10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Иман және Ислам / "Иман және Ислам" кітабы / 24) Абдуллаһ Баттерсби (ағылшын)

24) Абдуллаһ Баттерсби (ағылшын)

Осыдан шамамен 25 жыл бұрын Бурмада жүрген кезімде демалу үшін күнде өзенде қытай қайығымен серуендейтінмін. Менің қайығымның ескекшісі шығыс Пәкістаннан келген Шәйх Әли есімді мұсылман болатын. Мұсылмандықта әмір етілген барлық діни бұйрықтарды мұқият орындайтын. Оның уақытын өткізбестен барлық ғибадаттарын қатты мән беріп орындайтыны маған ұнайтын және мұсылмандықтың не екендігіне қызығушылық танытатынмын. Осындай қарапайым адамды осыншама үлкен иман мен бағыныштылықта ұстаған мұсылмандықтың ақиқатын түсінуге шешім қабылдадым. Айналамыздағы адамдардың көпшілігі Бурма буддисттері болатын. Олар да өз діндерін берік ұстанатын. Бурманың барлық адамдарын әлемдегі ең діндар адамдар деп ойлаймын. Бірақ, буддисттердің ғибадаттарында көзге түсетін көптеген кемшіліктер бар еді. Буддисттер Пагода атты ғибадатханаларына жиналып, төмендегі сөздерді үздіксіз қайталайтын еді:

«Буда-карана-Гачками-Дама-карана-Гачками-санга-карана-Гачками.»

Мұның мағынасы, маған айтулары бойынша: «Будда, сен бізге жол көрсет! Сен біздің заңымыз бол! Сен біздің рухымызды көтер» екен. Бұл дұға өте қарапайым, адамды қанағаттандырмайтын, оның рухына еш әсер етпейтін бірнеше сөзден тұратын еді. Ұлы жаратушы туралы еш айтылмайтын.

Ал, менің мұсылман қайықшымның ғибадаты өте керемет болатын. Мен енді онымен Ислам туралы сөйлесе бастадым. Онымен бірге өткізген уақыттарымда одан мұсылмандық туралы көп нәрселер сұрадым. Бұл қарапайым адам маған мұсылмандық туралы өте әдемі, өте қисынды жауаптар бергені соншалық, мен де Ислам туралы кітаптарды оқи бастадым. Бұл кітаптарды оқығанда, Мұхаммед алейһиссаламның Арабстанда қысқа уақыт ішінде қандай жетістіктерге қол жеткізгенін білдім. Мұсылман достар таптым. Олармен Ислам жайлы сөйлесуді, сұхбаттасуды бастадым. Сол кездері бірінші дүниежүзілік соғыс басталған болатын. Маған бірден Арабстандағы майданға қатысу бұйрығы беріліп, сол жаққа кеттім. Ол жерде буддисттер жоқ еді. Жан-жағымның бәрі мұсылмандар еді. Арабтар – алғашқы мұсылмандар еді. Аллаһу та’аланың кітабы болған Құран кәрім араб тілінде түскен. Арабтармен араласуым Исламға деген қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті. Соғыс біткеннен кейін араб тілін үйрене бастадым. Бір жағынан, Ислам туралы шығармаларды оқуды жалғастырдым. Ислам дінінде мені өзіне тартқан нәрсе – мұсылмандардың жалғыз бір Аллаһқа сенуі болды. Алайда, мен христиан ретінде үш тәңірге сенуге мәжбүр болатынмын. Бұл маған қисынсыз болып көрінетін. Осыны ойлаған сайын ақырындап Исламның дұрыс дін екендігіне түсіне бастадым. Жалғыз бір жаратушыға сенетін діннің хақ дін екендігін қабылдай бастадым. Ақыр соңында, 1932 мен 1942 жылдары аралығында Палестинада 10 жыл қызмет атқарғаннан кейін мұсылман болуға шешім қабылдадым. 1942 жылы ресми түрде мұсылман болдым. Сол кезден бері жан-тәніммен мұсылманмын.

Арабтар «Қасиетті қала» деп атайтын Құдыста мұсылман екенімді ресми түрде жария еттім. Ол кезде ағылшын әскерінде штаб басшысы болатынмын. Мұсылман болғанымды жариялаған кезде басыма көптеген проблемалар келді. Үкіметім мұсылман болғанымды жақтырмады. Әскерден кетуге мәжбүр болдым. Осыған орай, әуелі Мысырға, кейін Пәкістанға барып, мұсылман бауырларыммен бірге өмір сүре бастадым. Ислам діні туралы мақалалар жаздым. Қазір әлемде 500 миллионнан астам мұсылман бар және олардың бәрі бір-бірінің бауыры. Мұсылман болу дегеніміз – шынайы тәңір болған Аллаһу та’алаға иман келтіру және Оған байлану дегенді білдіреді. Оған байлану үшін Оның ұлы пайғамбары Мұхаммед алейһиссалам көрсеткен кейіпте болу керек. Қазір маған Исламның нұрлы жолын, пәк ғибадатын көрсеткен және мені Аллаһыма қауыштырған әлгі қарапайым көрінген қайықшыны құрметпен еске аламын. Өмірде ол сияқты таза мұсылман болуға тырысамын. Осылай істеген сайын адамның зиянды істерден өзін құтқаратынына көзім жетті.

Мұсылмандар арасында қазір мен де, Әлхамдулиллаһ, бір мұсылманмын. Әрбір жасаған ғибадатымда, бәлкім, Аллаһу та’аланың мейіріміне қауышқан, мүршидім, ескі қайықшым, Шәйх Әли мырзаға дұға етуді, оның мүбәрәк рухына Фатиха оқып бағыштауды мүлдем ұмытпаймын.