8 - Рабиул-ахир, 1440 жыл.
     15 - Желтоқсан, 2018 жыл.   


  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Намаз – құтылу

Намаз – құтылу

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Пайғамбарымыз алейһиссалам Аллаһу та'алаға шүкір етудің Оған иман келтіру арқылы, яғни мұсылман болу арқылы іске асатынын білдірді. Аллаһу та'ала өзіне иман келтіріп, Исламның шарттарын орындаған адамдардан разы болады, шүкірлерін қабылдайды. Исламның бес шарттарының бірі – намаз. Олай болса, намазын оқымайтын адам Аллаһу та'аланың ниғметтеріне шүкір етпеген, рахметін айтпаған болады. Оған шүкір етпеген, намаздың қадірін білмеген адамнан намаз оқу ниғметі кетеді, ол адам намаз оқудан мақрұм қалады.

Намаздан мақрұм қалу деген не? Ойланып көріңіз, намаздың ішінде «Аттахияту...» дұғасын оқу арқылы бүкіл салих құлдарға сәлем береміз, дұға етеміз. «Салих құл» дегеніміз – «Аллаһу та'аланы жақсы көретін құл» деген сөз. Асхаби кирамнан бастап Әһли сүннет ғалымдары, әулиелер, бүкіл намаз оқушылар және періштелер – бәрі салих құлдар. Өйткені олар Аллаһу та'алаға ғибадат жасап жүр. Осы мүбәрәк болмыстардың бәріне сәлем береміз. Олардың да сәлемге жауап беруі қажет. Олай болса, сәлем берілген кезде сол мүбәрәк салих құлдар да бізге сәлем беріп, дұға етеді. Сәлем – дүние мен ахирет бақыты үшін ең жақсы дұға, саламатта болу деген сөз.

Намаз – сондай бір ғибадат, қайда болсақ та, әлемде қанша мұсылман намаз оқып жатқан болса, намаз оқығанымыз үшін бізге дұға етіп жатыр. Біз бір сәлем береміз, қайтарымы ретінде намаз оқитын мұсылмандардың бәрі бізге дұға етеді. Аллаһу та'ала бір адамды сондай ғибадаттан, осындай дұғадан мақрұм қалдырса, бұдан асатын пәлекет болуы мүмкін бе?

Демек, намаз – мүминнің әрі дүниеде, әрі ахиретте рахат өмір сүруін, құтылуын, көп сауап алуын, миллиондаған мұсылманның дұғасына қауышуын қамтамасыз ететін жүйе және теңдесіз ғибадат. Әлемнің қай түкпірінде болса да, қай нәсілден, қай ұлттан болса да, осыншама кең қауымның басқа жолмен осылай бір бағдарлама ішінде болуы мүмкін емес. Сондықтан намаз – бүкіл мұсылмандар арасындағы ортақ тіл, ортақ ғибадат, ортақ дұға, бірлік пен ынтымақтық. Үмбет дегеніміз де осы. Яғни бір сәтте, бір пайғамбарға, бірдей түрде сену және оған бағыну деген осы. Намаз – құтылу. Күнде азан айтылғанда және әр парыз намазда қамат түсірілгенде «Қанеки, құтылуға келіңдер!» делінеді. Осы мүбәрәк шақыруға келу керек.