір жанұясынан келген. Англияда көптеген маңызды саяси қызметтер атқарған, сонымен қатар жазушы ретінде де аты шыққан. Кембридж университетінде білім алған. 1877 жылы лорд дәрежесін иеленген. Ағылшын әскерінде подполковник болып қызмет атқарған. Негізгі мамандығы инженер болғанына қарамастан, жазушы шеберлігіне де ие. «Бір еуропалықтың көзі ашылып, мұсылман болуда» деген еңбегі жазған кітаптарының арасында ең танымалы. Лорд Хидли 1913 жылы мұсылман болған, қажылыққа барған, Шәйх Рахметуллаһи Фаруқ деген атты иеленген. 1928 жылы Үндістанға да зиярат етіп барған.)

Неліктен мұсылман болдым? Бәлкім кейбір достарым мен жолдастарым мені мұсылман достарымның ықпалымен мұсылман болды деп ойлайтын шығар. Алайда, бұлай болған жоқ. Менің мұсылмандықты қабылдауым – ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеуімнің, ойлануымның нәтижесі. Мен Ислам дінін тек жақсылап зерттеп, ол туралы толық түсінікке ие болғаннан кейін ғана мұсылмандармен араластым, олардың да өз діндеріне тура мен сияқты иман келтіргендерін көріп, жақсы дінге кіргенімді түсініп, қатты қуандым.

Құран кәрім адамның бүкіл жүрегімен иман келтіріп, Исламды қабылдауды әмір етеді және Исламға қинап кіргізуді қабылдамайды. Иса алейһиссалам да өз хауарилеріне: «Бір жерге барған кездеріңде ол жердегілер сендерді қабылдамай,  тыңдамай қойса, ол жерден тезірек кетіңдер, оларды қинамаңдар» деген. (Ст. Марк, 6-11)

Мен өмірде көптеген фанат протестанттарды көрдім, католик шәкірттердің жатақханаларына барып, оларды қинап, протестант етуге тырысатын. Бұл қажетсіз қинау әрекеттері көптеген ұрыс-керістерге, түсінбеушіліктерге себеп болып, адамдарды бір-біріне дұшпан ететін. Дәл осындай мәнсіз әрекеттерді христиан миссионерлері мұсылмандарға қарсы қолданып көрді. Мұсылмандарды христиан ету үшін барлық нәрсені істеді. Оларды түрлі жолдармен алдауға тырысты.

Ақша, жұмыс, мансап уәде етті. Алайда, бұл надандар Иса алейһиссаламның шынайы бұйрықтарын ең жақсы қолданатын және мақұлдайтын дін – Ислам діні екенін түсінбейтін еді. Христиан дінінің бұзылғаны соншалық, Иса алейһиссаламның алып келген шынайы Насрани діні жойылып, адамгершілік негіздері толығымен ұмытылды. Бұлар қазір тек Ислам дінінде ғана бар. Олай болса, мен мұсылман болу арқылы шынайы, таза насрани дініне де қауыштым. Өйткені, Иса алейһиссалам бұйырған бауырластық, өзара байланыс, мейірімділік, хусни-зан, қолы ашықтық қазіргі христиандарда емес, тек мұсылмандарда ғана кездеседі. Кішкене бір мысал келтірейін. Христиан Атнасян тобы христиан дінінің негізі үш тәңірге (тәслиске) сену екенін және кімде-кім бұған аз болса да ойында күмән келтірсе, дереу құритынын және кімде-кім дүние мен ахиретте саламаттыққа қауышқысы келсе, міндетті түрде «Тәңір, Тәңірдің ұлы және қасиетті рух» деген үш құдайға сенуге мәжбүр екенін қайталап айтуда.

Тағы бір мысал: Мұсылман болған кезімде маған біреу хат жазды. Бұл хатта: «Сіз мұсылман болып, құрыдыңыз. Сізді енді ешкім құтқара алмайды. Өйткені, Аллаһтың құдай екендігіне сенбейсіз» делінген. Бұл бейшара адам мені Аллаһқа сенбейді деп ойлаған еді. Өйткені, оның ойынша Аллаһу та’аланың құдай болуы үшін міндетті түрде үшеу болуы керек еді. Алайда бұл ақымақтың білмейтіні, Иса алейһиссалам да таза насрани дінін тарата бастағанда Аллаһу та’аланың бір екенін айтқан, ешқашан Оның баласы бар екенін мәлімдемеген. Ислам діні «Жалғыз бір Аллаһ бар» деп, таза насрани дінінің негізгі қағидасын шығарған. Қазіргі таңда ақыл-есі дұрыс адамның жалғыз бір Аллаһтың бар екеніне сенуіндей қисынды нәрсе жоқ. Мен мұсылман болу арқылы шынайы бір Аллаһқа сенемін және Иса алейһиссаламнан кейін оның таза дініне қосылған көптеген қате сенімдерді қабылдамаймын. Бұл хатты жазған және ол сияқты ойлайтын адамдарға тек адамның жаны ашу керек. Қазір христиандар күннен-күнге діндерін тастап, атеист (дінсіз) болуда. Өйткені, қазіргі христиандық қалыпты, мәдениетті адамды қанағаттандыра алмауда. Адамдар аңыздарға сенбеуде, христиандық сенімдерге күмәнмен қарауда. Бірақ мен өмірімде шынайы бір мұсылманның өз дініне күмән келтіргенін естіген емеспін. Өйткені, Ислам діні адамдардың барлық рухани және денелік қажеттіліктерін ең толық және ең қисынды түрде қанағаттандыруда.

Мен сенімдімін, мыңдаған христиан ерлер мен әйелдер Ислам дінін зерттеп, оны толығымен меңгерген. Бірақ, ресми түрде мұсылман болса, жұмыстарынан, қызметтерінен айрылып қалудан және туысқандары тарапынан мазақ болудан қорқып, мұсылман болуға батылдық таныта алмауда. Біздің мектептерімізде Ислам діні әліге дейін Аллаһу та’алаға сенбейтіндердің діні ретінде үйретіледі. Мен бүкіл достарым, туыстарым мені «Рухы бұзылған адам» деп қарғайтынын біле тұра мұсылман болдым және жиырма жыл бойы Исламды берік ұстанып келемін.

Мұсылмандықты неліктен қабылдағанымды осылай қысқаша айтып бергеннен кейін тағы қайталап айтайын, мен мұсылман болу арқылы тура және таза Исауи болуды да игердім. Басқа христиандарға да үлгі болғым келеді. Мұсылман болу оларды христиан дініне дұшпан етпейді, керісінше оларға Исауиліктің не екенін үйретеді және жоғарылатады.