21 Қыркүйек 2017   


  Негізгі бөлім / Намаз / Жалғыз оқитын әйелдің намазы

Жалғыз оқитын әйелдің намазы

Мысалы таң намазының сүннетi былай оқылады:

 

1. Дене мүшелерін белгілі етпейтіндей қылып бастан аяққа дейiн жабылады. Тек қана алақандары мен жүзi ашық болады.(Суретті қараңыз). Қолдарын еркектер сияқты құлаққа апармайды, кеуде тұсына әкеліп, саусақтарының ұшын иық деңгейінде дейiн көтерiп. (Суретті қараңыз). «Ниет еттiм Аллаһу та’аланың ризалығы үшiн бүгiнгi таң намазының сүннетiн оқуға, жүзiмдi қараттым қыблаға»– деп ниет еткен соң «Аллаһу әкбар» – деп екi қолды көкiрек үстiнде бір-бірінің үстіне қояды.(Суретті қараңыз).

2. Қиямда тұрғанда көздер сәжде етiлетiн жерге қарайды және мына төмендегілер оқылады:

а) Субханака дұғасы

б) Аъузу – бисмиллаһтан соң Фатиха сүресін оқиды

в) Фатихадан соң бисмиллаһ оқылмай бiр зәм сүре (мысалы Фил сүресi) оқылады.

        3. Зәм сүреден соң «Аллаһу әкбар» деп рукуға иіледі. Рукуде еркектердей түзу иілмейді, арқасын, басын, аяқтарын түзу ұстамайды. Еркектерден аз иіледі. Саусақтарын ашпай тізелерінің үстіне қояды және тізелерін біраз бүгіп тұрады. Көздер аяғының ұшына қарайды. (Суретті қараңыз).  Үш рет «Субхана раббиал азыйм» деп айтады. Бес немесе жетi рет айтуға да болады.

4. «Сәмиаллаһу лимән хамидаһ» деп рукуден тұрып жатқанда көздер сәжде орнынан айырылмайды. Тiке тұрғаннан кейiн «Раббәна ләкәл хамд» деп айтады. (осы тік тұруға қаума делінеді).

5. Қаумада ұзақ тұрып қалмай «Аллаһу әкбар» деп сәждеге барады. Сәждеге барарда ретiмен:

a) Оң тiзе кейін сол тiзе, оң қол кейін сол қол, мұрын сосын маңдай жерге қойылады.

б) Аяқ саусақтары қыбылаға қарап бүгiледi.

в) Бас екi қолдың арасына қойылады.

г) Қол саусақтарының арасы жабылады.

д) Алақан жерге қойылады, шынтақтары да жерге тиеді

е) Сәждеде аяқтар жерден көтірілмейді және көздер жұмылмайды. (Суретті қараңыз).

ж) Осы халде үш рет «Субханә раббиял аъла» деп айтылады.  

6. «Аллаһу әкбар» деп аяқтар оң жаққа шығарылып сол саны үстіне отырады. Қолдар тiзенiң үстiне қойылады, саусақтар арасы өз еркiне жiберiледi. Бұған жәлсе делінеді. (Суретті қараңыз).

7. Көп отырмастан «Аллаһу әкбар» деп қайта сәждеге барады. Тағы ең аз үш рет «Субханә раббиал аъла» дейді

8. «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрады. Сәждеден тұрар кезде қолдарымен жерден күш алуға және аяқтарды ары-бері қозғалтуға болмайды. Сәждеден тұрар кезде ең алдымен маңдай, мұрын, содан кейiн сол қол, оң қол содан соң сол тiзе содан соң оң тiзе жерден көтерiледi.

Аяқта тiк тұрғанда

а) Бисмиллаһ

б) Фатиха сүресі

в) зәм сүре мысалыға Ихлас сүресі оқылады.

        9. Екiншi рәкат та бiрiншi рәкаттағы сияқты оқылады, тек екiншi сәждеден соң «Аллаһу әкбар» деп орнынан тұрмай, жоғарыда айтылғандай отырып:

     а) Аттахияту, Аллаһумма салли, Аллаһумма барик, Раббана атина- дұғаларын оқиды. Кейін алдымен оң иыққа, сонан соң сол иыққа «Ассаламу алейкум уә рахматуллаһ» деп сәлем берумен намазын аяқтайды.

     б) Сәлем бергеннен соң «Аллаһуммә әнтәс-сәлам уә минкас-сәлам табаракта я зәл жәлали уәл икрам»– деп сөйлеместен таң намазының парызын оқу үшiн орнынан тұрады. Өйткенi сүннет пен парыз намазының арасында сөйлеу намазды бұзбаса да сауабын азайтады.

Намаздан кейін үш рет «Астағфируллаһ» дегеннен соң «Аятул күрси» және отыз үш тәсбих (субханаллаһ), отыз үш тахмид (әлхамдүлиллаһ), отыз үш тәкбiр (Аллаһу әкбар) және бiр тахлил (Ла илаһә илләллаһу уаһдаһу ла шәрикә лаһ. Лаһул мүлкү уә лаһул хамду уа һуа ала кулли шайин қадир) оқылады. Бұларды әр кім өзі есітетіндей жай дауыспен оқиды. Дауыс шығарып оқу бидғат болады.

Соңынан дұға етiледi. Дұғада қолдарын көкірек тұсына паралелл қылып көтереді. Шынтақтар денеге жақын тұрады. Алақан іші көкке қаратылады. Өйткені намаздың қыбласы Қағба болғанындай, дұғаның қыбласы да аспан. Дұғадан соң «Субхана раббика…» аяты оқылып қолдармен бет сипалады.

Төрт рәкат парыз және сүннет намаздардың екiншi рәкатында аттахияту оқылып үшiншi рәкатқа тұрады. Сүннет намаздардың үшiншi және төртiншi рәкатында Фатихадан соң зәм сүре оқылады. Парыз намаздардың үшiншi және төртiншi рәкатында зәм сүре оқылмай, тек Фатиха оқылады. Ақшам намазының парызының үшiншi рәкатында да зәм сүре оқылмайды. Ал, үтiр намазының үшiншi рәкатында Фатихадан соң зәм сүре оқылып «Аллаһу әкбар» деп құлақ қағып «Құныт» дұғалары оқылады. Ғайри мүәккәд сүннеттерде, яғни екінті және құптан намазының алғашқы төрт рәкат сүннеттері басқа төрт рәкатты сүннеттер сияқты оқылады. Тек бұлардың екiншi рәкатында отырып Аттахиятудан соң Салли-барик дұғалары да оқылады.

 

 

Сұрақ: Аяғы ауыр  әйел  қалай Намаз оқу керек?

Жауап: Өзіне қалай ыңғайлы болса солай оқиды. Тiк тұра алмайтын адам намазын отырып оқиды, руку үшiн денесiн бiраз иедi, сосын денесiн түзу ұстап, кейiн жерге екi рет сәжде жасайды. Қалай отыру ыңғайлы болса солай отырады. Тiзерлеп отыруына да, малдас құрып отыруына да болады. Бiр нәрсеге сүйенiп тіке тұра алатын адам сүйенiп намаз оқиды. Көп тұра алмайтын адам ифтитах тәкбiрiн тұрып, ал ауыра бастағанда намазын отырып жалғастырады.

Жерге сәжде жасай алмайтын адам аяқта тұрып оқып, руку және сәжде үшiн отырып ишарат етедi. Отырғанда руку үшiн азырақ, ал сәжде үшiн одан көбiрек иiледi. Денесiн ие алмаған адам басын иедi. Бiр нәрсенiң үстiне басын қою шарт емес. Бiр нәрсенің үстiне сәжде ететiн болса сәжде үшiн рукуден көп иiлген болса ғана намазы дұрыс болғанымен мәкрух болады. Сүйенiп отыруға мүмкiндігі бар кісінің ишаратпен жатып оқуы жаиз емес. Хазреті пайғамбарымыз алейһиссалам бiр ауруды зиярат еттi оның қолымен жастықты көтерiп соған сәжде еткенiн көрiсiмен жастықты алып тастады. Ауру адам ағашты көтерiп оның үстiне сәжде еттi. Ағашты да алып тастады. Кейін былай дедi: «Күшiң жетсе жерге сәжде ет, жерге иiле алмасаң бетiңе бiр нәрсе көтерiп оның үстiне сәжде етпе. Ишарат етiп оқы, сәждеде рукуден көбiрек иiл.» «Бахр-ур-Раиқ» атты кітапта бұған қосымша ретiнде келтірілген Ал-Имран сүресiнiң 191-аятында: «Намазды күшi жеткен түрегеп оқиды. Күшi жетпеген отырып, бұған да күшi жетпеген жатып оқиды», деп бұйырады. Имран бин Хусайн науқастанғанда Расулуллаһ алейһиссалам оған: «Тұрып оқы, шамаң жетпесе отырып оқы, бұған да күшiң жетпесе жантайып немесе шалқайып жатып оқы» деп бұйырған. Бұлардан көрініп тұрғанындай, тұрып оқи алмаған ауру отырып оқиды, отыра алмаған жатып оқиды. Бірақ орындық және креслоға отырып оқуға рұқсат етілмеген. Науқастың немесе автобус не ұшақта сапар шегіп бара жатқан кісінің креслода намаз оқуы исламға сай емес, жерге отырып немесе тұрып оқу керек. Бiр нәрсеге сүйенiп отыра алмаған ауру, шалқасынан жатып, шалқасынан да жата алмаса оң жағына жатып басымен ишарат етедi. Қыблаға бетiн бұра алмаған адам оңтайлы жағына қарап оқиды. Шалқасынан жатқан адамның басының астына бiр нәрсе қойып, жүзiн қыблаға қаратады. Тiзелерiн бүгіп аяғын қыблаға созбау абзал. Басымен ишарат жасай алмаған адам намазын қазаға қалдыруы жаиз.