19 - Рамазан, 1445 жыл.
     29 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Бүгін досым өмірімді құтқарды

Бүгін досым өмірімді құтқарды

Барлық нәрсені жаратқан, тәрбие еткен, жетілдірген, барлық жақсылықтарды жасататын, жіберетін Аллаһу та’ала. Хақ та’ала қаламайынша күш-қуат бермейінше ешкім ешкімге түйірдей де жақсылық немесе жамандық ете алмайды. Сондықтан жақсылық еткендерге рахмет айту, ал жамандық еткендерді кешіру керек, кек сақтамау керек. Аллаһу та’аланың сипаттарынан бірі – Саттар. Яғни күнәларды перделеуші (жасырушы). Мұсылманның да дін бауырының айыбын, кемшіліктерін перделеп, жасырып жүруі керек. Аллаһу та’ала – құлдарының күнәларын кешіруші. Мұсылмандар да бір-бірінің кемшіліктерін, айыбын кешіруі керек. Аллаһу та’ала кәрим және рахим, яғни мейірімі, рақымдылығы, ихсаны мол. Мұсылмандар да жомарт және мейірімді болуы тиіс. «Мәснәуи» кітабында мынадай ғибратты оқиға өтеді:

Шөлде жолаушылап келе жатқан екі дос бір мәселеде ортақ пікірге келе алмай ұрысып қалады. Ашу үстінде біреуі екіншісін шапалақпен тартып жібереді. Таяқ жеген баланың беті қызарып, қатты ауырады, бірақ ештеңе деместен құм бетіне «Бүгін менің ең жақын досым маған шапалақпен соққы жасады» деп жазады. Жолдарын ары қарай жалғап келе жатып, алдарынан бір өзен шығады. Шөлден әлсіреп келе жатқан жолаушылар салқындап, шөлдерін басу үшін дереу өзенге қарай жүгіреді. Досынан соққы жеген бала су ішіп отырып өзенге құлап түседі. Суға батып, тұншыға бастағанында, біраз бұрын ұрған досы оны құтқарып алады. Жағаға шыққан соң өзен шетіндегі жар тастың бетіне «Бүгін ең жақын досым менің өмірімді құтқарды» деп жазады. Сонда құтқарған бала: «Сені ұрып ренжіткен кезімде мұны құм бетіне жазған едің. Ал енді сені суға батудан құтқарғанымда мұны тас бетіне қашап жаздың, мұның себебі не?» деп сұрайды. Ол «Біреу бізді ренжіткен кезде мұны құм бетіне жазуымыз керек. Кешіру желі ескен кезде оны жылдам өшіріп тастасын. Ал егер біреу бізге жақсылық етсе, оны тас үстіне қашап жазу керек, оны ешқандай жел өшіре алмасын» деп жауап береді.

Аллаһу та’ала адамдардың жасаған істерінің бір бөлігін ұнатпайтындығын, бұларды жасағандардан разы болмайтындығын, бірақ өкініп тәубе еткендерді кешіретіндігін білдірген. Сондықтан мұсылман әрқашан жақсыларға жақсылық етуі, ал жамандық еткендерді кешіруі керек.

Қорыта айтқанда мұсылмандардың айыптарын жабу, жасырын күнәларын жарияламау және кемшіліктерін кешіру өте үлкен сауап болып табылады. Мұсылман барлық адамдарға жақсылық етуі, қолымен, тілімен ешкімді ренжітпеуі, ешкімге зиян тигізбеуі, қиянат етпеуі, адамдарға пайдалы болуы, ақыларын өтеуі керек. Кек сақтамауы, кешірім сұрағандарды кешіруі керек.