9 - Рамазан, 1445 жыл.
     19 - Наурыз, 2024 жыл.   

  Негізгі бөлім / Сұхбаттар / Рамазан – жану деген сөз

Рамазан – жану деген сөз

Әһли хикмет ғұламалар былай деген:

Бұл айда ораза ұстау парыз, ал тарауих оқу сүннет болды. Рамазан – жану деген сөз. Бұл ай ораза ұстаушылардың, тәубе етушілердің күнәларын жағып жоқ етеді. Бұл айда барлық жақта қайырым, жақсылық, молшылық, берекет жауады. Бұл ай – сабыр айы. Кім сабыр етсе, сабырының марапатын артығымен алады, Аллаһу та'ала оған жәннатты нәсіп етеді. Егер бұл айда басшылар ораза ұстағандарға жеңілдік берсе, жұмысын оңайлатса, оларды да азаптан қорғайды.

Аллаһу та'ала аса мейірімді, өте рақымды, өте кешірімді болғандықтан, намаздар арасындағы қателіктеріміз өшірілсін деп бес уақыт намазды әмір етті. Одан бөлек жұма күнін жаратып, осы күнде жасаған дұғаларды қабыл етеді және бір апталық қателіктерімізді, күнәларымызды өшіреді. Рамазан айында бір ай бойы осы айдың құрметі үшін қабірде, кәпірлерді де санағанда, ешкімге азап берілмейді. Сондай-ақ, қасиетті түндерде жасалған дұғаларды қабыл етеді.

Рамазан – сондай бір ай, тек осы үмбетке ғана тән. Хазреті Әли «Егер Аллаһу та'ала бұл үмбетті кешіруді қаламағанда, сондай тілегі болмағанда, Рамазан айын мұсылмандарға нәсіп етпес еді» деген. Рамазан айы – ең үлкен ниғметтердің бірі. Кешірімге, ихсанға толы болған ай. Оның бір күні мың айға тең. Бұл айда парыздарға жетпіс есе сауап беріледі. Нәпілдерге парыздар сияқты сауап беріледі. Әсіресе ішінде мың айға тең болған Қадір түні бар. Бір айдың тұтасы, яғни Рамазанның әрбір күні мейрам, өйткені күнде мыңдаған, жүз мыңдаған мұсылмандар кешіріледі, жәннатқа кіреді.

Бұл сондай мүбәрәк ай, бүкіл жылдың күнәларына кафарат (өтем) және сөзсіз тазалаушы. Оразасын ұстаған мүмин айттың соңына дейін тап-таза болады.

Аллаһу та'ала әр жасалатын ғибадаттың сауабын білдіргенімен, Рамазан оразасының сауабын білдірмеді. Яғни «Ораза ұстаудың сауабы мынанша» деп айтпаған. Сауапқа мұқтаж болған кезімізде бізге молынан беру үшін оның сауабын жасырған.

Рамазан айының әр күні мүминдерге мейрам. Бұл күндердің қадірін біліп, бағалай білген адамның бүкіл бір жылы берекетті өтеді.