18 Қараша 2017   


  Негізгі бөлім / Қажетті дұғалар / Күнәхардың дұғасы қабыл болмайды ма?

Күнәхардың дұғасы қабыл болмайды ма?

Сұрақ: Күнәхардың дұғасы қабыл болмайды ма?

Жауап: Күнәхар мұсылманның дұғасы қабыл болуға лайықты болмаса да, Аллаһу та'ала дұға етушінің қолын бос қайтармайды. Дұға себебімен не күнәлары кешіріледі, не келетін бір пәлекеттің алдын алады, не басындағы бір пәлекеттен құтылады, не ахиретте үлкен сауаптарға қауышады. (Шир'а)

Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Раббыларың жомарт, жайылған қолды бос қайтаруға ұялады, жасалған дұғаны қабыл етеді.» (Тирмизи)

«Аллаһу та'ала дұғаларыңды қабыл етеді. "Дұға еттім, дұғам әлі қабыл болмады" деп асықпаңдар! Аллаһтан көп сұраңдар! Өйткені жомарттық иесінен сұрап жатырсыңдар.» (Бұхари)

«Дұға етушінің не күнәсі кешіріледі, не бірден қайырлы қайтарымын көреді, не ахиретте марапатын алады.» (Дәйләми)

Аллаһу та'ала қияметте дұғасы дүниеде қабыл етілмеген құлға «Дүниеде жасаған дұғаңа жауап ретінде мына сауаптарды бердім» дейді, көп сауап берілетіні соншалық, әлгі адам «Әттең, дүниеде ешбір дұғам қабыл болмағанда ғой» дейді. (Т.Ғафилин)

Күнәға батқан адамның дүниелік істерге қатысты дұғасының қабыл болуы, тілектеріне қол жеткізуі ол үшін зиянды болады. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Мүмин дұға еткен кезде Аллаһу та'ала Жәбірейіл алейһиссаламға "Тілегін бірден орындама, мен оның дауысын жақсы көремін" дейді. Күнәхар дұға еткен кезде "Оның тілегін тез орында, мен оның дауысын жақтырмаймын" дейді.» (Ибн Нәжжар)

«Кәпірдің дұғасының тез қабыл болуының, ал мүминнің дұғасының кешігуінің себебін қызығып сұраған періштелерге Аллаһу та'ала айтады: "Мен кәпірге және дауысына ашуланамын. Мені еске алмасын, маған дұға етпесін деп тілегін дереу орындаймын. Ал мүминді және оның жалбарынуын жақсы көремін. Менен және мені еске алудан ұзақ қалмасын деп тілектерін кешіктіріп орындаймын."» (Рамуз)

 

Сүйікті құлдарды арашы қылу керек

Тілекке қауышу үшін екі рәкат намаз оқып, сауабын Силсилә-и алийа деп аталатын ғалымдардың рухына бағыштау керек, олардың құрметі үшін деп дұға ету қажет. Мысалы, «Йа, Раббым, қайырлы перзент нәсіп ет» деп дұға етіп, «Бұл дұғамды Силсилә-и алийа ғұламалары құрметіне қабыл ете гөр» деу керек. (Мәкатиб-и шәрифа)

Таң және құптан намаздарынан соң Силсилә-и алийаның есімдерін, кейін Фатиха оқып, олардың рухтарына бағыштап, оларды арашы қылып жасалған дұға қабыл болады. Тәжірибе жасалған.

Әли Рамитани хазреттері айтқан:

«Күнә істемеген тілмен дұға етіңдер, қабыл болсын!» Яғни Аллаһ достарының алдында қарапайым болыңдар, жалбарыныңдар, сендер үшін дұға етсін. Истиғаса, яғни бір әулиені тәуәссул ету дегеніміз осы.

(Иса алейһиссаламға адамдар келіп: «Сіз дұға етесіз, науқастар емсіз жазылып кетеді. Сіз қай дұғаны оқисыз, бізге айтасыз ба?» деп сұрайды. Иса алейһиссалам оларға оқитын дұғасын үйретеді. Адамдар біраз уақыттан кейін тағы келіп: «Үйреткен дұғаңызды қайта-қайта оқып жатырмыз, ештеңе өзгермеді, бізге қате дұға үйреткен жоқсыз ба?» деп сұрайды. Сонда Иса алейһиссалам: «Дұға дұрыс, бірақ дұға еткен ауыз дұрыс емес» деп жауап береді, яғни «Дұрыс дұға үйреттім, дұға бірдей, бірақ оқып жатқан ауыз бірдей емес!»)