10 - Шәууал, 1445 жыл.
     19 - Сәуір, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Құрбандық / Айт күндерінде не істеу керек

Айт күндерінде не істеу керек

Сұрақ: Айтта не істеу керек?

Жауап: Айт күні ерте тұру, ғұсыл алу, мисуак қолдану, хош иіс себу, жаңа  және таза киім кию, адамдарға қуанышты екенін білдіру сүннет болып табылады. Мешітке ерте бару, мешітке бара жатқанда тәкбір айту, қабірді зиярат ету, көп дұға оқу, тәубе ету, жүзік тағу, кездескен мұсылмандармен жылы жүзде сәлем беру, құттықтау, кедейлерге садақа беру, исламға дұрыс қызмет етіп жүргендерге көмек беру, араздарды татуластыру, туыстарға бару, діндес бауырларына бару, оларға сыйлық апару, қонақ күту сүннет болады. Айт түндерін ғибадатпен өткізген адам үлкен бақытқа қауышады. Бір хадис шәрифте былай делінеді:

«Айт түндерін ғибадатпен өткізген адамның көңілі, көңілдер өлген күнде өлмейді.» (Табарани)

Ренжіскен, араздасқан адамдар айтты күтпестен тез арада татуласуы керек. Аллаһу та’аланы және пайғамбарымызды жақсы көретін кісі, адамдардың кемшіліктерін көрмейді, бәрімен тату, кең бауырлы болады. Жақсы кісі барлық адамдармен жақсы мәміледе болады. Ешкімге зиянын тигізбейді және басқалардан келетін зияндарға сабырлылық танытады. Бір айыбы үшін ешкіммен араздаспау керек.

 

Айтта ренжіскен адам қалмау керек

Араздасқан жағдайда да 3 күннен көпке созылмауы керек. Егер айтқа дейін созылған араз жағдайлар болса, одан көп кешіктірмей татуласу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Бір-біріңмен ара-қатынасты үзбеңдер! Бір-біріңнен бет бұрып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер, жауласпаңдар! Бір-біріңе көреалмаушылық етпеңдер! Ей Аллаһтың құлдары бір-біріңмен бауыр болыңдар! Бір мұсылманның басқа бауырымен араздасуының 3 күннен асуы халал болмайды.» (Бұхари)

«Мұсылман бауырымен 3 күннен артық араздасқан адам жаһаннамға түседі.» (Нәсаи)

«Бір-бірімен араздасқан екі адамнан қайсысы бірінші болып сәлем берсе күнәлары кешіріледі. Сәлем бергенде екінші адам сәлемін алмаса, бұл адамның сәлемін періштелер алады. Ал сәлемін алмаған адамға шайтан ілтипат көрсетеді.» (И. Әби Шәйбә)

«Бір мұсылманның дін бауырымен 3 күннен көп араздасуы жаиз емес. 3 күн өткеннен кейін ол адаммен кездесіп қалса, оған сәлем беріп хал-жағдайын сұрау керек. Ол адам сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Сәлемін алмаса, күнәға кіреді. Сәлем берген адам араз болу деген есептен құтылған болады.» (Әбу Дауд)

«Екі адам бір-біріне араз күйде өлсе, жаһаннамды көрместен жаннатқа кіре алмайды. Жаннатқа кірсе де бір-бірімен кездесе алмайды.» (Ибн Хиббан)

«Дін бауырымен бір жыл араз болған адам оны өлтіргендей күнәға кіреді.» (Бәйһақи)

«Амалдар дүйсенбі және бейсенбі күндері Хақ та’алаға ұсынылады. Хақ та’ала өзіне ширк қоспаған барлық адамдарды кешіреді. Бірақ бұл кешірімнен бір-біріне араз болған екі адам махрұм қалады. Хақ та’ала “ол екі адам татуласқанға дейін амалдарын маған әкелмеңдер” деп бұйырады.» (И. Малик)

3 күнге жеткізбей татуласу өте жақсы болады. 3 күн өткенде күнә жазылуы басталады және татуласқанға дейін жалғасады. Күнә істеген адаммен сөйлеспей қойып, оған араздау күнә болмайды.

 

Айтта қонаққа бару

Сұрақ: Айттап қонаққа барғанда неге мән беру керек, ең бірінші кімнен бастау керек?

Жауап: Пасық болған, күнә істеуімізге себеп болатын туыстарға барудың керегі жоқ. Бірақ салих болған туыстарға бару керек. Салих достарға да бару өте сауапты болады. Қонаққа барудағы ниет тек Аллаһ разылығы үшін болу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Бір адам ауылдағы досына қонаққа барады. Хақ та’ала бұған бір періште жібереді. Періште ол адамнан сұрайды:

Қайда бара жатырсың?

Мына ауылда бір досым бар, соған қонаққа бара жатырмын.

Оның саған жақсылығы, көмегі тиіп сол үшін бара жатырсың ба?

Жоқ, тек Аллаһ разылығы үшін бара жатырмын.

Онда саған сүйінші болсын! Мені Аллаһу та’ала жіберді. Одан ешқандай пайда күтпей барғаның үшін Аллаһу та’аланың сүйіспеншілігіне қауыштың» (Хаким)

«Дін бауырына қонаққа барған адамға бір періште “Сен қандай бақыттысың, жаннатқа кірген болдың” деп айтады. Хақ та’ала да бұл құлына “Мен үшін қонаққа барған құлыма, жаннатта сыйапаттар беремін” деп бұйырады.» (Бәззар)

«Дін бауырына Аллаһ разылығы үшін қонаққа барғанда бір періште “Өте жақсы істедің, жаннат саған халал болсын” деп айтпаған құл болмайды. Аллаһу та’ала да былай деп бұйырады: Құлым маған қонаққа келді. Енді менің сыйапатын беруім қалды.» (Әбу Яла)

«Дін бауырынан хабар алуға (жағдайын білуге) барған адам, қайтқанға дейін рахмет ішінде болады.» (Табарани)

«Жаннатта өте әдемі сарайлар бар, бұлар бір-бірлеріне Аллаһ үшін қонаққа барған, Аллаһ үшін бір-бірін жақсы көріп бір-біріне көмек бергендер үшін дайындалған.» (Табарани)

«Бір мұсылман бауырына қонаққа бару үшін үйінен шыққан адамға 70 мың періште “Ей Раббымыз, сенің разылығың үшін қонаққа шыққан мына құлыңа рақымдылық ет” деп дұға етеді.» (Әбу Нуаим)

«Бір мұсылман, мұсылман бауырына қонаққа барғанда 70 мың періште “Ей Раббымыз, сенің разылығың үшін қонаққа барған мына құлыңнан разы бол” деп дұға етеді.» (Табарани)

«Дін бауырына тек Аллаһ разылығы үшін қонаққа барған адам жаннаттық болады.» (Табарани)

«Дін бауырына қонаққа барған адамға жаннатта бір дәреже беріледі.» (Әййюхал уәләд)

«Қонаққа ас ұсынып сый көрсетіңдер!» (Хараити)

«Бір мұсылман бауырына қонаққа барғанда сәлемдесіп, қолдары ажырамай тұрып екеуінен де Хақ та’ала разы болады. Ағаштан жапырақтары төгілгендей болып күнәлары төгіледі.» (Әййюхал уәләд)

«Бір-біріңе жиі барып тұрыңдар, сонда махаббат артады.» (Бәззар)

Әһли хикмет әулиелер “Қонаққа баруды тәрк етпе, әйтпесе сені ұмытады. Тым көп те барма әйтпесе сенен жалығады” деген.

«Арштың айналасында нұрдан мінбелерде, нұрдай боп жарқыраған адамдарға пайғамбарлар және шәһидтер тамсанады. Бұлар аллаһ үшін бір-бірлерін жақсы көрген, Аллаһ үшін бір-бірінен хабар алып, қонаққа барғандар.» (Нәсаи)

«Аллаһу та’ала былай бұйырады: Мен үшін бір-біріне қонаққа барған, мен үшін бір-бірін жақсы көрген, мен үшін садақа берген, мен үшін бір-біріне көмек бергендер менің сүйіспеншілігіме қауышады.» (Хаким)

«Аллаһ үшін жақсы көретін досына қонаққа барған адамның артынан бір періште “Өте жақсы амал істедің, жаннатқа лайықты болдың” деп айтады.» (Тирмизи)

Аллаһ разылығы үшін мұсылмандардан хабар алу, хал-жағдайын сұрау, қонаққа бару өте үлкен сауап. Ғалым, кедей және салих туыстарға бару одан көп сауапты болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Байға қонаққа барған адам саим және қаим сауабын алады. Кедейге қонаққа барған адам фи сәбилиллаһ жиһад сауабын алады, әрбір қадамы Аллаһ жолында басылған қадаммен тең болады.» (Дәйләми)

(Саим: Ораза тұту, қаим: түнде ғибадат ету, фи сәбилиллаһ: Аллаһ жолында, Аллаһ разылығы үшін)

«Ғалымға қонаққа барған адам, мені зиярат еткен секілді сауаб алады.» (Табарани)

«Сила-и рахм – өзінен ажыраған туысын іздеп хабар алу және жақсылық жасау деген сөз.» (Тирмизи)

«Ризығы мол, өмірі ұзақ болуын қалайтын адам сила-и рахм етсін (туыстарынан хабар алсын)» (Бұхари)

«Сила-и рахм – мал-мүлкті көбейтеді, жанұяда махаббатты арттырады және өмірді ұзартады.» (Табарани)

Салих туыстардан ең болмағанда аптада бір немесе айына бір рет хабар алып, қонаққа барып тұру керек, қырық күннен асырмау керек. Ұзақ өлкелерде тұратын болса хатпен, телефонмен хал-жағдайын сұрап, араз болса татуласу керек. Қонақта үй иесі имам болады. Немесе оның тағайындаған адамы имам болады. Бір адам өзі имамдыққа лайық болса да оған ұсынылмайынша имамдыққа өтпеуі керек. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Бір қауымға қонаққа барған адам оларға имам болмасын!» (Тирмизи)

 

Шақырған жерге бару

Сұрақ: Шақырған кез-келген жерге баруға бола ма?

Жауап: Ол аста күнә істелетін болса баруға болмайды. Кедейлердің шақыруына бармай байлардың шақыруына бару тәкаппарлықтың белгісі. Өзінен төмен адамдарға бару қарапайымдылықтың белгісі.

Үйлену асына шақырылған адамның баруы сүннет, басқа шақыруларға бару мүстаһап болады. Кейбір ғалымдар болса “үйлену асына бару уәжіп, басқа шақыруларға бару сүннет” деп білдірген. Мұсылманның мұсылманға міндеті болған бес ақысының біреуі шақыруына бару болып табылады. Хадис шәрифте де «Шақырған жерге барыңдар» деп бұйырған. (Муслим)

Көп шығынданып, әуреге салынып шақырылған жерге бару керек емес. Сараңның да шақыруына бару керек емес. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Жомарт адамның асы шипа болады, ал сараңның асы ауру тудырады.» (Дара Кутни)

Шын жүректен шақырылған жерге бару керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Шақырған жерге бармаған адам Аллаһқа және расулына қарсы шыққан болады.» (Бұхари)

«Мұсылман бауырына сый көрсеткен адам, Аллаһу та’аланы да сыйлаған болады.» (Исфахани)

«Екі кісі бірдей шақыратын болса, есігі жақын болғанына бар. Өйткені есігі жақын болған адамның ақысы бұрын келеді.» (Бұхари)

 

Айтта ішіп-жеу

Сұрақ: Мәктубат кітабында «Айтта ішіп-жеу, жылдар бойы тұтқан нәпіл оразадан да сауапты болады» делінген. Ішіп-жеу неге оразадан да сауапты болады?

Жауап: Бұл жерде сауап болғаны ішіп-жеу емес, Аллаһу та’аланың әміріне бағынып ораза тұтпау болып табылады. Айт күні ораза тұту харам болғаны үшін ол күні ораза тұтпаудың яғни діннің әміріне бағынудың нәпіл оразадан да құнды болатыны білдірілген.