27 Наурыз 2017   


  Негізгі бөлім / Әдеп-ахлақ / Ықылас және рия

Ықылас және рия

Новая страница 1

Сұрақ: Ықылас және рия деген не?

Жауап: Ықылас – денемен немесе мал-мүлкпен жасалатын парыз немесе нәпіл ғибадаттарды Аллаһ разылығы үшін жасау деген сөз. Мал-мүлік үшін, атақ үшін, құрметті және абыройлы болу үшін жасалған ғибадаттарда  ықылас болмайды, рия болады. Мұндай ғибадатқа сауап берілмейді. Керісінше күнә болады, азапқа лайық болады. Харам істейтіндермен, бидғатшылармен және кәпірлермен дос, көрші болғандардың ықыластары қалмайды.

   

Хазреті Имам Раббани былай деген:

Ғибадат жасағанда, Аллаһу та’ала бұйырғаны үшін және ұнатқаны үшін жасауға ниет ету керек. Барлық амалдарды, жақсылықтарды әрдайым ықыласпен жасау керек. Кейбіреулерде ықылас өзін қинау арқылы пайда болады және аз уақыт жалғасады. Кейін көңілге ықыластың орнына нәпсінің қалаулары келеді. Ықыласы тұрақты (үнемі) болған адамдарды Мухлас деп атайды. Өзін қинаумен пайда болған, уақытшалық ықыласты адамдарға Мухлис делінеді. Мухлас адамға ғибадат жасау жанға жайлы және оңай болады. Өйткені оларда нәпсінің қалаулары және шайтанның уәсуәсәсі қалмаған болады. Мұндай ықылас, адамның көңіліне тек қана әулиенің жүрегінен (көңілінен) келеді.

 

Мухлис болып ғибадат жасау мақталған. Құран кәрімде былай делінеді:

«Оларға айт, мен тек Аллаһқа мухлис болып ғибадат етемін» (Зумар 14)

 

Хадиси шәрифте де былай бұйырылды:

«Ықыласпен жасалған ғибадат аз да болса, адамға жеткілікті болады» (Дара Кутни)

 

Мұрат – қалау, тілеу деген мағынаны білдіреді. Ал тасаууф ғылымында “мұрат” таңдалған адам дегенді білдіреді. Аллаһу та’аланың разылығына қауышудың екі жолы бар. Бірі “шәкірттер жолы”, екіншісі “мұраттар жолы” яғни таңдалғандардың жолы. Бірінші жолдағы шәкірттер қиындық көреді. Екінші жoлдағы мұраттар болса қиналмастан мақсатқа қауышады. Бұл жол пайғамбарлардың ілгерілеген жолы. Бұл жол кейбір әулиелерге де беріледі.
 

            Құран кәрімде былай делінеді:

«Аллаһ қалаған адамын өзіне таңдайды, өзіне қауышқысы келгендерді де, қауыштыратын жолды көрсетеді.» (Шура 13)


            Тұрақсыз болған ықыласпен жасалған ғибадаттар да уақытымен нәпсіні қажытады (әлсіздендіреді), тұрақты болған ықыласқа қол жеткізуге себеп болады. Хазреті Суфиян Сәури “Аллаһ разылығы үшін деп ниет етпей қонаққа шақырған адамға бір күнә, ниет етпей қонаққа барған адамға екі күнә жазылады” деп бұйырған.


            Хадис шәрифтерде былай бұйырады:

«Амалдарыңды Аллаһ үшін ықыласпен жасаңдар. Өйткені Аллаһу та’ала тек өзі үшін ықыласпен жасалған амалдарды қабыл етеді.» (Дара Кутни)

 

«Амалдарың босқа кетпеуі үшін ғибадаттарыңа рия араластырмаңдар.» (Дәйләми)

 

«Ғибадатына рия араластырған адамға ақыретте “бар, сауабыңды сол кісіден сұра” делінеді» (Ибн Мажә)

 

«Тек Аллаһ разылығы үшін досының немесе бір науқастың жағдайын сұрап барған адамға Аллаһу та’ала “Өте жақсы істедің, жаннаттан өзіңе бір сарай дайындадың” деп бұйырады.» (Бұхари)

 

«Аллаһ разылығы үшін мешіт салдырған адамға жаннаттан бір сарай беріледі.» (Табарани)

 

«Кімде-кім Аллаһ үшін ашуын жеңетін болса, Аллаһ та ол үшін ашуын тоқтатады.» (Табарани)
 

«Күнін Аллаһ разылығы үшін әке-шешесіне мойынсұнып бастаған адамға жаннаттан екі есік ашылады.» (И. Асакир)

 

«Дүние және ақырет жақсылықтарына қауышу үшін Аллаһты еске алатындармен бірге бол, үнемі Аллаһты есіңе ал, Аллаһ үшін жақсы көр, Аллаһ үшін жаман көр.» (Әбу Нуаим)
 

«Ғибадаттарды ықыласпен орында! Ықыласпен орындалған аз ғибадат, қияметте саған жеткілікті болады.» (Әбу Нуаим)

 

«Аллаһ разылығы үшін кешірген адамның Аллаһу та’ала дәрежесін көтереді.» (Муслим)

 

«Сабырлы және ықыласты болғандар, есепке тартылмастан жаннатқа кіреді.» (Табарани)

 

«40 күн Аллаһ үшін ықыласпен ғибадат еткен адамның жүрегінен тіліне хикмет бұлағы ағады.» (Әбушшәйһ)

 

«Ықыласты болғандарға сүйінші болсын. Олар фитнә қараңғылығы ішінде, жарқыраған нұр болады.» (Ә. Нуаим)


«Ықыласпен “Лә иләһә иллаллаһ” деген адам жаннатқа кіреді.»
(Бәззар)

 

«Жаннаттың әдемі сарайлары, Аллаһ разылығы үшін бір-бірін жақсы көргендер үшін болады.» (Әбушшәйһ)

 

«Аллаһ разылығынан басқа мақсаттармен ілім үйренген немесе ілімін дүниелік пайдалар үшін құрал еткен адам жаһаннамдағы баратын жеріне дайындалсын!» (Тирмизи)

            Құран кәрімде салихтер мақталып былай делінеді:

«Олар өз жандары қиналғанда тамақты кедейге, жетімге және тұтқынға жегізеді. Біз бұларды Аллаһ разылығы үшін береміз, сендерден ақысын да, рахмет те күтпейміз дейді.» (Инсан 8, 9)


            Сұрақ: Ғибадат жасағанда неге мән беру керек?

            Жауап: Ғибадаттың негізі – көңілді толығымен Аллаһу та’алаға байлау. Ғибадатты – күнделікті бір әдет ретінде емес, Аллаһу та’аланың хұзырына шығып, Оған жан-тәнімен, жүрегімен шүкір ету және Оған жалбарыну үшін жасау керек. Рия (адамдарға көрсету, мақтану) үшін жасалған ғибадатты Аллаһу та’ала қабыл етпейді. Құран кәрімде былай бұйырылды:

            «Ей Расулым, қияметті мойындамаған, жетімге қаталдық танытып қуған, ақысын ұрлаған, кедейді тойғызбаған және басқаларды да кедейге жақсылық жасауға шақырмаған адамды көрдің бе? Намаздарын ғафлетпен (ықылассыз) оқығандарға және рия жасағандарға және зекетін бермегендерге ауыр азап бар.» (Маун)


            Хазреті Имам Раббани былай деген:

            Бір ғибадаттың ілімін үйренбеген, шарттарын білмеген адамның жасаған ғибадаттары ықыласпен жасалған болса да сахих болмайды. Еш жасамаған секілді жаһаннамда жанады. Шарттарын біліп, сол бойынша жасаған адамның ғибадаты сахих болады. Жаһаннам азабынан құтылады. Бірақ ықыласпен жасамаған болса, бұл ғибадаты және ешбір жақсылығы қабыл болмайды. Сауап алмайды. Аллаһу та’ала мұндай ғибадатты және игі істерді ұнатпайтынын білдірген. Ілім және ықыласпен жасалмаған ғибадаттың пайдасы болмайды. Адамды күпірден, күнәдан, азаптан құтқармайды. Өмір бойы осылай (ықылассыз, рия араластырып) ғибадат жасап соңғы демінде кәпір болып қайтыс болған мүнафықтар көп болған. Іліммен, ықыласпен жасалған ғибадат адамды дүниеде күпірден, күнәдан құтқарады және дәрежесін көтереді. Сонымен қатар ақыретте жаһаннам азабынан құтқаратынын Аллаһу та’ала уәде етеді. (Маида 9) Аллаһу та’ала уәдесінде берік. Берген уәдесін әлбетте орындайды.      

 

Хазреті Имам Ғазали былай деген:

Күнәлардың үлкені үшеу. Бұлар:

1-     Сараңдық

2-     Хасад (көре алмаушылық)

3-     Рия

 

Намаз, ораза, садақа және жол, мешіт салдыру секілді игі амалдарды адамдар көрсін, ұнатсын, мақтасын деп жасау рия болып табылады. Осы секілді мақсатпен жасалған істердің бәрі рияға жатады. Рия кіші шірк болып табылады. Тәубе етпейінше мүлдем кешірілмейді. Ілімі бар адамның ілімі бойынша амал етпеуі, амалында салақ және ықылассыз болуы, дін ғұламаларына, ғибадат еткендерге, азанға, қасиетті күндерге мән бермеуі, құрмет етпеуі де шақауаттың белгісі. (шақауат: кәпір немесе пасық болу, жаһаннамдық болу дегенді білдіреді.)

 

            Хадис шәрифтерде былай бұйырылды:

            «Аллаһу та’аланың бір екендігіне иман келтіріп, ширк қоспай және ықыласпен намазын оқып, зекетін берген адамнан Аллаһ разы болады.» (Ибн Мажә)

 

            «Ықыласпен амал етіңдер! Аллаһу та’ала тек ықыласпен жасалған амалды қабыл етеді.» (Дара Кутни)


            Сұрақ: Зекетті жасырын, ешкімге білдірмей беру сауапты бола ма? Басқаларға көрсетіп беру рия болмай ма?

Жауап: Парыз болған зекетті басқалардың көзінше беру рия болмайды, керісінше сауабы көп болады. Зекетті бұлай ашық беру адамдардың ішіндегі “бұл кісі зекетін бермеді-ау” деген күдіктерін кетіреді және басқаларға да үлгі болып, естеріне салған болады. Хазреті Ибни Аббас “жасырын берілген нәпіл садақаның сауабы, ашық түрде берілгеннен 70 есе көп болады” деп бұйырған. Ал ашық түрде берілген зекеттің сауабы жасырын берілгеннен 25 есе көп болады. Хазреті Имам Раббани былай деген: Бір тиын зекет беру, миллиондап садақа беруден де сауапты болады. Зекет беру – Аллаһу та’аланың әмірін орындау болып табылады. Ал садақа және басқа да жақсылықтар атақ, құрметке ие болу үшін және нәпсінің шахуаттарын қандыру үшін жасалады. Парыздарды орындаған кезде араға рия, адамдар көрсін деген ниет араласпайды. Нәпіл ғибадаттарда болса адамдарға көрсету, мақтану сезімі көп болады.Сондықтан зекетті ашық түрде, көрсетіп беру керек.” (2/82)   

 

            Сұрақ: Болашақ қайнатамның жанында намаз оқығанда намазды дұрыс оқу немесе екіндінің алғашқы сүннетін көбінесе оқымай жүріп, оның жанында болғанда оқығаным рия болғаны үшін бұл ісім күпір бола ма? Өйткені рияны кіші ширк деп білдіретін хадис оқыған едім. Және сауда-саттық үшін қажылыққа бару да рия бола ма?

            Жауап: Ғибадаттарына рия араласқан адамның сауабы азаяды. Егер ниеті толығымен рия болса сауап берілмейді, бірақ кәпір де болмайды. Ғибадат жасап Аллаһу та’аладан дүниелік нәрселерді сұрау рия болмайды. Жаңбыр дұғасына шығу осылай. Айлыққа имам болып істеу, Құран курсына ұстаздық ету, қиыншылықтан, аурудан және кедейліктен құтылу үшін аяти кәрима оқу да осылай. Бұларда әрі ғибадат, әрі дүниелік пайда ниеті болады. Ғибадат ниеті мүлдем болмаса рия болады. Ғибадат ниеті көп болса сауап беріледі. Ғибадаттарын басқаларға көрсетудегі ниеті, оларға үйрету, оларды ынталандыру болса онда бұл рия болмайды, керісінше сауабы көп болады. Аллаһ разылығы үшін намазды бастап кейін намаздың ішінде пайда болған рияның зияны болмайды. Рияменен жасалған парыздар сахих болады. Яғни ғибадат борышын өтеген болады, бірақ мүлдем сауап берілмейді. Хадис шәрифте былай бұйырылды:

            «Ғибадатына рия араластырған адамға “бар сауабыңды сол адамнан сұра” делінеді» (Ибн Мажә)

 

            Әрі сауда-саттық жасау, әрі қажылығын орындау үшін барған адамның қажылық ниеті көп болса сауап алады. Сауда-саттық жасауға деген ниеті көп болса немесе тең болса қажылықтың сауабын ала алмайды. Бірақ қажылықтың шарттарын орындаған болса тек парыз борышын өтеген болады. Парызды орындамау азабынан құтылады. Рия үшін, көрсету үшін жасалған барлық ғибадаттар және жақсылықтар да осылай. (Дурр-ул-мухтар)

 
            Сұрақ: Мешітке барғанда “Машаллаһ кішкентай болса да намаз оқып жатыр” деп айтып жатады, маған бұл ұнайды, барлығы мені мақтасын деп күнде мешітке барып жүрмін. Бұлай істеуім рия болады екен. Рияға түспеу үшін мешітке бармағаным жақсы бола ма?

            Жауап: Парыз намаздарды оқығанда рия, көрсету қауібі болса да бәрібір парыз намаздарды мешітте оқу керек. Мешіттер намаз оқу үшін жасалады. Хазреті Имам Раббани былай деген: “Нәпіл ғибадаттарды жасырын жасау керек. Сонда рия қауібі болмайды. Ал жамағатпен оқу бұлай емес. Парыздарды ашық түрде, адамдарға көрсетіп жасау керек. Өйткені парыздарда көрсету, мақтану болмайды. Сондықтан парыздар жамағатпен оқылады.” (1/288)

 

Сұрақ: Парызда рия бола ма?

Жауап: Рия – көрсету, адамдарға көрсету, мақтану дегенді білдіреді. Мал-мүлк, атақ, құрмет және абыройға ие болу үшін ғибадат ету рия болып табылады. Рияменен жасалған парыздар сахих болады. Яғни ғибадат борышы өтелген болады, бірақ сауапсыз өтеді. Шарттарына сай орындалғаны үшін сахих болған намазды, рияменен адамдар көрсін деген ниетпен оқыса ол намаздың сауабы болмайды, рия болады. Ең жаманы Аллаһу та’аланың разылығын мүлдем ойламай жасалған ғибадат.

 

            Рияға жол бермеу үшін нәпіл ғибадаттарды жасырын жасау керек. Мәселен садақаны жасырын беру керек, құшлық, тәхәжжүд намазын оқығанын ешкімге айтпау керек. Бірақ ғибадаттарын басқаларға көрсетудегі мақсаты, оларға үйрету және ынталандыру болса рия болмайды және сауабы көп болады.


            Ал парыздарда рия болады деп ғибадаттарды жасыру дұрыс емес. Мәселен зекетті, бес уақыт намазды жасырмау керек. Жұма намазына бару керек. Рамазан оразасын тұтуда да рия болмайды. 

 

Хазреті Имам Раббани былай деген:

Нәпіл ғибадаттарда адамдарға көрсету, мақтану ниеті көп болады. Ал парыздарды орындаған кезде араға рия, адамдар көрсін деген ниет араласпайды. Сондықтан зекетті ашық түрде, адамдардың көзінше беру керек. Осылай адам жаладан құтылады. (2/82).