16 - Шәууал, 1445 жыл.
     25 - Сәуір, 2024 жыл.   


Қорытынды

Ешқандай қинауға ұшырамай, тек өз көзқарастары және діндерді бір-бірімен салыстыру нәтижесінде Ислам дінін қуана қуана қабылдаған әртүрлі ұлттың, елдің әр саладағы адамдардың Ислам діні туралы айтқан осы шын жүректен шыққан керемет сөздерін оқыған кезде адам мұсылман болғанына қаншалықты шүкіршілік етіп, дінін мақтаныш тұтады! Адамдар өздері үйренген және қалыпты деп санаған көптеген нәрселерді өзгелердің қатты ұнатуына таң қалады. Бір Аллаһқа сену, бауырлық, жылы жүзділік, дұрыстық, мейірімділік, қонақжайлылық, отанын сүюшілік, дінін, иманын, намысын қорғау үшін жанкештік сияқты қасиеттер арқылы Ислам ешқандай үгіт жұмыстарын жүргізбей-ақ, христиан миссионерлері бағынышты болған бай ұйымдар жасап жүргеніндей мол қаржы жұмсамай-ақ адамдардың жүрегінен орын алуда.

Ислам дінінде жаман ойлар, зиянды әрекеттер жоқ. Исламды жеке бас пайдасына, саясаттарына, жаман идеологияларына құрал етуді көздеген мұнафықтар мен бидғатшылар кездеседі. «Әһли сүннет», яғни иманы дұрыс топтан болған шынайы мұсылман адам олардың құралы болмайды. Олардың алдауымен дұрыс иманынан айрылмайды. Мұсылман қай діндегі адам болса да, ешкімнің құқығын таптамайды. Пайғамбарымыз (алейһиссалам) хабар берген жетпіс екі қате топтың бірін ұстанған адам адасушы болып саналады. Осы кітабымыздың бірінші бөлімінде ұзақ түсіндіргеніміздей, Әһли сүннет сенімінде болған шынайы мұсылман – бес уақыт намаз оқитын, тап-таза адам. Ислам діндес бауырына әзілдеп болса да қару кезенуді харам еткен.

Аллаһу та'аланың барлық ниғметіне бөленген, жақсы климат, мол су, бай пайдалы қазбалар көзімен әлемде теңдесі болмаған Қазақстанымыз Әһли сүннет сенімінде болған шынайы мұсылмандарға мұқтаж. Тек осы шынайы мұсылмандар ғана бірігіп, бір-бірін құрметтеп, қорғап, қолдап, мұсылман деген атты жамылған бидғатшылар мен Ислам дұшпандарының адасқан, қате үгіттерін жоққа шығарып, үздіксіз еңбектену арқылы жиырмасыншы ғасырдың ғылымы мен технологиясын меңгеріп, тіпті одан да асып түсіп, осы қасиетті отанды лайықты дәрежеге көтере алады. Аллаһу та’аланы Әһли сүннет ғалымдары көрсеткендей түрде танымаған, халалға, харамға мән бермей, басқа сенімдерге алданып, діндес бауырларына дұшпан болған бидғатшылардан бұл елге қайыр келмейді. Олардың рухтары ауру. Бір машина жануар сияқты, кімнің қолына тисе, соның қалағанын жасайды. Мемлекетке ең көп зиян тигізгендер осылар. Аллаһу та’ала бізді осы сияқты зиянды бидғатшылардың жамандығынан сақтасын! Исламды таңдаған ғалымдар мен саясаткерлер «Адамның рухы бос болып қалса, онда ешқандай пайда жоқ. Бұл бостықты тек хақ дін толтырады» дейді. Рухы мұсылмандықпен тазарған және харамдардан сақтанған адам ешқандай жаман үгіт-насихаттың тұтқыны болмайды және Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарында жазылған тура жолмен жүріп, мұсылман бауырларымен бірігіп, діні мен еліне қызмет етеді. Осылайша, әрі осы дүниеде, әрі ахиретте Аллаһу та’аланың мейірімі мен қамқорлығына қауышады.

Бұрыннан бір жақты ойлайтын Ислам дұшпандары әрдайым Ислам дінін жамандауға тырысатын, бұл хақ діннің негіздерін өзгертуге күш салатын, қысқасы көптеген әділетсіздіктер жасайтын еді. Мұндай кітаптардың көпшілігі христиандар мен мұсылман атын жамылған бидғатшылар тарапынан жарияланған. Еуропада Ислам дінін зерттеместен мұсылмандарды дінсіз, шайтанға табынатын, барлық жамандықтарға рұқсат беретін, залым, өтірікші, әйелдерді зат есебінде ұстайтын адамдар ретінде танытатын қате кітаптар бар. Шығыста да мұндай кітаптар жарияланды. Қазір адамдар бір-бірін жақсырақ түсінгеннен кейін, бір-бірінің кітаптарын оқығаннан кейін дұрыс кітаптар таралып, бұрынғы жек көрушілік сезім мақтауға айналуда. Кезінде христиандарды мұсылмандармен, адасқан топтағы мұсылмандарды Әһли сүннет сеніміндегі мұсылмандармен соғысуға итермелеген бөлуші, ыдыратушы түсініктер азайған.

Қазір христиандар өз діндеріндегі кемшіліктерді түсініп, оларды түзетуге тырысуда.  Осы кітапты дайындау барысында бізге Үндістаннан бір хат келді. Бұл хатпен бірге сол жердегі христиан миссионерлер таратып жүрген бір «Түсіндірме» де жіберілген екен. Онда былай жазылған: «Аллаһ бәрімізді жаратқандықтан, біз бәріміз Аллаһтың ұлдары мен қыздарымыз. Сен де Аллаһтың ұлы немесе қызысың. Інжілдегі "Аллаһтың ұлы" тіркесі "Аллаһтың құлы" дегенді білдіреді. Яғни Иса алейһиссалам – Аллаһтың ұлы деген сөз. Аллаһу та’ала Оны, сені және мені жаратқандай жаратты деген сөз. Әйтпесе Аллаһпен басқа еш жақындығы жоқ. Ал Қасиетті рух мәселесіне келер болсақ, мұның мағынасы Иса алейһиссаламға берілген үлкен рухани құдірет дегенді білдіреді. Оны бөлек тәңір деп қабылдау қате. Інжілде «Үш тәңір – Тәслис» деген нәрсе жоқ. Аллаһ бір. Үш құдайға табыну қате. Адамдардың күнәхар болып туылатыны туралы сендерге осыған дейін үйретілген негіздердің барлығы да қате. Адамдар тек өз істеген істеріне ғана жауап береді.»

Көрініп тұрғанындай, христиан поптардың өзі үш құдай сенімнің қаншалықты мағынасыз нәрсе екенін түсінген, енді оны түзетуге тырысуда. Ал бұл жайт бүкіл адамдар «Жалғыз жаратушыға» сенуге бет бұрғанын көрсетеді. Бұл бет бұру Ислам дініне көбірек жақындау деген сөз. Бір күн келіп, Ислам діні бүкіл әлемді қаптайды деп үміттенеміз. Әйтпесе, адамдар толығымен дінсізденеді, ал бұл адамзаттың басына түскен пәлекет болады.

Кітаптың бұл бөлімін Құран кәрімнің «Наср» сүресінің мағынасын қайталаумен  аяқтаймыз: «Аллаһу та’аланың көмегі мен жеңіс күні келіп, адамдардың Аллаһу та’аланың дініне ағылып кіріп жатқанын көрген кезіңде Раббыңды тәсбих ет! Одан кешірім сұра! Өйткені, Ол әрдайым тәубелерді қабыл етеді.»

 

____________________

 

 

ИСТИҒФАР ДҰҒАСЫ

Истиғфар ету – «Әстағфируллаһ мин кулли мә кәриһаллаһ» немесе қысқаша «Әстағфируллаһ» деп айту деген сөз. Бұның мағынасы: «Йа, Раббым! Сен ұнатпаған нәрселердің бірін істеген болсам, мені кешір! Әлі істемегендерімді істеуден де мені қорға!» дегенді білдіреді. Истиғфар дұғасы – «Әстағфируллаһәл азыйм әлләзи лә илаһә иллә һуу әл һаййәл қаййумә уә әтубу иләйһ.»

Мұхаммед Масум хазреттерінің Мәктубатының 2-том, 80-хатындағы хадис шәрифте былай делінген: «Истиғфар дұғасын әрдайым айтып жүрген адамды Аллаһу та’ала дерттерден құтқарады және күтпеген жерінен ризықтандырады.» Бұл пақыр, парыз намаздардан кейін үш рет осы дұғаны оқимын.

Бұл дұғаны оқығаннан кейін тек «Әстағфируллаһ» деп жетпіс рет айтамын. Истиғфар ету өлімнен басқа барлық дерттерден құтқарады. Ал ажалы келген адамның қиналмай, ауырмай өлуіне көмектеседі.