16 - Шәууал, 1445 жыл.
     25 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 23) Мұхаммед Джон Вебстер (ағылшын)

23) Мұхаммед Джон Вебстер (ағылшын)

Мен Лондонда протестант тәрбиесін алып өстім. 1930 жылы әлі оқушы кезімде, басқа оқушылар сияқты, кейбір мәселелермен кездесіп, бұларды түсінуге тырысатын едім. Бұлардың бірі дін мен дүние арасында бір байланыс іздеу, яғни рахат және бақытты өмір сүру үшін дінді қалай пайдалануға болатынын үйрену болды. Сол кезде ең алғаш байқағаным бойынша, өзім ұстанып жүрген христиан дінім бұл тұрғыда өте әлсіз екен. Өйткені, христиан діні дүниені тек жамандықтарға толы азапталу орны, ал адамдарды күнәхар болып туылған жаратылыстар деп қабылдайды. Оларға өмірде рахаттық жолын көрсету былай тұрсын, барлық жасаған істерінің күнә екенін, одан құтылудың ешқандай шарасы жоқ екенін, адамдар үшін тек дінбасылар ғана Аллаһу та'алаға дұға ете алатынын айтатын. Христиан діні адамдарды толықтай бос қалдырған және тек жексенбі күндері ғана адамды қанағаттандырмайтын (шіркеу ішіндегі) бір ғибадат жасауға  шақырады. Ол жылдары Англияда үлкен экономикалық дағдарыс және кедейлік бар еді. Адамдар өз өмірлеріне және үкіметке разы емес еді. Христиан діні осы қиын кезеңдерде адамдарға ешқандай көмек бере алмады, адамдарды шыдамдылыққа шақыратын тұстары жоқ еді. Бұл жағдай маған кері әсерін тигізді. Ақылыма емес, сезімдеріме беріліп, дінді мағынасыз нәрсе деп таптым. Христиан дінін тастап, басқа жастар сияқты, өзімді дінсіздік пен коммунизмге арнадым.

Коммунизм, алыстан қарағанда, жастардың көңілінен шығатын. Өйткені, экономикалық қиыншылық шегіп, өмір сүруге күші қалмаған жастар байлық және мансап үстемдігін жоятынын айтқан коммунизмді құтқарушы ретінде көрген еді. Бірақ, қысқа уақыттан кейін түсінгенім бойынша, коммунизмнің көзқарастары тек үгіттерден, бос сөздерден тұратыды екен. Оларда да әрі байлық, әрі лауазым үстемдігі бар еді. Бәрі әр мемлекетте бірдей еді. Осыған орай мен коммунизмнен бас тартып, философиямен айналысуға кірістім. Осылайша, өзімді пантеист ретінде, «Уахдәти вужуд» сенімінде жетілдіре бастадым.

Батыс мемлекеттерінде Ислам дінімен байланыс құру өте қиын. Өйткені, ол жақта Ислам дініне қарсы сонау крест жорықтарынан қалған дұшпандық бар. Еуропалықтар өздері танымайтын Исламды жек көреді. Балаларын Исламға дұшпан етіп тәрбиелейді. Мұсылмандық туралы айту әдепсіздік болып саналады. Біреу Ислам туралы айтса, барлығының түрлері өзгеріп, үндемей қалады. Сол уақыттарда мені Австралияға бір қызметпен жіберген еді. Маған берілген «Мұсылмандықты жек көру» тәрбиесіне қарамастан, бір күні қызығушылық танытып, Құран кәрімнің аудармасын қолыма алдым. Бірақ, кітапты аударған адамның алғы сөзін оқыған  кезімде-ақ кітапты дереу жаба салдым. Өйткені, кітапты аударған адам алғы сөзінде Құран кәрім жайлы сондай ауыр сөздер айтып, Құран кәрімді соншалықты балағаттаған еді, мұндай кітапты оқу мағынасыз бір іс болар еді. Кейін ойландым. Христиандар мұсылмандарды жек көреді. Олай болса, аударманы жазған христиан адам да осыдан ықпалданып, қате аударма жасауы, кейбір жерлерді қате түсінуі мүмкін ғой. Қайтадан қызығып қалдым. Енді бұл мәселені шындап қолға алдым және бірнеше  аптадан кейін Австралияның батыс жағындағы Перз қаласына барған кезімде сол қаланың үлкен кітапханасына кіріп, онда мұсылмандар тарапынан тәфсирленген Құран кәрімнің бар-жоғын іздестірдім. Маған сондай аударма тауып берді. Оны ашып, ішіндегі алғашқы сүрені, Фатиханы оқыған кезімде қалай әсерленгенімді сіздерге айтып жеткізе алмаймын. Фатиха сүресі «Әлемдердің жаратушысына мадақпен» басталады. «Бізге тура жолды көрсет» деп жалбарынады. Қандай керемет! Фатиха сүресін көп рет оқыдым. Мұнда айтылған ұлы жаратушы «Рахман және Рахим», яғни өте мейірімді еді. Христиандардың айтатыны сияқты, адамдарды күнәхар етіп жаратпаған еді. Құран кәрімді оқуды бастадым, оқыған сайын өзімді ұмыта бастадым. Бүкіл армандарымды, үміттерімді дәл осы қасиетті кітаптан таптым. Сағаттар өткен болса да, мен өзімнің қайда екенімді, уақытты, барлық нәрсені ұмытып қалдым. Маған Құран кәріммен бірге Мұхаммед алейһиссаламның өмірі туралы біраз кітаптар берді. Бәрін ұмытып, осы кітаптарды оқып отыр едім. Ақыр соңында кітапхана қызметкері қасыма келіп, «Уақыт болды, кітапхананы жабамыз» деген кезде есімді жидым. Үйге қайтып келе жатып, «Міне, енді мақсатыма жеттім. Мен енді мұсылман болдым» деп қайталадым. Мен Аллаһу та’аланың көрсетуімен тура жолды таптым.

Үйге келе жатып ыстық кофе ішетін ыңғайлы жер іздедім. Көшеде кетіп бара жатқанда ойымда тек Құран кәрім, мұсылмандық және Аллаһу та’ала тұрды. Қайда бара жатқанымды өзім де білмедім. Кенеттен бір жерге келіп аяқтарым тоқтады. Басымды көтеріп қарасам, қызыл кірпіштен салынған бір ғимараттың алдында тұрғанымды көрдім. Аяқтарым өздігінен мені осы жерге алып келген еді. Ғимараттың бетіндегі жазуға қарадым. Бұл Австралияның бір мешіті болатын.

Мен өз-өзіме «Аллаһу та’ала саған тура жолды нәсіп етті және саған не істеу керектігін көрсетті. Сен мұсылмандықты таныдың. Аллаһу та’ала сені мешіттің алдына дейін алып келді. Дереу ішке кіріп, бұл дінді қабылда» дедім. Ішке кіріп, мұсылман болдым.

Оған дейін ешбір мұсылманды танымайтын едім. Ислам дінін өздігімнен тартым және қабылдадым. Маған ешкім бұл мәселеде жол көрсеткен жоқ. Менің жол көрсетушім тек өз ақылым болды.