20 Тамыз 2017   


  Негізгі бөлім / Зекет - Ұшыр - Садақа / Зекеттің нисабы дегеніміз не?

Зекеттің нисабы дегеніміз не?

Новая страница 1

Сұрақ: Зекет нисабы және зекет туралы мәлімет бересіз бе?

Жауап:

1- Зекет нисабы (байлық мөлшері) 20 мисқал, яғни 96 гр алтын немесе құны осы шамадағы ақша немесе сауда-саттық заттары. Зекет нисабына ие болған адам дінімізде бай деп саналады.
 

2- Зекетке жататын мал-мүліктердің немесе ақшаның бір жыл ішінде азайып көбеюіне мән берілмейді. Нисабқа ие болған күннен бастап бір жылдан кейін қолда бар мал-мүлік нисаб мөлшеріне жететін болса, қырықтан бір бөлігі зекет ретінде кедейлерге беріледі. Нисабқа жетпейтін болса берілмейді. Зекет пайдадан емес, сауда тауарларынан немесе ақшаның толығынан беріледі.

 

3- Алашақтар (алынатын қарыздар) нисаб есебіне қосылады. Бірақ бұл алашақтардың зекетін ақша қолға түскеннен кейін береді. Алмай тұрып та беруге болады. Берешектер (берілетін қарыздар) ақшадан немесе мал-мүліктен алынады. Қалған бөлігінің зекеті беріледі. Он жылдан кейін алынатын ақша да нисаб есебіне қосылады. Он жылдан кейін төленетін қарыздар да нисаб есебінен алынады.

 

4- Жоғалған, күштеп тартып алынған, көмілген жері ұмтылған және мойындамай, жоққа шығарылған қарыздар нисаб есебіне қосылмайды және қолға түскен жағдайда да өткен жылдардың зекеті берілмейді. Құжатпен бекітілген немесе екі куәнің алдында берілген немесе жоққа шығарылмаған, мойындалған қарыздар, банкротқа ұшыраған адамда немесе кедейде болса да нисабқа қосылады. Қолға түскен кезде өткен жылдардың да зекеті беріледі.

 

5- Сауда-саттық үшін болмаған үйлер, учаскелер, көліктер, үй ішіндегі бұйымдар (инвентарь заттар) зекет нисабына қосылмайды. Сауда-саттық үшін алынған, сауда-саттық үшін сақталып тұрған заттар, алтын, күміс және кез-келген валютадағы ақшаның зекеті беріледі. Үйдің, машинаның зекеті болмайды. Машина, үй және учаске алып сататын адам, бұлардың зекетін береді, өйткені бұлар сауда-саттық заттарына айналған болады. Үй салдыру үшін учаске сатып алған адам оның зекетін бермейді. (Дүрәр)

 

6- Зекет берерде білезік, жүзік секілді алтындардың қолөнерлік жұмысының бағасына емес, салмағына мән беріледі. Мәселен “Решат алтын және Азиз лира” 7,2 гр деп есептеледі. 12 караттан (500 проба) жоғары болған бүкіл алтындарды таразға тартып, қырықтан бірін зекет ретінде беруге болады. Білезік, сырға, жүзік секілді әр түрлі пробада алтындары бар адам, бұлардың ішінен пробасы ең үлкен болғанын беруі абзал болады, орталамасынан беруі жаиз, ең төменінен беруі мәкрух болады. Зекеті берілетін мал-мүліктер, алтын ақшалардың ең төменінің сатып алу бағасы бойынша есептеледі. (Решат алтын: Осман империясындағы ислам халифаларының жүзіншісі Мехмет Решат Хан заманында басылған алтын ақша. Азиз лира: Осман халифаларының тоқсан жетіншісі Абдулазиз Ханның заманында басылған алтын ақша.)  

 

7- Алтын әшекейлері нисаб мөлшерінен асатын әйел зекетін өзі береді немесе “зекетімді сен бір кедейге бер” деп күйеуін немесе басқа бір адамды уәкіл етсе, уәкілі өз ақшасымен де зекетін бере алады. Қарызы бар және кедей адамға әйелі зекет бере алады. Әйел “мехри муәжжел” ретінде күйеуінен алатын алтындарын зекет нисабына қосады. Әйелдердің алтын және күміс әшекейлерінен басқа сәндік бұйымдары зекет нисабына қосылмайды. Бриллиант, алмас секілді әшекейлердің зекеті берілмейді. Ал Шафии мазһабында әйелдердің алтын және күміс әшекейлерінің де зекеті берілмейді. (Хидайа)

 

8- Көлде өсірілген балықтарды сатқанда, бұл ақшаны басқа да зекеті берілетін мал-мүліктермен қосқанда нисаб мөлшеріне жететін болса, зекеті беріледі. Бірнеше сиыры болып көп сүт сататын адам, сиырларының зекетін бермейді, бірақ жыл соңында (яғни зекет нисабын есептейтін кезде) сол кездегі сүттен түскен қолындағы ақшаны зекет нисабына қосады.    

 

9- Намаз оқымайтын, ораза тұтпайтын бай мұсылманның да зекет беруі керек. Қарызы жоқ кедейге нисаб мөлшеріндей немесе одан көп мөлшерде зекет беру мәкрух болады. Зекет берерде зекет деп айтып беру шарт емес. Сыйлық (хадия) деп берсе де жаиз болады. Зекет – саудадағы тауарлардан немесе құны соған шақ алтынмен беріледі.

 

10- Зекет парыз болғаннан кейін беріледі. Нисаб мөлшеріне жеткен адам, байыған күнін қамари ай (хижралық) бойынша бір жерге жазып белгілеп қояды. Мәселен 3 ражап күні байыған болса, бір жылдан кейін ражаптың 3-не нисаб мөлшеріне жететін ақшасы немесе саудадағы тауарлары бар болса, зекетін береді. Рамазан айын күтпейді. Беретін күні келмей тұрып зекет берудің зияны жоқ, өте жақсы болады. Тіпті келешек (бірнеше) жылдардың зекетін алдын ала беру де жаиз болады.

 

11- Әке-шешеге, ата-әжеге, ұл-қызына, немересіне, әйеліне және кәпірге зекет беруге болмайды. Кедей болу шартымен келінге, күйеу балаға, қайыната, қайынана, қайынаға, қайынініге, өгей балаға зекет беруге болады. Аға-ініге, әпке-қарындасқа, әке-шешенің аға-іні, әпке-қарындастарына беру өте үлкен сауап болады.

 

Сұрақ: Діндегі байлық нисабын (өлшемін) жаңалау (өзгерту) керек деп айтып жүргендер бар. Зекеттің нисабы дінімізде белгілі емес пе?

Жауап: Бұзық газеттерді оқып, теледидардағы мазһабсыздардың бағдарламаларындағы өтірік жалаларға алданғандар, дін жаңа түсті деп ойласа керек, шынайы ислам ғұламалары ашып түсіндіріп кеткен, 14 ғасырлық діннің үкімдерін өз ақылдарынша өзгертуге тырысып жүр. Біреулер әйелдердің оранбауына болады деп үкім шығарса, біреулері әйелдерін хаиз-нифас жағдайларында намаз оқытып жүр, ал біреулер “кедейлік тағдырымыз емес” деп тағдырды жоққа шығарса, тағы біреулер “харижиттер” сектасын ислам тарихындағы ең алғашқы демократ революционерлер деп мақтап жүр.

Біреулер жақында қиямет (ақыр заман) болады дейді. Тағы бір тентек “жақында Алматыда үлкен зілзала болады 500 мың адам өледі, ақылы бар адам Алматыдан қашсын” деп жар салып жүр. Қиямет қайым қашан болатынын Аллаһу та’аладан басқа ешкім білмейтіні Құран кәрімде жазулы. Зілзаланы да бүгінгі таңда  алдын ала білу әлі мүмкін емес. Ғайыптан хабар бергендей қылып, халықты қиын жағдайда түсіру харам болып табылады.  

Әлемде дүмшелердің кесірінен түрлі реформалар жүзеге асуда. Исламның бес шартының бірі болған намазды сахих болмасын деп уақыты кірместен бұрын оқытып жүрген жерлер, мешіттер бар. Сахих болмасын деп қажылықты бір күн бұрын жасататын мемлекеттер бар. Зекетті алтын, күміс немесе саудадағы заттардан беру керек бола тұра, басқа мал-мүліктерден бергізетін дүмшелер бар. Бұлай берілген зекеттер де сахих болмайды. Қазір енді кейбір дүмше молдалар құрбандық шалу ғибадатын жойып, оның орнына ақшасын кедейлерге беру керектігін үгіттеп жатыр. Дініміз “мұқтаж адамдар бар кезде құрбандық шалмай, ақшасын кедейлерге беріңдер” деп үкім шығара алмас па еді? Пайғамбарымыз да бұл нәрсені ойлай алмаған ба еді? 1400 жылдан бері келген ғұламалар бұған ақылдары жетпеген бе еді? Дүмшелер өздерін кім деп ойлайды?  

Мұндай ұсынысты дінді білмейтін адамдар айтуы мүмкін немесе әдейілеп дінді бұзғысы келетіндер айтады. Дінімізде 29 сиыры және 39 қойы және 4 түйесі сонымен қатар 50 гр алтыны бар адам зекет бермейді. Тіпті жүнін алу үшін, жүк тасу үшін, міну үшін болған малдары бар адам да олардың зекетін бермейді. Өйткені түйе, сиыр секілді әр түрлі жыныстағы малдар бір-біріне және сауда-саттық заттарына қосылмайды. Қосылатын болса, әрине сауда заттары және алтын нисабынан әлденеше рет асып түседі. Мұншама көп мал-мүлікке ие адам, дініміздің әміріне бағынып зекет бермейді. Өйткені дінімізде осылай білдірілген. Сен бұларды бір-біріне қосатын болсаң діннің білдірген жолын тастаған боласың. Мұншама малдары болмай бірақ 100 гр алтыны бар адам да діннің үкімі бойынша бай болып саналады. Зекетін беруі керек болады. Реформисттердің “малы көп болғандар зекет бермей жүр, мал-мүлкі аз болғандар зекет беріп жүр” деуі орынсыз. Тіпті адам кедей болса да егін өнімдерінің ұшырын беруі керек болады.   

“Ғасырымыздың жаңа талабтары” деп ортаға шығарылған бұл мәселелер кітапқа мойынсұнбаудан туындауда. Дінімізде ешбір жауап берілмей қалған мәселе жоқ, кем жері де жоқ. Кітаптарда білдірілгені бойынша амал ететін болсақ, ешқандай түсініспеушілік қалмайды. Кітаптарда заттардың құны ақшамен, қоймен, сиырмен немесе түйемен өлшенбейді, заттардың құны алтын және күміспен анықталады делінген (Кәшфи румуз). Қазір күмістің алтынға шаққандағы құны жетіден бір бөлігінен көп төмендеп кеткені үшін зекет есептерін тек алтын ақшаменен өлшеу керектігі Ибни Абидинде білдірілген.    

Сауда заттарының құны ақша ретінде қолданылмайтын алтын және күмістермен өлшенбейді. Өкімет тарапынан басылған алтын ақшалардан бағасы ең төменімен есептеледі. Фикх кітаптарына сенетіндер үшін зекеттің негізі осы болып табылады.

 

Кедейдің пайдасы дінде өлшем бола ма?

            Сұрақ: Дінде реформист бір дүмше кедейлердің пайдасына деп нисаб мөлшерін 96 гр алтыннан 80 грамға түсіріпті. Мұның жасағаны дұрыс па?

Жауап: Өлшем бірліктер екіге бөлінеді, “Шарии” шариғат өлшемдері және “Урфи” әдет-ғұрыпқа бағынатын өлшемдер. Шариғат өлшемдері пайғамбарымыздың заманында қолданылған өлшемдер. Ал әдет-ғұрыпқа бағынатын өлшемдер шариғат өлшемдерінен өзгеше болады. Урфи өлшемдер деп әр өкіметтің өз заманында қабылдап бекіткен өлшемдерін айтады.

Алтынның нисабы 20 мисқал болып табылады. Бір мисқалдың ауырлығы төрт мазһабта бір-бірінен өзгеше. Ханафи мазһабында бір мисқал 20 қыратқа тең. Бір шариғи қырат қабықсыз ұштары кесілген 5 арпаға тең. Дәл өлшейтін таразымен мұндай сипаттағы 5 арпаның ауырлығы 0,24 гр екендігі анықталған. Демек 1 шариғи қырат 0,24 гр тең. Бір шарии мисқал 100 арпаға тең, яғни 4,8 гр болады. 20 мисқал алтын (20х4,8)=96 гр болады.

Ал урфи қыраттың ауырлығы 0,20 гр тең. Яғни шариғи қыраттан 0,04 гр кем. 1 мисқал болған 100 арпаның ауырлығын табу үшін урфи қыраттың ауырлығы болған 0,20-ға көбейтілсе нәтиже 4 гр шығады. Бұл шариғи 1 мисқал болған 4,8 гр-нан кем екендігі белгілі. Алтынның нисаб мөлшерін осы қате мисқалмен есептеп (4х20)=80 гр болады деу дұрыс емес. Өйткені Ханафи мазхабының факих ғұламаларынан болған Хазреті Ибни Абидиннің кітабының мал зекеті бөлімінде “урфи қырат 4 арпаға тең” деп жазылған. Бұл дүмше “бұрындары ислам  ғалымдарын құптап алтынның нисабын 96 гр деп жазған едім. Бірақ кейін кедейлердің пайдасына келетін болған соң қазір 80 грамды негізге алуды жөн көрдім” деп жазған. Кедейлердің пайдасына жарауы барлық кезде, барлық жерде дінге өлшем бола ала ма? Ақыры өлшем болады деп алған екен неге бірден 70 гр деп алмаған? 10 гр деп алса, кедейлерге одан да көп жеңілдік болмас па еді? Тіпті бұл өлшемді түбірімен алып тастаса, кедейлердің пайдасына жарамас па еді? Ғұламалардың білдірген өлшемін қабылдамай кедейлерге жеңілдік болсын деп, нисаб мөлшерін өзгерту дінде реформа жасау болады. Өз ойымен, өз пікірімен дінді өзгертуге бел буған реформисттерге ермеу керек. Міндетті түрде сенімді болған дін кітабынан дерек сұрау керек!       

 

Діннің үкімдері заманға қарай өзгермейді

            Сұрақ: Жыл сайын зекетті есептеу үшін 20 мисқал алтынның құнын есептеп жатады, пітірді есептеу үшін мына мөлшерде ұн немесе бидай деп айтып жатады. Бұлардың не керегі бар? Құнын есептен шығарып Қазақстан үшін пәлен теңге, Германия үшін пәлен еуро деген секілді нақтыланған бір мөлшерді бекітіп қоюға болмай ма? Сонымен қатар Шафии мазһабындағылар сабын, кір жуғыш ұнтақ бар бола тұра топырақпен нәжіс тазалап жүр. Неге заманымызға сай жүрмейді?

            Жауап: Дінді өзгерту құқымыз болатындай дінді құрған біз емес қой! Дінімізге жаңадан бір нәрсе қосу немесе алып тастау құқығы ешкімде жоқ. Дінге енгізілген өзгерістерді бидғат деп атайды. Хадис шәрифте былай делінеді:

            «Барлық бидғаттар жолдан адасудан туындайды, ал адасқандардың орны жаһаннам.» (Муслим)

Дінімізде зекет, пітір және құрбандық нисабының және заттардың құны алтын және күміспен анықталатыны білдірілген. (Кәшфи румуз)

Нисаб мөлшері – ресми қабылданған алтын немесе күміс ақшалардың ішінен, құны ең төмен болғанымен есептеледі. Ақша ретінде қолданылмайтын алтын және күміс бұйымдармен есептелмейді. Қияметке дейін осылай болады. Мәселен Қазақстан ұлттық банкінің басқан алтын ақшалының құны ең төмен болғанымен есептеледі. 20 мисқал алтыны немесе құны осыған шақ саудада тауарлары бар адам дін бойынша бай деп саналады. Бұл мал-мүлкінің болғанына бір жыл өткен болса, зекетін береді. (Рәддул Мухтар)  

Қойдың зекеті қырықтан бірі. Қырық қойы бар адам біреуін зекеті ретінде береді. Мұны да отыздан бір, немесе елуден бір етіп ешкім өзгерте алмайды. Пітір садақа үшін де белгілі мөлшерде бидай, ұн, арпа, құрма және миіз беріледі. Яғни осы аталғандардың білдірілген мөлшері өлшем ретінде алынады. Алма бойынша немесе жаңғақ бойынша деп басқа жемістерді өлшем етіп алуға болмайды. Дініміз не білдірген болса, соны өлшем етіп алу керек. Мәселен дініміз “пітір ретінде 3500 гр арпа немесе құнына шамалас алтын немесе күміс беріледі” деген болса, қияметке дейін осылай болады. Басқа жемістерден өлшем болмайды.   

Дінді кім құрған болса, оны өзгерту құқығы да сода болады. Заманның ағымына қарай діннің әмірлерін, үкімдерін өзгретуге болмайды. Заманның өзгеруіне қарай жаңа тәпсірлер болмайды. Шафии мазһабында ит бір жерге үсті су күйінде тиген болса, оны бір рет топырақпен, жеті рет сумен жуу керек. “Бүгін сабын және кір жуғыш ұнтақ бар, топырақпен жуудың керегі жоқ” деуге болмайды. Дініміз білдірген әмірлерге дәлме-дәл мойынсұну керек. Мойынсұнғысы келмейтіндерге біздің айтатын сөзіміз жоқ.   

 

Сұрақ: Алынатын айлықтар зекет нисабына қосыла ма?

Жауап: Жұмысшылардың алатын айлықтары қолдарына түспей тұрып зекет нисабына қосылмайды.

 

Сұрақ: Әлі бөліспеген мирасқа қалған мал-мүліктеріміз бар. Бұлар нисабқа қосыла ма?

Жауап: Иә, қосылады.
 

Сұрақ: Алтын тіс нисабқа қосыла ма?

Жауап: Иә, қосылады.

 

Сұрақ: Кейінірек сатамын деп жүрген (жерім) учаскем бар, оны зекет есебіне қосамын ба?

Жауап: Жоқ, қоспайсыз.  

 

Сұрақ: Әйеліне мехр қарызы бар еркек бұл қарызын зекет есебінен алып тастай ма?

Жауап: Иә. Кімге қарыз болса да қарыздар зекет есебінен алынады.

 

Сұрақ: 25-30 жылдық төлейтін кредиті бар адам бұларды зекет есебінен қарыз ретінде ала ма?

Жауап: Иә, бүкіл қарыздарын зекет есебінен алады. 30 жылдық төлейтін кредиті бар адам барлығын зекет есебінен алады.

 

Сұрақ: Бүгін зекет беретін күнім. Он күннен кейін қажылық үшін беретін ақшамды зекет есебінен алып тастаймын ба?

Жауап: Жоқ.

 

Сұрақ: Үйдің аренда ақшасын да қарыз секілді зекет есебінен алып тастаймыз ба?

Жауап: Сол айдың арендасын зекет нисабынан аласыз, келешек айлардыкін алмайсыз.

 

Сұрақ: Таймшер (Айналымдағы көп иесі бар мүлк: көп иесі бар айналымдағы мүлікті, әрбір иенің өз иелік кезегі келгенде белгілі бір уақыт аралығында айналымды түрде қолдануына айтылады. Көбінесе жылжымайтын мүлік саудасында қолданылады, курорттық аймақтарда жиі қолданылатын халықаралық жүйе.) мүлік зекет есебіне қосыла ма?

Жауап: Қосылмайды.
 

Сұрақ: Жалға беретін үш үйі бар адам зекет беруі керек пе? Бермейтін болса, өзі басқалардан зекет ала ала ма?

Жауап: Үйлерін зекет нисабына қоспайды, бірақ құрбандық нисабына қосады. Құрбандық нисабына ие адамның зекет алуы харам болады. (Рәддул мухтар)
 

Сұрақ: Жалға беретін үйімізден түскен ақшаның зекетін қалай береміз?

Жауап: Жалға беруден түскен ақшаның басқа табыстардан ешқандай айырмашылығы жоқ. Мәселен жалға берілген үйден бір жыл бойы алынған ақшаның бәрін есепке қоспайсыз. Тек зекет берілетін күнгі қолдағы барлық ақшаға қаралады, егер нисаб мөлшеріне жететін болса, зекетін бересіз.
 

Сұрақ: Үйімде күміс қасық, күміс құман, күміс табақ секілді 12 кило шығатын күміс ыдыстар бар. 12 кг күміс үшін қанша зекет беру керек?

Жауап: Өңделмеген 12 кг күміс үшін, 300 гр күміс немесе мұның құнына шақ алтын беріледі. Өңделген болса, қолөнерлік құны қанша болса, соған қарай зекеті беріледі. Мәселен бүгін 1 кг күміс 95 мың теңге болса, 12 кг күмістің құны 1 млн 140 мың теңге болады, ал өңделген күйінде құны 1 млн 500 мың теңге болатын болса, оның зекеті 1 млн 140 мың теңгеден емес, 1 млн 500 мың теңгеден беріледі.

 

Сұрақ: Алтынымыз да ақшамыз да жоқ. Бірақ жарты кило күміс заттарымыз бар. Нарықта өте бағалы тұрады және нисаб мөлшерінен асады. Мұның зекетін беруіміз керек пе?

Жауап: Күмістің нисабы 672 гр болып табылады. Өте құнды болса да, ауырлығы нисаб мөлшеріне жетпейтін болғандықтан зекеті берілмейді. Өйткені күміс және алтынның зекеті салмағымен өлшенеді. Сатып ақшасы қолда болғанда нисаб мөлшерінен асатыны үшін зекетін беру керек болатын еді.

 

Күміс және алтынның нисабы

Сұрақ: Күміс нисабы бойынша бай саналатын адамның зекет алуына бола ма?

Жауап: Жаиз болады. 200 дирхам (672 гр) күмістің құны, 20 мисқал (96 гр) алтыннан төмен болған жағдайда, байлық өлшемі ретінде алтынның нисабы негізге алынады.