15 - Шәууал, 1445 жыл.
     24 - Сәуір, 2024 жыл.   


31) Абдуллаһ Уемура (жапон)

Неліктен мұсылман болдым? Өйткені, Ислам діні Аллаһу та’аланың бір екендігін, өлімнен кейін екінші өмір бар екенін, қиямет күні адамдардың дүниеде істеген істері үшін есепке тартылатындығын білдіруде. Сүйіспеншілікті, туралықты, әділдікті, жақсы мінезді болуды әмір етуде. Бұлардың барлығы адамның хақ жолда тыныш және рахат өмір сүруі үшін ең қажетті нәрселер. Бұлар басқа ешбір дінде мұншалық айқын етіп көрсетілмеген. Исламда садақат (дұрыстық) өте маңызды. Аллаһу та’ала мен құлдарға деген дұрыстық Исламның негізін құрайды. Мен де ақиқатты іздеп жүріп, оны Ислам дінінен тауып, мұсылман болдым.

Барлық діндерді зерттедім. Қазіргі христиан дінінің ешқашан Иса алейһиссалам көрсеткен таза дін болуы мүмкін емес. Иса алейһиссаламның Аллаһу та’аладан алып, адамдарға уағыздаған бұйрықтары толығымен өзгертілген. Қазіргі Інжілдерде Оның сөзі деп басқа нәрселер айтылған. Келген уақытынан қазіргі күнге дейін сол қалпында сақталған таза дін – тек қана Ислам діні. Құран кәрім, бір әрпі де өзгерместен, қазірге дейін жетіп келген.

Қазіргі Інжілдерде Аллаһу та’аланың әмірлері емес, тек Иса алейһиссаламның уақыт өте келе өзертілген сөздері мен жасаған істері жазылған. Ал Ислам дінінде Аллаһу та’аланың әмірлері мен пайғамбарларының (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) сөздері жеке-жеке көрсетілген. Аллаһу та’аланың әмірлері Құран кәрімде жазылған. Ал хазреті пайғамбардың сөздері «Хадис» деген атаумен бөлек жиналған.

Мұсылмандықта Аллаһу та’ала құлдарына тікелей айтады. Христиандықта мұндай нәрсе жоқ.

Христиан дініндегі ақылы толық адам қабылдай алмайтын ең маңызды мәселе  – «Үш тәңір» сенімі. Христиандар бір Аллаһқа емес, үш тәңірге сенеді. Мұны ешбір  христиан дін адамы қисынды түрде түсіндіріп бере алмайды. Түсіндіру мүмкін де емес. Өйткені, бұл сенімнің ешқандай да негізі жоқ. Бұл дүниені тек бір ғана ұлы жаратушы жарата алады. Үштік тәңірге сену – пұтқа табыну деген сөз. Ақылы толық адам тек бір жаратушыға сенеді.

Сонымен қатар, христиандар адамдардың күнәхар болып туылатынын, бұл күнәлардан тазару үшін кәфарат төлеуге тиісті екендіктерін, егер христиандардың негізгі сенімі болған үш тәңірге сенбесе, мәңгіге өліп, қайтадан тірілмейтінін айтады. Олай болса, онсыз да күнәхар болып туылған және өлгеннен кейін қайтадан тірілмейтін адамдардың дүниеде босқа ғибадат жасаудың орнына қызық-думанмен уақыт өткізуі, бір-бірін алдаулары, әр түрлі жаман істерге баруы табиғи нәрсе. Сол үшін де қазір христиандар мінез-құлық пен дін қағидаларына қайшы өмір сүруде, толығымен дінсіздікке қарай кетуде. Олар машинаға айналған және рухтары бос.

Енді жапон діндеріне келетін болсақ, Жапонияда екі негізгі дін бар. Бірі Махаяна буддизмі, алғашқы буддизм мен таза буддизмнің біріккен түрі. Брахманизмге де  ұқсайды. Олардың сенімі қарастырылатын болса, Будданың атеист (құдайсыз) болғаны байқалады. Өйткені, Будда Аллаһу та’ала туралы мүлдем сөз қозғамайды және дене өлген кезде рухтың өлмейтініне сенбейді. Негізінен брахмандардың Брахмаға қатысты көзқарастары, яғни оның Аллаһ, құл немесе пайғамбар екендігі туралы пікірлері нақты емес. Брахмандар діннен гөрі дін философиясына көп көңіл бөледі. Брахманы әрдайым көз алдына келтіру үшін оған ұқсатқан нәрселерін (мысалы гүлдерді) қасиетті деп санап, Аллаһу та’алаға емес, Оның жаратқан нәрселеріне табынады.

Осы қарама-қайшылыққа толы сенімдердің ішінде тек Ислам діні ғана Аллаһу та’аланы бізге ең дұрыс түрде танытады. «Аллаһу та’ала бір, ұлы. Бүкіл әлемнің раббысы. Ол тумаған да, туылмаған да. Дүние мен ахиреттегі барлық нәрсені Ол жаратқан. Одан басқа еш нәрсеге табынуға болмайды. Одан басқа ешкім құлдарға әмір бере алмайды.» Жапонияда екінші дін Шинто діні. Бұл дін Буддизмнен өткен жаман дін. Өйткені, ол мінез-құлыққа негізделмеген дін болып табылады. Сонымен қатар, бірнеше тәңірге табынады және ежелгі қауымдар сияқты олардың бәріне жеке-жеке табынады.

Сіздерге жоғарыда әлемдегі кейбір діндер жайлы қысқаша мәлімет бердім. Бұларды көріп үйренгеннен кейін қай біріңіз Исламды шетке ығыстырып қойып, бұлардың бірін таңдар едіңіз? Бұлай болуы мүмкін емес. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, адамның ақылы қабылдай алмайтын сенімдер арасында Ислам діні күндей жарқырап тұр. Толығымен қисынды және адамгершілікке негізделген қағидаларымен жалғыз хақ дін екендігі бір қарағанда-ақ көрініп тұр.

Міне, мен де рухымның бақыт пен саламаттыққа қауышуы үшін ақиқат жолын іздеп жүріп, ең дұрыс дін ретінде мұсылмандықты таптым. «Іздіген дінім осы» деп қуана-қуана мұсылман болдым.